ХІХ ғасырдағы ағартушы демократтар әдебиет жайлы
Ағартушы, демократияшыл көзқарастағы ақын-жазушылар шығармашылығының XIX ғасырдағы әлемдік өркениет дамуындағы маңызы ерекше болды. Қазақтың ағартушы, демократ ақын-жазушыларының шығармаларына өзек болған мәселелер: қазақ елінің тұрмысы, әлемдік өркениет жаңалықтары болды. Ағартуша ,демократтар деп Ш.Уәлихановты, Ы. Алтынсаринді, А. Құнанбаевты айтамыз. Шоқанның еңбегі ғылыми айналымға 1904 жылдан бастап енгенін ескерсек, оның еңбектерінің қазақ ұлттық әдебиеттануының қалыптасуына зор ықпалы болғаны сөзсіз. Ал Абай мен Ыбырай әдебиеттің өнер екендігін дәлелдеді, жазба әдебиеттің негізін салды. Екеуі де әдеби істерімен, аудармалары мен шығармалары арқылы қазақ әдебиеттануында мысал, әңгіме, новелла, баллада,поэма,қарасөз, өлең т.б жанрлық түрлерді қалыптастырды.
Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1868) Отбасылық тәрбиедегі әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыстың өнегелі тәрбиесін көріп өсті. Шоқан мұрасының жариялануы мен зерттелуін Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, т.б. қарастырды. Шоқан – қазақ тарихы мен әдебиетін, фольклоры мен этнографиясын зерттеуші, ағартушы ұлы ғалым. Ол – публицист жазушы. Шоқанның ағартушылық, демократтық көзқарастарында философиялық-материалистік дүниетаным сипаттары көрініс табады. Шоқанның фольклор, әдебиет тарихы, поэзия жанрлары туралы зерттеу еңбектері: «Қазақ шежіресі», «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Қырғыз-қайсақтардың үлкен ордасына қарасты елдердің аңыз-әңгімелері», т.б. Шоқанның қазақ ақындары Бұқар, Шал, Шөже, Жанақ, Түбек, Орынбай, т.б. туралы, суырып салмалық (импровизация) өнері, Абылай ханға және қазақ батырларына арналған тарихи жырлар туралы зерттеулері бар.
Шоқанның қырғыздың тарихы мен фольклорына байланысты «Манас» эпосына тұңғыш рет тарихи, әдеби талдаулар жасады және «Көкетай ханның өлімі және асы» деген үзіндісін орыс тіліне аударды.Ғылыми очерктері мен күнделтерінен жазушылық-публистік суреткерлік шеберлігі көрінеді. Табиғат суреттері, адамның кескін-келбеті, мінез-құлқы, тұрмыс суреттері туралы бейнелі кестелері: «Құлжа күнделіктері», «Алты шаһар» немесе «Қашқария туралы», «Іле өлкесінің географиялық очеркі», т.б.
Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин (1841-1889). Ыбырай – ұлы ағартушы, ұстаз-жазушы, ақын, этнограф, аудармашы. Ол – қазақтың ұстаздық-тәлімгерлік (педагогикалық) ұлағатын әлемдік деңгейге көтерген тұлға. Ыбырай шығармаларының философиялық, психологиялық сырлары мол.Ыбырай - қазақ мектебіне арналған тұңғыш оқу құралдарының авторы («Киргизская хрестоматия», т.б.). «Ыбырайдың қазақ хрестоматиясы» алғашқы оқулық қана емес, бірінші қазақ авторының қолымен жазылған, таза қазақ тіліндегі төл де тұңғыш туынды». Ыбырай қазақ мектебі үшін ислам дінінің қағидаларын түсіндіретін оқу-құралдарын жазды («Шариат-ул-ислам», «Мұсылманшылық тұтқасы»).Ыбырайдың қазақтың халықтық әдеп-ғұрыптары туралы жазған этнографиялық еңбектері: «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі».
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904). Абай мұрасының жиналуы, жариялануы, зерттелуі. Абайдың қалыптасуы мен өсу жолындағы өнегелі әкесі Құнанбай қажының, әжесі Зеренің, шешесі Ұлжанның және басқа да билердің, шешендердің, ақын-жыраулардың, оқымысты орыс достарының пайдалы әсер-ықпалы болды.Ұлы Абайдың шығармашылық қалыптасуына шешуші ықпал еткен үш арна: қазақ халқының рухани мәдениеті (фольклоры, ақын-жыраулар мұралары, т.б.). шығыстың классикалық әдебиеті мен ғылымы, орыстың классикалық әдебиеті және Еуропаның философиялық ғылымы.Жас шағындағы өлеңдері: «Иузи-Раушан», «Физули-Шәмси», «Әлиф-би», «Сап-сап көңілім», «Тайға міндік».Өлеңдері:
– азаматтық көңіл-күй, философиялық толғаныстарға құрылған: «Көңілім қайтты», «Патша құдай», «Көкбайға», «Қартайдық, қайғы ойладық», «Қалың елім, қазақғым, қайран жұртым», «Келдік талай жерге енді», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Лай суға мал бітпес», «Өлсе өлер», «Сенбе жұртқа», «Өлсем орным қара жер», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Сегіз аяқ», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ»;
– махаббат, ғашықтық сезімдерімен өрілген тебіреністер: «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі», «Білектей арқасына өрген бұрым», «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы»;
– табиғат суреттерін айшықтау: «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры»;
– оқу, білім, ағарту, тәрбие мәселелерін жырлау: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер ойын арзан», «Бір дәурен келеді күнде»;
– ақындық өнер туралы: «Өлең сөздің патшасы, сөз-сарасы», «Адамның кейбір кездері», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»;
– ән өнері туралы: «Көңіл құсы құйқылжыр», «Құлақтан кіріп бойды алар»;
– табиғат пен адамдық мінез-құлық, іс-әрекет, сезім мәселелерін астастыра жырлау: «Желсіз түнде жарық ай», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Көлеңке басын ұзартып»;
– сыншыл, сатиралық мазмұндағы өлеңдері: «Адасқанның алды жөн», «Байлар жүр», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көжекбайға», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Менсінбеуші ем наданды», «Бойы бұлғаң».
Ән-өлеңдері: «Алыстан сермеп», «Сен мені не етесің», «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Айттым сәлем қаламқас», «Біреуден біреу артылса».
Аудармалық-назиралық өлеңдерге арнап шығарған әндері: «Татьянаның әні», «Онегиннің жауабы»;
Аудармалық өлеңдерге ілесе шығарған әндері: «Қараңғы түнде тау қалқып», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Сұрғылт тұман дым бүркіп». Абай – қазақ өлеңі өрімінің дәстүрлі өрнектерін жаңғырта түлеткен жаңашыл ақын.
Б. Мұқайдың «Өмірзая» романы.
Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы – Кеңес заманының озбырлығы мен оспадар саясатын әшкере еткен аз кітаптардың бірі және бірегейі. Бұл романда Кенесары туралы еңбек жазған Алдияр Ақпанұлы мен оның шәкірті Аяған Қуатовтың өмір өткелдеріндегі қым-қиғаш оқиғалар, арандатушылық әрекеттер, шындық үшін күрес жолындағы қиындықтары сөз болады. Бірақ кітаптың соңында шындықты дәлелдеймін деп арпалысқан, алысқан азаматтың барлығы өмірден озады. Сұмпайылар мен опасыздар ғана қалады. «Өмірзая». Олардың өмірлері зая кеткен жоқ. Еңбектері, ерліктері қалды ұрпақтың жадында.
Мұқай Баққожа (31 қаңтар1948, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы — 2008) — жазушы, драматург. «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (2000).
1971 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. 1965 жылы Кегей аудандық «Коммунизм нұры» газетінде еңбек жолын бастаған. 1970 — 1988 жж. «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 1990—1995 жж. Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасында Бас редактор, бас басқарма бастығы болған. 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырып, басшылық жасады. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі. Бірнеше медальдармен марапатталған. «Парасат» журналының Бас редакторы болды.
Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып түр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылған. Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» атты кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы (1982), Қырғызстан Республикасының Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығы (1995), «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген (2000). «Парасат» орденінің иегері (2006).