Махамбет жырларындағы Исатай тұлғасы

Махамбеттің бозбала кезінен бастап асқар таудай аға тұтып, ерге тірек, халыққа көсем санаған, қаза тапқаннан кейін аза тұтып, аруағына сиынып өткен адамы-Исатай. Исатай-басшы, бұл-қосшы боп қайшылықтары болған реттерде де аса қызу мінезді, батыр Махамбет бірде-бір рет көтеріліс көсемінің бетіне келіп көрмеген. Исатайды батыр қолбасшы ғана емес, айдынды азамат, ақылы асқан сабаз, түр-келбетіне дейін келісті, кемел кісі ретінде де өте жоғары бағалап, ерекше құрметтеген, шын жүрегінен жақсы көрген. Азаматтың бойында болуы мүмкін барлық асыл қасиеттерді Исатайдың тұрпатынан тапқан. Сондықтан да болар, Махамбет өлеңдерінің Исатайға жанаспайтыны некен-саяқ Ол ол ма, Махамбеттің аса қуатты талантынан туған ең үздік туындылары Исатай жайында. Тұтастай алғанда, Махамбеттің бүкіл поэзиясы халық жоқшысы, көтеріліс басшысы, ел ардағы, арыстан жүректі батыр ретіндегі Исатайдың заңғар бейнесін жасаған.

Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы - Исатай Тайманұлы. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды.Исатай бейнесі Махамбет өлеңдерінде әр қырынан ашылады. Махамбет 30-жылдардың бас кезінде шығарған өлеңдерінің бірінде:


Алдияр, тақсыр ханымыз!
Исатай батыр кеткелі,
Кеміді біздің сәніміз.
Тілімді алсаң, тақсыр-ай,
Шайтанның мойнын жұлдырып,
Ордаңа қайтып алыңыз.
Арыстан еді-ау Исатай!


деп, Исатай мен хан арасының суысып, батырдың шеттетілуіне қатты өкінеді. Жәңгірмен арақатынасы әлі бұзылмай тұрған сол кездің өзінде ханға: шайтанның сөзіне еріп, Исатайды сыртқа теуіп отырсың деп, тартынбай айтады. Өлеңдегі "Исатай батыр кеткелі, кеміді біздің сәніміз", "Арыстан еді-ау Исатай" дегендерінен Исатайдың бір ауыл, бір тайпа жұрт емес, бүкіл хандықтағы кемел, кесек түлға екені көрінеді. Сондай-ақ төңкеріске дейін-ақ Исатайдың батыр атанғаны да білінеді. Махамбет халық ұғымындағы азаматтың азаматына, батырдың батырына айтылатын арыстан деген метафораны тұңғыш рет Исатайды сипаттауға қолданады. Әрі қарай құрттайынан бауырында паналап өскенін, соңынан ағалап ергенін, алдындағы асқар тауы екенін ақындық жүрекпен тебірене баян етеді. Бұдан Исатайдың әу бастан зор беделді, өнерлі, талапты жастарға қамқор әрі мейірбан жанды әз аға болғаны аңғарылады. Кейінгі өлеңдерінде ақын Исатайдың ерлігін, қысылтаяң, катерлі шақтағы көрсеткен ірі, кесек мінездерін сүйіне суреттеп: "Арыстан еді-ау Исатай, бұл фәнидің жүзінде арыстан одан кім өткен?"- деп, оның батырлығы мен адамдық қасиеттеріне әлемдік ауқымда, тарихи мән бере сипаттайды. Махамбеттің зор ақындықпен "Тастөбедегі" ұрыстың көркем панорамасын жасаған "Соғыс" деген өлеңінде Исатайдың ұрыс кезіндегі ерлігі мен адамгершілік қылығы әсерлі суреттеледі:


Доптың үні шыққанда,
Сонда батыр жөнелді.
Жөнелмей батыр не қылсын,
Ерсары мен Қалдыбай –
Екі арыстан тең өлді.
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер бүлінді.
Исатай-басшы, мен-қосшы, -


деп, ұрыс басталар сәттегі үзіп-үзіп тыныс алғандай психологиялық бір көріністің суретін жасайды. Исатайдың -басшы, өзінің қосшы екенін де еске сала кетеді. Екі жақтың тағдыры шешілер сәтте:

Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,
Зығырданы қайнайды.


Ақын осы өлең жолдарында әсерлі суреттер сыйғыза алған. Басында дулыға, астында ақ бөкендей ойнаған әйгілі Ақтабан, қасында маңыраған қойдай шулаған қалың әскер. Біз енді-енді басталғалы тұрған қанды ұрысты бір сәтке ұмытып, мынау салтанатты, сұсты, жанды суретке тәнті боламыз. "Орыс добын үш атып", Ерсары мен Қалдыбайдай екі арыстан-қос тіреуі құлағанда, жаны шыңғырып, Ақтабанмен аңырата шапқан Исатайдың батырлығы, адамгершілігі, адал серіктері үшін қатерден тайынбайтындығы сүйсінтеді.

 

Қызғыштай болған есіл ер
Қайран да жұрттан не көрді?!-


деген сұрақ дейді мұңды ақын. Ол Исатайдың атынан айтылатын "Әй, Махамбет жолдасым" деген өлең шығарды. Онда батырдың хан ордасына қалың қолмен барып тұрып, солқылдақтық жасағанына, алдауға түскеніне реніш білдіреді. "Амал барда хан шаппай, тәңірім қылды, не амал бар!"-деп өкінеді. Бірақ ол мұны өзі емес, Исатайдың өзіне айтқызып, тапқырлық жасаған. Адам тануы ғажап ақын Махамбет батыр ағасының мінездемесін де өзіне жасатады. Исатай қатесін ашық мойындап, өмір мен өлім, бақыт пен сор, жолдастық парыз туралы терең ой толғайды. Осының өзінен-ақ оның жаратылысы бөлек, нар тұлға екені танылады.


Қатын-бала, мал бағып, Хан баласы жылады-ай!
Үйде отырсам да өлем деп, "Жанымды қи!"деп сұрады-ай!
Қорлықта жүрген халқыма Ақ көңіл, аңқау жүрекпен
Бостандық алып берем деп, Беремін деп, мен тұрдым.
Қырық бір жасқа келгенде, Көк бедеуді бауырлап,
Ауыр әскер қол алып, Шабамын деп сен тұрдың.
Жасқұсқа барып кіргенде, "Исатай басшы білсін" деп,

Арыстандай ақырған Ауыр әскер қол тұрды. Айбатыма шыдамай,
Қара бастың қамын ойлап, үйде өлгенше, қорлықтағы халқына бостандық альш бермек болу—қандай биік, ізгі мақсат!

Махамбеттің Исатай бейнесін сомдаған туындыларының ішінде "Тарланым" өлеңінің орны ерекше. "Арыстан еді-ау Исатай!" деген өткен шақта айтылған сөйлемге қарап, өлең батыр қайтыс болғаннан кейін шығарылғанын байқаймыз. Өлең "Таудан мұнартып ұшқан тарланым" деген қаратпа сөз түріндегі романтикалық асқақ, салтанатты метафорадан басталып, қол жетпестей биіктегі, арман-аңсарына айналған арыстанын:


Кермиығым, кербезім,
Керіскедей шандозым!
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым,
Хиуадай базарлым,
Теңіздей терең ақылдым,
Тебіренбес ауыр мінездім!-


деп барып бір қайырады. Ақын аса бір тәнтілікпен батырдың молынан сәулетті сом тұлғасын жасаған. Исатайдың нұр сипатты, келбетті; "құландай ащы дауысты" - жауының кұтын қашыратын қаһарлы; "құлжадай айбар мүйізді"-зор тұлғалы, айбарлы; "хиуадай базарлы"-отырған жері сәнді, думанды, бәрін қосқанда табиғат халқына тіреу болуға жаратқан кемел кісі екенін көреміз.Тұтастай алғанда, Махамбет өзінің өлең толғаулары арқылы халық жоқшысы, көтеріліс басшысы, ел ардағы, арыстан жүректі батыр, кемел тұлға ретіндегі Исатайдың асқақ та заңғар ескерткішін жасап қалдырған.

Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық

Дәстүр мен жаңашылдық кең мағынасында философиялық ұғым.

Халықтың ежелден өмір жолында, тырбанған тіршілігінде, шытырмен тағдыр талқысында тірнектеп жиған қазынасы – арман-мұраты, салт-санасы, сенім-сезігі, түсінік-түйсігі қазақтың бай фольклоры мен поэзиясының терең мазмұнын қалады. Мазмұн қазақтың тіл байлығынан өзіне лайық түр тауып, көркем сөз өнерінің поэтикасын тізді. Сөйтіп, қазақ халқының көп ғасыр бірге жасасып келген көркем сөз өнері Абай заманына жеткенде, атақты шығыс зерттеушісі ғалымдардан жоғары бағасын алған өзінше ұлан-асыр көркем дүние еді. Абайдың «Біреудің кісісі өлсе қаралы - ол» деген атақты өлеңін оның поэзия мұрасынан деген көзқарасының айнасы дей аламыз. Қазақтың тұрмыс-салт жырларын, тақпақ, мақал-мәтел, шешендік сөздерін тізіп келіп, ақын:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансайшы, бос қақпай елең-селең,-

деп өлең өнерінің құнын көтеріп берді. Бірақ Абай ондағы не бардың бәрін бірдей талғамай қабылдай берген жоқ және қабылдағаннның деңгейінде қалып қойған жоқ. Қайта соның бәрін жіті сын көзінен өткеріп, пайда-зиянын айыра білді, шірігі, шикісі болса, міні кемшілігі болса көре білді. Аталмыш өлеңдегі мына бір шумақ соның айғағы.:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бір – жамау, бірі – құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау.

Бір жағынан қазақ өлеңдерінің өмірде кең тарап, керемет қызмет атқарғанына сүйсінсе, екінші жағынан, әлгі өзі көрген «кемшілігі» дарынды ақынды поэзияның жаңа биігіне меңзеген сияқты. Бұл мақсатта Абайдың асқар талантының үстіне оған бағыт сілтеп, талабына дем берген, тірек болған күш не дегенде М.Әуезов анықтаған үш әдеби дәстүрді айтар едік: ол – қазақтың төл әдебиеті, Шығыстың және Батыстың төл әдебиеті, әсіресе ұлы орыс әдебиеті. Арман биігіне көтерілген Абай творчествосын зерттеген кісі осы үш арна дәстүрдің сара ізін анық байқаған. Сонымен бірге осынау жосылған дәстүр іздерінің қандай жаңа биікке ұласқанын көреді. Ұл Абайдың өзі арман еткен, кәдеуілгі «ер данасының қиыннан қиыстырар», «өлең сөздің патшасы», «сөз сарасы», екен, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» екен, арман биігін аңсап қана қоймай, оған тегеурінді талантымен шарықтап шығу - Абай поэзиясының жаңашылдық қасиетін танытқаны сөзсіз. Қат-қабат дәстүр қазынасынан асылын аршып ала білу және оны жарқын идеяның игілігіне жұмсап, творчестволық іске асыра алу – Абай даналығының, Абай жаңашылдығының Пушкинге ұқсас үлгісі мен өрнегі десе болады.

Ал енді, Абай үлгісі мен өрнегінің одан кейінгі поэзия үшін таптырмас дәстүр болып қалғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Абайдың ізін басып шыққан С.Торайғыров, С,Дөнентаев, Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Асқар, Ғабит, Ғабидин, Тайыр, Әбділдә, кейінгі бүкіл қазақ совет ақындары Абайды ұстаз тұтып, тәлім алды. Абай творчествасының жаңашылдық табыстарының енді күллі қазақ әдебиетінің баға жетпес байырғы дәстүріне айналды.

Жаңашылдық жақсы нәтижесін ең алғаш қазақ совет әдебиетінің іргесін қалаған «алыптар тобының» творчествосынан көргенбіз. Сәкен мен Ілиястың, Иса мен Сәбиттің поэзиясы, Бейімбет пен Мұхтардың, Ғабит пен Ғабиденнің прозасы мен драматургиясы – соның кепілі.