Азақ әдебиетінің Алтын Орда дәуірі
Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғғ.) Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының әдебиеті мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сол кезеңде жасалған туындылар арасында "Кодекс Куманикус" сияқты авторы беймәлім ескерткіштерді, сондай-ақ Хорезмидің "Мұхаббат-наме", Құтбтың "Хұсрау-Шырын", Сәйф Сарайдың "Гүлистан би-т-түрки", Дүрбектің "Жүсіп-Зылиха", Рабғузидің "Қиссас-ул әнбия" атты шығармаларын және т.б. ерекше атап көрсетуге болады.
"Кодекс Куманикус" (XІV ғ.) - Жоңғар қақпасынан Дунайға дейінгі ұлан-байтақ жерді қамтыған қыпшақтар үстемдігі кезіңде туған еңбек. Оған көркем әдебиеттің үлгілері де енгізілген. Мазмұны мен құрылымы жағынан бұл еңбек - Ордаға түрлі мақсаттармен келген және латынша білетін европалықтарға, сондай-ақ, латынша білгісі келген қыпшақтарға (парсыларға да) арналған арнайы сөздік және қыпшақ тілінің оқулығы іспетті. Сөздік екі бөлімнен тұрады. Түркітанушылардың пайымдауынша, оларды түрлі мақсаттар көздеген бірнеше автор жазған. Итальяндықтар жазған болуы мүмкін деген бірінші бөлім жақсы ойластырылған үш тілді латын-парсы-қыпшақ (құман) сөздігі болып табылады. Бұл бөлім қолжазбаның 110 бетін қамтиды.Одан әрі бірнеше бетте "аudіo" ("есіту") сөзінің бірнеше түрі берілген. Мұның өзі сөздікті лексикография принциптерін жақсы білген және Дешті Қыпшаққа келіп, тіл жөнінен қиналған адамдарға көмек көрсету мақсатын ғана көздеген адам құрастырғанын байқатады."Кодекс Куманикустың" екінші бөлімін негізінен алғанда фольклорлық материалдар құрайды. Олар: жергілікті ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және христиан уағыздары мен Мария ананың, Христос пен оның апостолдарының өмірі туралы аңыздар. Бөлім қолжазбаның 161 бетін қамтиды, оны тегінде миссионерлік мақсатпен немістер құрастырған болса керек. Бұл бөлімде көптеген сөздер құман-неміс тілінде, ал өзге лексикалық ұғымдар құман-латын тілінде берілген.
XІV ғасырдың басында Насреддин Рабғузидің халық арасында "Қиссас ул-әнбия" деген атпен көбірек мәлім "Қисса-и Рабғузи" деген қолжазба кітабы пайда болды. Қолжазба ғасырлар бойы бірнеше рет көшіріліп, көптеген көшірме нұсқалары көптеген елдерге тарады. ХҮ ғасырға жататын ең ерте нұсқасы Британ мұражайында сақтаулы. Ол 1990-1991 жылдары Ташкентте басып шығарылды. Автор Мауараннахрда, Рабати Оғыз деген жерде туған (оның Рабғузи деген бүркеншік аты да содан шыққан). Кітап Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың өмірі мен олардың бастан кешкен оқиғаларын және Мұхаммедтің өзі мен мұсылман халифтарының өмірін баяндауға арналған. Онда дүниенің жаралуы туралы, жер жүзін топан су басуы туралы және Жер бетінде жаңа тіршіліктің басталуы туралы мифологиялық әңгімелер, түрлі аңыздар, ертегілер мен мысал әңгімелер бар. "Қисса-и Рабғузиге" енгізілген шығармаларды идеялық-тақырыптық мазмұны бойынша үш топқа бөлуге болады: а) дүниенің, аспанның, жердің пайда болуы туралы, адамның, жануарлардың, жын-шайтандардың және басқа да тіршілік иелерінің шығуы туралы әңгімелер; ә) пайғамбарлар мен халифтар, әулиелердің өмірі туралы хикаялар, шығыс нақылдары, халық аңыздары мен ертегілері; б) хижраның алғашқы он жылындағы негізгі оқиғалар тізбегі, жылдардың, айлар мен күндердің атаулары туралы, мұсылман күнтізбесіндегі айтулы күндер туралы мәліметтер. Осылардың бәрі ислам діні тұрғысынан баяндалады. Бірақ мұнда халықтың дүниетанымы мен кейіпкерлерді фольклорлық дәріптеу айқын байқалады.
Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі шығармалардың бірі - "Хұсрау-Шырын" дастаны, оның авторы - шыққан тегі қыпшақ Құтб ақын. Ақын өмірі туралы толық мәліметтер жоқ. Оның 1330-1340 жылдарда Ақ Орданың астанасы - Сығанақ қаласында туып, өз дастанын сонда жазғаны, бұл туындысын билеуші Тыныбек пен оның әйелі Мәлике ханымға арнағаны мәлім. Автор дастанының түпнұсқасын билеушіге тарту еткен болуы мүмкін, өйткені ақын билеушіден өзін қызметке қабылдауды өтінгенде әмірші Құтбтың тілегін орындаған. Негізінен Құтб өз дастанын 1341-1342 жылдарда жазып бітірген. Қолжазбаның бірнеше көшірмесі болса керек. Дастанның бір көшірмесін қыпшақ ақыны Берке Факих (Берке ибн Беракез ибн Едгу Қыпшақи) Мысырға алып кетіп, онда 1383 жылы өзінің туысы Құттықожаның өтінуімен дастанды қайта көшіріп жазған, бұл қолжазба қазір Париждің ұлттық кітапханасында 312-нөмірмен сақтаулы. Оның Парижге қалай жеткізілгені жұмбақ күйінде қалып отыр.
Тамырын тереңге тартқан түркі жазба әдебиеті тарихында Алтын Орда кезеңінің алар орны ерекше. Жошы ұлысы билігінің негізінде дүниеге келген алып империя тұсында түркі сөз өнерінің гүлдену кезеңі болды. Арғы арнасы «Күлтегін», «Тоныкөк» секілді руна жазулы мәтіндерден бастау алатын түркі жазба әдебиеті бертін келе қарахандықтар тұсында дүниеге келген «Құтты білік», «Ақиқат сыйы» секілді құнды әдеби жәдігерлермен толыға түссе, ал ХІІІ–ХV ғғ. сөз өнері жанрлық және поэтикалық жағынан байи түсті. Құтыбтың «Хұсрау–Шырыны», Хорезмидің «Махаббатнамасы», Хусам Кәтибтің «Жұмжұмасы», Бұрһануддин Рабғузидың «Пайғамбарлар тарихы», Махмуд Кердеридің «Жұмақтардың ашық жолы», Сейф Сараидың «Түрікше гүлістаны» мен «Сухайил мен Гулдірсін» секілді т. б. ғашықтық, діни-сопылық, діни-дидактикалық шығармалар Алтын Орда билігі тұсында дүниеге келді. Түркітанушы Х.Миңнегуловтың: «Алтын Урда әдәбиятына кыскача гына күзәтү да шуны күрсәтә: бу чор язма мәдәнияте үзенең үсеше, идея-эстетик байлыгы, поэтик дәрәжәсе белән үз дәверенең алдынгы әдәбиятлары югарылыгында торган» (1; 41),– деп, бұл дәуір әдебиетіне жоғары баға беруі біздің ойымызды нақтылай түседі. Алтын Орданың астанасы Сарайдың сол кездегі ғылым мен білімнің кеніші болғаны туралы көптеген деректер сақталған. Әсіресе Берке ханның хақ дін – Исламды қабылдауымен түркілердің қоғамдық-саяси өмірінде оң өзгерістер орын алғанын араб, парсы саяхатшылары жарыса отырып жазған. Саяси-мәдени өмірдің жандана түсуіне сол кездегі Мысырда билік тізгінін қолға алған мәмлүк қыпшақтары да өз септігін тигізді. Бір дін мен ортақ мәдениеттің аясына топтасқан бауырлас мәмлүк-қыпшақтары мен дала қыпшақтары саяси-мәдени дипломатиялық қарым-қатынастар жасады. Тату саяси байланыстың бір ұшы екі елдің арасындағы әдеби-мәдени өмірдің жандана түсуіне ықпал етті. Соның нәтижесінде Мысыр мен Сарай арасын қолына қалам ұстаған ақындар жалғап, алтын көпір рөлін атқарғаны тарихтан белгілі.
Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары.
Үркер романының тарихилық сипаты күшті. Үркер – маңдай алдыңнан туып, жолыңа нұр беріп тұрған адастырмайтын жарық жұлдыз немесе жұлдыздар шоғыры. Орысқа қосылу арқылы қазақ тапқан жол да романда осылай ұғылады. Ұзақ көшпелі өмірден қажыған, қашқылықты-пысқылықты тіршілік көп кешкен, көп жауласқан қазақ та адаспайтын жолға шықты. Қазақ халқыныың Россияға қосылуының прогресті жолын, оның қазақ елін көшпелң, рулық тартыстардан, көршілердің феодалдық көз алартуынан құтқаратынын ұғынған да осындай іс басындағы, ел билігіндегі азматтар болғанын тарихи деректерге сүйене отырып суреттеген. Романдағы бүкіл оқиға дамуы, әрекет өмір құбылыстары бәрі де негізгі қаһарман Әбілқайырдың көзқарасымен байланысты дамиды. Жазушы Ә өмірінің барлық кезеңін тізіп, оның жеке басының тіршілігін күйттеп жатпайды. Оның кіші жүз ханы тағында отырып, Россияға қосылу жайындағы ұсыныспен патшаға өкілдік жіберумен арадағы келіссөз жағдайларын ғана шығармасына арқау етеді. Сонымен байланысты романның төрт тарауында Петербургтен хабар күтіп жүрген ханның күпті, ойлы күйін «Тығырық», патша елшілігінің келуін «Елшілік», онымен қиын жағдайда жүргізілген келіссөз барысын «Арбасу», және соңғы келіссөздің ұзақ тартысу негізінде сәтті аяқталуын «Айқас» тарауларында суреттейді. Шығарма өте сәтті шыққан.