Мәдениет ұғымы
Біз басшылыққа алып жүрген орыс тіліндегі әдебиеттерде (ал басқа батыс тілдеріндегі әдебиеттерді пайдалануға біздің мүмкіндігіміз жоқ, өйткені біз сауаттылыққа, оқу, білімге орыс тілі арқылы жеткендігімізді ешкім теріске шығара алмас) мәдениет үғымын білдіру үшін әуелбастапқы латын тіліндегі «cultura» деген терминді өзгертпей алып жүргені белгілі, өйткені ол халықаралық терминге айналып кеткен. Сондықтан біз де мәдениет ұғымының анықтамасын сол латын тілінен алынған «cultura» терминінің атау анықтамасынан бастаған орынды деп таптық.
Сонымен латын тіліндегі «cultura» сөзі әуелбаста «жер өңдеу», «топырақ өңдеу» деген мәнді білдірген екен, яғни табиғат күштерінің өз әсерінен болып жатқан өзгерістерден гөрі адамның әсерәнен, іс әрекетінің нәтижесінде болатын табиғат заттарының өзгерістерінің ерекшелігін білдірген екен. Осы терминнің әуелбастапқы мазмұнының өзінде тіл мәдеитінің аса маңызды ерекшелігін адам еңбегі мен мәдениет бірлігін атап көрсеткен. Кейіннен мәдениет сөзінің мағынасы барған сайын кеңейе түсіп , ақырсоңында ол адамның ақыл-ойы мен дене еңбегі нәтижесінде жасалған нәрсенің барлығын білдіретін болды. Осы мағынада алғанда, мәдениет адам жасаған екінші табиғат, адам жасаған дүние деуге болады. Демек, адам бар жерде, адамның жасампаз еңбегі, адамдар арасындағы қарым қатынастар бар жерде мәдениет те бар. Тек табиғи жаратылыспен салыстырғанда, адамзаттың мәдени табиғатында материалдық мәдениет пен рухани мәдениет те бар екенін, ол екеуін бірі мен бірін қарама қарсы қоюға болмайтынын ұмытпау керек.
Сонымен, мәдениет дегеніміз адамның өмірін, бүкіл іс-әрекетін ұйымдастыру мен дамытудың ерекше тәсілі- ол маттериалдық және рухани еңбек өнімдерінен, әлеуметтік нормалар мен мекемелер жүйесінен , рухани құндылықтардан, адамның табиғатқа өзара және өзіне деген қатынасынан көрінеді. Мәдениет ұғымында адамзаттың тіршілік әрекеттерінің биологиялық тіршілік формаларынан өзгеше жалпы белгілері де, түрліше қоғамдық-экономикалық формациялардағы мәдениеттің тарихи – нақты формаларының айырмашылық белгілері де бейнеленеді. Демек, мәдениет адамдардың алуан түрлі материалдық және рухани іс-әрекетінің бәрін қамтиды екен. Осы жөнінен алғанда «мәдениет» ұғымы мен «адам іс-әрекеті» ұғымы көлемі тепе-тең, бірақ мазмұны бөлек екі ұғым. Егер мазмұны жағынан да бірдей болса, онда олар екі ұғым болмас еді. «Мәдениет» ұғымындағы іс-әрекет оның адам дамуына тигізетін әсері және адам қабілеттерін ашу тұрғысынан түсініледі. Ал мәдниет-адамды қалыптастырушы, адамның өзі жасаған және қоғам өмірінің бір түрі болып табылатын құбылыс. Мәдениет адамның іс әрекетінің заттық нәтижесі түрінде де, ол іс-әрекетті жүзеге асыру әдісі, тәсілі түрінде де және түрліше моральдық, құқықтық, діни, эстетикалық т.б. (олардың орындалуын қоғам өз мүшелерінен талап ететін) нормалар түрінде де көрінеді. Өз қоғамының мәдениетті азаматы саналуы үшін әрбір адам сол қоғамның мәдениетін меңгеріп, соның талаптарына сәйкес өзінің ішкі-сыртқы кейпін қалыптатыруы тиіс.
Қазіргі заман мәдениетінің негізін құратын жетекші формасы ғылым, білім деп есептеледі. Енді соны қысқаша қарастырып көрейік.