Махаббат-наме»: жанры, құрылымы, көркемдігі
ХIV ғасырларда Алтын Орда жерiнде, Орта Азияда, Мысырда аралас жазба тiлi қалыптасып, осы аралас тiлдегi әдебиет айтарлықтай дәрежеде дамыды. Орта ғасыр әдебиетiнен кеңiнен орын алатын шығарманың бiрi – қыпшақ тiршiлiгiн сипаттайтын «Мухаббат-наме» дастаны. Қазақ тiлiнiң бастау көзi ретiнде көнеден қалған жәдiгерлiктердiң бiрi – Хорезмидiң «Мухаббат-наме» дастаны. Бұл Алтын Орда дәуiрiнде дүниеге келген мұралардың бiрi.
ХIII-ХIV ғасырда жазылған ескi қыпшақ тiлiнiң жазба ескерткiшi «Мухаббат-наме» дастаны түркология ғылымында кеңiнен танымал. Ол орта ғасыр дәуiрiндегi қыпшақ тiлiн бейнелейтiн бiрден – бiр бағалы ескерткiш. «Мухаббат-наме»- көне дәуiрдегi жазба ескерткiштердiң iшiндегi ең iрi әрi мәндi, қызғылықты дастан. Дастанның 1353 жылы Сыр бойында жазылғаны шығарманың өзiнде айтылғанымен, оның авторы туралы нақты деректер күнi бүгiнге дейiн табылған жоқ. Бұл оның туған немесе көптеген жылдар тұрған қаласына байланысты аталған болуы мүмкiн. Ал шығарманың соңында «Сүйүнсүн бәндә Хорезми – Рәвәни» (439) дегендегi Рәванидi орта ғасыр жазба ескерткiштерiнен зерттегенде зор еңбек сiңiрген ғалым Ә.Наджип Хорезмидiң екiншi лақап аты деп көрсетедi. Шындығында, бұл – қате пiкiр. Ғалым шығарма мәтiнiн дұрыс түсiнбеген. Ә.Наджиптен өзге зерттеушiлер мұны кезiнде дәлелдеген. Қолда бар деректерге қарағанда «Мухаббат-наме»-авторы өз заманының дүлдүл ақыны болғаны белгiлi. Өзбек халқының атақты ақыны Ә.Науай тiл мәселесi жайлы «Мухаммат әл-лүғатаин» деген атақты еңбегiнде «Мен» деген сөзге байланысты «Мухаббат – наменiң» 5 бәйiтiн еш өзгерiссiз келтiрген. Ал профессор Ә. Наджиптiң «О новонайденных арабо – письменных списках «Мухаббат – наме» Хорезми» деген мақаласындағы үзiндiге зер салсақ, Ходжанди мен Хорезмидiң арасындағы тамаша өнер байланысын байқаймыз.
«Если бы мои слова узнал поэт,
Откуда всякому невежде знать цену жемчуга,
Если бы слова Ходжанди бедняге Хорезми услышал,
То с изумлением сказал бы “Браво» 5,96.
Хорезмидiң ең үздiк ақын болғанын дастанды әдеби тұрғыдан сөз еткен ғалымдарымыздың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қыраубаева бiрнеше нақты тұжырымдармен дәлелдедi.
Дастан сол дәуiрдегi әдеби шығармалар секiлдi алдымен тәңiрге сыйынудан, құдай мен пайғамбарларға мақтау айтудан басталған. Содан кейiн ғана ақын өзiнiң Мұхаммед пайғамбармен қалай кездескенiн, оның өтiнiшi бойынша «Мухаббат-наменi» жазбақшы екендiгiн баяндап, Мұхаммед-Қожабектi мақтаған толғау, ғазалмен жалғастырады. Мұнан кейiн ғашық жiгiттiң сүйген қызына арнаған хаттары (әрбiр хаттан кейiн мәснауи, ғазал келiп отырады) және шағын әңгiмеден тұратын сүйiспеншiлiк дастан басталады. Ақынның толғауды ұзақ кіріспеден кейін ғана бастауы 102 бәйітте аяқталады. Дастанды зерттеушілердің пікірінше, Мұхаммед - Қожабек Өзбек ханның (1312-1341ж.) тұсында Азакты билеген . Кей зерттеушілер Мұхаммед- Қожабек Қатлұғ Темірдің (1349 – 1356) билік құрған інісі екенін, музыка мен поэзияны қадірлеген өзі де ақын болған кісі екенін айтады. Осы деректерге қарағанда, Мұхаммед - Қожабек Алтын Орданың атақты әміршілерінің бірі болғанға ұқсайды.
Бiздiң дәуiрiмiзге «Мухаббат-наменiң» төрт түрлi көшiрмесi жетiп отыр. Ең алғашқысын 1432 жылы, яғни жазба ескерткiштiң жазылғанынан кейiн 79 жыл кейiн Мансур бахшы көшiрген. Бұл көшiрме Махрух ханның Гераттағы әскери қолбасшысы Мир Джалаладдинге (1407 – 1444 ж.ж.) арналыпты. Елге танылған көркем туындыны қайта көшiрiп, бiр – бiрiне сыйға тарту ол кезде iрi қолбасшылар арасындағы жақсы үрдiс едi. Осылайша көшiрiлiп, бiздiң дәуiрiмiзге келiп жеткен «Мухаббат-наменiң» бұл қолжазбасы ғылыми жұртшылыққа алғаш таныстырған академик В.В.Бартольд болды. Ол Британ музейiндегi әр алуан шығармалар жинағы секiлдi үлкен бiр қолжазбадан «Мухаббат-наменiң» бұрын ғылымға танылмаған жаңа бiр көшiрмесiн тапқаны жайлы Бүкiлроссиялық ғылым академиясының доктарларына 1924 жылы жариялады. Бұл жаңалық ғалымдар назарын тез аударып, дастанды қызыға зерттеушiлер қатары көбейе түстi. «Мухаббат – наменiң» бұл қолжазбасы хронологиялық тәртiп бойынша алғашқы көшiрме болғанымен, ол дастанның толық варианты емес, мұның парсы тiлiнде жазылған хаттар мен түркi тiлiнде жазылған 53 бәйiт қалып қойған. Бұған қарағанда көп уақыт кейiнiрек көшiрiлген араб қолжазбасы осы күнге дейiн дастанды зерттеушi, аударушы ғалымдар мен аудармашының негiзгi зерттеу нысаны болып келедi. Қолжазбаның көлемi 24 парақ. Ұйғыр жазулы көшiрмемен екеуi Лондондағы Британ музейiнде сақтаулы. А.Н.Самойлович байқаған осы әдеби тiлдi түркi жазба ескерткiштерiн кеңiнен зерттеп жүрген түрколог ғалымдар Ә. Құрышжанов пен Ә. Ибатов «орта түркiлiк жазба әдеби тiл» – деп атады.
«Мухаббат-наменiң» қазақ тiлiне қатысын ең алғаш байқап, оның зерттелуiне өз үлесiн қосқан ғалым Ә.Қоңыратбаев болды. Ол 1945-1946 жылдары Өзбекстанда болған уақытында «Мухаббат–наменiң» Ташкент кiтапханасында сақталған фотосуретiн қолмен көшiрiп Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кiтапханасына тапсырған. Бұл қолжазба кiтапхананың сирек кездесетiн кiтаптар қорында сақтаулы тұр. Ғалым өз пiкiрiн көшiрмесiнiң соңында «Мухаббат-наме туралы» деп атап, жеке берген. Бұнда ескерткiштiң Британ музейiндегi қолжазбалары мен сол уақытқа дейiн зерттеген ғалымдар пiкiрлерiне тоқтала келiп, көркем туындының жазылған жерiн Сығанақ қаласы деп болжайды. Ортағасырлық Сыр бойының қалаларының iшiндегi Сығанақ саяси-эканомикалық жағдайы жоғары, күмiс, мыс, ақша даудасы қалыптасқан қорғаныстың күшi дамыған бекiнiстi қала болғаны тарихшылар тарапынан дәлелдену үстiнде. Түркi тiлдерiнiң iшiнде өзбек, қазақ тiлдерiне толық аударылған. Қазақша аудармасы араб көшiрмесi бойынша жасалынған. Бұл еңбектi қазақ тiлiне аударған А. Қыраубаева. Әдебиетші Н.Келімбетов «М-н»-ң зерттелуіне, дастанның композициялық құрылысына тоқталады. 1966 жылы «Ежелгі мәдениет куәлары» атты жинақта «М-н» поэмасына әдебиетші Р.Бердібаев өте қысқа тоқталған. Осыған байланысты Х.Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» деген еңбегінде кеңірек сөз етті. Б.Кенжебаев 1969 жылы «М-н» дастаны туралы үлкен мақала жазды. Мақалада сол кездегі тарихи жағдай, поэманың мазмұны, «Мн»-ң зерттелу тарихы, қазақ әдебиетіндегі алатын орны айтылады.
«Мухаббат-наме» дастаны 946 жол, яғни 473 бәйiттен тұрады. «Мухаббат-наме» дастаны екi тiлде жазылған. Барлығы он бiр арнау өлеңнен тұратын ғашықтық дастанның үш тарауы парсыша, сегiз тарауы – түркi тiлiнде жазылған. Қазіргі кезде жазба ескерткіштердің тілін зерттеу негізгі нысанаға алынып отыр.