Салықтық тексеру ұғымы және түрлері, типтері.

Негізгі ұғымдар:салық, бақылау, кодекс.

1.Бақылау – кез келген басқару процесінің ажырамас бірбөлігі ретінде басқару объектісінің тиісті қызмет етуін қамтамасыз етуге арналған құрал.

Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 556 бабының 1-тармағына сәйкес Салықтық бақылау - Қазақстан Республикасының салық заңнамасы, орындалуын бақылау салық қызметі органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасы нормаларының орындалуын салық қызметi органдары жүзеге асыратын бақылау.

Салықтық бақылаудың басты мақсаты – салық төлеушілердің салық заңнамалары нормаларын сақтауын, олардың салықтық міндетемелерін уақытылы және дұрыс орындауын қамтамасыз ету.

Салықтық бақылаудың міндеттері салық органдарының бақылау сипатындағы жұмыстарын жүзеге асыру толып табылады.

Салықтық бақылаудың мемлекеттік қаржы бақылау жүйесінде алатын орны ерекше, өйткені мемлекеттік салық органдарының бақылау қызметі арқылы салық заңдарының сақталуы ғана емес, тиісті қаржы ресурстарын тікелей мемлекеттік бюджетке тарту да қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бюджеттің кірістер бөлігінің орындалуын қамтамасыз етуде салықтық бақылаудың рөлі зор болып табылады, өйткені еліміздің бюджет кірістерінің 90% -ы салықтық түсімдерден құралады. Салық органдары салықтық бақылау қызметін дұрыс әрі тиімді орындамаса, мемлекет өзіне тиесілі мемлекеттік міндеттерді толық атқара алмауы мүмкін.

Салықтық бақылау элементтері:

1) салықтық бақылау субъектілері- бір жағынан, заң негізінде салық және бюджетке басқада төлемдер төлеу міндеті жүктелген салық төлеуші – заңды және жеке тұлғалар, екінші жағынан мемлекеттік салық органдары болып табылады.

2) салықтық бақылау нысандары

3) салықтық бақылау әдістері мен шаралары

4) салықтық бақылауқұжаттары

5) салықтық бақылаужүргізу кезеңі мен тәртібі

2. Камералдық бақылау – салық төлеушi (салық агенті) табыс еткен салық есептiлiгiн, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу мен талдау негiзiнде салық қызметі органдары жүзеге асыратын бақылау.

Камералдық бақылау қатерлерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.

Камералдық бақылаудың мақсаты – салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған салық есептілігіндегі бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жоюға құқық беру.

Камералдық бақылау салық қызметі органдарындағы салық есептілігінің деректерін өзге де мемлекеттік органдардың салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерімен, сондай-ақ әр түрлі ақпарат көздерінен алынған салық төлеушінің қызметі бойынша деректермен өзара салыстырып тексеру жолымен жүргізіледі.

Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса беріле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама ресімделеді.

Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды салық төлеуші (салық агенті) ол табыс етілген (оны алған) күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Салық төлеуші (салық агенті) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, салық қызметі органдарына бұзушылықтар анықталған кезең үшін салық есептілігін ұсынады.

Салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда салық қызметі органдарына анықталған бұзушылықтар жөнінде қағаз немесе электрондық жеткізгіште түсініктеме береді. Бұл ретте салық төлеуші салық қызметі органдарына осы тармақта көрсетілген түсініктемеге қоса салық есептілігінде көрсетілген деректердің дұрыстығын растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы.

Камералдық бақылау нәтижелері бойнша анықталған кемшіліктерді жою туралы хабарламаның белгіленген мерзімде орындалмауы салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларының тоқтауына әкеп соғады.

Салық органдары барлық мәліметтер алынған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей камералдық бақылау нәтижелері бойынша белгіленген нысан бойынша тексеру қорытындысын жасайды.Сонымен қатар, камералдық бақылаудың аяқталған күні тексеру қорытындсы жасалған күн болып табылады.

3. Салықтық тексеру – салық қызметі органдары жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы салық заңнамаларының орындалуына тексеру жүргізу.

Салықтық тексерулерді тек қана салық қызметі органдары жүзеге асырады.

Салықтық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) құжаттық тексеру;

2) хронометраждықзерттеп-тексеру.

Құжаттық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) кешенді тексеру - салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерi бойынша салық мiндеттемелерiнің орындалуы, міндетті зейнетақы жарналарының толық және уақтылы есептелуі мен аударылуы және әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы есептелуі мен төленуі бойынша салық қызметі органы салық төлеушіге қатысты жүргізетін тексеру.

Кешенді тексеруге тақырыптық тексеру мәселелері де енгізілуі мүмкін.

2) тақырыптық тексеру - мыналар:

салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлері бойынша салық міндеттемесінің орындалуы;

міндетті зейнетақы жарналарының толық және уақтылы есептелуі, ұсталуы мен аударылуын, сондай-ақ әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы есептелуі мен төленуі;

банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодексте, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттерді орындауы;

трансферттік баға белгілеу;

акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу;

соттың заңды күшіне енген үкімінің немесе қаулысының негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасасқан операциялар бойынша салық міндеттемелерін айқындау;

сот кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниеттенбестен жүзеге асырылған деп таныған мәміле (мәмілелер) бойынша салық міндеттемелерін анықтау мәселелері бойынша;

салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау;

халықаралық шарттардың (келісімдердің) ережелерін қолдану заңдылығы;

қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау;

резидент еместің салықтық өтініші және төленген табыс салығын бюджеттен немесе қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың негізінде шартты банк салымынан қайтару;

салық органдарында тіркеу есебіне қою;

касса бойынша салықоперацияларын тоқтата тұру туралы салық органы шығарған өкімді орындау мәселелері бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты салық қызметі органы жүргізетін тексеру.(толығымен ҚР СК 627-бап, 5-тармақ)

Бұл ретте тақырыптық тексеру бір мезгілде осы тармақшада көрсетілген бірнеше мәселелер бойынша жүргізілуі мүмкін. Тақырыптық тексеру бюджетке төленетін салықтың барлық түрлері және басқа да міндетті төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуына тексеру жүргізуді көздемейді;

3) қарсы тексеру - салық қызметі органы салық төлеушімен (салық агентімен) операцияларды жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты жүргізетін тексеру, салық қызметі органдары аталған салық төлеушіні тексеру барысында пайдалану үшін осындай операциялар туралы қосымша ақпарат алу

мақсатында оған қатысты тақырыптық және кешенді тексеру жүргізеді.

Қарсы тексеру кешенді, тақырыптық және қосымша тексерулерге қатысты қосалқы тексеру болып табылады.

Қарсы тексеру деп:

- тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халақаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарының,халықаралық ұйымдардың сұрауы бойынша;

- камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған қосымша құн

салығы бойынша салық міндеттемесі жөнінде және осындай операцияларға байланысты бұзушылықтарды жоймаған не осындай бұзушылықтардың жоқтығын растай алмайтын түсініктеме ұсынған салық төлеушімен (салық агентімен) жасалатын операцияларды жүзеге асыратын адамдарға қатысты жүргізілетін тексеру де танылады.

Хронометраждық зерттеп-тексеру - салық органдары салық төлеушінің зерттеп-тексеру жүргізілетін кезең ішіндегі нақты табысын және табыс алуға байланысты нақты шығындарын анықтау мақсатында жүргізетін тексеру.

Салықтық тексеру жүргізу, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) қызметін тоқтата тұрмауға тиіс.

Салықтық тексерулер мынадай типтерге бөлінеді:

1) жоспарлы тексеру – салықтық тексерулер жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын кешенді және тақырыптық тексерулер, оны салық қызметі органы тоқсан сайын бекітіп отырады. Салықтық тексерулер жоспары салық төлеуші (салық агенті) ұсынған салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді талдау негізінде жасалады;

2) жоспардан тыс тексеру(қомсымша оқу ҚР СК 627-бап, 9-тармақтың 2-тармақшасы)

Салық қызметі органдары заңды тұлғаның өзiне салықтық тексерудің жүргiзiлуiне қарамастан заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерiн тексеруге құқылы.

Салық төлеушінің құрылымдық бөлімшенің таратылуына байланысты салықтық тексеру жүргізуге салықтық өтініш беру жағдайларын қоспағанда, резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін тіркеу есебінен шығарған кезде тарату салықтық тексеруі жүргізілмейді.