Орхон-Енисей» жазба ескерткіштері

Орхон ескерткіштерінде Монғолия жеріндегі бір замандарда түркілер мекендеген Орхон өзені маңайларынан табылған тастағы жазулар жатады. Олар: Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Онгин, Суджа, Құлы-Шора, Мойын-Шора ескерткіштері. Ескерткіштер VІІ-VІІІ ғас.ғы түркі ру-тайпаларының іргелі елі – Түрк қағанатының тұсында жазылған. Білге қаған (хан), Күлтегін (әскербасы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты, беделді азаматтарына арнап тұрғызылған құлыптастағы жазулар. Түрклер құлыптасты «бітіг тас», яғни «жазба тас» деп атаған. «Күлтегін жырын» шығарып, жаздырған Иоллығ тегін болып есептеледі.

Орхон ескерткіштері ХVІІІ ғас.да табылып, зерттеу жүргізілген. Ондағы руналық таңбаларды (қазақтың ру таңбаларына ұқсас таңба) алғаш түсініліп, оқып шыққан Дания ғалымы Вильгельм Томсен (1893 ж.)

Орхон ескерткіштері тақырыбы, көтерген мәселесі, көркемдік сипаты т.б. жағынан қазақтың эпостық жыр дәстүріне өте жақын. Елдің бірлігі, елге қорған болған батыр, ел басқарған көсемдер туралы айтылады.

Қазақстан жерінде алғашқы тайпалық мемлекет соңғы үйсіндер дәуірінде (ІІІ-VІ ғ.) құрылды. Атақты ғалым Абел Ремюзенің пікірінше, үйсіндер Орхон жазуын пайдалана білген. Үйсіндерден кейінгі түрік қағанаты кезінде орхон жазулары олардың мемлекеттік жазуына айналған. Бұл жазумен түркі қағандары Иранға, Византияға, ҚЫтайға елшілік хат жазып жіберген, өлген адамдарының басына қойған жоқтау жырларын ойып жазып отырған.

Қазақстандағы жазудың тарихын бір кезде ғалымдар тек ислам дінінің тарауымен ғана байланыстыратын еді. Орхон жазуы ашылған соң кейінгі зерттеушілер бұл пікірді жеткіліксіз деп тапты. Ғалымдардың байқауынша, орхон жазуын түсіруге тас, түсті металл, былғары, ағаш, сүйек жібек сияқты нәрселер қолданылған. Сөйтіп, біздің жазба мәдениетіміздің түп тамыры халқымыздың өз жерінде туды. Оның негізі- ежелгі ұлыс тайпалары алғашқы тайпалық одақ құрылған кезінде қаланған. Тұрмыс мұқтаждығы, ел, хандық не тайпа қажеттері жазудың тууына негізгі себепкер болды.

Тегінде Орхон жазуының негізгі түрлері кұлпытастарға ойылған жазба түрінде сақталған, әсіресе түркі қағандары Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк (VІІ-VІІІ ғ.) басына қойған құлыптастарға өте мәнерлі жазу қолданған. Бұларды тасқа жазылған кітап деуге де әбден болады.

Орхон жазуының ең ескі үлгісінің бірі – Талас жазулары - V-VІІ ғасырлардың мұрасы. Бұл жазуларды көп зерттеген ғалым С.Е.Малов. Тілдік құрылысы жағынан ескерткіш жазуы ескі қазақ тіліне мүлде жақын. Сөйлемі мен сөз тіркестері ұғуға жеңіл. «Көрүр көзүм көрмез тег, білір білігім білмөз тег» (көрер көзім көрместей, білгір ақылым білместей) т.б. Бұл сөйлемдер түркі тілдес халықтарға түсінікті және құрылысы жағынан көп өзгешелігі жоқ. Қазақтың қазіргі сөйлеу тілінен де алшақ емес. Осыдан болса керек: «Менің түсінігімше, - дейді профессор С.Аманжолов, - қазіргі дулаттар - V-VІІІ ғ. ежелгі Орхон-Енисей түркілердің тікелей ұрпақтары».

Ертедегі өлең, жыр, ертегі, аңыздар, жоқтау, мақал, мәтел, жұмбақтар Орхон жазуларының өзінде де аз кездеспейді. Ауыз әдебиетінің мұндай түрлерінің ертедегі жазба ескерткіштерден әдебиет тарихы үшін қажеттігін ескертсе, екінші жағынан әдебиеттің халық өмірі мен байланысы тым әріде жатқанын танытады.

Күлтегін мен Білге қаған және Тоныкөк жазбалары. Бұл жазбаларды қазір ғалымдар тарихи дастан ретінде бағалап жүр. Мәселен, Т.Стеблева өзінің 1965 жылы шыққан «поэзия тюрков» деген кітабында осындай ой айтады. Аталған ескерткіштерде қазақ ұығымына жақын жыр жолдары толып жатыр.

Шешем – қатын, (онон) соңғы аналар,

Жеңгелерім, келіндерім, ханымдар,

Тірілерің түгел күңдікте болар едіңдер,

Өліктерің жұртта, жолда жатар ма едіңдер!

 

Күлтегін жоқ болса,

Бәріңде өлмекші едіңдер.

Інім Күлтегін қаза болды.

Өзім қайғырдым.

Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылды. Осыған орай руна жазуының өзін бертін келе «Орхон-Енисей» жазуы деп атап кетті.

Орхон аңғарынан табылған ескерткіш-жырлардың тілін бірқатар лингвистер қазақ тіліне жақын десе, енді біреулері қырғыз немесе хакас, алтай тілдерімен туыстас деген пікір айтады.

Орхон өзені бойынан табылған бұл ескерткіштер текстінде түрік қағанатының құрылуы мен құлдырауы, өрлеу дәуірі мен күйреу кезеңі жайында бірқатар тарихи деректер бар. Сол үшін тарихшылар руна жазуындағы мәліметтерді өз еңбектерінде кеңінен пайдаланып келеді. Алайда тасқа қашап жазылған бұл жәдігерліктер жылнама-шежіре емес. Мұны сол дәуірдің тарихи шындығы мен ескерткіштер текстін салыстыра отырып аңғаруға болады.

Орхон жазба ескерткіштерінің жылнама-шежіре емес, өз дәуірінің әдебиет үлгісі екенін дәлелдейтін бір мысал келтірейік. Қапаған қаған туралы хикаядан кейінгі жолдарда Білге қаған өзі туралы:

Түркі халқының атақ-даңқы

Өшпесін деп,

Әкем қағанды,

Шешем қатынды

Көтерген тәңірі,

Ел (билігін) берген тәңірі

Түркі халқының атақ-даңқы

Өшпесін деп,

(Мені) қаған отырғызған еді.