ЭКОНОМИКА

ХХ ғасырдың 90 жылдары әлемдік сахнада болған үлкен өзгеріске Кеңес Одағының құлауы жатады. Соның нәтижесінде 15 жаңа тәуелсіз мемлекет пайда болды. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы. Еліміз аз уақыт ішінде өзін барша әлемге тәуелсіз әрі экономикасы өтпелі демократиялық мемлекет екенін танытты. Қазақстан мемлекеті толық тұрақты даму үшін бір жағынан өнеркәсібі дамыған мемлекеттермен, екінші жағынан ТМД бойынша әдеттегі серіктестермен белсенді сыртқы сауда саясатын жүргізуі қажет болды. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің транспорттық жүйесін, яғни теңіз, өзен, теміржол, автомобиль және құбыр сияқты көлік түрлерін транспорттық инфрақұрлымын дамыту керек болды.

Қазақстан Республикасының геосаяси орны, жалпы шекарасы, басқа аймақтармен байланыс жасайтын көлік қатынасы, сондай-ақ бай табиғи ресурс қуаты өндірістік өнеркәсіпті құруға, біріккен кәсіпорындар ұйымдастыруға, агроөнеркәсіптік кешендердің қызметінің дамуына алғы шарттар жасайды. Қазақстан ТМД елдері мен сауда-экономикалық байланыстарында дүние жүзінде белгіленген сауда-құқық негіздеріне, сауда және тариф жөніндегі принциптеріне сүйенеді.

Қазіргі кезде жалпы экономикалық бірігудің әртүрлі жолдары бар екені белгілі болды: ТМД елдерімен екі жақты келісімдер негізінде, көпжақты келісімдерді тереңдету, аймақтық интеграциялық бағдарламаларды іске қосу.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылын түбегейлі дербес мемлекеттікті қалыптастыру, ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мемлекетті, либералды экономиканы қалыптастыру үшін тынымсыз жұмыстарды бастан өткерді. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дағдарыстың жағымсыз салдарына қарсы тұра алатын экономика құруға шама жетті.

2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғысында: «ХХІ ғасыр Қазақстан үшін жаңа қауіп-қатерлерді өзімен бірге ала келді. Оның ішінде ең ірісі әлемдік дағдарыс болды. Осы жағдайда санаулы елдер ғана бұл сынды еңсере алды. Оның қатарында біздің Қазақстан да бар. Тәуелсіздік – бұл бәрінен бұрын елдің экономикалық тәуелсіздігі», - деген болатын.

Тапсырма. Мәтінді оқып шығып, аударыңыз.

Тапсырма. Мәтіннен жаңа сөз тіркестерін дәптерге жазып, жаттаңыз.

Тапсырма. Мәтіннен бір сөйлемді сөз құрамына талдаңыз.

Тапсырма. Мәтіннен қажет, керек сөзімен тіркескен сөздерді табыңыз, дәптерге жазыңыз, сұраулы сөйлемге айналдырыңыз.

Тапсырма. Мәтіннен -лық, -лік, - тық, -тік, -дық, -дік жұрнағымен жасалған сөздерді дәптерге жазыңыз.

Тапсырма. Даналар сөзін жаттап алыңыз.

Үнемді, ұқыпты болу деген – экономика жаны. Әл-Фараби.

Нарықта экономиканы жетелейтін күш – бәсекелестік. А. Смит.