Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы
Ә. Н.1924 жылы 22 қазанда Қызылорда обл, Арал ауд Үшкөз ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан өмірін болашақ көркем дүниелеріне оқиға өзегі етіп алды.
Басты туындысы – «Қан мен тер» трилогиясы («Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу»1970). Ә. Нұрпейісов – халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан «Қан мен тер» трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, «Қан мен терде» басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады.
Ә. Нұрпейісовтің бас қаһарманы – Еламан – еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі. Оның шектен тыс жуастығы, сылбырлығы, шешуші сәттердегі екіұдайлығы бізге таныс революционерлер мінезінен алшақ жатыр. Тек қана, адам ретінде сараптағанда кінәлауға да болмайтын дағдылар Еламанның жан-дүниесіндегі адамгершілік максимализм, турашылдық, намыс сарылып әділет іздеу іспетті ұждандық-этикалық сапалар аясында табиғи қалпымен нанымды. Саяси-әлеуметтік сауаты ашылмаған, қазақ даласындағы тұңғыш өнеркәсіп салаларының бір түрі – балықшылық кәсібімен күнелткен, мәдени-ағарту орталықтарынан алыс, табиғаты қатал Арал теңізі өңіріндегі жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы – тарихи заңды құбылыс.
«Қан мен тердің» тағы бір ерекшелігі, халық бейнесін сомдауда елдің наным, сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілуі, жекелеген жандардың қоғамдық аренадағы орны мен тұрмыстық қалпын желілес суреттеу. Трилогиядағы психологиялық арна автордың әр отбасындағы тіршілік дағдыларын кейіпкерлердің рухани өміріне тереңдеп бейнелеуден байқалады.
Еламан басындағы сергелдең мен Ақбала кешкен адасу соқпағы, Тәңірбергеннің азап пен ар талқысында талықсуы – күрделі көркемдік-эстетикалық шешім.
Негізгі қаһармандардың қиын тағдырлардың тоғыстыратын жер-теңіз жағалауындағы кедей балықшылар ауылы. Мұндағы тіршілік қамымен орыс байы – Федоров (Тентек Шодыр) ауына жалданып, асымдық талға жау тауып, күн кешіп жүрген Мөңке, Дос, Еламан, Рай – әр кездері ағайынды Алдаберген софы, Құдайберген болыс (Қаратаз), Тәңірберген мырзалардың малын, жылқысын бағып, кейін намысқа тырысқанда, бөлек шыққан өркеуде кедейлердің ұйытқысы.
Трилогияда кескіндік анықтамалар мен пейзаж көріністерінің рөлі зор. Портреттің психологиялық айтарлары мол. Мысалы, романда Ақбала өңі, оның киім киісі, әдемі көзі, қалың шашы тәрізді негізгі сұлулық нышандары әлденеше рет қайталану арқылы соны жағдайлар табиғатына үйлес өзгерістерімен қамтылады.
Жазушы мезгілдік құбылыстарды көп жағдайда адамдардың ішкі сарайындағы толқындармен, тұрмыстық, мұраттық әуендермен желілес бейнелейді. «Қан мен тер» трилогиясымен Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті үшін бұрын жан-жақты бейнелеу өрнегінен өтпеген Арал өңірі табиғатын өзіндік топографиялық ерекшеліктерін ашып кестеледі. Үлкен эпикалық полотнода теңіз стихиясы барша қатал сұлулығымен адамдар тағдырын, олардың кәсіп-тіршілігінің сипатын, арман-мұратын, сол жолдағы іс-әрекетін бедерлейтін көркемдік –эстетикалық фон ретінде шебер көрініс берді. Саналы көзбен қараған жанға «Қан мен терде» мол шынайылық, суреткерге тән машық бар.
. Көркем әдебиеттегі натурализм.
Натурализм (французша: naturalіsme, латынша: natura – табиғат) – философияда табиғатты барлық нәрсенің түп негізі, тану мен түсіндірудің әмбебап принципі ретінде қарастыратын философиялық бағыт.
Материалистік философияда табиғаттан жоғары тұрған ештеңе жоқ деп саналатындықтан, адам санасы, рухани құбылыстар түгелдей табиғаттың өзіндік қасиеті немесе оның дамуының заңды нәтижесі есебінде түсіндіріледі.
Натурализмнің идеалистік-философия тармақтарында діни көзқарас жоққа шығарылмайды және табиғатқа жандану (гилозоизм, панпсихизм) немесе рухтану (пантеизм) іштей тән деп есептеледі.
Натурализм әлеуметтік философияда қоғам өмірін әр түрлі табиғи себептерден (географиялық ортаның қасиеттерінен, адамдардың биологиялық және нәсілдік ерекшеліктерінен, т.б.), этикада моральдық прициптерді әлдебір табиғи бастамалардан (ғарыштан, адам биологиясы мен психологиясынан, т.с.с.) түсіндіруге ұмтылады.
Эстетикада натурализм көркем шығарманың дәлме-дәл бейнеленуін талап етеді. Табиғат көбінесе тірі табиғат, “табиғилық”, негізділік, тұтастық деп түсіндіріледі. Бұл “табиғат” “жасандыға”, механикалыққа, ал табиғат мәдениетке қарсы қойылады. Ол табиғи және жасандының, табиғат пен мәдениеттің қарама-қарсылықтарын өмір ұғымында біріктіруге тырысты.
Натурализмнің негізгі ұйғарымдары мыналар:
· табиғатты бірден-бір шындық есебінде мойындау (ол өз-өзінен жеткілікті, іс-әрекетке және ұйымдасуға бейім); табиғаттың әлдебір тысқары бастамадан тәуелділігін жоққа шығару; әлеуметтік, адамгершілік, рухани, мәдени құбылыстарды табиғи негіздемелерден түсіндіруге ұмтылу.
Ғылым методологиясында натурализм табиғат заңдарының бірлігін мойындаумен байланысты таным әдісінің бірлігін, яғни жаратылыстану ғылымдарында қалыптасқан танымдық-методологиялық принциптер барлық ғылымдарға ортақ, әмбебап принциптер деп ұйғарылады. Әдебиетте натурализм тәсілін алғаш қолданған француз жазушысы Э.Золя болды.
Натурализм кез-келген нәрсенің қалып-бейнесін не қимылын жеріне жеткізе, елеусіз бөлшектеріне дейін қалдырмай суреттеуді мақсат етті. Шығармаларда шыбынның ұшуы мен қоңыздың ызыңы сияқты оқиғаға тікелей қатысы жоқ жайлар көп баяндалды. Адам кейпі, жануарлар қимылы, табиғат көрінісі қаз-қалпында сипатталды. Нәтижесінде тұспалмен сыпайы айтылатын жайлар қарадүрсін, жалаң баяндалды да эстет. қасиеттен айырылды, соңы анайылыққа апарып соқты. Бұл тәсілдің ерекшелігі оқырманның не болар екен деген сауалына қаламгер түгелге дерлік жауап берді, яғни бәрін жасырмай, тәптіштеп айтты. Француз сыншылары Э.Золяның “Нана” романына қатты наразылық білдірген. Ондағы бас кейіпкердің жасынан қиыншылық көруі, ақырында нәпсіқұмарлыққа салынуы мен оның іс-әрекетін тәптіштеп тізбектеуін оқырман тұрпайылық деп тапқан.