Ыбырай Алтынсарин-педагог, жазушы
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай Алтынсарин (шын аты - Ибраһим) 1841 (1889) жылы дүниеге келді. Туып-өскен жері -Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады.
1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашып, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбе мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактикалық оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды.
Ыбырай - жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі - Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»). Ыбырайдың педагогтық жұмысының ілгері басып, қыза түскен кезі оның Торғай облыстық мектептерінің инспекторы болып тағайындалған жылдардан басталады. әрбір уездік қалалардан орыс-қазақ балалары бірге оқитын училищелер ашуды да қолға алды. Ол үшін елден қаражат жинап ақыры бірнеше алты жылдық уездік училищелерді ашады. Ыбырайдың оқыту әдісінде де көптеген жақсы бастамалар болды. Ол оқушысын өз тілінде сауаттандырып, одан кейін орыс тілін үйретуде де жемісті істер атқарып отырды. Тек кітаптағы сөздерді жаттатып, көшіртіп қоймай, сөйлеу тіліне баулып, тәжірибеге ұштастастырды. Балаларды оқыту әдістері жағынан Ыбырай – белгілі өзіндік жүйе-әдісі бар педагог. Ян Амос Коминскийлердің озық идеялары, ағартушылық педагогтық оқулары Ыбырай жүрегінен нық орын тепті. Ыбырай –жаңашыл жазушы.