М. Әуезовтің драматургиясы
Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан - Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары - Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері - Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік - Кебек» алып келді. Шығарма өзегі - эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибе енімді дәстурлердің бірі. Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кетпеген. Билер сахнасы - көркемдік тамаша табыс. Кемшілік, олқылықтарды ескеріп, Әуезов пьесаны 1943 жылы қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Аса терең, мәнді шығарманың бірі - «Түнгі сарын». Бұл - қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды. Мұнда көркемдік шешім ақындық идеалмен тығыз байланысты. Таптық тартыс шығармада жай схема түрінде емес, адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түнгі сарын» - қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблемасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс» пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.
1934 жылы сахнаға шыққан «Хан Кене»трагедиясы Әуезовтің азаттық идеясын терең бейнелеген, аса көркем тарихи пьесасы. Мұнда Хан Кененің, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері жасалып, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан. «Қарагөз» 1926 жылы бірінші сыйлық алды. 30-жылдардағы белгілі әдебиет сыншысы Ғ.Тоғжанов трагедияда ескі көшпелі өмірді мадақтау бар дейді. Ж.Орманбаевтың да бір мақаласында осындай пікірі айтылғанды. Әуезов бұл пьесаға кейін кайта оралып, жаңа нұсқа жасады. 30-жылдары Әуезов реализмді меңгеруде көп еңбек етті. Әсіресе драматургияда көптеген ізденістерге барды. 1918 жылы Әуезов тұңғыш рет Абай жайлы мақала жазып, Абай заманы туралы білген, естігендерін қағазға түсірген. Л. Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» пьесасы кейінгі эпопея тақырыбының барлауы еді. Онда Абай өмірінің соңғы кезеңдері қамтылған. 30-жылдардың аяғында Әуезов білімі жөнінен, рухани толысуы жағынан шыңға көтерілді. Ол Абай тақырыбына осындай шақта келеді.
Автор Абайға лайық сөз өрнектерін тапқан. Бұл трагедия қоғамдық мәні бар күрделі жағдайларды көрсетеді. Шығармада тартыс, әрекет бірлігі мықты. Пьесада қақтығыс көп. Осы пьесаның негізінде кейін опера либреттосы, киносценарий жазылды. Трагедияны тұңғыш сахнаға қойған - Асқар Тоқпанов. Абай рөлін Қ.Қуанышбаөв ойнады. Драма формасын Әуезов көп байытты. Әуезов фантастикалық пьеса да жазған. Ол - «Дос - Бедел дос». Пьесада «бір адам әр түрлі формацияда өмір сүрсе қандай болар еді» деген сұрауға жауап іздейді. Әуезов драматургиясында қазақ халқы өмірінің сан алуан қырлары үлкен шеберлікпен көрсетілген. Өмірдің терең қабаттарын қопарып, типтік жағдайлардағы характерлерді дәл тауып, олардың өзара қақтығысынан туған үлкен тартыстарды көрсету - Әуезов пьесаларының басты ерекшеліктерінің бірі. Шығармаларға құбылыстың сырт көрінісі, яки адамдар арасындағы ұсақ интригалар емес, әлеуметтік конфликтілер негізгі арна болады. Әуезов - қазақ драматургиясының жаңашылы. Ол дүниежүзілік драматургияның асыл үлгілерін оқып, аудару арқылы шеберлік мектебінен өтті. Мұның үстіне Әуезов пьесаның еуропалық үлгісіне соны ұлттық бояу, нақыш қосты. Қазақтың ежелгі әдебиетіндегі драматургияға жақын үлгілерді (айтыс, беташар, жар-жар, шешендік дауы) жаңашылдықпен пайдалана білді.
Әуезов трагедияларында сан алуан образдар галереясы бар. Олар өздеріне ғана тән, айрықша сөздік сипаттамаларымен кейіптелген. Әуезов - қазақ әдеби тілін дамытуға орасан мол үлес қосқан, реформатор суреткер. Әуезов қазақ тілінің негізгі сөздік қорын жеріне жеткізе пайдаланады. Мақал-мәтәлдерді, айқышты сөздерді, фразаларды бағды күйінде ала салмай, оларды өз мақсатына орай жаңғыртып, жайнатып, қайтадан құйып шығарды. Әуезов пьесалары - қазақ әдебиетінің алтын жамбадай қымбат, асыл шығармалары, біздің ұлттық мақтанышымыз