М.Қабанбаев – балалар жазушысы

Марат Қабанбаев (1948-2000).Жас жеткіншектермен тіл табысып, оның жүрегіне жол таба білу, алғашында оңай көрінгенімен, бұл кез келген ақын-жазушылардың қолынан келе бермейтін, аса талғампаздықты, нәзіктікті талап ететін өз қиындығы бар, жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан да болар, балалар әдебиеті саласына екінің бірі келіп қосыла бермейді. Бұл сала баланың ұшқыр қиялын шыңдап, оның көңілінен шыға білуді, көкірегін оятып, қажет болса, дүниеге бала көзімен қарай білуді де талап етеді.

1970 жылы аталмыш салада қызмет еткен С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаров, Қ.Мұқышев, Е.Өтетілеуов, Б.Ысқақов, Ж.Смақов, М.Әлімбаев сынды балалар әдебиеті саласына қалам тартып жүрген ақын-жазушылардың қатарын аса талантты қазақ жазушысы Марат Қабанбаев толықтырды.

Марат Қабанбаев есімі бүгінде әдебиет сүйер әр баланың есінде десек, артық айтылмаған сөз болса керек. Өйткені жазушы шығармаларының дені балалар өмірінен алынып жазылған. Ол өзінің сан тақырыпты шығармалары арқылы жас жеткіншектердің сырлас досына айналып, сол арқылы оларға тәлім-тәрбие, ақыл-парасат беруді де ұмытпаған.

Марат Қабанбаев Шығыс Қазақстан жерін басып өтетін Қара Ертістің сол жақ жағалауын жайлаған Зайсан ауданының Қараүңгір атты ауылында 1948 жылы 22-наурызда дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыста жұмыс істеген Марат, кейін аудандық «Достық» газетінде қызмет етеді. 1973 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Сондай-ақ, ол «Лениншіл жас» газетінде, «Жалын» баспасында, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет істеген. «Жұлдыз» журналының меңгерушісі болды. Өмірінің соңғы жылдарында «Ана тілі» газетінде істеп, «Солдат» газетінде редакторлық қызмет атқарған.

Марат Қабанбаевтың 1975 жылы жарық көрген «Бақбақ басы толған күн», 1977 жылы шыққан «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», 1986 жылғы «Пысық болдым, мінеки» атты повестері әр жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған таңдаулы шығармалардың республикалық конкурсында бірінші, екінші, үшінші жүлделерді жеңіп алған. Бұл повестер Мәскеуде жарық көріп, неміс, украин, латын, орыс, өзбек, молдаван тілдеріне аударылды. «Бақбақ басы толған күн» атты шығармасы кино қауымының назарына ілігіп, «Мен он екіге толғанда» атты толық метражды телефильм болып шықты.

1990 жылы Марат Қабанбаев «Пысық болдым, мінеки» повесі үшін балалар әдебиеті жөніндегі Халықаралық сыйлықтардың ең жоғарғыларының бірі болып саналатын Христиан Андерсен атындағы Құрмет дипломымен марапатталды. Бұдан бұрын бұл сыйлыққа ие болған балалар жазушылары А.Алексин, қырғызстандық Ш. Бейшеналиев, украиналық Б.Уалый, эстониялық Э.Рауд және шет ел балалар жазушылары Туве, Янсон, М.Грине, А.Линдгрендердің тобына алғаш рет қазақ балалар жазушысы Марат Қабанбаев келіп қосылды.

Жазушы балаларға арнап 20-дан астам кітап шығарған, жоғарыда айтылғандай үш кітабы алты тілде жарық көрген. Алғашқы әңгімесі, яғни «Сену» 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. Негізгі тақырыбы: заман келбеті, жастардың өмір тіршілігі, идеясы: адамды сүю.

Марат Қабанбаев күндік емес, өмірлік мәселенің алдын орап кететін де, сонысымен өзгелерден ерекшеленетін.

Марат Қабанбаев сондай-ақ, 1987 жылғы Қазақстан Жазушылар одағы М.Әуезов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан журналистер одағы Тельман Жанұзақов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Марат Қабанбаевтың «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» повесі өзінің жазылу формасымен, көркем тілді стильдік тұрғыдан әдеби талдап, деңгейінде құбылтып пайдалана білумен ғана ерекше болып көрінбейді. Жазушы шығармашылығына тән құбылыстың бірі – образ жасау барысындағы көркемдік құралдарды әр қырынан пайдалана отырып, адамның жан дүниесін мейілінше ашып көрсетуге деген суреткерлік ұмтылыс. Бұл нышан оның балаларға арналған көркем прозасының барлық жанрында да кездесіп отыратынын атап айту қажет.

Марат Қабанбаев өзінің жас кейіпкерінің балалық іс-әрекетін, мінез- құлқын жалаң суреттеумен ғана қанағаттанып қоймайды. Ол әлі дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаса қоймаған, адам ретінде буыны қатып, бұғанасы бекімеген жас кейіпкердің өзін мейілінше күрделі етіп суреттеуге тырысады. Сөйтіп балаларға арналған шығарманың өзінде-ақ психологиялық реализм арқылы адамның жан дүниесін ашып көрсетуді мақсат етіп қояды.

Марат Қабанбаевтың жазушылық ерекшелігін танытатын ерекше қыры юморында. «Пысық болдым, мінеки» повесіндегі оқушы бала Досан Асылтаев мазасыз, қырсық жан болып көрінеді. Әйтсе де оның жұртқа тосын, оқыс көрінер қимыл-қарекеті, сөздерінің түп-төркіні намысқойлықта, адалдыққа, әділдікке деген құштарлықта жатыр.

Шығарма бірінші жақтан Досан атынан баяндалады. Автор тіліндегі юмор бала ұғымына сәйкес, дәл орайлас келіп отырады.

Марат Қабанбаевтың өзге повестеріндегі балалар образынан гөрі «Пысық болдым, мінеки» повесіндегі бас кейіпкер Досанның бейнесі сәл өзгешелеу жасалған десек, көп дәлелді қажет ете қоймайды. Жазушының «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», «Қала және қыз бала» сияқты повестерінің бас кейіпкерлері өздерінің ойшылдығымен, өмірге, жас шамасына қарағанда тереңдеу болып көрінетін философиялық көзқарастарымен ерекшеленетін балалар. Олар өмірді негізінен кітап арқылы немесе өнер салалары арқылы танып, сол алған білімдерінің негізінде өздерінше ой түюге бейім.

Марат Қабанбаевтың табиғат болмыстарына, құбылыстарына қатысты «Аю, аю, аюлар», «Қабан қырған», «Тау еркесі», «Жылан» секілді әңгімелері балалар көзімен, олардың жан дүниесі арқылы суреттеледі. «Талантты жазушының әр образы – тип» деп Белинский айтпақшы, жазушының бұл әңгімелеріндегі балалар – типтік деңгейге жақындаған бейнелер.

Жалпы Марат Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларында әдебиеттегі адам бейнесі, бала образының жасалу жолдары көркемдік ізденістен, жаңашылдыққа ұмтылудан туған деп бағалауға әбден болады.

Марат шығармалары жайлы пікірлер, негізінен, екі жүйеде өрбитіні, марапаты мен сыны аралас жүретінін айта кеткеніміз жөн. Мақтау жағы көбінесе өзге әріптестеріне ортақ шиыры қайталауға тырысатын ізденістеріне орай айтылса, сөз саптауындағы ала-құла кемшіліктер кінә қоюға, жазушыны жазғырып шығуға себепші. Аңдап қарасақ, автор шығармашылығына таңылатын айып атаулының төркіні тілдік кінәраттар алғашқы жүйеден, яғни, тың ізденістерге ұмтылудағы кейбір ағаттықтардан туындайды. Жазушының «Қала және қыз бала» аталатын жинағы тілдік қолданыс жағынан да назар аудартады. Әрине, қоғамдық сын-пікірді құлаққа ілудің, өзіне қойылатын талапты күшейтудің нәтижесінде автордың бұл кітабындағы сөз саптасы біршама түзелген, өз тілімен айтқанда, «шуалшындай шұбатылған» ұғымға ауыр ұзын-сонар сөйлемдер некен-саяқ.

Бұрынғы шығармаларының табиғатына тән реалистік суреттердің астарындағы символдың сипаттар, өмірге ерекше ыстық сезіммен қарайтын сергек жанды жас кейіпкерлер, характерлік коллизиялар «Қала және қыз бала» кітабының бойынан тағы да қызғылықты көрініс тапқан. Дала мен қала тәрбиесін бірдей көрген, ана тілінің қалтарыс- құпиясына ауылдағы әжесі арқылы қанық, ерке Айгүлдің оқыс мінездерінің айналадағы адамдарға күдікті көрінуі заңды да. Сұлулық атаулыға ішек тартып, сұқтана білу, жалықпастан жақсылыққа ұмтылу – жас қыздың жан дүниесінде ширыққан қозғалыстың куәсіндей. Бүгінгі замандағы қала тіршілігінің бірер сиқын оқушы қыздың көзқарасы арқылы саралап, бағалауы – автордың формалық көркемдік ізденістерінің кезекті сәтті көрінісі іспетті.

Жазушының қай шығармасын алсаң да осындай тың ойлар, тосын шешімдер мен мұндалап тұрады. Сондықтан да болар ол білімділігімен, ізденгіштігімен, өзіндік көзқарасымен алғашқы туындыларынан бастап-ақ дараланып, оқырман аузына ілінді.

Марат Қабанбаев жазушы болғанда да қалың топтың қарасын көбейтіп жүрген біреу емес, бірегей талант еді. Құдай оған сол талантымен қоса ұлтын сүйген азаматтықты молынан берген.

Алғашқы қадамын журналистикадан бастаған жазушы өмірінің соңғы жылдарында бұл салаға қайта оралған еді. Оралғанда тың көзқараспен келді. Ел тәуелсіздігіне жан-тәнімен қуанды. Елдікті ту етіп көтерді. Қазақ тілінің тағдырына араша түсіп қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдады. Отты ойлары, тас-түйін байламдары оқырманның жүрек қылын тап басып, жанын бебеулетті. Марат Қабанбаев әр мақаласында рухани бәйтерек, ұлы ақын Абай рухына бас иіп, өмірдің алдамшылдығын, қысқалығын, уақытты бос өткізудің опындыратынын алға тартып отырады. Ұлы Абай ғасыр тоғысында қандай күй кешсе, Марат та сондай күн өткізеді.

Оралхан Бөкей мен Марат Қабанбаев рухтас, бір енені тел емген телқоңырдай еді. Бірі жастықтың жыршысы болса, екіншісі жас ұрпақтың, яғни балалар жазушысы болып қалыптасқан. Бала психологиясын ол тап басып танитын. Марат балаларға ғана жазып қоймай, басқа тақырыптарға да қалам тартқан. Бәрін де талантымен тәнті еткен. Енді міне, Оралхан Бөкей сияқты жанын жай таптырмаған дарынның жалынына өртеніп кетті. Бірақ артында сан тарау жол, сан тақырыпқа жазған көркем дүниелері мен көсем сөздері қалды. Өзінің меңзеуінше «Пысық болдым, мінеки» повесінен кейінгі басты шығармасы «Кентавр» атты романы болуға тиіс еді. Бірақ сұм ажал дегеніне жеткізбеді. Ол 2000 жылдың 26 маусымында қара жер қойнауына аттанды.