Мүсірепов – сөз зергері

Жазушы, Қазақстан Академиясының академигі (1958), Социолистік Еңбек Ері (1974), Қазақстанның халық жазушысы (1984). Ғабит Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. "Қос шалқар” (1928), "Көк үйдегі көршілер” (1929), "Өмір ертегісі” (1930), "Алғашқы адымдар” (1932), "Шұғыла” (1934), "Үздіксіз өсу” (1934), "Жайлау жолында” (1936), "Тұтқын қыз” (1938), "Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі. Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел – Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел – Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол "Ананың анасы” (1933), "Өлімді жеңген ана” (1933), "Ашынған ана”, "Ананың арашасы” (1934), "Ер ана” (1942), "Ақлима” (1944), "Әмина”, "Ана жыры”, "Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады. Мүсіреповтің алғашқы романы – "Қазақ солдаты”. 1945 ж. "Қазақ батыры” деген атпен жарық көрген повесін жазушы өңдеп, толықтырып, 1950 ж. қайта жариялады. Бұл шығарма бүкіл қазақ әдебиетінің проза саласында екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды және қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбында жазылған таңдаулы шығармалардың санатынан лайықты орнын алған аса елеулі еңбек болды. Романның басты кейіпкері – Қайрош Сарталиевтің прототипі Қайырғали Смағұлов 1941 – 1945 жылдардағы соғысқа бастан-аяқ қатысып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған адам. Соғыс кезіндегі халықтың басқыншыларға қарсы патриоттық сезімі мен күресін шынайы бейнелеген романда жазушы өзіндік шығармашылық өрнекпен отты жылдардың көркем шежіресін жасады. Нақтылы кейіпкерлердің жинақталған бейнесі арқылы бүкіл халықтың, елдің ерлік бітімін көрсетті. "Оянған өлке” (1953) тарихи романында қазақ халқының 19 ғасырдағы өмірі үлкен суреткерлікпен өрнектелген, қазақ жеріне өндіріс орындарының орнай бастауы шынайы сипатталған. Шығармада жазушы ескілікті әдет-ғұрыптарды сынап, кейбір кертартпа дәстүрлердің қазақ даласында азая бастағандығын көрсетті. Қазақ топырағындағы Қарағанды шахтасы мен Ақбұйрат мыс қорыту зауытының құрылуы мен жаңа өмірге ұмтылған адамдар тағдыры, характер шиеленістері, түрлі қақтығыстар – барлығы романда көрініс тапты. Үш томға лайықталған еңбектің алғашқы кітабы Жұман мен Игілік секілді қазақ байларының, орыс байлары мен жұмысшы тобының тартысты қатынастарын жан-жақты көрсету арқылы қазақ даласының бүкіл бір дәуірін суреттейді. Көркем филос. толғауы басым роман қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы ретінде танылды. "Оянған өлкенің” заңды жалғасы болып табылатын "Жат қолында” (1984) романы 30 жылдан соң жарық көрді. Бұл кітапты өз алдына дербес шығарма деуге де болады. Өйткені романда суреттелген өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлері де соны. Роман өндіріс ошақтарын ағылшындар мен француздардың билеп-төстеуі мен сол тұстағы (19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басы) халық тұрмысын тарихи тұрғыдан терең бейнелеуімен, Орталық Қазақстан өңіріндегі әлеум. өмірдің шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеуімен құнды. Жазушы бейнелеп отырған дүбірлі оқиғаларға толы тарихи мезгіл сол тұста өмір сүрген жекелеген адамдардың сомдалған тұлғалары, сан алуан әрекеттері, тағдырлары арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына елестеп отырады. Көлемді романдармен қатар Мүсірепов прозада шағын жанрды да дамыта түсті. "Автобиографиялық әңгіме” (1956), "Этнографиялық әңгіме” (1956), "Сөз жоқ, соның іздері” (1962), "Өмір жорығы” (1963), "Айгүл қойшының бір күні” (1964), "Айжан қойшының түндері”, "Бірінші фонтан”, "Қыран жыры” (1967), "Жапон балладасы” (1967), тағы басқа шығармаларында сан түрлі мәселелерді көтеріп, әрқилы образдарды жасады. "Арқаның, Көздің, Тастың әңгімелері” арқылы, ондағы көркем бейнелер негізінде адамзатқа шексіз қайғы-қасірет әкелуші адамдарды әшкереледі. Оның "Кездеспей кеткен бір бейне” повесі (1966, ҚР Мемл. сыйл., 1970) – классикалық шығарма. Повесть Мүсіреповтің шынайы сөз зергері ретіндегі қаламгерлік қарымын, талант қуатын танытты. Қара сөзбен жазылған поэма іспетті бұл шығармада азаматтық ерлік пен ақындық асыл өнер, адамгершілік биіктік пен махаббат терең лиризммен әсем өрнектелген. Адам бейнесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін әдемі штрих-детальдармен беруде жазушы ірі көркемдік табысқа жеткен. Бас кейіпкер Еркебұланның жігерлі тұлғасы, оның рухани әлемінің алуан сырлары көркемдік бояумен әсем өрнектелген. Оның прототипі ретінде ақын Сәкен Сейфуллин алынған. Терең лиризммен, сан түрлі сезім толқындарымен тебірене жырланған Еркебұлан бейнесі қазақ әдебиетіндегі ұнамды образдар қатарын байытып, сөз өнерінде үлкен жетістік саналды.

ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ ТАРИХИ−МӘДЕНИ МЕКТЕП.

Тарихи-мәдени мектеп әдебиеттану ғылымдарының ең атышулы бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ағымдағы оқымыстылар Дарвин теориясын әдебиет ғылымына әкеп қолданады және дәлелсіз түрде қолданады. «Ағылшын әдебиетінің тарихы» деген күрделі еңбектің авторы Ипполит Тен көркем шығарманы, қаламгерлікті тану үшін үш буынға назар аудару керек дейді. Олары: нәсіл, орта, сәт. Белгілі бір халықтың әдебиетінің туу, қалыптасу, даму кезеңдерін географиямен, климатпен, топырақпен байланыстырады.

Бұл мектепте бірқатар фактілер жинақталғанымен, метафизикалық, идеалистік әдіс әдеби дамуды, әдебиет пен қоғам арасындағы байланысты түсіндіруден шалғай жатты. Әдебиеттану ғылымында айтылмыш мектептер, бағыттар бірін-бірі ауыстырып, кейде қатар, қабат өмір сүрген. Оларда шашырандылық, әр нәрсенің басын шалу, эклецизм, түрлі идеялар бар.

Әдебиеттану ғылымының басты құралы, негізгі арқауы – эстетиканың айқын тұжырымдары мен принциптері болмақ.