Көркем әдебиеттегі психологизм
Көркем әдебиеттегі психологизм деп отырғанымыз көркем шығармада адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айрықша мән беру. Психологиялық шығарманың түп негізі ретінде ХҮІІІ ғасырда Англияда жазылған Стерннің «Тристам Шендидің, джентельменнің ғұмыры мен пайымдары» романы аталады. Ол осы шығармасында адамды, адамның ойын психологиялық, мінездік толқыныстар тұрғысында көрсетеді.
Қазақ әдебиетіндегі тырнақалды психологиялық роман – Ж. Аймауытовтың «Ақбілегі». «Ақбілектен» психологиялық роман табиғатына тән негізгі сипатты – шығарманың сюжеттік-композициялық концепциясының кейіпкердің ішкі әлемін талдау мақсатына талдау тәуелділігін бажайлауға болады. Төл прозамыздағы психологиялық романның озық үлгісі – Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы. Соғыс және әйел тақырыбын зерделей отырып, жазушы әйел жанының терең қалтарыстарына үңіледі, әйел сезімінің ешқандай қоғам идеологиясына, жағдайға мойынсұнбайтын құпия құдіреттерін паш етеді.
Адамның жан дүниесін бейнелеу, психологизм, әрине бір ғана жанрдың, психологиялық романның шеңберімен шектелмейді. Кейбір шығармаларды бөліп, осы жанрлық түрге жатқызудың өзі де шартты түрде жасаған жіктеу деп таныған жөн. Кең мағынадағы психологизм көптеген шығармалардан табылады. Қазақ әдебиетіне көз салсақ, «Абай жолы» тарихи роман, «Қан мен тер» әлеуметтік роман дей отырып, М.Әуезов пен Ә.Нұрпейісов адамның психологиясын, әр алуан көңіл-күйін мейлінше нанамды, әсерлі бейнелейтініне сүйсінбей қала алмаймыз.
Көркем әдебиеттегі психологизм табиғаты – бүгінгі таңдағы әдебиеттану мен сында өте жиі сөз бола бастаған күрделі теориялық тәжірбиелік мәні мол мәселе. Әдебиеттің негізгі предметі адам болғандықтан, оның рухани әлемін, ой-сезімін, түсінік-түйсігін, дүниетанымын, ішкі қайшылықтарын ашып көрсету – суреткердің негізгі міндеттерінің бірі.
Психологизм әр түрлі шамада эпос, драма, лирикаға бірдей тән. Ол әдеби материалдың мазмұнын құрай отырып, мазмұнды ашатын формалық шешімдерді де тауып береді. Психологизмнің негізгі қызметі - өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдап қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсері мен табиғи синтезін атау керек.
Қ. Жұмалиев – әдебиет зертеушісі.
Еңбектері сұранысқа ие болып келсе де, түрлі себептерге байланысты өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарынан кейін қайта баспа жүзін көрмеген белгілі ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз бар. Солардың бірі - әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны саласында қырық жылға жуық қызмет еткен көрнекті ғалым, академик Қажым Жұмалиев.Қ.Жұмалиев - қазақ әдебиеттану ғылымында ең алғашқы болып 1941 жылы «ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдебиеті тарихы» деген тақырыпта кандидаттық, 1946 жылы «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалым-ұстаз. Оның ғалым-ұстаздық қырын танытатын ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгілері мыналар: 1938 жылы Қазақ ССР Оқу комиссариатының тапсырысы бойынша орта мектептің жоғары сыныптарына арнап жазылған «Әдебиет теориясы», бұл еңбек сондай-ақ күні бүгінге дейін жоғары оқу орындарында да негізгі оқулыққа қосымша ретінде пайдаланылып келеді. 1941, 1942 жылдары орта мектептің 8-9 сыныптарына арнап «Қазақ әдебиетінің» оқулықтарын жазды. Кейінгі жылдары бұл оқулықтар жетілдіріліп, бірнеше қайтара басылды, бірнеше буын ұрпақ осы оқулықтар арқылы қазақ әдебиетінің бай мұрасымен сусындады. Орта мектепке арнап жазылған аталмыш оқулықтардың негізінде қазақ мектептерінде қазақ әдебиетін пән ретінде жүргізу ісі жолға қойылды. 1961 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» 2-томының бірінші кітабының редакцияларын басқарды. Сонымен қатар Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы (1938), «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі», (1948), «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» (1-том, 1958), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» (2-том, 1960), «Стиль - өнер ерекшелігі» (1966), «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» т.б. Бұл еңбектердің барлығы уақыт-сыншының сынақтарынан сүрінбей өтіп, өміршеңдігін дәлелдеп, ел игілігіне қызмет етуде.Бірегей Қажым Жұмалиевтың ендігі бір қыры - жазушылық. Оның тырнақалды өлеңі «Батырақ Ғалиасқар» 1928 жылы қазіргі «Жас алаш» газетінде, ал алғашқы поэмасы «Егізбай мен Ерғожа» 1929 жылы қазіргі «Жұлдыз» журналында жарияланған. Мұнан кейін Қ.Жұмалиевтың жеке кітап болып басылған көркем шығармалары мыналар: «Шабуыл» өлеңдер жинағы (1933), «Қанды асу» өлеңмен жазылған романы (1934), «Өмір жыры» өлеңдер жинағы (1938), «Қырдағы күрес» поэмасы (1957), «Айқас» повесі(1944), «Біржан - Сара» операсының либреттосы (1947), «Тарлан атты жолаушы» повесі (1963), «Жайсаң жандар» әңгімелер жинағы (1969). Бұл аталған шығармалар Жұмалиевты жазушы ретінде тануға жетерлік. Әрине, көпшілігінде көтерілген мәселе кеңестік идеология жемісі екендігі белгілі. Алайда қазақтың қара сөзін уызынан жарып ішкендігін автор тұлға тану бағытында жазылған «Жайсаң жандар» атты естелік әңгімелер жинағында таныта алған.
Бар ғұмырын іргелі қазақ халқының рухани жан сарайын, болмыс бітімін, ілім-білімін, тыныс-тіршілігін пәрменді етуге, сөз өнері мен мәдениетін өскелең адамзат баласы жүрегінің төріне көтеріп, жан азығы етуге бағыштаған жазушы, ғалым, ұстаз Қажығали (әдеби лақап аты Қажым) Жұмалыұлы Жұмалиевтың өнегелі ісін ұлықтау, әдеби мұрасын уағыздау, көп томдық етіп қайта шығару - өсер елдің тірлігі.