Нұршайықов шығармашылығындағы көркемдік ізденістер («Ақиқат пен аңыз»)
Жазушы тәрбиенің түрлі бағыттарына үлгі боларлық шығармалар жазды, оған басты тақырып – өзі қатысқан Ұлы Отан соғысын жылдарындағы қазақ батырларының ерлігі. «Невель түбінде» атты шығармасында Мәншүк Мәметованың ұлттық рухты бейнесін суреттеп, әңгіме барысындағы батыр қыздың тұжырымды ойлары мен өнегелі сөздерінен оның рухани тұлғасын бүгінгі ұрпаққа дәріптейді.
Отанды сүюде, сондай-ақ, М. Ғабдуллин, Ы. Сүлейменов, С. Бәйішев, т.б. батырлардың ерліктерін тағылымдық сипатта баяндайды, жас ұрпаққа үлгі етеді. Оның соғыс жылдарындағы атақты Жамбыл ақынмен хат арқылы халыққа үндеу жазуы елдің рухын көтерді.
Өз шығармаларындағы ойы жазушының өз өмірімен тығыз ұштасып жатыр. Ол шығармашылығын өз халқының ұрпағын тәрбиелеуге ғана емес, туған балаларын тәрбиелеу мақсатында қолданғанын да анық аңғарамыз. Себебі, оның Отан алдындағы борышын өтеп жүрген ұлы Арнұрға арнаған «Ұлыма хатын» оқи отырып, көз жеткіземіз. Әке мен бала арасындағы педагогикалық мазмұнға құралған диалог ретінде келтірілген. Отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін әке педагогикасын меңгерген әлеуметтік институт мүшесі ретінде кеңес береді.
Шығыс этнопедагогикасы тарихында атақты патша Кайқаус өз ұлы Гиланшахқа арнап «Қабуснама» атты еңбек қалдырса, қазақ этнопедагогикасы бойынша Балғожа бидің немересі Ыбырайға, Абайдың баласы Әбдрахманға, Жамбылдың баласы Алғадайға хат жазып әкелік тағылымын, ақыл-кеңесін қағазға түсіргенін білеміз. Орыс ғалымы Сухомлинскийдің де «Балама хат» («Письмо к сыну») атты шығармасы педагогикада лайықты бағасын алған. Қазақ зиялылары саналатын ғалым, педагог Н. Келімбетовтің «Ұлыма хаты» мен М. Кемелдің ұлына арнаған «Абзалдық әліппесі» атты еңбегі де қазақ педагогикасындағы ер бала тәрбиесіне қатысты зерттеужұмыстарына мәселе болады.
Жазушы баласымен хат арқылы сырласа отырып, отбасы тәрбиесінен шынайы өмірмен байланыстыра әкелік дәрісін ұсынады: «...Бізді көпшіл, қоғамшыл, бауырмал етіп тәрбиелеген ата-анама разымын. Мұндағылар да мені жақсы көреді. Біздің отбасы жаман отбасы болмағанына осында келгенде тағы да көзім жетті. Біздің үйдің балалары да жаман балалар емес екен, - депсің. Ата-анаңа разылық білдіргеніңе рақмет. Бірақ, біздің отбасы Сухомлинский сияқты атақты педагогтердің отбасы емес. Орташа интеллигенттің ғана отбасы. ...Сендерді біз өз философиямыздың өресі мөлшерінде ғана тәрбиеледік. Кеңес педагогикасының барлық заңдарына сәйкес тәрбиелеп жеткіздік деп те айта алмаймыз». Хаттың мәні мен мазмұны тәлім-тәрбиеге құрылған. «Хат жазу» мен «эссе жазу» әдісі – идеяны қағазға түсіру арқылы тұжырымдаудың бір түрі. Әзілхан Нұршайықов шығармашылықтағы жоғары сезімталдықпен түйсіне отырып, хатпен тәрбие беру (ақпарат) педагогикасындағы Абай, Жамбыл, Балғожа билердің дәстүрін жалғады.
Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогиясы Ұлы Отан соғысының даңқты каһарманы, гвардия палковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы мүсінделеді. Баукеңнің сонау балауса жастық шағынан бері, Совет Армиясының үздік мектебінде шыңдалу кезіңіне, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан бастап күні бүгінге дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндайды. Романның жазылу формасы да ерекше: бүкіл оқиға автор мен кейіпкердің диалогі арқылы өтеді. Автор «Ақиқат пен аңыз» романын жазу үшін оның басты кейіпкері – қаһарман Бауыржанның бейнесін суреттеу үшін көп ізденгендігін айтады. Сондағы жазушының мына бір сөзі көңіл аударарлық: «Мен саған материалмын, оны қалай, қайтып жазамын десең де еркің. Аты жөнімді де өзгертуіңе болады. Бірақ Ұлы Отан соғысының шындығы сол қалпында қалсын» деген. Көркем дүние болғандықтан оған жазушының алып қосары да көп болмақ. Ә.Нұршайықовтың өзі қан майданды басынан кешірді. Сондықтан оның шындықтан алшақ кетпесіне Б.Момышұлы сенгендіктен орынды талап қоя білді. Оның өзінің өмірлік ұстанымы шындық еді. «Аңыз бен ақиқат» романында Бауыржанның нағыз реалистік бейнесі жасалды. Бұл шығарма өзінің көркемдігімен де тарихилығымен де оқырманды өзіне баурап алған туынды. Оның шығармалары – жастарды ерлік пен отансүйгіштікке шақыратын тәрбие құралы. Роман-сұхбатында Бауыржан Момышұлы өзі көріп, куәсі болған жайттарды байыпты саралып, жүйелі сөз етеді. «Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық – әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал, отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырлармен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады» - деп, тәрбиенің ұғымдарына нақты анықтама бере отырып, оның мағынасын адами мінез бен іс-әрекет, қарым-қатынас пен мәдениет, ұрпақтар сабақтастығы тұрғысынан да жан-жақты ашып көрсете біледі. Сол сияқты патриотизм ұғымын да батыр оқырманға түсінікті тілмен ашады: «...Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген – осы, патриотизм осыдан басталады».
Бауыржан Момышұлының болмысы мен қаһармандық ерліктері әр алуан оқиға, түрлі шегіністер, дерек пен дәйек көздері, тәлім-тәрбие арналары негізінде ұлттық құндылықтарды бағалауға үйретеді.