Оғыз наменің» зерттелу жайы және көркем мазмұны

«Оғыз нама» - көне тайпалардың аңыз сөздері топталған ескі шығарманың бірі. Кейбір ғалымдардың (Пелльо, Бартольд) жорамалдауынша, шығарманың ескі вариантын бірінші жазып қалдырған атақты Рашид-ад-дин (ХІІІ ғ.), одан кейін оны толығырақ жазған Абылғазы (ХVІІІ ғ.).

Біздің заманымызда «Оғыз наманы» жақсы тексерген ғалымдар: Н.Ф.Диц, В.В.Радлов, П.Пелльо, В.В.Бартольд. Бұл тегінде Жетісу, Қашғар арасын қоныстанған тайпалардың (Карлук, Яғма) ой мұрасы болуға тиіс.

«Оғыз наманың» негізгі кейіпкері – Оғыз қаған. Шығармада соның өмір жолы, күресі, ата тегі баяндалады. Анасы Айқағанның керемет бір ұл тапқаны, оның емшек ембей, ет жемей, қырқынан шығысымен жүріп, ойнап кеткені, одан кейін алып денелі болып өскені жылқы күзетіп, ерлігімен сәби кезінен-ақ көзге түскені, аң аулауға шығып, киікті, оның жалғыз көзді Қият дәуді жеңген ерлігі суреттеледі.

Одан кейін Оғыздың үйленуі, балалы болуы айтылады. Ол көк тәңірі жіберген, күн десе көзі бар, ай десе аузы бар, темір қазықтай меңі бар сұлуды алады. Одан Күн, Ай, Жұлдыз деген үш бала көреді. Бұдан кейін Оғыз көл ортасында өсіп тұрған жалғыз шынарды тауып, оның басында отырған екінші бір тамаша сұлуды көріп, соған үйленеді. Ол сұлу да үш бала табады. Оларға Көк, Тау, Теңіз деп ат қояды. Бұлардың бәрі аттарына сай батыр боп өседі. Осындай батыр ұрпақты Оғыз хан өзі бастап, Көк бөріні ұран ғып, қалқанды таңба тұтып, оқжақ пен темір жебе алып жауға аттанады. Алтын, Ұрум қағандарын бағындырады. Мұз тауды басып алады. Бұл араға Карлукты бек етіп сайлайды. Енді бір жерге Калач Джуржит де пат қойып, оны жаулап олжа түсіреді. Оның қасында данышпан ақыл иесі Ұлұғ Түрүк (Ұлы Түрік) деген қария жүреді. Ол Оғыз ханға ақылшы болады. Сол қарияның ақылымен Оғыз кейін өзінің қартайғанын мойындап, өзіне қараған өлкені балаларына билетеді. Өз хандығының оңтүстігін Күн, Ай, Жұлдыз, солтүстік Көк, Тау, Теңіз деген ұлдарына бөліп бермекші болады. Құрылтай шақырып, жұртты билеуді балаларына жүктеп, той жасап, бар қазынасын бөліп беріп, кең байтақ жерге ие болуды өсиет қып, бата береді.

«Оғыз нама» аңызының оқиғасын кейбір зерттеушілер Шыңғыс ханмен байланыстырады. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Кейбір ғалымдар оны (Н.Я.Бичурин) түркі қағанатымен, немесе Қарахан Оғыз немесе Уыз хан Қараханның баласы болып суреттеледі. Аңыз сол ханның атына байланысты шыққанға ұқсайды. Шындыққа осы соңғысы жақын болуы ықтимал. Бұл көшпелі халықтар (қазақтар) арасында пайда болған мифтік сюжеттегі ерлік эпос. Кеін қағаз бетіне түсіріліп, көне түркімен (ұйғыр әрпімен) жазылған қалпында сақталған.

«Оғыз наманы» Г.Н.Потанин ХV ғасырдағы қазақ тарихымен байланыстырып, оның оқиғасы Керей мен Жәнібекке байланысты қазақ ішінде туды. Оғыздың арғы тегі эпостық образ болуға тиіс дейді. Бұл пікірді қостау өте қиын. Себебі «Оғыз наманың» сюжетінде ерте заманындағы Қазақстан жерінде болған оқиғалардың эпосқа айналған шындық сілемдері болса да Жәнібек пен Керейге байланысты ештеңе жоқ.

Абылғазы еңбектеріне сүйенген Шоқан Оғыздар қазақтың арғы аталары болды деп сендіреді. Ол: «Қазақтар – түркі халқы. Олар Оғыз ханның немересі Қырғыздан шыққан» дейді.

Оғыз қаған туралы аранйы еңбек жазған А.Н.Бернштам Оғыздың аңыздық жағын біркелкі тексеруге тырысқан. В.М.Жирмунский өзінің 1962 ж. шыққан бір еңбегінде Оғыз наманың Қорқыт әңгімесімен өкшелес шыққан түркі халықтарының ортақ эпосы екенін айтқан.

Құрбанғали Халидов өзінің «Тауарих Хамса» атты кітабында «Оғыз» деген сөзге тоқтап, оның түбі «ғыз», «хуз» деген қытай сөздері деп жорамал айтқан. Оның ойынша, қытайлар сары үйсіндерді «Оғыз яғни қызыл сақалдылар» деп атаған, сонда Оғыз сары үйсіндер деген сөз дейді.

Өзінің тілі жағынан да «Оғыз нама» көңіл аударарлық. Қазіргі оқушыға түсініксіз сөз онда өте аз. Кейбір ескірген сөздер мен архаизмдік тіркестер де кітап шыққан заманның тілдік нормасына сыйымды. Сондықтан болса керек, кейбір зерттеушілер осы тіл ерекшелігіне сүйеніп, бұл аңызды қазақтың жерінде жасалған шығарма болуы да ғажап емес дейді. Әсіресе, олар эпостың кейінгі вариантын қазаққа таңады. Мұндай пікірлерді В.В.Бартольд, П.Пелло айтқан. «Аңыздың авторы ұйғыр емес, қазақ даласының тұрғындары болса керек. Оғыздардың сол жерлерде ұзақ тұрғандары да әркімге мәлім ғой» деген Бартольд.

Тілінің түсініктілігіне қоса, қазақта бар өзіндік дыбыстардың аңызда көп қолданылуы да оның қазаққа тума жыр екенін айқындай түседі. Олар: ә, ө, х, ұ, і, ы, қ, ғ, д, ж, ч, ң дыбыстары, алтын, қатын, жарық, тірік, өлік, тағ, айғыр, киік, күң, бұлт, құн, түндік, нөкер, қанға, адуң, қият, қағатыр және т.б.

Шығарманың идеясына келсек, ол ерлікті, бірлікті көксейді. Қазақ халқы жасаған белгілі эпос жырларға әуендес келеді. Стилі жағынан қазақ ауыз әдебиетімен бүтіндей ұштасып жатады. Сондықтан бұл шығармаға ортақтасуға қазақтың правосы молырақ.