Лы Отан соғысы жылдарындағы балалар әдебиеті. Ондағы патриоттық рух

1941 жылдың қанды жазында фашист басқыншылары бейбіт елдің жеріне басып кірді. Ержүрек халық өзінің барлық күшін Отан қорғау жұмысына бағыттау ісіне кірісті. Елімізде істеліп жатқан барлық жұмыс соғыс мүддесіне сәйкес қайта құрылды. Ел азаматтары майданға, отанды қорғауға аттанды. Барлық азаматтармен бірге жазушыларымыз Қ.Әбдіқадыров, Т.Жароков, Б.Бұлқышев, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Саин тағы басқа «ұлы дала перзенттері» майданға аттанды. Тіпті сол кезде тоқсаннан асқан қарт ақын Жамбылдың өзі де өзін майданның алдыңғы қатарындамын деп есептеді. Оның «Ленинградтық өрендерім» өлеңі барлық майдангерлерге үлкен рух беріп, неміс басқыншыларына қатты соққы болып тигені әлемге аян. Мұндағы «Интернационалдық негіздің мықтылығы, халықтар достығының мызғымас беріктігі, тұтастығы зор роль атқарды. Бұл қасиеттер әдебиетте көркем суреттік бояуын тауып көрінді», - деп жазылған Қазақ әдебиетінің тарихында.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жазушылар барлық халыққа, сонымен қатар жасөспірімдерге де рухани азық боларлық, олардың жігер-қайратын шыңдай түсетін жақсы шығармалар берді.

Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жамбыл – екі ғасырдың куәсі ғана болған жоқ. Оның жүз жылы өмірі, шындап келгенде, екі ғасырға тең еді. Өйткені, Жамбыл тарихта сирек кездесетін, мүлде қарама-қарсы екі заманды көрді, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі тепе-тең жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі дәуірді бастан кешті.

Жамбылдың майталман ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында болған жоқ. Ол өзіне дейін ертеде өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, игерген, өз шығармашылығына өзек еткен.

Ілгеріде Шөже, Балта заманда өткен,

Асекең, Бұқар жырау арманда өткен.

Солардың аруағы маған қонып,

Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткен, -дейді Жамбыл Досмағамбетпен айтысқанда.

Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің мәдениетін бойына сіңірген. Қырғыз манасшылары арасында оның достары көп болған, олармен бірге қырғыз жұртын көп аралап, айтыстарда өлең айтып, жыр толғаған, күй тартқан, айтысқа түскен.

Атақты Тоқтағұл, Мұраталы, Әлімқұл сияқты өнер саңлақтарының Жамбылға деген ықылас-ілтипаты, сондай-ақ қырғыздың Шәбден тәрізді сыйлы басшыларына көрсеткен құрметі көпшілікке аян. Ал, Жамбылдың «Манасты», «Ер Төстікті» манасшылардан кем жырламағаны белгілі. Демек, Жамбылдың даңғыл жырау, талмас айтыскер, майталман ақын болып өсуіне қазақ пен қырғыз халықтарының мәдени мұрасы негіз болған.

Кемеліне келген импровизатордың өнер мен бойына туа біткен ғажайып дарын, өзі жинақтаған зор өмірлік әрі ақындық тәжірибе Жамбылды ХХ ғасырда ұлы жырау биігіне көтерді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл бұл тұста мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайлы толғайды. Сол ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап, Жамбыл өзінің бұрынғы тіршілігі мен кеңес кезіндегі өмірі жөнінде, халықтың басынан өткен небір қиын-қыстау кезеңдер жайында көптеген толғау айтып, өлең шығарады. Қарт жырау көбінесе ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртіп, сол уақыттағы даланы сипаттайды, өз дәуірінің асқарынан дана абызша замана туралы толғайды. Мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді.

Балаларды патриотизм рухында тәрбиелеу міндеті Ұлы Отан соғысы жылдарында бұрынғыдан гөрі ерекше жауаптылықпен қолға алынды. Жас өспірімдердің рухын көтеретін Жамбыл өлеңдерінің осы жылдар ішіндегі рөлі, оның патриоттық рухы жастар үшін мейлінше ықпалды болды. Елімізге қатер тудырған неміс басқыншыларының зұлымдық әрекеттері әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеп, өсіп бара жатқан бағытын тоқыратып, тоқтатып тастай алған жоқ.

Жамбылдың«Шәкірт балаларға», «Атаның әлдиі», «Ленинградтық өрендерім», «Балама хат», «Жеңіс жырын жырлаңдар», «Жаңа жыл сәлемі», «Жүз жасаған жүректен», «Өнердің өсуі», «Балаларға», «Жастық жыры», «Бесік жыры» тағы басқа да көптеген өлеңдері балалар әдебиетінен өшпес орын алды. «Шәкірт балаларға» деген өлеңінде:

Сендерді қоссам жырыма,

Саңқылдаған үнім сайраған.

Қаздаңдап кәрі саусағым

Шекте бойлап ойнаған.

Мектептен сендер келгенше,

Тағы бір жыр ойланам,

Келген соң, айтып бермесем,

Балалар, кінә қой маған! – деп ақын ата балалар алдында өзіне үлкен міндеттер жүктейді. Ақын ата өзінің әсерлі өлеңдерімен балалар тәрбиесіне айырықша мән беріп, бейнелі сөздерін жыр етіп төгеді. Ер жеткен сайын балалы шақтағы жақсы қасиеттерді шыңдай түсуге, адамгершілік сананы ардақтай білуге, өз Отанының мақтанышы, азаматы болуға баулиды. Өзін ұялы бәйтерекке, биік шынарға балаумен қатар, жасыл жапырақтай жамырасқан бөбектердің де биік шынардай болуына талпынады. «Балаларға» деген өлеңінде Жамбыл жас шәкірттер арасында бірер жетідей болмай қалса, “Қуанышым, тірегім, жас ботам» деп аңсаған сағынышты көңілін білдіре, оларды өзіне жақын тартып, қуантып, мейрам етіп, бар ықыласымен жыр төгеді.

Білемін өмірлерің тұрған жайнап,

Күндіз, түн жастық шақ үшін жарық сайлап

Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су –

Бәрі де сендердікі әлемге айғақ.

Балалардың көңілін тасқындатып, қанатына су бүркіп аспандатып отырады. Жасалып жатқан барлық игілік, барлық іс соларға, тек солар үшін ғана екенін естеріне салады.

Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған соғыс жылдарындағы шығармалар балалардың жауға деген өшпенділігін арттырды. Жас болса да, оң мен солын танытып, олардың жауынгерлік рухын көтере түсті. Ақын «Балама хат» деген өлеңінде:

Есіңде, балам, бар шығар,

Айтқаным жаудан жанды сал,

Шешілмек содан тағдырың! – деп, әкелік әмірін көрсете, баласының алдына шарт қойып, жауапты міндеттер жүктейді. Балаға үміт арта сөйлейді:

Аянба, балам, аянба!

Бәлекет сонда аршылар.

Алғадай, ылғи алда бол,

Аянған адам болмақ қор!

«Жүз жасаған жүректен» өлеңінде:

Уа, қарағым, балалар!

Ер бол демей не дейін,

Ереуілді майданда

Үстем болсын мерейің

Жауды қырып айдауға,

Талмай көмек берейін! – деп, олар қайда жүрсе де көздерінен таса қалдырмай әрқашан дем беріп, жігерін тасқындатып, рухын көтеріп отыратын халқы барын және бұл халық атынан айтылып отырған сөз екенін ауық-ауық естеріне салады.

«Жеңіс жырын жырлаңдар» деген өлеңінде:

Біз Алатаудай ел едік,

Теңемек болды ойға жау.

Біз тасыған теңіз сел едік,

Теңемек болды шөлге жау.

Біз атып болған таң едік,

Түн етпекші болды жау.

Біз әлемге жарық күн едік,

Өшірмекші болды жау.

Батыр болған ұлымды

Құл етпекші болды жау.

Күндей болған қызымды

Күң етпекші болды жау, - деп жау мақсатын балаларға тайға таңба басқандай етіп түсіндірді.

Ғабит Мүсіреповаса көрнекті жазушылардың бірі . Балаларға нені қалай түсіндіруді үйрету әр жазушының міндеті, парызы. Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы балалар әдебиеті қорына енген, олардың сүйіп оқитын шығармасы. Жас өспірімдердің ұғымына қиын соғарлық бірде-бір ауыр сөздер мен түсініксіз штрихтер кездеспейді. Екі ұшты мағынада айтылатын астарлы ойлар жоқ. Жас өспірімдерді жалықтырмайтындай романның композициялық құрылысында, оқиғаның өрістеуінде ешқандай шұбалаңқылық жоқ, оқиғадан оқиға тез өрбіп, дәлдік көрінеді. Романның тілі салихалы, жеңіл, әзілкеш. Адамның қытығына тиерлік, жас өспірімдердің өз бастарында жиі кездесетін балалық шақ, жастық өмірге тән күлкілер ішек-сілеңді қатырады. Балалардың балалар үйіне орналасуы олардың жұпыны өміріне қосылған зор бақыт және болашақ армандарының бірінші басқышы еді. Таразының бір басында анасы, екінші басында достары Шеген мен Бораш тұрды. Ана махаббаты бала махаббатына, бала махаббаты ана махаббатына ұштасып жатты.

Қайырғалидің ісінен, мінезінен барлық жүріс-тұрысынан қазақ халқының бауырмалдылығы, кең пейіл қасиетіне тән атқаратындығы көрініп тұр. Ол майданда соғысқан қай ұлт болмасын, соның бәрімен достасып, соның бәрімен оңай табысып кетеді. Осы ынтымақ, ұлт бірлігі сұрапыл соғысты жеңеді.

Ғ.Мүсіреповтің ана жайында, өмір үшін күрескен ананың ұлы махаббаты жайында жазылған әңгімелері үлкендермен қатар балалардың да сүйіп оқитын шығармалары. Ғабиттің «Ана туралы аңыз» дейтін әңгімелері ананың балаға деген құдіретті қамқорлығы жайында жазылған. Ана мен бала арасындағы жылы сезімдер және өмірінің жалғасы деп танылған балдырғанның болашағы, алдағы бақыты үшін күрескен ананың ерлік істері жайында әңгімеленеді. Ана жайындағы оқиғаның бәрі де бала тағдырына байланысты өрістейді. «Ананың анасы» деген әңгімеде: «Менің атым - Әйел, мына қыздың анасымын. Бәрің де анадан тудыңдар. Анамен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда. Кел, ботам, өзіме!» - деп, барымталап тартып алып бара жатқан қырық жігіттің ортасында Жалпақ батырдан ана суырып алады.

Ғабиттің ана туралы аңыз әңгімелерінде баласының болашақ өмірі үшін күрескен ана қайраты барлық сұрапыл күштерден де басым екендігі көрінеді. «Ашынған ана» әңгімесінде түрмеден шығып келе жатқан Қанапия: «Бала ананың бауыр еті ғой, отқа да, суға да сүйреп салады екен, өзегіңнен үзіліп түскен балаң үшін қалай отқа түспессің», - дейді. Аналар жайындағы әңгімелер кейіпкерлерін жинақтап айтқанда, олардың шындық үшін күресте өзінің ұлылығын айқын сезінетін айбатты күрескер, өршіл, өжет ананың типтік образы ашылады.

Отан соғысы жылдары Қазақ балалар әдебиетіне бұрын-соңды айтылмай келген жаңа бір тақырып енді, ол – жау тылындағы партизандар қимылы. Бұл тақырыпты әдебиетімізге ендіргендердің біреуі Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында жау тылында, Украина жерінде басқыншыларға қарсы құрылған астыртын ұйымның жұмысына қатысып, кейіннен партизандар қатарында болған Қасым Қайсенов еді. Соғыс жылдарында қойын дәптеріне күнделік ретінде жазып жүріп, 1955 жылы «Илько Витряк», 1957 жылы «Перьяслав партизандары» және 1959 жылы «Ажал аузында» деген очерктер жинағын шығарды. 1960 жылы «Жау тылындағы бала» атты көлемді повесть жазды. Мұның өзі түгелімен балаларға арналған. Қайсеновтың аталған үш кітабындағы оқиғалар Украина, Чехословакияда болған. Қайсенов шығармаларының оқушысына әсерлі болатын тағы бір себебі – оқиғаның желісі мен оған қатысушылардың ішкі дүниесін, күйінішін бірдей дамытуында. Шығармалардың құрылысы, композициясына қарап, аңғаратын тағы бір жағдай – оның адамды еркіндікке, азаттыққа, әділеттілік бағытына шақыратын соған үндейтін объективті мәні. Қ.Қайсенов шығармаларындағы басты бағыт – оқушысын бірлікке, тату-тәтті ынтымаққа баулып отыруды көздейді. Отан соғысы тақырыбына жазылған Қайсеновтың шығармаларындағы стиль өзгешелігі – оқиғаның нақтылығы мен дәлдігі, нанымдылығы.

Жас жауынгер Баубек Бұлқышевтің«Өмір мен өлім туралы», «Шығыс ұлына хат» әңгімелерінде тауы қайтпаған жалынды жастық шақтың Отанына беріле қызмет ету жайындағы патриоттық сезімдері, ерлік істері көрінеді. «Ұр да жық ақымақ фрицтер біздің жастығымызды, болашағымызды құртқысы келеді. Біз, әрине, бере алмаймыз оны! Өлерміз, бірақ бере алмаспыз! Бермейміз!», - дейді Б.Бұлқышев өзінің «Өмір мен өлім туралы» әңгімесінде. Олардың Отан қорғау күресіндегі негізгі нысанасы, мақсаттары дәл осы еді. Ол «Заман, жастар, біздікі!» деген әңгімесінде: «О, жастар! О, құрбылар! Біздің заман таласта! Жастық шағымызды қырау шалғалы тұр. Бірақ біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз! Заман біздікі! Өз заманымыз үшін жан пида!», - дейді. Майданда ерлікпен қаза тапқан Баубек Бұлқышевтің патриоттық сезімдерге толы бұл еңбектері балалар әдебиеті мұралары қорына еніп, өзінің тиісті орнын тапты. Бұл - өлместік еңбек.

Ұлы Отан соғысында қазақтардың атын өзгеге де, өзімізге де танытып, қазақ халқының жауынгерлік, отаншылдық рухын дүние жүзіне паш еткен Баубек Бұлқышев болды. Ол 1916 жылы Ұлытаудың бауырында дүниеге келген. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып, сауат ашқан. Кейін 1932 жылы Қарсақпай заводындағы фабрика-завод училищесіне оқуға түседі.

1933-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында қызметте жүрген уақыттан бастап көркем әдебиетке бет бұра бастайды. 1935 жылы Алматыдағы техникумға түседі. Алайда, әдебиетпен шындап айналысқан Баубек өз мамандығынан мүлде суып, оған селқос қарайтын болды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы талай өрімдей қазақ жастарының жүрегіне от салады. Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген, жастай кеткен Баубектің шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Оның негізгі арманы –Отанды жаудан қорғап, сүйікті заманның жалынды жыршысы болу еді. Осы ғашықтық, жан жарына жазылған хаттай боп, оның жүрегінен үздіксіз ақтарылды.

Ақтық тынысы тоқтағанша осы өлмес идея, өшпес жырды бар даусымен шырқап өтті.

Соғыс қатарында жүрген жас жазушы Баубек Бұлқышев өзінің «Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен Махаббат», «Өмір мен Өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді» сияқты еңбектерімен «Комсомольская правда» газетінің беттерінен бала қырандай саңқ етіп, үн қатты, майдандағы жастардың жүрек тебіренісін әңгімеледі.

«Комсомольская правдада» Б.Бұлқышевтің төрт үлкен хаты жарияланады, бұлардың әрқайсысы газет өміріндегі ұмытылмас оқиға болды.

Бұлар – «Өмір мен Өлім туралы», «Тыңда, Кавказ!», «Мен өмір сүргім келеді», «Ескі картаға үңілгенде туған ойлар» атты хаттары еді.

«Комсомольская правданың» 1942 жылы 1 мамырындағы мерекелік санында жарияланған «Өмір мен Өлім туралы» майдангер жас қазақтың жазбалары деп те аталды. Бұл – тамаша азаматтық дерек. Оны оқып отырып, бұл хатты жай қатардағы жас жігіт емес, терең білімді және ең бастысы, жазылғанының болмысына көзі жеткен адам жазғанын байқаймыз.

Баубек Бұлқышевтің «Өмір мен Өлім туралы» хатын аударған Ғабит Мүсірепов еді. Хаттың әрбір жолынан біздің болашақта жеңіске жететінімізге зор сеніммен қарайтындығы аңғарылып тұр. Хат тек қана майдангер жолдастары мен тылда еңбек етуші құрдастарына емес, сонымен бірге, болашақ ұрпаққа жолданған. Мәселен, ол былай деп жазды: «Жас жеткіншек інілерім! Сендер әлем тарихы білмеген ең бақытты жастар боласыңдар. Біздер өз өмірімізді сендердің бақытты болашақтарың үшін құрбан етеміз. Біз сендерді мәңгілік бейбіт өмірмен қамтамассыз етеміз».

Жауға қарсы қаруымен бірге қаламын да жұмсаған Баубек Бұлқышев отаншылдықтың тамаша үлгісін көрсетті. Баубек қанатты ой иесі, арманшыл жас еді. Ол шат өмірді, жастық дәуренді, қажырлы күресті, қаһарман халықты, жүрекке нұр құйған заманды жыр етуге асықты деуге болады.

Ел басына қауіптің қара бұлты төнген сұрапыл күндер жалынды жастың жүрегіне қуат отын тұтатты. Ол ширығып, биікке құлаш ұрды. Әдебиетте апыл-тапыл басқан, балалық дәуірден бірден көтеріліп, творчествосын кең арнаға бұрды.

«Қаһарлы сөз қамал бұзар» деген халық мәтелін есіне сақтай отырып, қаламын жауға қарсы қызмет етуге жұмсады. Майдан даласында, окопта жүріп отты, ызалы сөз төкті. Қазақ жасының жүрек сыры, жан күйі тербелді. Отанға деген ыстық махаббаты құйылды.

Бүкіл жастардың атынан сөйлеп, құрбыларын қас дұшпанға қарсы ерлік күреске шақырды. Жастардың жан жүйесін билеген сезімін, ізгі мақсатын, асқар арманын, жауға деген тұңғиық өшпенділігін тамаша бейнелеп, Одақ көлемінде келелі ойға көтеріле сөйледі. Баубектің осы еңбегі оның соғыс жылдарындағы шығармашылығының бастамасы болды. Отандас құрбылары оны бірден таныды. Майданнан, тылдан, Совет Одағының барлық түкпірінен оған хат жауды. Бұл хаттарында олар: «Сен біздің бәріміздің жүрегіміздегі сөзді айттың,- деп сүйсінді.

Күреске сіңген еңбектерін қорыта келіп, «өмірін тек өтпеген деп шешпей ме. Міне, өмір – күресте. Мен де солай ойлаймын... асылы, алысып өлген адамның өлімі - өмір»,- дейді патриот жауынгер жазушы.

«Өмір мен Өлім» - жалынды патриоттық мақала. Мақалада «Біздің шығыс елдері: «Адам дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадың, енді аттануың керек,- деседі. Бірақ адам дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бермейді: ол артына ой қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде өтеді».

Осындай асқар идеяға ғашық болған ақын Баубек өзіне серт еткен осы мұрат-мақсатына берік-бекем болып, өмір сүрген аз ғана жылының ішінде артына күрделі еңбек қалдырды. Өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтты. «Өлім деген еш нәрсе емес, мен өзім өлімнен қорықпаймын», - деп түйеді.

Сонда тірі пенденің бәріне сұсты көрінген сұм ажал оған қалайша қорқынышты емес? «Адамға өмір берген күшке мың рахмет! Тіршілік ол үшін өте қымбат. Бұл оның шыны», - деп өзі айтпап па еді? Отанын, елін, туған халқын басқыншы жаудан қорғаған адам солар үшін өлімнен қорықпайды деген ұғым тұр бұл хатта.

«Елің үшін жаныңды беру қиын емес. Өйткені елсіз күн қызықсыз... Жолдас, дос тіпті тәтті. Туған жер тағы ыстық» дегенде, осыны дәлелдейді. «Николай Островский өзінің өмірін жаман өткен жоқ деген. Сонда он жеті рет атакаға қатысқан, азамат соғысының мықты күресшісі болған.

Бұл патриоттық ізгі ойлардың бастауы, көзі қайда жатыр?

Ғасырлар бойы қан мен тер төгіп, азап шегіп, ақыры ғажайып ерлік күреспен орнатқан жаңа заманды, Ұлы Отанды, бақытты халықтарды сүюшілікте, отаншылдық, гуманистік ниетте жатыр. «Адал адам Отанын сүйеді, Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», - деген адам Отан үшін жан қиюдан тайсалмақ емес.

Баубек Отан үшін құрбан болды. Өзі айтқандай оның өлімінде өмір бар. Ол өмірден алар үлесім көп деп есептеуші еді. Сол үшін жеңіске жетсек екен, бейбіт іске көшсек екен деп зарыға аңсады. Жеңіске жетуімізге де кәміл сенді.

Елімізде есімі баршаға мәлім атақты журналист Юрий Жуков Отан соғысы жылдарында «Комсомольская правда» газетіне майдан өмірі шығармалары бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен-ді.

Баубек Бұлқышевпен хат алысып, оның шығармаларын көзбен көрген ол 1946 жылы өзі құрастырған «Солдат өмірі» деген жинақта былай деп жазды: «1943 жылы, жолы түскен сәтінде Бұлқышев редакцияға соқты. Қаншама әңгіме, сыр шертістік десеңізші» - деп еске алады. «Біздің адамдарымыз сияқты адамдармен жеңіп шықпау мүмкін емес», - деді ол сөз арасында. – Ұрысқа берілген сәтте, өзімді-өзім ұмытып кетем де, бұйрықты қазақ тілінде беріп қалатын кезім болады. Жауынгерлер соны бұлжытпай орындайды. Ал ұрыс аяқталған кезде: «Жолдас аға лейтенант, бұйрығыңды орысша айтсаңшы, біз сіздің тіліңізді білмейміз ғой»,- дейді. Мінекей, тілімізді білмесе де ойымды жүрегімен ұғады. Өйткені, біздің бәріміздің де ой-мақсатымыз бірегей».

Мұнда өзі жайлы әңгімелей отырып, бір жағымнан кек қысып отыр да, екінші – үлкен бір қайғым бар – дейді.

Қайғы деп отырғаны өзінің жазғандарын болашақта зерттеушілердің қолына түсіп, үлкен істердің тетігіне тиянақ болуға жараса, одан асқан арманым болмас еді, ол зерттеушілер арпалыста жүргенімізде қайғыра, жылай, кектене білгенімізді ұғынса болғаны дегені болатын.

Баубектің қайғысы – қимас жастық шағы еді.

Бұл мәселеде ол үнемі өршіл, үмітшіл болатын. Адамға бір-ақ рет берілетін жастық шақты неміс фашистерінің тонап алғысы келетінін, балдырғанды бақшаға өрт салғысы келетін, соған кектенетінін айтты.

Адам жүрегіне өзгеше жақсы білетін ұлы Гете жастық шақты босқа жырлаған жоқ. Ол жастық шақты «Адам өмірінің ең биік шыңы» деп босқа айтпаған. Атақты ақын Гетені, әсіресе оның «Фаустысын» барша қазақ елі шын сүйіп оқитынын, бірақ оның елі Германия тағылық таңбасын жасыра алмайтын зорлық-зомбылықтың еліне айналғанын, жастығымыз бен болашағымызды құртқысы келетінін тебірене жазған.

Ол өзі айтқандай, қайғыра да, шаттанып та, қуана да білген, қайғыны ақынның үнемі өршіл ниеті, шаттығы жеңіп, ақынды рухтандырып, алысқа әкетіп отырды. Міне, жас азаматтың өмірге деген көзқарасы осындай еді.

«Жастық шақ маған бір-ақ рет беріліп пе еді», - деп, оны мейлінше қадірлейтін, «Жастық шағымыздың іші-тысы бірдей болсын, солай емес пе құрбыларым?» - деп, дем беретін. «Сол жастық шағымызды дүниенің басқа қандай қызығына болса да айырбастамаспын», - дейтін, тамаша өмірімізді мақтан ететін.

«Менің елім жақтан шығатын алтын күн мені ұзақ күн бойы жылытады, ол қашан да қасымда», - деп сол жарқын күннің азат өмірінің ыстық лебін өз елінің басына ешбір заманда қайғы-қасірет түсірмейтін шаш-шырағындай, рақатындай көреді.

«Өмір» деген өлеңінде Баубек Бұлқышев өліммен жекпе-жек күреседі, қайғыны, өлімді, өмір нұрына жеңдіреді:

Кел, кәне, өлім, кел бері!

Алысайық жекпе – жек!

Сені де жеңем басқадай,

Айқассаң егер маған кеп,

Көрерсің де айтарсың:

«Дүниеде өлім жоқ,

Түбіме жетті өмір» деп...

Адам ұлы адамша өмір сүрсін, адам дүниесі шын мағынасында адам дүниесі болсын! Біз осы үшін күресеміз, осының жолында өмірімізді аямаймыз да! Өмір үшін күресте біз өлім дегеннен сескенуден жеркенеміз!

Адам бір-ақ рет туады, бір-ақ рет өледі. Өлім әр түрлі болады: біреу суықтан өледі, біреу қыз үшін қырқысып өледі, енді біреулер аурудан өледі. Мұндай өлімдерді естігенде құр ғана ренжисің де қоясың. Ал естігеніңде үлкен құрметтеп, бас иетін өлім де бар! Ол – майданда ерлерше өлу!

Мен жаспын, мен өмір сүргім келеді. Ең қызықты өмір әлі де алдымда екенін жақсы білемін. Менің үстіме қызыл әскер киімі, мен әскерде жүрген Азия елдерінің ұлымын. Мен өз елімді қорғаймын; момын да, бауырмал да, ардақты да елім бар! Мен өмірімнің өзім үшін қымбат екенін де жақсы білемін, дүниеге мен келгелі де көп болған жоқ қой. Бірақ бұл күресте сол өмірімді аяймын да! Аяуға да қақым жоқ деп білемін. Менде ұран біреу-ақ, ол ұран: «не өлім, не жеңіс!»

Баубек Бұлқышев бір жақсы қыз жайында да қатты толғанушы еді. Оның аты – Жанна еді. «...Мүмкін, ауыр жаралансаң да, жас жүрегің соғуын көпке дейін тоқтатқысы келмеген болар. Өмірді сүйген жан едің, өліммен қанша алыстың екен, жас азамат! Көкіректен аққан қан көзіңді мұнартып, талықсытса да, өлімге дес бермей біраз жаттың-ау, бауырым!

Осы аз ғана минутта, жарылған бомба, атылған оқ астында анадай сүйген Арқаңды жүйрік қиялыңмен неше шолып шықтың екен!

Еліңнің сұлу Жаннасы, сүйікті құрбы-құрдасың, төл елің жүрегіңді жүз бұрап, жаныңды қандай толғандырды екен! Есіл ер, егілдің-ау, сондай сен! Ақыры күшіңді жиып, қан шапшыған жаралы кеудеңді бір қолыңмен демеп, батысқа қарай тағы да бір-екі қадам басып жығылдың ба, әлде? Не төс қалтаңдағы комсомол билетің мен Жаннаңның суретін қолыңа алып, жау алдына асқан тәкаппарлықпен кеудеңді көкке көтерген бойың:

-Риза бол, ел-жұртым, риза бол, жаным Жанна, ақтық минутыма дейін азаматтық арыма кір шалдырмай, қайтпас сапарға кетіп барамын! – дедің бе екен көз жанарына ұлан байтақ Отаныңды сыйғызып. «Сүю» деген жалғыз сөзде қандай ұлы күш бар! Солай емес пе, құрбылар? Сол кезде бақыт дегенді бағалай білсемші! Ол кезім өмірімнің бір ұмытылмас кезеңі екен деп еске түсіреді.

Осыған қарап жас жауынгер ақынның от арасында өмір үшін арпалысып жүрсе де адамдар арасындағы сүйіспеншілік, мейірім, махаббат жайлы әсте естен шығармағанын көреміз. Иә, өлер алдында осыны айттың. Осы сөзбен көз жұмдың сен. Сенің отты жүрегің маған осылай деп тұр. Қапаланбай, алаңсыз аттан дүниеден, бауырым! Ел алдында азаматтық борышыңды ақтадым деп біл. Сен ерлерше күресіп, нағыз ерлерше қаза таптың. Азамат ақынша ойлап, кейінгі ойыңнан мұра қалдырдың.

Рас, сен енді жоқсың. Сенің аттай тулаған асау жүрегің соғуын мәңгі тоқтатты. Бірақ, сен ойлаған ой, сендегі өзекті махаббат өлген жоқ.

Есіңде ме, «Ерлердің өлімінде де өмір бар» деген жоқ па еді өзі. Сондай ердің бірі Баубек еді!

«Өмірде шын болған, бәріміз білетін Баубек Бұлқышев жас жігіт, қайтпас жауынгер, жалында ақын жазушы. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары «Комсомольская правда» газетінің бетінде жарияланған терең философиялық, нағыз гуманистік, шын жүректен шыққан ақындық очерктері арқылы жұртшылыққа жақсы танылған Баубек – халықтың қадірлі ұлы болатын»деп өз пікірін жазды академик Мұхамеджан Қаратаев.

Туған жерін сүйе білген Баубек Бұлқышевтің дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыры ды «Өмір мен өлім» туралы мақаласында қамтылған.

Мұны қара халықты күреске, ерлікке үндеген және майдангерлердің қаһармандығын, тылдағы қажырлы еңбекті суреттеуге бағытталған құнды еңбек деуге де болады.

Өзінің шағын өміріндегі барлық сырын ашып кетті. Бізде сол сыр хаттардың бір бөлігі ғана жариялаған. Әлі де қаншама қымбат хаттары бар, қаншама асыл сырлары бар ашылмаған.

Баубектің абзал досы, құрдасы, қаламдасы марқұм Мұқан Иманжановта ғана оның хаттарын түгел сақталған. Жиырма сегіз жасында опат болып, қысқа ғана ғұмыр кешкен Баубек аққан жұлдыздай зымырап, қазақ аспанынан жарқ етіп өте шықты.

Баубекте «Не өлім, не жеңіс!» деген бір-ақ ұран болатын. Ақын жаны қашанда ақындықты аялайды, талант иесін қадірлейді, оны ардақтап жыр шертеді, сыр шертеді. Қасым Абдолланы, Жұбан Мұсаны, Диқан Баубекті дастан етті. Диқан Әбілев өзінің «Махаббат тағдыры» атты лирикалық поэмасында:

«...Жас еді Баубек жиырмада ғана

От еді бірақ лаулап тұрған

Деуші еді оны «Жалынды бала»

Корчагин сынды дауылдап туған», - деп жазған.

Расында да Баубек өмірі – біздің аға буынның, аға ұрпақтың өмірі, бізге сәулетті өмір, бақытты дәуір орнатып берген күрескер әкелеріміздің, Павел Корчагиндер өмірінің жалғасы.

Жастық шағын азамат қауымының ізгі де адал істерін қорғау мақсатында өз басын өлімге де тігуге даяр Баубектің халықтың бейбіт күні үшін қосқан үлесі өлшеусіз.

Қалқаман Әбдіқадыровтің«Жетім құлын», Ғали Ормановтың«Бөбек жүрегі» деген өлеңідерінде майдан өмірінің аянышты халдері суреттелген. «Жеті құлын» өлеңінде арбаға жегіліп бара жатқан майдандағы қос жылқыға снаряд түсіп қирағанын, соның біреуінің құлыны өліп жатқан енесін иіскеп, шарық ұрып шауып, кісінеп жүргенін соншалық әсерлі суреттеген.

Шарқыраған үніңе,

Елжірейді жүрегім.

Сендей жетім елімде

Аз емесін білемін.

Ғали Ормановтың«Бөбек жүрегі» деген өлеңінде де патриоттық жарқын идея бар.

. . . Генералға келеді бір қыз,

Жұлым, жұлым жалаң аяқ.

Жасқа толып тұр мөлдір көз,

Кеткендейсің жанын аяп . . .

- Өзге түк жоқ, шын, генерал!

Отан соғысы тақырыбынан балаларға арнап бірінші рет повесть жазған Сәуірбек Бақбергеноведі де, поэма жазған Мәриям Хакімжанова еді. Екі рет батыр атағын алған Талғат Бигелдиновтың ерлік өмірінен жазылған С.Бақбергеновтың «Талғат», Жекен Жұмақановтың «Әлия Молдағұлова» атты повестері басылып шықты да, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова жайында М.Хакімжанованың «Мәншүк» деген поэмасы 1945 жылы жарияланды. Мұнымен қоса кейін шыққан Әди Шәріповтің «Партизан қызы» атты повестері жарық көрді.

Ұлы Отан соғысы қазақ халқына талай қиындықтар әкелді деуге болады. Сол отты жылдары көптеген шығармалар дүниеге келді. Майдан тақырыбына жазылған шығармалар әр алуан. Олар еш уақытта бірін-бірі қайталамайды. Бәрі де сондай қызықты, бәрі де сондай оқиғалы. Бәрінде де қайсарлық уыттары көрініп отырады. Майдан тақырыбына жазылған шығармалардың бірқатары атқыштар, пулеметчиктер болса, енді бірқатары партизандар өмірін қамтиды. Бірқатары зеңбірекшілер мен танкистердің ерлік істерін сипаттаса, енді біреулері ұшқыштардың аспандағы шайқастарын суреттейді. Тіпті, қапылыста фашистер қолына түскен тұтқындардың қайсарлылығын сипаттау қандай әсерлі десеңізші! Осының бәрі де жас буынНың жігерін шыңдап, өздеріне шамадан тыс үлкен рух беретін, нағыз патриот етіп тәбиелейтін шығармалар деп есептелінеді. Сонымен қатар, Отан соғысына жазылған шығармалардың қайсы бірін алсаңыз да ондағы зор ерекшелік жас өспірімді тәрбиелеуге баулиды. Отан үшін алысқан қазақ азаматтарының бейбіт өмір сүруді аңсаған ұлы идеясы әңгіме етіледі. Қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова туралы ерлік эпосын жазған суреткерлердің бірі Мариям Хакімжанова еді.

Ол 1906 жылы қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Шербаков совхозының Сатай бөлімшесінде, Мезгіл атты қыстауда дүниеге келген. Қалың мал заманында еріксіз ұзатылып, есіл өмірі қор болып кете жаздап, қазақ ауылында бостандық, яғни, әйел теңдігі атты ғасырлар арманы жүзеге асқанда сол теңдікті ең алдымен пайдаланған, ол өзінің сүйген жігітіне қосылып, алдағы жарқын болашаққа бір жолата белін буып, аттанған тұңғыш қазақ қыздарының бірі еді. Шолпан Иманбаева екеуі тұңғыш қазақ әйелдері атынан әдебиет, өнер аспанына қанат қақты. Мәриям өлең өнерін өте ерте бастаған. Төңірегі толы айыр көмей, жез таңдай ақындар ауылы болған, білім шаңырағын ерте көтерген, қазақ халқының өнер білім шамын далада тұңғыш маздатқан Ыбырай Алтынсариннің ауылында туған оның тым жас кезінен өнер бастауы табиғи заңдылық болатын. Ыбырайдың атасы атақты Балқожа биден Алтынсары мен Қошан бірге туады. Алтынсарыдан Ыбырай, ал Қошаннан туған көп баланың бірі – Хакімжаннан Мариям. Мұны айтудың екі бірдей маңызы бар – бұл тарихты осы күнгі көп адам біле бермейді біріншіден, екіншіден, Мариям апа азаматтық, шығармашылық өмірбаяны жағдайымен тікелей байланысты. Байланысты болатыны ол Ыбырайдың ақындық, жазушылық өнерінің жалғасы болуымен қатар, атасының мұрагері, оның тарихын зерттеушілердің бірі, өмір-тұрмыс жолын толықтырушы, әдеби ғана емес, заттай, мүліктей мұрасын жинап, көздің қарасындай сақтап, жылдар бойы шашау шығармай, осы күнгі Қостанай, Арқалық музейлеріне қолымен тапсырған адам.

Енді тікелей өз ақындық жолына келсек – ол өлең өнерінің өз бойына дарыған өнердің мынау тамаша, жаңаша дәурен тұсында білім, ғылымсыз өріс алмайтынын білген де енді сауат ашып алған соң, сол білімге алаңсыз жол бастаған. Ақтөбе, Алматы оқуларын қуалап, әуелі рабфак, одан соң қазақ педагогикалық институтында оқиды. Бұл оқу орындарында жүріп, өзінің тұңғыш өлеңдерін «Әйел теңдігі» (осы күнгі «Қазақстан әйелдері») журналында және басқа да баспасөз жүзінде жариялай бастайды. Оның тұңғыш шығармалардың басты тақырыбы – бостандық алған қазақ әйелдерін білімге, еңбекке шақыру болатын. Иә, оның бұл – бүкіл ақындық өмірінің тақырыбы еді. Ол «Әйел теңдігі» журналында 1929-32 жж. аралығында қызмет етті. Онда әдеби қызметкер, жауапты хатшы болады. Орынбор облысы, Адамовка ауданында «Екпінді» газетінде бөлім меңгерушісі, Тіл және әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер, Республикалық кітап палатасында, «Жаңа өмір» журналында (1951-56 жж.), Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редактор (1956-58 жж.) болып қызмет атқарады. Тұңғыш өлеңі «Женотделые» 1929 ж. «Әйелдер теңдігі» журналында жарияланады. Алғашқы жинағы «Жеңешем өлеңдері» 1935 ж жарық көрді.

Осы жылдарда ол – қазақ әдебиетінің негізін қалаушылар, Мүсірепов сөзімен айтқанда, «Алыптар тобы» - С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтармен жүздесіп қана қоймай, солардың ағалық қамқорлығында болып, шеберлік мектебінен үлгі алады. Шолпан Иманбаевадан жастай айырылып қалғанда, енді асыл ағалар бұл қарындасын тәрбиелеп, баулып үлкен әдебиет жолына әкеп қосады. Елде, қалада болсын, назарларынан тастамайды. Олардың ең үлкен қызметі сол – Мариямды жай өлеңшіліктен профессионал ақындыққа үлкен ұлттық әдебиеттің қайраткерлігіне көтергендігімен, сол халықтың мәдениет аспанында осылайша ұзақ та өмір кешуіне себепші болуында.

М.Хакімжанова отызыншы жылдарда шыққан тұңғыш өлең кітаптарында Қазақстандағы алғашқы құрылыс, ұжымдастыру, өндіріс ошақтары – Түрксіб, бесжылдықтар, оларға қатысқан қазақ әйелдерінің еңбегін жырлады.

Мәриям апаның кітаптары қайта айналып соққан сайын жаңа бір қырынан көрініп, ақын творчествосының атмосферасы жаңа бір көкжиегінен ашылып, көзге шалынып отырады.

Асылы, ақын әлемі – байтақ әлем. Ақын – дүние. Дүние – ақын. Оның көкірегі бурыл бұлтты аспан, асқар таулы, айнадай жарқыраған өзенді дала, замана көшіндей шұбалған көкала жолды толқын, дүрілдеген дауыл, жарқ еткен жасын, жауып өткен жаңбыр. Осының бәрі ақын көкірегін көпір қылып өтіп жатады.

Мариям поэзиясы – мейірімді, майда лепті, шарапатты поэзия. Оның музыкасында нәзік пернелердің сиқырлы үні ерлік симфониясымен ұласып, барған сайын шымырқанып, бар қуатымен шырқау биікке қанат сермеп жетеді. Мариям поэзиясы әрі нәзік, әрі батыр поэзия.

Мариям өлеңдері ең алдымен, өзінің қысқалығымен, ойлылығымен, сезімге толы сиқырлығымен, қарапайым айқындылығымен қымбат.

Соғыс жылдарындағы Мариям творчествосының ең үлкен арқауының өзі, демек, бірі – жар адалдығы, тазалық. От иесінің рухани байлығы жайында болатын. Ол тақырып осы күнге дейін созылып келеді. Осы тақырыпта ақынның бар кітабында, талай аумақты томдарда жарқын-жарқын жырлар бар. Оның ең алғашқыларының бірі, соғыс жылдарында ауыздан түспей, ән болып кеткен «Азбай күткен жар алтын» өлеңі болатын.

Сонымен қатар, М. Хакімжанова аудармашылықпен де айналысқан. Ол орыс, армян, молдаван, қытай, өзбек, татар және т.б. көптеген ұлттардың ақын-жазушылардың шығармаларын аударды. Соның ішінде қырғыздардың көрнекті ақыны Аалы Тоқамбаевтың шығармалары. Мысалы: «Егер болсам», «О, қарындас», «Неге», «Күнім», «Жолдасым», «Екеу», «Не үшін», «Сізге», «Елестетем», «Ұмыт дедің», «Кімге айтам» т.б. Сонымен қатар, ол балалар әдебиетінің жазушысы И.Диктің «Отты бұлақ» повесін, Т.Сатылғановтың өлеңдерін қазақшаға аударған.

Ақын Мариям Хакімжанова өзінің балаға деген аналық сүйіспеншілігін ортаға сала отырып, барлық ақындық өнерімен, үлкен патриоттық сезімімен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы адам жанын тебірентетін поэма жазды. «Мәншүк» поэмасы оның творчествосының сол кездегі де, осы кезге дейінгі де ең биік бір шыңы тәріздес. Қазақ халқының ерлік тарихының ерекше жаңа бір бетіндей, оның бүкіл Отан соғысының сол бір айырықша мақтанышы болған – Мәншүк Мәметова жайында сол кезде де, осы кезде де жазылған шығармалары көп. Бірақ, ең алғаш бұл тақырыпты қозғаған да, кейін ұзақ жыл дербес зерттеген де М. Хакімжанова.

Мәншүк жайында өлең толғану себебінің ең бастысы – сол қазақ тарихындағы әйелдер бірлігін бүкіл хисса-дастандардан оқып, естіп өскендігі бар. Бергі бостандық дәуіріндегі олардың ерлігін өзі жырлағаны бар – енді Мәншүк солардың тікелей жалғасы ғана емес, ерліктің шырқау шегі, кейін бүкіл әлемнің таңдайын қақтырған ғажайып тұлға есебінде көрінуі. Мариям Хакімжанованың шығармашылығындағы бір қасиет – оның ақындық қырағылығымен, көрегендігі және нені жырлау шартын білгіштігі. Қоғамдық, халықтық, ұлттық құбылыстарда жазбай тануы. Міне, Мәншүкті жырлауда осы тұрғыдан танылды.

Тарихи тағдыр кейде аса бір сәтті жағдайлар туғызады. Оның Мәншүкті жырлаудағы екінші басты себебі – ол Мәншүкті тұлымшағы желбіреген күннен білуі, мектептегі шақтарын көзімен көрген, әке-шешесімен дос, көңілдес, жақын адам болған, бертінге дейін де, анасы Әминамен бірге жасап келген еді. Осы жағдайлар «Мәншүк» поэмасының сәтті тууына себеп болмағанда қайтеді?!

М.Хакімжанова өзінің сүйікті кейіпкері Мәншүк жайында, оның ерлік көрсеткен Невель қаласында сан рет болып, оқиғаны көзімен көрген адамдармен сөйлесіп, талай мақалалар мен очерктер жазды.

«Мәншүк» поэмасы 1945 ж. жазылған. Ол соғыс майданы шындығын нақты деректер шеңберінде жырлауға құрылған. Онда қазақстандық 28 батырдың Мәскеу түбіндегі ерлігі, Кеңес Одағы Батыры атағына ие болған Мәншүктің ерлік істері баян етіледі.

Поэма 4 бөлімнен тұрады. Поэманың алғашқы бетін ашқанда-ақ, Мәншүктің сәбилік шағын суреттеген балдырған баланың әдемі, сүйкімді кескіні мен қызықты қылықтары көз алдыңа келеді. Мысалы, оның портретін былай суреттейді:

Қара шашы қара бұлтпен жауғандай

Қара қасы аймен егіз туғандай

Желмен ойнап, желбіресе кекілі

Күн шұғыласы маңдайында тұрғандай.

Меруерт тісті, қызыл ерін, қыр мұрын

Алма бетті, дөңгелек жүз, сөз шырын

Қолдан құйған қорғасындай денесі

Қылығымен қызықтырған көз нұрын,- дейді.

Балаға тән барлық сипатты, оның барлық мінез өзгешеліктеріне дейін, тіпті көбелек қуып, мәз-мейрам болған шаттық күлкілерін де түп-түгел суреттеп, оқырманын соған сүйсіндіріп, бүлдіршіндей нәрестеге табынтып қойған.

Ана үшін ең қызық, ең тамаша мөлдір махаббат баласының жастық шағы мен ондағы бақытты болашағын аңсау ғой. Ана жүрегі сол үшін тебіреніп, сол үшін бәйек болып отырады. М.Хакімжанова Мәншүктің жастық шағын суреттеуде осындай психологиялық моменттерді келістіре айтып, оның барлық адамгершілік сипаттармен майдандағы ерлік істерін жас өспірімдерге үлгі етіп көрсетеді. Поэманың барлық желісінен ана мен бала арасындағы өмір байланысы көрініп, отан алдындағы қасиетті борыштары, идеялық мақсаттары сөз болады.

Поэманың композициялық құрылысы да, сюжеті де, сөз қолдану шеберлігі де, тілінің айқындығы мен дәлдігі, оның музыкаға, әнге бейім тұратындығы да балалар әдебиетіне тән қасиет.

Поэма конструкторлық оптимистік биікке көтеріліп, ерліктің ескірмейтінін, Мәншүк атағының мәңгілікке кететінін дәріптейді. Поэзиядағы драмалық шытырман шиеленістер, трагедиялық жайлар майданның алған тынысын, алапат суретін кинолентадай көз алдыңнан өткізіп жатқанымен, ақын жүрегінің бұлқынысы, лирикалық шиеленісі арқылы адам алдында тарихи ұлы жеңіс қақпасын ашып тұрғанына кәміл сенесің, ақын болмысқа өз көзімен қарайды, өз ойымен топшылайды, ерлік қимылдарды құштарлана жырлайды, адамның патриоттық сезімінің серпімді күштерінің сырын ашады. Ақын көркемдік шұғыласының қуатымен кейіпкердің кескін-келбетін, сыр-сипатын, мінез-құлқын, ерлік әрекеттерін жарқырата түседі.

М. Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасы – поэзияның кең айдынында қанат қаққан сапарындағы сәтті туындысы, шырайлы шығармасы. Поэма ерліктің гимні іспеттес. Поэмада әрбір сөз, дыбыс ән болып шалқып, күй болып күмбірлейді. Ақын қаһарман қазақ қызына әдеби ескерткіш соғу үшін ондаған жылдар бойына ерінбей еңбек етті. Мәншүктің соғысқан жерін аралады. Қабіріне барып, қаһарман қыздың рухына бас иді. Ақынның өзі айтқанындай, бұл поэманың әрбір жолдары көз жасымен, жүрек қанымен, ерліктің өшпес отымен жазылған. Өлеңнің қарапайым көркем түрі үлкен мазмұнды қаусырып, соғыстың сұрапыл панорамасын сыйғызып, құлашты еркін, кең сермеуге мүмкіндік берді.

«Мәншүк» поэмасы – қазақ поэзиясында көп жасайтын, ұзақ өмірлі поэмалардың бірі.

Майдан тақырыбына жазылған шығармалар әр алуан. Олар ешуақытта бірін-бірі қайталамайды. Бәрінде де қайсарлық уыттары көрініп отырады.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалар әдебиеті көбіне соғыс зардаптары салдарынан өздерінің балалық, жастық шағын жоғалтқан қазақ балаларының тағдыры жайлы болды. Қазақ балалар әдебиетінің негізі «Барлығы майдан үшін» деген идеяға, ұранға құрылған. Онда бастан-аяқ отансүйгіштік, интернационалдық бірлік, ынтымақ сөз болды. Отансүйгіштікке тәрбиелеу басты мақсат болды.