МАРКСШІЛДІК ҺӘМ ӘДЕБИЕТ НЕ ЖАЗУҒА (КЕРЕК)?

 

Марксшілдіқ әдебиет туралы негізгі пікір мынау: әдебиетке сипат беретін – тұрмыс. Тұрмысқа түр беретін техника мәдениеті. Яғни, негізінде әдебиетке бағыт беретін – тұрмыс.

Өмірге өз еркімен қадам басқан елдің яки таптың әдебиетінің алды – өр, үкіммен басқан елдің, яки таптың әдебиетінің алды – көр. Бұл даусыз. Бірақ әдебиетті тұрмыс бағытымен ғана өлшеумен іс тәмам болмайды. Әдебиет көзімен қарағанда: құр бағытпен әдебиет – жақсы да, жаман да әдебиет алмайды. Байрон құлап бара жатқан ақсүйектердің ақыны. Оның ақындығының негізгі бағыты – қирауға бет алған ақсүйектің тұрмыс бағыты. Дін қиссаларын жазған біздің Жүсіпбек қожамыз – діншіл ақын. Бірақ бұларды танумен ғана бұлардың ақындық мәселесі шешілмейді. Мұны шешу үшін бағытты жолдармен бірге, олардың ақындығын тексеру керек. Плеханов жазады: «Әдебиет әскерінің тұрмыстағы негізін табумен ғана әдебиет ісінің ісі бітпейді. Тұрмыстағы негізін тапқан соң, оның ақындық жағын тексерсе, сол уақытта әдебиет – шын әдебиет болмақ», – дейді. (Бельров. За 20 лет. Предисловие к третьему изданию). Дұрысы – бір таптың ақыны екінші тапқа жат болуға, шет болуға тиісті. Бір тап екінші таптың ақынына жат болуға тиісті. Бірақ бұл шеттік, бұл жаттық, бұл жаулық, ақындық жағынан емес, азаматтық жағынан болуға тиісті. Болмаса, мысалы: “Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кеткен балбырап”, – деп жырлаған ақынға – осы ақындығын жат көру, осы ақындық жағынан жау көру – даусыз ақымақтық болар еді. Осы себептерден де ақсүйек ақын Пушкин пролетариатқа азаматтық жағынан шет болса да, ақындық жағынан шет болмақ емес. Пушкиннің төңкеріс дәуірінде де пролетариаттың қолынан түспеуінің мәнісі осы. Пролетариат Пушкиннің азаматтығынан емес, ақындығынан сабақ алайын деп ұстап отыр. Плеханов, Ленин, Меринг, Тисмер, Бухарин, Клара Цеткин, Луначарский, Троцкий сықылды марксшіл көсемдердің пролетариатқа: «Азаматтық жағынан қас, дос екенін біліп ал да, ақындық жағынан әдебиеттің алыптарынан сабақ ал», – деп үгіт беруінің мәнісі осы.

Ол үгітті біз де ұғуға міндеттіміз. Біз де бағытсабағын төңкеріс пролетариатынан алған соң, таза әдебиет сабағын – жиһан әдебиетінің ергежейлерінен емес, алыптарынан алуға міндеттіміз. Көшерін – жел, қонарын – сай білетін қаңбақтардан емес, заман толқыны қатты долданып соқса да былқ етпей, елең қылмай тұрып келген асқарларды молда қылуға міндеттіміз. Жиһан әдебиетінің алыптарынан әдебиет сабағын алудың тағы бір себебі: шын ақынның тар тапшылықтан қанша дегенмен жоғары болуы, белгілі бір тап мүшесі болса да, шын ақынның тапшылдыққа қана қамалып қалмай, өз тобынан озып, жалпы таптың, жалпы адамзаттың жанындағы қайғыны яки қуанышты шекті шерте білуі.

Адам әуелі – адам, одан соң бір таптың мүшесі ғой. Осы сөздерден әдебиетіміздегі тап мәселесі келіп шығады. Үстіміздегі төңкеріс – тап төңкерісі болғандықтан да: «Адамзатты бақытқа пролетариат тобы жеткізеді», – деп күмәнсіз сенгенімізден, жердің жүзі екі тапқа бөлінген күнде ғана төңкеріс қанатын кең жаяды деп білгенімізден, сөз жоқ, әдебиетімізде тап сарыны болуы, әрине, мүмкін. Бұл сарынның күші қанша болар, мұны тұрмыс жуырда-ақ көрсетпек.

Жолдастарымыздың кейбіреулерінде: «Қазақтың осы күнгі тап сезімі өспек емес, ұзамай өшпек», – деген пікір бар. Дәлелі: «Тап сезімін тереңдеткендей – бай, кедей шаруалардың негізінде айырма жоқ. Айырма болса – сипат жағынан емес, сан жағынан. Осы шалажансар айырма, осы күні-ақ құрып қалды», – деген болады. Бай, кедей шаруасы аз жылдың ішінде сан жағынан да қарадар болып қалды деуге болады. Шаруа мен айырманың қайта тууына жол жоқ. Осы себептерден қазақта тап сезімі тереңдей алмай, өсе алмай, осы күнгі күңгірт күйінше өшіп кетуге мүмкін. Бұлай болса, әдебиетімізге тап сарыны терең түспеуге мүмкім. Дәлелдері де осылар. Тағы да ескертелік. Бұл – бәріміздің емес, кейбір жолдастардың ғана пікірі. Бірақ: «Әдебиет басынан бақайшығына шейін тап туралы ғана болсын» – деп ұғуға, маркшілдікке де, әдебиетке де қиянат. Марксшіл бір әдебиет сыншысы В.Шумак айтады: «Жұмыскердің жайынан басқа нәрсені жазба», – деп ақынды қамап қоюды марксшілдік білмейді һәм білгісі де келмейді» (В. Шумак. К эстетике марксизма, В сборнике “К диалектике марксизма”, Чита. 1921, стр. 26-27).

Төңкеріске қосшы аталған әдебиетшілердің бірі Лев Лунц: «Әдебиет әсері үстіндеті заманды суреттеуге де, суреттемеске де мүмкін. Одан жақсы-жамандығы табылмайды», – дейді (Л. Лунц, «Серепионово братья». Сборник «От символизма до Октября». М. Изд. «Новая Москва», 1924). Троцкий жазады: «Жаңа әдебиетте (социализм әдебиетінде) трагедия болмақ. Әрине, құдайсыз болмақ. Жаңа искусство – құдайсыз искусство болмақ қой. Жаңа әдебиет те комедиялық болмақ. Жаңа адамға күлкі керек. Жаңа әдебиетте роман өспек. Жаңа әдебиеттің терең сыры – сыршылдық болмақ. Жаңа адам бұрынғы адамнан күшті сүймек қой. Жаңа әдебиеттің де ақыны өмір, өлім туралы жырламақ. Жаңа адам бұлар туралы ойламақ қой» – дейді (Л. Троцкий. «Литература и революция»).

Қысқасы, әдебиет домбырасында бір ғана ішек емес, көп ішек бар һәм болуға тиіс. Көп ішектің бәрі басылуға тиіс. Бірақ барлық ішекті рет-ретімен басқанда бір ғана күй шығатын болсын. Яғни, түрлінәрсені суреттейтін әдебиет негізгі бағытқа қайшы болмасын. Негізгі бағытымыз – төңкеріс арқылы ортақшылдық. Әдебиет негізінде, осы бағытты темір қазық қылумен бірге өзінің ішкі заңы бар әдебиет екенін ұғып, дұрыс жүре білсін. Әсіресе, біздің жас әдебиетіміз жан-жаққа, алға-артқа көп қарауға міндетті. Оның бір себебі мынау: Еуропа әдебиетінің артында асқар белес бар. Еуропа өмірінің өрі де, қыры да, күнгейі де, теріскейі де, беткейі де әдебиетіне хат боп түскен. Еуропа адамының терең сезімдік асқарлаған қиялдары да әдебиет алыптарының сұлу суреттерінде болып, жалпы адамзаттың алдына тасталған. Қара да, хандық та, бай да, кедей де, дұшпан да, надан да, ер де, әйел де, тәңірге махаббатшылы да, ерге махаббатшылы да, әйелге махаббатшылы да, ұлтшылы да, ортақшылы да, бүгіншілі де, ертеңшілі де, меншілі де, сеншілі де – бәрі де жақсылық-жаманшылығы жағынан суреттелген.

Қалайда, Еуропа пролетариатының атадан қалған мұра, қазына(сы) – сансыз таңдауына да, талдауына да жете(ді), келесі байлығына қосылатын қоры мол. Ал біздің әдебиетіміздің Еуропа жолына түскеніне 15-20 жылдан артық емес. Жаңа әдебиеттің тартылса “ағзубиі” ғана тартылды. «Піссімілләсі» әлі басталған жоқ. Өміріміздің күнді һам күңгірт дәуірлерінде болған ән бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған ән бар. Осылардың бірі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ. Оның ішінде елді қоғамдаған – хан; қоғамды құрған – батыр, өзінше қоғамның қорғаны болған – би, хан заманындағы – құл, төре заманындағы – төлеңгіт, бай заманындағы – кедей, жауынгер ерге жолдас болған – әйел, өткен ертегідей күніміз, кешегі капитализм кеулеп кірген дәуірдегі азғындық, мұң-зар; бүгінгі кедейлік, бүгіншілік; сонымен бірге жаңа өмірге беталу …қысқасы, қазақтың ертегі күні, ертегідей күні, өткен күні, кешегісі, бүгінгісі бізде айтарлықтай суретке түспеді. Осылар түспей қазақ әдебиеті терең әдебиет бола алмақ емес. Осыны баса көрсетпей әдебиет өз әдебиетіміз бола алмақ емес.

Сондықтан жас әдебиетіміздің осы күнгі мойнындағы жауапты міндеті – қай жаққа болса да бір езу болмау. Бұл – бір бағытты болмау деген сөз емес. Бағыттың аты – бағыт, бір езудің аты – бір езу. Саясатшыл азаматтың алдында – бүгінгі мәселе, бүгінгі тұрмыс мәселесі тұратын болса, ақынның алдында – өткен, бүгін, келешек үшеуі де тұруға тиісті. Ақын осы үшеуінің арасына көпірсалуға міндетті.

Қазақ ақыны мен пролетариат ақынының арасында бір талай айырма бар. Пролетариат ақыны – төңкерісті өзі жасаған, өзі қиратып, өзі құрып жатқан, өзінің тарихы тудырған; Еуропа тарихының машина дәуірі тудырған; ойы, сезімі – зауыт, фабрикаларына байланған таптың ақыны. Қазақ ақынының тарихы бөлек,тұрмысы бөлек, рухы бөлек, төңкеріске жолдан қосылған жабайы тұрмысты елдің ақыны. Сондықтан екеуінің ақындығының мінезі бір болуға мүмкін емес. Бірақ негізі бір болуға тиісті һәм бір болмақ. Бұл ортақ негіз(дің), бұл ортақ бағыт(тың), зор төңкерістің үдеуі, төңкеріс арқылы жер жүзіне бақытты тұрмыс(тың) орнауы – ортақшылдану болмақ. Домбырада бірі қоңыр, бірі ащы үн беретін екі ішек бар. Екі ішек екі түрлі үн шығарып тұрса да, бір-ақ күй тартылмақ.

Оқушы жасқа жөн сілтейтін, адасқандарды жолға салатын, қисыққа тез болатын «Алқа» осы. Жөн іздеген жас болсаң, жол іздеген жолаушы болсаң, тез іздеген есті тентек болсаң, мынау «Алқа» сенікі.

“Алқаға” кірейік!

Өзіңнің сұмырай мақсұтыңа шындықты құрбан қылып шалып, қайқайып жүре беретін соғылған болмасаң, балапан әдебиетіміздің шын әдебиет болып ер жетуін шын тілейтін болсаң, мынау «Алқа» сенікі. «Алқаға» кір!

Шын әдебиетшіл, шын ақын болсаң мынау «Алқа» сенікі.

“Алқаға” кір!

Құшағыңа қойынымыз ашық!...

*** *** ***

жыртылған

3-том, 157б.

Товарищу Голощекину

2/ҮІІ-29г.

 

Обращаюсь к Вам, как к единственному человеку, который может оказать мне содействие: я слышала от многих, что только Вы в моем деле можете помочь.

Дело вот в чем. 14 мая этого года моего мужа Жусупбека Аймауытова арестовали агенты ОГПУ, судя по статьям, которые ему преъявили в обвинение (как сказал мне следователь Полпредства ОГПУ, Восточного отдела, за которым числится мой муж, тов. Саенко) политического характера. Я знаю, что это какая -то ошибка, т.к. политикой мой муж никогда не занимался. Он занимался литературным трудом, писал книги, как пособия по просвещению, так и по беллетристике. Он служил в Центральном Комитете нового Казахского алфавита, принимал деятельное участие по проведению в жизнь латинизации, давая на страницах газет уроки казахского языка для европейцев. Кроме того он преподавал в Казинпросе, так что заниматься политикой у него не было времени.

Я убедительно прошу Вас вмешаться в это дело, ускорить следствие и если возможно до конца следствия под подписку освободить его, скрываться он никуда не будет, т.к. он знает, что он не виновен. Но ведь обидно, совершенно невиновному человеку сидеть как преступнику. Если бы его здоровье не внушало мне опасение, у меня бы хватило сил молчать и надеяться на правосудие, но он только зимой перенес грипп с осложнением воспаления легких, в результате чего попал на учет в туберкулезный диспансер. Я сама туберкулезница и знаю по себе, что нравственное переживание и недостаток воздуха и света с каждым часом уносит его жизнь, а он по своему возрасту, знаниям и способностям может немало принести пользы для казахского пролетариата.

Еще раз прошу и вполне надеюсь, что Вы отзоветесь на мою просьбу и поможете мне, с одной стороны, как самое влиятельное лицо в Казахстане, а с другой как к человеку, понимающему чужое горе, вмешаетесь в это дело и освободите моего мужа. Я сама лично хотела с Вами переговорить, чтобы выяснить положение т.к. всего на бумаге не изложешь, но приехать не позволяет мне здоровье, я болею туберкулезом, кроме того у меня на руках 3-е детей.

Еще раз убедительное прошу Вас разобраться в этой большой ошибке, которая причиняет столько страданий, как ему, так и всей его семье неизвестно за что.

Остаюсь с надеждой на Вашу отзывчивость.(158-б.).

Евгения Аймауытова, 15/ҮІ-29г.

Чимкент, Пушкинская, 5 Аймауытова»

Қара тушьпен әдемі жазылған

Әйелдің наивная женская логика

АЛАШОРДАНЫҢ БАСТЫ ЕКІ АДАМЫ ӨЗДЕРІНІҢДЕ, БҰРЫНҒЫ ПІКІРЛЕСТЕРІНІҢ ДЕ ТӨҢКЕРІСКЕ ҚАРСЫ БОЛҒАНДЫҒЫН ӘШКЕРЕЛЕП, ӨЗ КІНӘЛАРЫН ЖУУҒА УӘДЕ БЕРІП ОТЫР

БАСҚАРМАДАН

Төменде төңкеріске жау «Алашорданың» бұрынғы көрнекті басшыларынан болған Ермек ұлы мен Әуез ұлының хаттары басылып отыр, бұл хаттардың тарихи маңызы үлкен. Бұл хаттар «Алашорданың» бұрынғы ірі адамдары Мұхтар мен Әлімханның кеңес үкіметі жаққа қарай бетін түзегендігін көрсетеді. Бұлар хаттарында салт-сана жөніндегі құралдарын бір жола, тегіс тастағандығын, өткендегі төңкеріске жау істерінің бәрін де сөгетіндігін айтып отыр; бұлардың сөздері ауылдағы байлардың жоғын жоқтап, сойылын соғатын төңкеріске жау, ұлтшыл Алашорда оқығандарының салт-санасы да, ісі де мүлдем күйреп, іріп отырғандығын көрсетеді.

Кеңестер одағындағы социалды құрылыстың адам айтқысыз зор табыстары бар, бес жылдық жоспар төрт жылда ойдағыдай орындалғалы отыр; екінші бес жылдықта тапсыз социалды қоғам орнату бес жылдығында алға қойылып отырған міндеттер жер жүзіндік тарихи маңызы бар зор міндеттер; помешик-буржуазия үкіметін енді қайта орнату талаптарының қай-қайсысы болса да бос үмітсіз талап екендігіне жаңағы айтылған табыстар толық айғақ бола алады.

Партия мен кеңес үкіметінің Қазақстандағы табыстары да адам айтқысыз зор. Лениншіл ұлт саясатының дұрыстап жүргізілуі арқасында Одақ пролетариатының көмегі мен Қазақстан артта қалған мешеу өлкеден ауыл шарушылығы басымырақ индустриялы, соииализм орнатушы өлкеге айнал-ды. Осы табыстар буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың ішіндегі аса адал ниет, бейілі түзулеріне бұрынғы идея-саяси бағыттарының теріс екендіктерін, олары мұратқа жеткізбейтінін сездіріп отыр; ескі ұлтшыл, төңкеріске жау жаңа интервенция қолдарынан қайта бастауларына себепші болып отыр. Ермек ұлы мен Әуез ұлы хаттарында салт-сана жөніндегі қаруларын тастағандығын айтып отыр; пролетариат төңкерісі мен қазақ еңбекшілері алдында істеген ауыр қылмыстарын жууға дайын екендіктерін айтып отыр; бұл үшін «төңкеріс ісіне адал қызмет етемін» (Әуез ұлы) деп отыр.

Шоқаевшылардың, интервенцияшылдердің, ұлтшылдардың Қазақстан «кері кетіп барады», «Қазақстан сықылды бұрын патша отары болған елдердің алдыңғы қатарлы социалды республика болуы мүмкін емес», – деген шатпақтарының бәрі де төңкеріске қарсы екенін, мейлінше өтірік, ешбір негізі жоқ, шірік, сасық өсек екенін Ермек ұлы мен Әуез ұлының жаңағы сөздері тағы да дәлелдеп отыр.

Ермек ұлы мен Әуез ұлының мәлімдемелерінде ұшырайтын қайбір ашық айтылған жерлерін кәзір талдап, тексеруді былай қоя тұрғанда басқарманың айтатыны: бұлардың, мәлімдемелері, олардың адал ниетті, бейілі түзулігін Қазақстандағы социалды құрылысқа белсене қатысуларымен көрсетулері керектігін айтады.

*** *** ***

 

() ӘУЕЗҰЛЫ МҰХТАРДЫҢ ХАТЫ

Менің әдебиет пен саясат жолында бұрын қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен: «байшыл, алашордашы одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі» болғам.

Осы жай барлық жұртшылыққа да, менің өзіме де мәлім. Бұл сияқты тарихы дұрыс және қажет болудан, менің өз ісімнен туған дәл сынды жазушылар кімдер болды? Ол Қазақстаннын партиялық кеңестік баспасөзі, соның ішінде бірнеше жылдар бойында сын ретімен, айтыс ретімен тексеру жүргізген КазАПП тобының төңкерісшіл, марксшіл, сыншылары, жазушылары. Газет қызметкерлерінің сындары болды. Сондайлық бетпен келе жатқан жұртшылық соты – өзінің толық сөзін КазАПП-тың соңғы конференциясында түгел жеткізе айтты. Мен қазір осы сөзді жазып отырғанда, сол сотта өзімнің ендігі көзқарасым қандай – соны жұртқа салмақпын. Қазір мен өзімнің сол бұрын басып өткен ізінен қайтып, соны қатты айыптайтынымды білдірмекпін.

Соңғы бірнеше жылдар бойында менің ішімде жай созылса да ілгері басып келе жатқан өзгеріс бар еді. Бұл өзгеріс жолында мен маркстік-лениндік жүйесін және оның тарихи социалдық қисыны мен танымын – дүние танудың ғылыми жолы есебінде бір қабылдап алып ем. Кейінірек, қазірде, сол негізді өзімнің дүние көзқарасымның, бойыма сіңген нанымның іргесі деп ұстадым. Бір жағынан осындайлық менің қазіргі мазмұным мен бағытымды айқындайтын пікірлік жаңа негізді ғылымдық көзқарасы болса; екінші жағынан жаңа жақсы тұрмыс үшін алысқан пролетариаттың жеңуі, дегеніне жетуі, тарих жүзінде ақталған, орнаған табысы болып отыр. Осы халмен қатар пролетариатқа жаулық ниетінде болған үлкенді-кішілі топтардың барлығының жат, жау қимылының бәрі де құлап, күйреп біткелі отыр. Сол сынаған жайлардың барлығын еске алып келіп, мен барлық кеңес жұртшылығының алдында, менің өткен жолымды сынап шыққан КазАПП даусына өзімнің де кінәларымды өзім айыптаған жаңа сыным мен пікір жолындағы жаулық құралымды анық тастаған – дауысымды қоспақпын.

Ең алдымен менің кейінгі барлық саяси, әдеби терістіктерімнің себепшісі болған нәрсе не? Ол менің көп замандар бойында ұлтшыл алашордашы негізінде төңкерістің жауы болған топтың салт-саналық бағытымен байланысты болып еді. Осы халмен тарихи нық байланысқан нәрсе – менің саясат пен әдебиеттегі ісімнің мазмұны мен қалпы соңғылардың саяси бағытын бастады. Бастағанда, анықтағанда пролетар төңкерісінің тілегіне жау болған, барынша қарсы бетке бастады.

Өзге алашорда басындағы жазушылар сияқты мен де бұрынғы ауыл мен пролетариат қожалығының тұсындағы ауылдың байы мен ру басыларының тілегін, мұңын жоқтайтын салт-санасы болдым.

Осы жаймен қатар мен көп уақыт қоғамдық жолдар мен салт-саналық үстемшіліктің мазмұнын түсіндіру, тану мәселесіне келгенде әрі залалды-санашылдық түсінігін ұстап қалдым. Теріске көшкен, қаталасқан бетімнен болып, әдебиетті өзге қоғамдық шаруашылық жағдайлардың барлығынан жарып алып, жекелеп қарап, оның арналған мұратын, ролін, бітімін жеке-дара қып ұстау қажет дедім. Маркс-Лениннің даусыз ақиқат есебінде айырып айтқан дұрыс жолы бойынша әдебиет барлық мемлекеті құрылысы мен соның саясатына ежелден бағынатын нәрсе екенін ескермедім, қабылдамадым.

Бұл сияқты, ғылым жағынан негізсіз, тарихи жағынан қате болған салт-саналық бағытымды – қазірде тарих та және ұлғайып өрлеп дәуірлеп келе жатқан социалдық құрылыстың өсуі де түгел теріске шығарып, қағып тастап отыр.

Сондай теріске шығарудың бірі – ұлт мәселесін даусыз, әділ Ленин жолымен шешуде болды. Бұл жолмен бүгінде барлық бұрынғы патша отарының, соның ішінде біздің Қазақстанның елінің тағдыры шешіліп отыр.

Бірақ менің бұл дәуірдегі, социализм құрып жатқан дәуірдегі тарихи уақиғаларды біржақты болып теріс, тар ауданда түсінуім себепті Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізіп жатқан ірі төңкерістік шараларына көбіне көзқарасым теріс болды. Ол шаралар өткен заманда езгіде болған Қазақстан еңбекшілерінің пайдасы, игілігі үшін ең қажет шаралар екенін түсінбедім.

Біздің аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдық жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшін ол шаралар қажет екенін есептемедім. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудің қажеттілігін іштей қабылдамадым.

Үкіметтің колхоз, совхоз құрылысының тұсында істеген берік ұлы шараларына да басында сенімсіздікпен қарап, қарсы болдым. Ал ол құрылыстың орнаған жері кешегі жабайылық күйіндегі көшпелі, жарым көшпелі ауыл мен сол жайлаған жабайы, сансыз ғасырлар бойында өзімен-өзі ғана болып, ылғи артта қалуын, қалғуын сақтап келген дала еді.

Сол сияқты Қазақстанда өндіріс құрылысының кеңінен өріс алуына да сенбеп едім. Бүгінде ол жүзеге асқан ұлы іс болып, Қазақстанның барлық қалпын қайта туғызғандай боп отыр.

Қазір өмірде қайта барлық Одақ пен Қазақстанның ұлы құрылысының тәжірибесі мен және социализм үшін алысқан халық бұқарасының жаңғырған саналы тіршілігінің тәжірибесімен менің жаңағыдай түсініктерімнің барлығы әрі теріс, әрі залалды екендігін айқындады.

Енді Қазақстан еңбекшілеріне жаулық ниет ойлайтын ішкі-тысқы таптар мен жеке адамдардың жат ниеті мен үміттеріне қарсы нақ сеніп айта алатыным – олардың жолы тарихтан қағылып шыққан көзсіз жол – қаза жолы. Бұл таптардың өткен уақыттағы саяси бағыты – енді тарихтың аударып кеткен, жабылып қалған беті болады. Және, бұны ашық мойынға алу керек, ол тарихтың мақтаусыз, бәйгесіз, ажарсыз беті болып саналуға тиіс.

Олардың бұрынғы өзін әлденеге бағалағандығы болса, Қазақстан еңбекшілерінің тұрмысындағы жаңалап өскен дәуірде оның бәрін керексіз қылып, жолынан алып тастап отыр.

Ондай бақыттар бұрын қандай залалды болса да, қазір онан да әрі залалдырақ. Одақ еңбекшілерінің ендігі тұрмысының өсу, гүлденуіне бөгет болар кедергінің бәрін қандай керексіз десек, бұны да сол сияқты керексіз, зиянды деп білемін.

Өзімнің сондай топтармен байланысқан артқы күнімді осылайша нық тексеріп, қайта бағалап келгендегі ендігі байламым: сол ескілігінен өз арамды бұдан былай бір жола үзіп жарып алу, және сол ескілікпен мені байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзілді-кесілді арылып шығу.

Осы сияқты жаңа түсінік, жаңа бағыт тұрғысынан енді менің жүріп өткен әдеби және (қазақ әдебиетінің тарихын қарастырғандағы) зерттеушілік қызметімді шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерім Қазақстандағы мәдени төңкерістің жол-бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келіп отыр.

Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сияқтылары еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алынған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендікті және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендікті білдіретін нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кіріп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкендегі баспасөзге әсер етіп, баурап алмақ боп әрекет еттік. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етіп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай іс жүргізсек, жастар арасына ұлтшылдық күйін тараттық. Бұл әрекеттің барлығы ортақшыл партиясы мен кеңес үкіметінің сол жастарды интернаиионалдық рухында баулимын деген міндет бағытына негізсіз қарсы жүріп отыр. Мен қазірде жаңағы сияқты шығармаларымның бүгінгі күннен аулақ кетіп, бірбеткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кінә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдісін салт-санашылдық – суреттеулік ретіндегі қалыптасуын да теріс деп білемін.

Менің шығармамның көпшілігі сарнамашылдық бетімен болуымен бірге, еткен дәуірді төңкерісшіл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескіліктің кейбір залалды салттарын жарыққа шығарып өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пікірі жолындағы құралсыздандырумен қатар, бәрібір мен өз шығармаларымның көпшілігімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым.

Ал бұл жол – біздің аймақтың кеңесі тарихи өсуінің қорытындысында төңкеріске жаулық жолы боп шықты. Себебі, жаңағыдай шығармалардың пікір, сезім жолындағы теріс әсері, біздің уақытымыздағы қазақ жастарының ойына да, рухына да тиетін болды. Өйткені біздің жастар өткен күнін жаңа танып келе жатқан, жаңа оянған артта қалған елдің жастары болатын. Қорытындысын айтқанда, менің әдеби қызметім, сол жастардың көңіліндегі, салт-санасындағы ұлтшылдық күйін жеңілдетіп, сейілдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кетті. Қазіргі күнде мен өзімнің бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетін тексерген тарихшы, зерттеуші есебіндегі қызметіме де теріс деп қараймын.

Түгелдеп айтқанда, төңкеріс, жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерісшіл жұртшылықтың тілегіне біржолата үйлеспейтін сөздерім болған. Бұл ретке қосылатын төңкеріс жолындағы жылдар ішінде қазақ әдебиетінің жолы қандай болу туралы «Шолпан» журналының бетінде ертеректе айтқан пікір. Бұл салт-сана жолында залалды пікір еді.

Сол қатарларым кейбір кейінгі тексерулерімнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруімде де бар.

Онан соң «Алқаның» бағытын әдебиеттегі жаңа төңкерісшіл бағыт деп қабылдауым да теріс еді. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негізінде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетіп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негізгі бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазірде қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерістік міндеттерді түсіну жолында, мен ол «Алқаның» теріс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбір байланысым жоқ деп санаймын.

Тағы бір сөз, ауыр қатам деп санайтыным қазақ баспасөзінің жүзіндегі төңкерісшіл марксшілдің – сынына құлақ салмауымда.

Дәлелсіз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелімен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдім. Өз ісімнен ол сынның ролі де, мұраты да, ортақшыл емес, жазушыны әдебиет жүзінде соққыға жығудан басқа емес деп біржақты теріс баға беріп жүрдім, сонымен сынның негізді – ғылыми негізді төңкерісшіл басшы екенін ескермедім. Сынға осылайша теріс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейін келдім де, әдейі ұстанған көңіл құрылысы есебінде, жұртшылық алдында өзімнің қатарларым туралы да үндемей сөз көтермей келдім. Бұл да қатамның бірі еді.

Енді «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Казақстан жұртшылығының алдында өзімнің бұрынғы әдеби-саяси істерімді осылайша айқын күйінде айыптайтынымды ашық жарияламақ боламын. Сонымен бірге, енді бұрынғы қаталарымды төңкеріс ісіне барынша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекінгенімді білдірмекпін. Енді мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең қызу тартысының кезеңдерінде іс істеуге өзімді-өзім міндеттеймін деп санаймын.

ӘУЕЗҰЛЫ МҰХТАР

*** *** ***

() ЕРМЕК ҰЛЫ ӘЛІМХАННЫҢ ХАТЫ

 

Біздің уақытымыз тарихи ұлы өткел дәуірі. Бұл өткелдің бір жағы – адам баласын соншалық көп азап, қорлық, әдепсіздік қинауына салған капиталдық құрылыстың дүниесі. Ол құлап шіріп, тозып келе жатқан дүние. Өткелдің екінші жағы – социализм мен ортақшылдықтың іргесіне құрылған жаңа, жарық өмір. Сол өмірдің жарқын дүниесі. Бұның адам баласына әкеле жатқан игілігі – шын теңдік, ұлы мақсат: тап, ұлт, езуші-езілуші дегендерді жоқ қылып, бар адам баласын теңдік пен білім, мәдениет табысының барлық жемістерінен толық пайдаланатын(дығы).

Осындай болумен қатар қазіргі дәуір – тап тартысының ерекше күшейген дәуірі болып отыр. Бұрын қарсылық жүргізген, бүгінде өлеріне, өшеріне жеткен тап қазір бар күшін, бар айласын жұмсап, не қылса да өзінің бұрынғы үстемдік халін сақтап қалуға тырысады.

Сол себепті, осындай тәрізді ұлы өткел дәуірінде тап тартысының жалыны өрлеп тұрған кезде – әрбір қоғам қызметшілерінің саяси қателері өте жауапты, өте ауыр қателер болып шығуға керек.

Ол қателердің залалын, салмағын өте ауырлататын, сол тап тартысының қызып тұрғандығы. Және мұндай уақытта ол қатені, сенің өзіңнің ойыңда болмаған бағыт пен жолға пайдаланып, керегіне жаратып кететіні де бар. Олар, төңкерісшіл пролетариаттың асқындап өрлеп келе жатқан күштеріне жаулық ниет ойлап, алысып келе жатқан заттар болады.

Міне, осы себепті, әрбір адалмын деген қоғам қызметшілері, қоғам тартысының әр дәуірінде, өзінің қызметі қандайлық болғанын толық тексеріп, сынап отыру қажет. Егер ол еңбекші табымен төңкерістің жауы боламын десе, өзі басып өткен жолдың мазмұны мен тәжірбиесін тесіле қарап, қатты сынауға тиіс.

Мен Қазақстандағы өзім істеген саяси істің тұсында бірқатар ірі қателіктер істеген едім. Қазір де өзімнің сол бұрынғы қызметімді шынымен нық тексеріп келіп айтпақ болған сөзім бар. Бұл сөзді айтуға хақым ғана бар демеймін. Айтуға өзімді міндеттімін деп санаймын.

Менің саяси бағытым, бұрын патша заманында езілген елдің баласы болған соң, әрқашан өзге мәселенің бәрінен бұрын ұлт жайын ерекше қып жоғары ұстап, соны қалыптап асыра, көтере бағалау да болған. Оны туғызған патшаның отаршылдық саясаты. Қазақ жерін Ресей алпауыттарына жағынамын деп отаршылдыққа аяусыз тартып әпере беруі болған. Ұлт мектептерін тыйып, шаруа күшін де жауша қанауы болған.

Кеңес өкіметіне деген көзқарасым негізгі түрінде 1920 жылы шешілген еді. Сонда мен екі жолдың торабына келіп тіреліп ем: біреуі капиталшылдық жолы. Оны қостасам – жиянгершіліктің қожалығын сүймекпін, олай болса отар, жарым отарды сол күйлерінде қалдырып, артта қалған елдердің бұдан әрі де құл бола беруін қоштамақпын. Немесе социализмді қостап, артта қалған отар елдерін құлдықтан, қорлықтан арылтатын досы – осы екенін тануыма керек болған-ды, оның үстіне Колчак қожалығын көріп шыққан соң анық көзім жеткені – тартыстың түбін шешетін төңкеріс кезіндегі екі күштің біреуі болатын болды. Мұның бірі – пролетариат, екіншісі – байлар табы, сондықтан не пролетариат қожалығын, не байлар қожалығын таңдау керек болды.

Сонда Кеңес үкіметінің бетін қостап, соның жағына шығуымның алды осымен шешілген-ді.

Бірақ, мен қалыптанған марксшіл болмағандықтан, ұлттықтың тап көлемі деген дерттен арыла алмадым. Сол себепті қоғамдық қалыптардың өсуіндегі негізгі-негізгі бағыт тап тартысының бағыты болса, соны көрудің орнына, менің жолымда көбінесе ұлттық жайлар көлденеңдеп, анаған сол бөгеу болып отырды. Артта қалған елдердің алдағы елдер пролетариатымен одақтасуын негізгі бағыт есебінде қабылдап отырсам да – сол артта қалған елдердің өзарасында тап тартысының қоса болуы да шарт, қажет екенін ойламадым.

Менің салт-сана жолындағы қателесуімінің тамырлары осы жерде болды. Осыдан барып күдікшілдік, ырғалғыштық туды. Партия мен үкіметтің Қазақстанда жүргізген бірқатар ірі істеріне теріс қарағандықтан болды. Мысалы, ірі байларды кәмпескелеу, пішендік пен егістікті қайта үлестіру, жер мәселесін түгелімен интернационалдық, таптық жолмен шешу сияқты ірі мәселенің көбіне көзқарасым дұрыс болмады. Ал партия мен үкіметтің бұл істері ерекше артта қалған жарым алпауыттың қолындағы қазақ ауылын социалды рекөністірексеге (реконструкция – Т.Ж.) дайындау алдында қажет болған шаралар, шарттар еді.

Жасырып қажет емес, саяси қызметшілердің салт-сана жолындағы қатесі сіңісті дерт сияқты күйге айналса – оның арты саяси қылмыстарға әкелмей қоймайды. Қожалық тартыста олар шығатын арналар табылмай тұрмайды. Мысалы, Қазақстандағы үлкен түйіннің бірі – жер мәселесін шешу болса, ол және айқын ұлттық мәселе болса, сонда менің ұлтшылдығым осы мәселені шешу тұсындағы менің бағытыма айқын әсер етті.

1925 жылы Қазақстанның Госпланының комиссияларының істеріне қатынасып жүріп, Қазақстанда жерге орналастырудың мөлшерлі жоспарын жасағанда мен тап жағына қарамай, ұлттық белгісіне ғана қарап, ең алдымен қазақ халқын жерге орналастыру керек деген пікірді жүргіздім. Және қазақ халқы түгел орналасып болғанша Қазақстанда басқа қоныстандырылушылар келмесін деген бетте болдым. Мәселені бұлай қою, жерге орналастыру ісін(ің) таптық мазмұнын жайдақтатумен бірге, бұрыннан келе жатқан ұлттар арасын(ың) қажасуын да ықтиярсыз тереңдеткен болар еді.

Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізген қоғамдық-шаруашылық шарасының бір жолы – ірі байларды кәмпескелеу болса, оған менің көзқарасым Әлихан Бөкейханұлына жазғандарымнан көрінеді. Ол хатта мен бұл істің артын өте көтеріп, теріс бағаладым. Бұндай іс шаруаға үлкен зәбір келтіреді, ел шаруасының іргесі шайқалып, шөгіп қалады дегем. Бұл ұлтшылдық, байшылдық салт-санасының даусыз айқын белгісі еді.

Мен Бөкейханұлын осы мәселеде ұлтшылдық бағыты үшін алысуға (күресуге – Т.Ж.) үндеп, одақтың орталық ордасының алдына апарып осы мәселені қою керек деп үндедім. Мұным – өзімнің ұлтшылдық бағытымды (ұстанып), аймақтық басқарушы орындардың жолына қарсы тұру ісі еді.

Осы жөніндегі тағы бір ерекше ескерерлік нәрсе, менің 1927-1928 жылдарда Семейде болған асыра сілтеушілерді бір жақты қарап, ұлғайта сілтеуім де болды. Солай сөйлеу өзге ұлтшылдардың арасындағы өзара сөздерімде де және қазақтан шыққан ұйымсыз, сауатты қызметшілермен сөйлесулерімде де болды.

Ұлтшылдық қозғалысының мазмұны пролетариат қожалығы жүріп тұрған мемлекетте, тап тартысы күшейіп тұрған уақытта – төңкеріс жауының жолы болмай тұра алмады. Өткен уақыттағы біздің «Алашорда» жолындағы ұлтшылдық қозғалысымыз сол жаңағы айтқан төңкеріс жауының жолы болған. Мен сол «Алашорданың» ісіне толық араласқан кісімін. Кейіннен Кеңес үкіметіне қарсы арналған төңкеріс жаулығы сияқты саяси қимылдардың барлығына қаншалық сақ болып, қарсы болмақ болсам да, сонымды нық ұстамадым. Ұлтшылдық дерті болып, тапшылдық көзқарастың қырағылығы болмағандықтан, шынында оны болмады дегенім жаңылыс, себебі менің ұлтшылдығым да барлық өзгелердікіндей, негізінде айқын, тапшыл, ұлтшылдық болған. Ол ауылдағы жарым алпауыт пен байлардың тілеуіне бейім ұлтшылдық болғанымен, Кеңес үкіметіне қарсы болған таптардан өз бойымды аулақтап алмадым. Төңкеріске жаулық ойлап шыққан Заки Валидов тобының ісіне қарсы мен ашық күреске шығуым керек еді. Оның орнына мен солардың төңкеріске жаулық қылған ісіне өзім де жанасқан кісі болып шықтым. 1920-жыл Мәскеуде сонымен кездескен жайымды түгел баяндамай-ақ, сондағы бір ерекше жайды айтайын. Ол Валидовтың ниетімен қарсы екендігімді айқын қып сол жерде айтып берсем де, сөйлесуімінің өзін құпия әңгіме түрінде жасадым.

1920 жылда Заки Валидовтың төңкеріске жаулық ойы мен мақсұттарының бар екенін мен біліп едім. Кеңестік Ресейдің саясатына ырза болмай, «Шығыстың езілген елдеріне» шығамын, сонымен оларды біріктіріп, жекелік аламыз деген ниеті бар (болды).

Мен құпиялық түрі бар жиналыста болдым. Бірақ Қазақстанды тағы бір жаңа ауыртпалыққа салуға ырза емес екендігімді айтсам да, сол жерде Валидовтен асып айқын бой тартып кетпедім.

Сонымен өзімнің басымнан өткен тәжірбиеге қарап толық дәлелмен айтатыным, 1920 жылдың өзінде-ақ артта қалған елдерге ең дұрыс жол – социалистік жол мен кеңес жолы екенін негізінде қабылдап алсам да, мен қателестім. Оның себебі кімде-кім ұлт мәселесін таптық, интернационалдық қозғалыспен қоспай және ұлт мәселесіне бағындырмай ұстаймын десе – ол адам еріксіз ұлтшылдықтың құрбаны болады.

Тағы бір үлкен адасуым – артта қалған елдердің арасындағы төңкеріс – «шаруа қорын жалдамай болатын» төңкеріс болуы керек», – деп түсінуім де болған.

Мен студенттік жылдарымда Ядринцевтің, Потаниннің, Шаповтардың (Сібір – отарланған ел ретінде) пікірлері бойынша тәрбиеленген едім. Бұлар сияқты басқа да Сібірдің төңкерісшіл жазушылары артта қалған елдердің тағдырына жаны ашып, көңіл бөліп, мұндай елдің барлығы капиталдық құрылыс бағытында болатын шаруа тұрмысындағы, салтындағы тығыз өзгеріске шыдамайды, көтере алмайды деуші еді. Сол бетпен мен социалды рекөнстірексие дәуіріндегі шаруашылық өзгерістеріне үлкен қобалжумен, аса қорқумен қарап келдім. Анығында бұным мағынасызшылдың баққаны сияқты еді. Мұнымның негізгі себебі, шынында менің таптық, ұлтшылдық салт-санамда болуға тиіс. Егер төңкеріс жайынан шын сөйлейтін болсам, езілгендердің бостандығын шын тілесек, капиталдық құрылыстың қалдығын шын жоямыз десек, онда қатты қимылдағанда, құрбандықтан да қорықпайтын болуымызға керек. Және бұл құрбандық негізінде жарым алпауыттар мен байлардың көретін құрбандығы екенін еске алсақ, онда ондай құрбандықтарды жолды (заңды – Т.Ж.) деу ғана керек емес, тіпті қажет деп білу керек.

Бұл күнде мен бұрынғы қауіп, күдігімнің бәрінің орынсыз болғанын көріп отырмын. Қазір біздің көз алдымызға одақтың пролетариатының ұйымдасқан күші бірігіп келіп, сол жеңгізбей келген сақарада өндірістің ұлы дүкендерін орнатып отыр. Ол дүкендер техниканың ең жаңа табысы бойынша құрылған, сол далаларда шойын жол құрылысы, машина-трактор, машина-пішендік стансалары, совхоз, колхоз құрылып отыр. Бұлардың бәрінде үлкен мәшинелер, үлкен жабдықтар орнап отыр. Және коллектив негізіне құрып, жоспармен отырықшыландыру ісі жүріп жатыр. Бұларға одақтық бюджеттен мол қаражаттар беріліп, пұлдай, (қаражатпен – Т.Ж.) техникелері жәрдем істетіп отыр.

Қысқасы, Лениннің: «Артта қалған елдер алдағы елдің пролетариатының көмегімен капиталдық дәуірді аттап өтіп, социалды дәуірге жетеді»,– деген данышпандық сөзі іске асып отыр. Осындайлық жалпы жайды, Қазақстанда Лениннің ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кеміте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнінде теріс тәжірбиеге ауысып істеген жергілікті орындардың қатесі де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егін шығуы нашар болғандық себебінен туып отырған кейбір аудандардағы азық-түлік қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсіре алмайды.

Осы айтылған тұрғылардан қарағанда менің бұрынғы қорқынышым, қаупім, үркуім, пролетариаттың күшіне сенбегендік болып шықты. Ал пролетариат күші бұл күнде шын ғажайып іс істеп шығып отыр.

Өзімнің салт-санадағы қаталарым мен, соның негізгі істері тұсында болған әсерлерін түгел толық мойныма алғандықтан, енді «Социалды Қазақстан» басқармасынан менің осы сөздерімді басуды сұраймын. Мақсатым: шын толық күйде кеңес жұртшылығының алдында өзімнің ендігі көзқарасымды білдіру. Сол жұртшылық бұрын менің ұлтшылдық салт-санамның төңкеріске жаулық мазмұнын ашқан еді. Қазір мен өзімнің бұрынғы ісімді қатты күйде кінәлап, салт-сана жолындағы бұрынғы құралымды тастап, ендігі саяси бағытымды анықтап отырмын.

Мен қазір өзіме осы күнде Қазақстандағы социалистік құрылыс жолында қызмет етуді ең ардақты, ең міндетті іс деп санаймын. Қазақстан ертедегі тарихи себептермен артта қалған жер, бұл мен туып-өскен жер, сондықтан бұның өсіп келе жатқан социалистік құрылысының майданында адал қызмет ету менің ендігі борышым. Міне, бұл жолда жандандыратын сенім – біздің қазіргі тарихи дәуірімізде бірінші рет шын, еркін адам жолының іргесі қаланып келеді деген сенім болады.

Осындай дүние тарихының түйіні шешіліп, шын қоғамдық әділдік жолымен елдердің тағдыры, барлық адам баласының (тағдыры) шешіліп келе жатқанда және қызуы асқан тап тартысының негізімен шешіліп келе жатқанда, өзіңе қай түрдегі болса да мещандық тыныштық пен жайлылықты іздеп, әлі-ақ өтіп кететін қиыншылықтан қорғанып, тайқып шығуды – енді бұрынғы салт-сана, күнделік іс жөнінде істелген қателерімнен артық ұятты қылмыс деп санаймын. Оның орнына жақын заманда, таптық қауымның жасалуы мүмкін болып отырғанда және 17-ші партконференцияның қаулысы бойынша 2-бесжылдықта социализмнің толық жүзеге шығуы мүмкін боп отырғанда, тапсырылған жұмыстың әрбір кезеңінде табан таймай тартысудың сенімі, үміті артпақ. Ол табыстағы басшы – тап-тартысында шыныққан социалдық құрылыстың алдыңғы әтіреті, Қазақстанның Өлкелік партия комитеті».