Көркем әдебиеттегі сентиментализм
Сентиментализм (французша – сезім, сезімталдық деген сөзден алынған) –XVІІІ ғасырдың ІІ жартысмен ХІХ ғасырдың бас кезінде дамыған көркем әдебиеттегі ағым. Абсолютизммен күрес идеясынан туған сентиментализм өнерде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалыптасты. Ағылшын және басқа да Еуропа халықтарының әдебитінде кеңінен өрістеді. Ағылшын әдебиетінде сентиментализмді орнықтырған жазушы Л.Стерн болды. Оның «Франция мен Италия сентименталдық сапар» атты романы Еуропа елдерінде кең тарады, орыс тіліне аударылды. Сентиментализм жеке адамның жан дүниесін көңіл – күйін суреттеуге ерекше мән берді. Бұл бағыттағы жазушылардың шығармаларында отбасылық тұрмысты, күнделікті тіршіліктің жеке көріністерін баяндауға ұсақ және орта буржуазия, қолөнершілер, крестьяниндердің өмірін сипаттауға мол орын берілді. Әдебиетте психологиялық роман, повесть, естелік, сапарнама (жол жазбалары) секілді жанрлық түрлер көбірек қолданылатын болды. Шығарманың компазициялық өрнегін, сюжетін құрғанда да жазушы баяндалатын уақиға– жайлардың адамға қаншалық әсер етіп, қандай сезім туғызатынын алдымен ескереді. Яғни жазушы әр түрлі өзара тікелей байланысы жоқ уақиға – жайларды, егер соларға ерекше мән берген болса, бір – біріне жанастырып еркін баяндап отырады.
Орыс әдебиетінде сентиментализмнің ең көрнекті өкілі Н.М.Карамзин. Карамзиннің «бейшара Лиза» атты повесінен сентиментализмнің негізгі сипат өзгешеліктерін айқын көруге болады. жазушы өз еңбегімен күнелткен кедей қызды жан ашырлық сезіммен суреттеп, оның жан дүниесінің нәзіктілігін, тереңділігін бейнелейді.
Төмендегі таптың өкілі, қарапайым адамды бұлай суреттеудің өз дәуірінде үлкен қоғамдық мәні болғаны сөзсіз. Алайда осы шығармадан сентиментализмнің осал жағын айқын байқаймыз. Карамзин төменгі тап өкілдіерін суреттегенде олардың ауыр халін, қатты қанау, қыспақ көріп отырғанын айқындап ашпайды. Мұны егер Карамзин шығармасын сол кездегі крепостнойлық тәртіпті патша үкіметінің озбырлығын әшкерелеп көрсететін револ\циящыл жазушы Радищевтың шығармаларымен салыстырсақ әсіресе айқын аңғаруға болады.
Сентиментализм ағымы әдеби шығармаға көл көсір лиризм дарытты; классицизм тұсында тым аспандап кеткен асыңқы әуенді жерге түсірді, жұрт назарын арсы – гүрсі сырт әрекеттен гөрі адамның ішкі сырына аударыңқырады; әдеби шығармалардың классицизм тұсында ұмыт қалған прозалық түрлерін туғызып, оларға әжептәуір табиғи, шыншыл сипат берді. Сөйте тұра сентиментализм классицизммен күресте біраз қажет нәрседен айырылып та қалды. әдебиетте ірі тақырыптардан аулақ әкетті; тірішіліктегі ұсақ – түйек күйкі жайлармен көбірек әуестенді; адамның жеке қара басына ден қойыңқырап, қоғамдағы халықтық мәні бар келелі мәселелерден сырт қалып қойды. Сөйтіп, бұл ағымның ғұмыры да онша ұзаққа бармады.
Фабула және сюжет
Сюжетте жалпы адам болмысы, алуан түрлі тағдырлар, қарама - қайшылықтар мен қоғамдық тартыстардың мәні ашылады. Көркем шығарма ешуақытта сюжетсіз болмайды. Сюжет–авторлық мақсат та, фабула – сол мақсатқа жетудің құралы. Сюжет шығарма стилімен, көркемдік дүние құрылымының ортақ заңдылықтарымен тығыз байланысты. Көбіне-көп сюжет шығармадағы оқиғалар ретінде көрінеді. Сюжетте қоғамдық тартысты қозғалыс үстінде, яғни дамуы, шешілуі, салдары арқылы көрсету қоғамдық даму тенденцияларын, оның заңдылықтарын түсінуге ықпал етеді. Ал З.Қабдолов Аристотельден бері қарайғы айтылғандарды жинақтап, саралай келе оларға бөлек-бөлек сипаттама береді. Фабула мен сюжеттің ара жігін айыра келеді де: «Сюжеттің жаны мен жүрегі – тартыс. Ал тартыстан сюжет құрап қалыптастыру – композиция» дейді.Композицияны үлкен құрылысқа теңесек, оның іргетасы, қабырғасы, есік-терезесі, шатыры болатыны сияқты көркем шығармада оқиғаның басталуы (экспозиция), байланысы (завязка), дамуы (ситуация), шарықтау шегі (кульминация) , шешімі (развязка) болады. Сюжет өз міндетіне толық жету үшін, біріншіден, іштей тиянақталуы, яғни суреттелген тартыстың даму сипаттары, себеп-салдарлары толық ашылып көрсетілуі қажет. Екіншіден,оқырманды өзіне баурап алып,суреттелген оқиға дамуындағы әрбір эпизодтың, әрбір детальдың мәніне ойлана үңілдіруі қажет.
Сюжеттің көркемдік тартымдылығына қол жеткізу үшін қаламгерлердің қолданатын құралдары сан қилы. Қаламгерлердің бірі оқырманды бірден баурап әкететін аса өткір жағдайларды таңдайды, екінші бірі оқырмандар зейінін әуелі кейіпкердің тосын әрекеттеріне аударып алып, сол төңіректе, сол әрекеттердің себептері жайында ойландыра отырып, кейіпкер әрекеттерінің негізгі себептерінің мәні туралы ойландырады. Сюжетке тән бұл ерекшеліктер белгілі бір оқиғалар желісі суреттелетін шығармаға қатысты. Мұндай шығармаларға драмалық шығармалардың бәрі және эпикалық шығармалардың басым бөлігі жатады. Өйткені кей жағдайларда эпикалық шығармаларда табиғат көрінісі немесе сыртқы дүние ісерінен туған ой – сезім қозғалысы бейнеленіп, оқиғалар жүйесі болмауы да мүмкін. Ал лирикалық шығармаларда тартысқа толы оқиғалар болмайтыны белгілі. Мұндай туындыларда адамның ішкі жан дүниесіндегі ой – сезім арпалысы, көңіл – күй өзгерісі түрлі сипатта көрсетіледі де, лирикалық туындылардағы сюжетті осы жан әлеміндегі түрлі құбылыстар, толқыныстар айқындайды. Сюжет экспозиция, байланыс, әрекет дамуы, шарықтау шегі, шешім сияқты бөлшектерден тұрады. Кей шығармаларда пролог пен эпилог та кездеседі. Бұл бөлшектердің әрқайсысы шығарма құрылымында өзіндік мән иеленеді.Шығармадағы негізгі тартысқа дейінгі кейіпкерлердің қалыптасу деңгейі және олардың мінез – құлық, әрекеттерінің кейбір басты тұстарын суреттеу – экспозиция деп аталатыны белгілі. Экспозиция үнемі шығарманың басында кездесе бермей, кейде шығарманың соңында да кездеседі. Қалай болғанда да, экспозицияның міндеті біреу, ол – кейіпкерлер қалыптасқан ортаментаныстырып, олардың кейінгі әрекеттерінің заңдылығын дәйектеу.
Байланыс – шығармадағы әрекеттердің басталғандығын, қарама – қайшылықтардың туындауын бейнелеу. Қарама –қайшылықтардың туындауын ашу арқылы байланыс оқырманды шығарманың тақырыбын дұрыс түсінуге бағыттайды. Шығармада суреттелетін әрекет дамуының ең жоғары шиеленіс биігіне жеткен тұсы шарықтау шегі деп аталады. Шарықтау шегінің мазмұндық мәні шығармадағы проблемалардың ең жоғарғы ұшығына келіп тірелуінде жатыр. Сюжеттің келесі бір бөлшегі – шешім немесе шешілу шығармада бейнеленген тартыстарды тарқатады немесе оның алдағы шешімінің түрлі ықтимал жолдарын аңғартады. Пролог пен эпилог – кейбір шығармаларда ұшырасатын бөлшектер. Пролог – шығармадағы негізгі сюжет дамуына кіріспе іспетті. Алдағы ірекет дамуынан алдын – ала хабардар ете отырып, пролог шығармадағы әрекет, оқиғалардың себептерін ашып көрсетеді. Фабула – көркем шығармада суреттелген оқиғалар қатары. Фабула (лат. Фабула — аңыз, әңгіме, ертегі, мысал) — көркем шығармада суреттелген оқиғаны рет-ретімен жүйелеу. Фабула сюжетпен көптеген өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді:
Оқиғаны мазмұндау, баяндау тәсілімен, яғни оны өмірде болып жатқан рет-ретімен емес, авторлық шегіністер, орын ауыстырулар арқылы беру (Ш.Айтматов, "Боранды бекет'").
Айтушының болып жатқан оқиғаға қатыстылығымен. Мұның бірнеше жолы бар: алғашқысында автордың оқиғаға қатыстылығы сезілмейді (М.Әуезов, "Қилы заман"), енді бірде айтушы оқиғаның ортасында жүреді (Ғ.Мүсірепов, "Қазақ солдаты"). Шығарманың белгілі бір формада баяндалуы, мысалы, естелік (Ғ.Мұстафин, "Көз көрген"), күнделік (Ә.Сәрсенбаев, "Офицер күнделігі"), Ф.М. Достоевский, "Бейшара жандар"), т.б. фабулалық тәсілдерді қолдану арқылы автор оқиғаның баяндауын бірде үдетіп, бірде бәсеңсітіп отырады, кейіпкер көңіл-күйінің қалтарыстарын ашып, образды жан-жақты ашады