Тақырыбы:Оқушылардың оқу үлгерімдерін бағалау жүйесі.

Мақсаты:Блум кестесі, рефлексиялы, критериалды бағалауды жүргізе алуға үйрету.

Студентте қалыптасатын ББД-ББҚ:Оқушылардың оқу үлгерімдерін желіде құра білулері тиіс.

Жоспары:

1.Бақылау функциялары.

2.Мектеп оқушыларын бейіндік оқытудың ағымдағы және қорытынды нәтижелеріне мониторинг жүргізу.

3.Баллдық-жинақтау жүйесі. Бағалау. Арнайы оқу тапсырмалары. Портфолио және т.б.

Қазіргі таңда біздің еліміздің ғалымдары алдында білім беру сапасын жоғарылату, яғни даму жолын қайтадан қарастыру міндеті тұр. Сонымен қоса, Қазақстанның дүниежүзілік білім беру кеңістігіне ену үрдісінде оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру бағытына байланысты мұғалімдердің кәсіби дайындығына деген талап арта түсуде. Мұның барлығы оқыту мақсатын оқушылардың мүмкіндіктері мен тілектеріне және қоғамның әлеуметтік, саяси-экономикалық сұранысын қанағаттандыруға сәйкестендіруден шығып отыр.

Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ҚР жалпы орта білім берудің мақсаты – бейіндік оқытуды іске асыру, білім алушылардың саналы түрде кәсіптік, азаматтық, тұлғалық өзін-өзі анықтауына мүмкіндік беретін түйінді құзыреттіліктерді игеруін қамтамасыз ету және даралық білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Бейіндік оқыту дегеніміз кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге дайындау, олардың кәсіптік бағдарлары үшін жағдай жасау, оқушылардың арнаулы бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру процесінің құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру түрі, жоғары сыныптағылардың оқуын даралау мен саралап жіктеудің педагогикалық жүйесі.

Бейіндік оқытуды ұйымдастырудың басты мақсаты болып12 жылдық мектептерге оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтауға арналған құзіреттілігін қалыптастыру және іс жүзінде кәсіби қызметінің бағытын саналы түрде жетілдіруге қажетті ресурстармен қамтамасыз ету саналады.

Бейіндік оқытуды ұйымдастырудың басқарушы ережелері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты жалпы орта білім берудің жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық, технологиялық бейіндік оқыту бағыттарын анықтау, ұйымдастырылатын бейіндік оқыту моделі оқу орнының білім беру процесін ұйымдастырудағы мүмкіндіктеріне сәйкестендіріліп, оқытуды саралап жіктеумен қамтамасыз етуде сыртқы серіктестіктерді қатыстыру мен аймақтың күш-қуатын ескеру, бейіндік оқытуды іске асыру оқытудың тиімдітехнологияларын енгізу ұстанымдарын басшылыққа алады.

Бейіндік оқыту жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық, технологиялық деген үш бағытта жүзеге асырылады. Жаратылыстану-математикалық бейіндік бағыты бойынша химия, биология, география, физика, информатика пәндері оқытылады. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқушылар әдебиет, әлемдік көркем мәдениет, қоғамтану, мемлекет және құқық негіздері, риториканы оқиды, ал технологиялық бағыты мына пәндер құрамымен қамтамасыз етіледі: химия, биология, физика, технология, графика және жобалау.

11-12 сыныптарда бейіндік оқытудың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін мектептің жоғарғы сатысында оқыту мазмұнын таңдауға 9-10 сыныптың оқушыларын даярлау мақсатында бағытталған педагогикалық жұмысты ұйымдастыру қарастырылады.

Бейіналды даярлық жүйесі 9-10 сынып оқушыларының орта білім деңгейінде білім алу жолын өздері таңдауды немесе жалпы білім беретін оқу орнының 11-12 сыныптарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қарастырылады.

Бейіналды даярлық 9-10 сынып оқушыларының вариативті компоненттері мен жеке оқытудың оқушы компоненттері оқу бағдарламасының жұмасына 4 сағат көлемінде анықталады. Бұдан басқа, бейіндік оқыту инвариантты компонентті жалпы білім беретін пәндер мазмұны арқылы іске асады.

Оқушының болашақ ЖОО-на түсуіне және жоғарғы кәсіптік білім алуына септігін тигізетін білім алу бағытын таңдау туралы саналы шешім қабылдау қабілетін қалыптастыру бейіналды даярлаудың негізгі міндетіне жатады. Яғни, бейіналды даярлықтың арқасында оқушылар өмірлік маңызды таңдауды да дұрыс жасай алады.

Бейіналды даярлықта білім беру жетістіктерінің жиынтығын көрсететін негізгі құжат портфолио болып табылады. Онда оқушылардың атқарған жұмыстарының сапасын, бейіндік оқуға бағыттығын, оқу және шығармашылық пен қызығушылық белсенділігінің динамикасы жөнінде мәліметтер береді.

11-12 сыныптардағы бейіндік оқытудың қалыптасқан мақсаттары және ұйымдастыру құрылымы ұйымдастырудың әр алуан түрлерін ұсынады. Бейіндік оқытуды таңдаудың негізі болып оқу мекемелерінің білім беру қорларымен қамтамасыздығы қаралады. Бейіндік оқытудың негізгі ұйымдастыру түрлеріне мектепішілік және желілік бейіндік оқыту жатқызылады.

Бейіндік оқытудың мектепішілік ұйымдастыру түрінде жалпы білім беретін оқу орны оқушылардың білім алу қажеттілігіне, кадрлық және оқу-әдістемелік күш-қуатына байланысты бейіндік оқытудың ұйымдастырылатын бағыттарын өздері анықтайды, ал бейіндік оқытудың желілік ұйымдастыру түрі басқа білім беру ұйымдарының білім беру қорларына оқу орындарының қатыстырылу есебінен іске асырылады. Бейіндік сынып мұғалімдері нәтижеге бағытталған оқу процестерін және білім сапасын тиімді басқарулары керек. Мұғалім жоғары кәсіби құзыретті деңгейде болуы, ал оның білім беру процессіндегі іс-әрекеттері оқушылардың қызығушылықтар мен бейінділіктерін толық ескеруі керек. Сонымен қоса, мұғалімнің рөлі оқушылардың оқу бағдары мен болашақ кәсіп таңдауында өте маңызды. Кез келген мұғалімнің ең басты міндеті өзінің кәсіби шеберлігін шыңдауға баса көңіл бөлу болып табылады. Өйткені білім беруді жаңғырту «білім беру саясатын субъектілері арасында жауапкершіліктерді бөлу мен барлық білім беру процесіне қатысушылардың – оқушы, педагог, ата-ана, білім беру мекемесі рөлдерін арттыру негізіндегі ашық жүйе ретінде» қарастырылатын білім беру процесінің барлық субъектілеріне жоғары талаптар қояды.

Ал Қазақстан Республикасының бейіндік оқытуды дамыту тұжырымдамасының негізгі идеяларын іске асыру жағдайларына келетін болсақ:

ҚР БҒМ 12 жылдық білім беру үлгісіндегі бейіндік оқытуды ұйымдастырудың және іске асырудың шараларының бағдарламасын даярлау;

педагогикалық басылымдарда, БАҚ жоғарғы сынып оқушыларын оқытудың жаңа үлгісінің негізгі идеяларын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу;

бейіндік оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес орта білім берудің нормативтік құқықтық қамтылуын іске асыру;

бейіндік оқыту мен бейіналды даярлығы педагогтарының кәсіби дамуының стандартын әзірлеу;

бейіндік білім беру жүйесінің ғылыми-әдістемелік қамтылуын дамыту;

бейіндік оқыту жүйесін қаржыландырудың жаңа механизмдерін жасау.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның инновациялық мектептеріндегі соңғы он бес жыл көлемінде жинақталған оқытуды бейіндік саралау тәжірибесі жан-жақты қарастырылып, қолданылуы керек.

Бейіндік оқытуға көшкендегі білім сапасын бағалау жүйесі білім берудің жоғарғы сатыдағы құралы ретінде дұрыс жолға қойылуы керек. Бағалау жүйесі оқушының жан-жақты ойлау қабілетінің дамуын шығармашылық ізденісін, білімінің жүйелілігінің, өмірлік қажеттілікке жарамдығын кәсіптік және ой еңбегін атқаруға туындаған проблемаларды шешуге бейімділігін көрсете білетін деңгейде болуы тиіс. Оқу-тәрбие процесін жаңартумен қатар, оны жүзеге асыратын әрбір педагогтың көзқарасын, оқушымен қарым-қатынасын түбегейлі өзгерту, әр баланың жеке және жас ерекшелігіне қарай дербес дамуын қамтамасыз ету, оларға білімнің өз мүддесі үшін қажеттігін сезіндіру, құзырлылығын айқындау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «12 жылдық мектепте оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі туралы Ережесі», Астана, 2006, 2009

2. Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңы. Астана, 2007ж

3. В.К.Омарова, А,Қ.Нұрғалиева., Жалпы білім беретін мектептің 12 жылдық оқыиуға ауысуының мәселелері. –Алматы: «Отан», 2014.

4. http//www.profil-edu.ru.

5. http//www.cpm. kz.

 

Лекция