Иса Байзақов өмірі мен шығармашылығы
Қазақ совет әдебиетінің қазынасына қымбат үлес қосқан қайраткерлердің қатарына Иса Байзақовтың есімі аталады. Халықтың қалаулы ақыны, жиын-той мереке-салтанаттың гүлі болған Иса ақынның өмірбаяндық сараң мәліметтері оның өнерпаздық азаматтық тұлғасын тануға көмектеседі. И.Байзақов 1900 жылы қазіргі Павлодар облысы «Үлгілі» колхозының жерінде туған. Әкесі Байзақ момын шаруа, ескіше хат танитын сауаты бар, ән-өлеңге үйір кісі болыпты. Шешесі Ғазиза да әншіл, ашық көңілді жарқын мінезді ана болған. Болашақ ақынның өлең-жырға ән-күйге жастайынан жақын тұруының бір сырын осы ата-ананың ерте үлгісінен іздесек керек. Бірақ Иса тоғыз жасқа келгенде анасы қайтыс болып, жетімдіктің қатал сынына ұшырайды. Ол тұрмыстың ауыртпалығын кедейлік қырсығын бала кезінен көрген. Он жасында ауыл молдасынан оқып хат таниды. Біраз үзілістен кейін, 1914 жылы медресе «Ғалиядан» тағлім алған Құсайын Күрлеуітұлы деген мұғалімнен төрт ай оқиды. 1916 жылы патша жарлығымен қазақ жігіттері қара жұмысқа алынатын болған кезде жасы толмаған Иса 21-де болып көрсетіліп, әкесіне, Арын, Мұса деген ағаларына қосылып Томск қаласының түбіндегі бір шахтаға жіберіледі. Ауыр жұмыстан қалжыраған елден амалсыз алыстап жабыққан жігіттердің алдында ән салады өлең шығарады. 1917 жылы февраль революциясынан кейін жұмысқа алынғандар босатылып, Иса да еліне қайтады. 1919 ж Сағит ақынмен айтысып, оны жеңеді. 1920 ж атақты Құдайберген ақынмен дидарласады. 1921 ж Павлодар қаласында үлкен той үстінде Иса қалың қауым алдында суырып салып өлең толғайды. Осыдан кейін Иса даңқы ауылды аттап, аймақ көлеміне жетеді. Осыдан кейін ол Семейге келеді. Аз уақыт жұмысшы факультетіне түсіп оқиды. Сол жылдарда ол Шығыс Қазақстанның көптеген көрікті жерлерін аралайды. Зайсан, Марқақол, Алтай, Қалба,Тарбағатай өңірінде болады. Кейінірек жазылған «Құралай сұлу», «Алтай аясында» секілді тамаша дастандарының оқиға желілерін ақын сонда естігенін өзі мойындайды. Иса 1922ж Орынборға келіп, қазақтың халық ағарту институтына оқуға түседі. 1926-1929 ж И.Б қазақтың тұңғыш драмма театрында істеп, Әміре, Қалибек, Құрманбек,Серке, Елубай секілді қарт актерлермен бірге жаңа театрдың қабырғасын қаласқан. 1924ж бері ақын өз өлеңдерін түрлі газеттерде жариялайд.1927 ж Исаның «Ұлы Октябрь» атты толғауы «Еңбекші қазақ» газетінде басылды. Ақынның идеялық-көркемдік жағынан көрнекті өлеңдерінің бірі- «Неге Алатау шаттанды» поэмалары Иса творчествосында келелі орын алды. Ақын «Құралай сұлу», «Ұлы құрылыс», «Алтай аясында», «Кавказ», «Он бір күн, он бір түн», «Ақбопе», «Қырмызы-Жанай» тәрізді поэмаларымен әдебиетімізге салмақты үлес қосты. «Құралай сұлу» мен «Алтай аясында» ақын Қазақстанға жоңғар қалмақтары сұрапыл шабуыл жасап, халықты өлщеусіз шығынға душар еткен дәуірдің оқиғаларын баяндайды. Ақынның аса бағалы мұраларының бірі - «Ақбөпе» поэмасы. Халық өмірін қамтуының молдығы, қоғам қайшылықтарын таптық теңсіздікті ашуы жағынан алғанда бұл поэма Иса поэмаларының биік шоққысы десе болғандай. 30-40 жылдардағы шығармаларында жазба әдебиеттің нышандары негізеп, орын тепкен. «Горький», «Көктем», «Қош, ана», «Қарталы», «Киров каналы» тәрізді өлеңдер ақын поэзиясының сапалық өзгерісті білдіргендей.
Ең алғашқы өлеңдерін Иса күнде көзімен көріп жүрген ауыр жағдайда күн кешіп келе жатқан халыққа арнайды, оларға өз өлеңдерімен демеу болады. Ақынның бір бойынан көптеген қасиеттер табуға болады. Біріншіден ол ақпа, төкпе айтыс ақыны, екіншіден ән шығаратын әнші композитор, үшіншіден туған халқының мұраларын, ертегілерін, аңыздарын, ән жырларын, айтыс өлеңдерін жүйрік білген жыршы, әңгімеші. Төртіншіден Әміре, Ғаббас, Қали, Майра, Қалибек, Елубай, Қапан, Серке, Құрманбек секілді ұлттық өнеріміздің ұлы шоғыры ішіндегі шоқтығы биік сахна шебері. Бесіншіден, арқалы ақындар Кемпірбай, Шашубай іспеттес ат үстінде неше алуан қызық көрсететін ойыншы.Исаның ауызша суырып айтатын өнері м ен қатар орындаушылық қабілеті бірінен бірі қуатты бес желдірмесімен әйгілі бола түскен.Желдірме-ауызша шығарылған жыр түрі.Оның негізгі ауызша шығарылған арнау, толғау, жоқтау т.б. жырларда, халық ақындарының қысқа жолдармен төгілетін жыр сарынында жатыр. Желдірме жанр атауы да емес,сарынында музыкалық ойнақылық бар құлаққа жағымды ауызша айтылатын жыр үлгісі. Желдірме жырды Исаның жаңғыртып,атын шығарғандығын Ә.Тәжібаев: «Жүз естиік,мың естиік,бірақ желдірмеден жалыққан қазақты көрген жоқпын. Ақын сахнаға шыққан уақытта залдағы жұрт бір ауыздан «Желдірме,желдірме!» деп айқайлайтын. Желдірме Иса айтқан сайын жаңғырып гүлденіп отыратын.Он бір буынмен айтылатын бұл сарындағы сұрапыл екпін жеті буынды жүйрік термеден де асып түсетін».Осындай ерекше қуат иесі болған Иса Байзақовтың да даралық келбетін ашып,оның ауызекілікті сахна төріне жеткізгенін дәріптеп, Сарыарқаның ерікті, еркін ұлы ретінде мәдениеттегі өз орынын беру керек деп есептейміз. Бір басынан осыншама қасиеттерді кездестіруге болатын Исаны - бұрынғы Ақан сері, Біржан сал секілді әнші, импровизатор ақындардың дәстүрін совет заманында өзінше өрістеткен сері ақын деуімізге әбден болады.