Тәуелсіздік дәуір поэзиясындағы Желтоқсан тақырыбы

Азіргі лирика: уақыт пен кеңістік

Дәстүр сілеміне ізетпен қарай отырып, ақындарымыз қатпары мол жан дүниесіндегі сезім ахуалын табиғаттағы құбылыс арқылы бейнелеуде өзіндік өрнек қалыптастырған. Солардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Ақын табиғат суретіне көз сала отырып, оның әрбір сәтінен сыр түйеді және лирикалық кейіпкердің көңіл күйін сол өзгерістермен қабыстырады.

Алатаудың бұлтсыз, адамның ойсыз болуы жөн емес. Ақын бұл ойды екі нысанды (Алатау мен лирикалық кейіпкер) салыстыру арқылы бейнелейді. «Алатау – лирикалық кейіпкер», «бұлт – ой» жұптарымен тұтастай бейнелеулер жүйесі түзіліп, өлеңнің психо-лирикалық мазмұнын тереңдете түскен.
Бұлт келді әппақ-әппақ, үрпек-үрпек,
Жалғыз сөз көмейімде тұр кебіртек.
Ой келді басыма бір...
Ақша бұлттар
Қарайып бара жатты бірте-бірте...
Осылайша тау басына үйірілген әппақ бұлт пен кейіпкер басына келген ойлар қатарласа суреттеліп, сол әппақ бұлттың бірте-бірте қарайып бара жатуы арқылы кейіпкер жан-дүниесінің құбылысы, көңіл күй ауаны тұспалданады. Омарғазы Айтанұлының «Жер, бұлт, жел» өлеңінде бұл үшеуі бір-бірімен тілдеседі.
Жер айтады бұлтқа қарап:
– Суретшінің бояуынан
Есеңгіреп жатырмын.
Бұлт айтады жерге еңкейіп:
– Құшағыңды аш, келіп тұрмын,
Сезімімен ақынның.
Жел айтады сонда оларға:
– Жер, сен жатқан бір кәрі қыз,
Дәреті жоқ, некесіз.
Бұлт, сен жүрген бір қаңғыбас
Шолақ атты мекенсіз.
Қалыпты ойлаудан ерекше бұл өлеңнің өзіндік жаңалығы – мифопоэтикалық құрылыммен өрнектеле отырып, психолиризмнің жаңа мүмкіндігін танытқандығы дер едік.
Ақын Есенғали Раушановтың табиғаттағы құбылыс (жел) пен затты (қайың) назарға ала отырып, тұтас әрекеттер тізбегі арқылы адам болмысының ішкі сырларын сөзбен кескіндеген төмендегі өлеңіне тоқталайық.
Бір қайың бар –
Ақ қайың, нәзік қайың,
Өскен күнге құшағын жазып дәйім.
Нәзігімнің өмірін сырттан бағып

Мен тұрамын қалшиып қазықтайын.
Табиғаттың нәзік те әдемі өскіні – ақ қайың адамның ішкі әлемінің бейнесіне ауысқан. Бұл өлеңдегі кейіпкерлер – қайың, жел және лирикалық қаһарман. Өлеңнің өзегі – сезім.
Бұл ауланың қожасы жел болады,
Оның өзі – сапарда,
Кем қонады.
Ылғи тосын келеді ол құйындатып,
Асты-үстіне шығарып кең қораны.
Жел мінезі осындай әрекетімен бейнеленген. «Ақындар желді өршітіп, «заттандырып» қана қоймай, оған жан бітіруге жиі барады», – дейді қазақ поэзиясындағы стиль мен бейнелілік мәселесін тереңдей қарастырған әдебиетші ғалым Қ. Мәшһүр-Жүсіп [10, 314]. Әр құбылыстың өзіне тән ерекшелігі бар. Осы ерекшелік өлеңдегі бейненің негізгі сипаты болып алынады. Сол арқылы ғайыби (абстрактылы) ұғымдар халі бедерленеді. Содыр желдің қиянатшыл әрекетінен қорғана алмаған қайыңның халі мейлінше «адамдандырылған». Ойы орындалған соң тұрағы жоқ жел ғайып болған. Ендігі қайыңның халі трагедиялық қалыппен көрінеді.
...Дене дел-сал,
Қысқа шаш ұйпа-тұйпа,
Мұңды қайың көз жасын көлдетеді.
Желдің жұртында жылап қалған қайыңның кейпі мен әрекеті соншалықты шынайы. Дел-сал дене, ұйпа-тұйпа қысқа шаш, көз жасы – бәрі де қайғылы халдегі жанның бейнесі. Сәтті бейнелеу сезімнің ширығуын танытуда өз орнын таба алған. Қайыңның қайғылы қалпын «мұңды» эпитеті аша түскен.
Метафора және символ сияқты бейнелеу құралдарының пайдаланылу жолдары белігілі бір заңдылықтарға бағынғанмен, әр суреткердің қиялы мен ақындық дарыны нәтижесінде өзіндік сипатқа ие болатыны белгілі. Біз талдаған өлеңдерде аталған бейнелеу құралдары адам жанының қат-қабат сырларын бейнелеуде ерекше мәнге ие болып, ақын талантының, сондай-ақ қазақ поэзиясының көркемдік мүмкіндіктерін, ұлттық дүниетанымның поэтикалық ойлау жүйесіндегі салмақты орнын, суреткерлік болмыс қырларын, әр ақынға тән дара стильді танытқан.

Тәуелсіздік тақырыбының жастар поэзиясында жырлануы.

Тәуелсіздік дәуір поэзиясындағы Желтоқсан тақырыбы

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы- бұл кеңес империясының бұғауынан құтылып еліміз өз еркіндігін алып, өз тағдырын өзі шешетін, өзінің келешегін өзі жобалап, өз еліне, өзінің материалдық және рухани байлығына билік етіп, өзі баға беретін жылдарда жарық көрген қазақ поэзиясы. Тәуелсіз қазақ поэзиясының осы жиырма жылдан астам даму бағыты, негізгі идеялық тақырыбы, әдебиетке келген ақындар, жаңа шығармалар, жаңа жанрлық- көркемдік ерекшеліктері, стильдік іздену, жаңа бағыттары, жаңа тенденцияларын зерттеу казіргі қазақ поэзиясының даму бағытын анықтауда ең өзекті мәселе болып есептеледі. Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ поэзиясы- бұл партияның қалағалауын білмейтін, ойды еркін айта алатын, таптық көзқарастан біржола арылған, мүлде жаңаша ой саумалдап, еркін тебіреніп, еркін толғай алатын дәуірдің поэзиясы. Ал, бұл сарын осы дәуірде әдебиетке келген жас ақындардың шығармаларындағы негізгі бағыт болып отыр. Тәуелсіздік дәуірінде қазақ поэзиясы бұрын болмаған жаңа әуені, тақырыптық, идеялық мазмұн байлығы, халық тағдыры, халықтың келешегі үшін күшті тебіреніп жырлай алатын, жаңа шығармашылық ізденістер, жаңа көркемдік түрлер, жанрлар мен байып отыр. Ол қазақ поэзиясының ұлттық дәстүрлерін дүние әдебиетіндегі жаңа дәстүрлермен жалғастырған, еркін дамыған жаңа поэзия.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясының басты ерекшелігі - қазақ әдебиеті тарихында әдебиеттің идеяларға тола, еркіндік сарынын барынша жүрегін толқытқан барлық рухани күшімен жырлаған поэзия. Тәуелсіздіктің қуанышын ғасырлар бойы тәуелді болған халық ғана біледі және оны өз мазмұнында, өзіне лайық әуенмен жырлай алады. Сондықтан болар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы идеялық жаңашылдығы, тақырыптық ерекшелігі, лирикалық кейіпкерлері, көркемдік сарындары жағынан бұрын қазақ поэзиясында болмаған жаңа парақтарды ашты.
Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ халқының поэзиясында жаңашылдық лебі есті. Дәстүрлі даму арнасынан ауытқымаса да мазмұн мен идеяда жаңашылдықтар, көркемдік жаңа айшықтаулармен ерекшеленді.
Сонымен бірге қазіргі қазақ поэзиясы әлем әдебиеті мен жүрек соғысы бірге соғып, әлемдік, жалпы адамзаттық проблемаларға еркін араласып, еркін пікір жүргізіп отырған , әлем әдебиетіндегі жаңа дәстүр, жаңа бағыттарға үн қосып, әлем әдебиетіндегі жаңа дәстүрлерді еркін пайдаланып отырған жаңа дәуірдің жаңа поэзиясы. Кеңестік дәуірдегі «батыс еуропалық», «кеңестік идеология», «кеңестік емес жат идеология» деп бөлуден біржола құтылып, дүниеге жалпы адамзатқа қажетті құндылықтар көзімен қарайтын поэзия. Сондықтан казіргі қазақ поэзиясында пікір еркіндігі, шығармашылық еркіндік, стилдік ізденушілік, әлем әдебиеті мен бірге толғану, бірге тебірену сияқты жаңа тенденциялар жасап келеді.
Қазақ лирикасындағы жаңа тақырып болып «Желтоқсан оқиғасы» қазақ лирикасында өте көп жырланған тақырып болып әдебиет тарихында жаңа бет болып ашылды. «Желтоқсан көтерілісі», «желтоқсан тағылымы», «желтоқсан қасіреті» жайында жырларда қазақ халқының Отанның ар- намысын қорғау, Отан үшін өз өмірін құрбан ете алатын отаншыл жастарымыздың бейнесін жасау, қоғам және заман шындығы, қоғамның халық тағдыры, елдің келешегі мен бірге жасайтын бейнесі көрінді.

Ақын С.Адай «Желтоқсан 1986 жыл» атты өлеңінде:
Біздің тарих ұстағанның қолында,
Тістегеннің ұртында жүр көріп ек.
Жатып алып бар шындықтың жолында,
Мүйізділер жолатпайды мөңіреп.

Желтоқсанда болашаққа ұмтылды,
Кіл қызғалдақ-Алашымның боздағы!
Кетті ұйқыға...Оятсам деп ұлтымды!
Бар жазығы күнге қолын созғаны...
А.Әлімғазыұлының "Жаралы Желтоқсан" жинағында желтоқсанның көтерілісінің бейнесі жырланды.
Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-рухани дағдарыстар, экономикалық-тұрмыстық ауыртпалықтар, одан кейінгі бірте-бірге еңсе тіктеудің, қиындықтарды еңсерудің қазақ поэзиясында бейнеленуіне мысалдарды көптеп табуға болады. Әсіресе, күрделі де кесек ой-толғамдар тұтас жыр жинақтарына арқау болғандығын атап айтқан жөн. Мәселен, Қ.Мырза Әлидің "Заман-ай!", Т.Медетбектің "Тағдырлы жылдар жырлары", үзінділері мерзімді баспасөзде жиі жарияланған "Көк түріктер сарыны" жыр топтамалары, Н.Оразалиннің "Құралайдың салқыны", Иран Ғайыптың "Жыр әлемі", И.Сапарбайдың "Махаббат пен ғадауат", Н.Айтұлының "Рухымның падишасы", С.Тұрғынбекұлының "Жерорта", Ж.Бөдешұлының "Жұлдызға орнын Ай бермес", Ұ.Есдәулеттің "Киіз кітап" атты туындылары идеялық, көркемдік ізденістерінің өзгешелігімен жаңа қоғамдағы жаңа әдебиеттің талаптарына сай келетін деңгейде назар аудартады. Бұл кітаптар тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы адам және қоғам, адам жөне уақыт, лирикалық кейіпкер және дәуір аясында ой-санадағы күрделі өзгерістер атаулыны жан-жақты қамтуымен де ерекшеленеді деп арнайы қарастырылған зерттеу еңбектер де аз емес.
Елге егемендікпен, тәуелсіздікпен бірге нарықтық экономика келді. Сауда келді. Таршылық пен тапшылықтан шығар жолды іздеп жанталасқан қауым базар жағалады.
Отбасын асырау үшін базарда жүк арқалаған әйел бейнесі жырлана бастады. Ақын Ш.Жұбатованың «Ең әдемі келіншек » атты жырында базарда тұрған әйелдің бейнесі суреттелген:
Жастық көрмей, қараңыз, жар құлағы
Шынашақтай күйеуін нар қылады.
Жоқ деген сөз аузынан шыққан емес,
Жоқ боп тұрған нәрсені бар қылады.
Елдегі қиын сәттер ақын қаламынан тыс қалмақ емес. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақын. Ақын Ш.Жұбатова сол кезеңдегі ащы шындықты, күнкөрістің қамымен күйзелген жұрттың мұңын жырына сыйдырыпты.
Қаймақ сүйген көңілдің талды өзегі,
Қиын ба еді өтудің әр кезеңі.
Сағы сынған жандар тұр лас көшеде,
Қашан,қашан бітеді нан кезегі?
Қиын кезең-ащы екен түйнектері,
Су татиды таңдайда жидектері.
Тиын құрап,тірлік қыл деп базарға,
Бұрымымнан барады сүйреп мені .
Ақынның 91-дің көктемі атты өлеңінде де заманның суық өкпегін айтып, елдің басындағы бұл қиындықтың сейілерін аңсайды.
Ел тәуелсіздігі -ұлттық тіліміздің бағын ашты. Қаншама қиындықпен, күреспен, мылтықсыз майдан үстіндегі жанкешті шайқаспен қазақ тілі — мемлекеттік тіл болып мерейі асып, мәртебесі биіктеді, шын мәнінде, қайта тіріліп, өмірге қайта келді.
Казіргі қазақ поэзиясында өзекті проблемаларға араласу, ұлттың келешегі үшін тосын болатұғын мәселелерге қарсы пікір айту. Осындай мәселенің бірі қазақ тілінің қоғамдағы орнын жоғары көтеру. Қазақ тілі- ана тіліміз, анамыздың ақ сүті сияқты бізге қадірлі, қәсиетті тіл. Оны қаншама қадірлеу арқылы біз өзіміздің ұлттық намысымызды қорғаймыз. Қазіргі қазақ поэзиясында осы мәселеге пікір айту басты мәселенің бірі.
Ана тілін менсінбеу,өзге тілде сөйлеуді мақтаныш тұтқан жандар аз емес. Ақын С.Адай «Менсінбеймін» дегенше өлеңінде өткір жырлайды.
Қатты айттым!
Сынып кеткен шыдам-бұл.
Ұлт ішінде: Айыр тілді жылан жүр.
Өз Тіліңді «Менсінбеймін»- дегенше,
Өз халқыңнан туғаныңды күмән қыл!...
Тілді білмеу-өз анасын танымау,
Аң да өзін жоғалтпайды,жаным-ау.
Қазақстан-қазақ тілін саудалап,
Ұлт дегенде: біздің істің бәрі дау!
Ақынның ана тілі туралы толғанысы бүгінгі күннің шындығымен өрілген. Алмас ақын ана тілінің қазіргі күйіне көңілі толмай,ертеңіне алаңдаулы.Ана тілі туралы «Бәлду-бәлду...», «Қазақ тілі туралы элегия» атты жырларында ана тілінің бүгінгі халі шындықпен жырланған.Ақын сәби үнінен, бала бақша мен мектептен, биік мінбелер мен кеңселердегі қазақ тілінің тағдырына қынжылады.
Президент қазақша сөйлеп тұр... тағы да
Парламент орысша ойлап тұр ішінен..
Көшедегі көрініс те мәз емес, қазақтар орысша сөйлейді шүлдіреп,жылағым келеді, күлгім де келеді деп жырлаған ақын қазақ тілінің болашағына алаңдай отырып, армандайды.
Көшеде жүре алмай, күйініп күнде мен,
Үйіме асығам,шыққандай түрмеден.
Көпіріп сөйлейді үйдегі көк жәшік,
Ресейге еліктеп, ресми тілменен....
Мақтаныш сезіммен керіліп, кең кеудем
Маңдайым жарқырап,тілдесіп өзге елмен!
... Мен сені армансыз тыңдайтын күн бар ма,
Қазақтың иісі шығатын жерлерден?!
.....Шіркін-ай....
Қазіргі қазақ поэзиясындағы тақырыптардың бірі-Ата заңды жырлау,көк байрағымыздың еркіндіктің белгісіндей желбіреуі,мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу жайында тебіреніп жазған жырлар көп. Ол жырлар ұрпақты жерін, елін, бостандығын сүюге, ұлтжандылыққа шақырады. Егемен ел-жасыл туы жайнаған.
Егемен ел-қонаққа түс шаймаған.
Тағдырыңа «шүкір» деуің десем де,
Тірлігіңе түйіліп,көп ойланам...
Өзге елмен терезесін тең етсем деген мақсат жыр жолдарында айқын сезіледі.
Енді бүгін егеменді ел екен,
Еңсе биік,етек-жеңі кең екен.
Кеңдігінді кемдік көрген өзгемен
Қайтсем сенің терезеңді тең етем.
Қоғамның дертін жаза отырып, келешектің кемел боларына сенеді. Келер ұрпақтың заманының жақсы болатына үміті мол. Кешегі мен бүгінін,бүгіні мен ертеңін салыстыра отырып,салауат айтады.
Ақын қоғамдағы жайттарға бей-жай қарай алмайды. Өзге дінге еніп кеткен қандастарымыздың тағдыры да қазіргі қазақ поэзиясында жырланып жүрген өзекті мәселенің бірі. Ақын Н. Мәукенұлы осы өзекті жайтты өзегі өртене жырлады.
Опынамын отырып,
Ойланғаның өтірік.
Ойсыздығын көрсетті,
Дін-қарындас шоқынып.
Ақын Алмас Исаділдің «Шоқынған бала» атты жырында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі-өзге дінге өту мәселесі жайында жырланған. Әке тәрбиесі мен ана тәлімін алған жастың өзге діннің жетегінде кетіп, шоқынуы ұлттың ұйысуына төнген қатер.
Түс елемей аят,Құран, ғазалды,
Кәпірлермен қоса айтысып жаңа әнді,
Мұхаммедтің кім екенін ұмытып,
«Иегова куәгері » саналды.
Өз тіліне,
Өз дініне қас ұлға,
Өлгеннен соң ,тыныштық жоқ ақымда.
Қазақ болып туғаннан соң,күні ертең-
Ай тұрмай ма,қабірінің басында.
Ақын А.Әбдірәсілқызы жырларында ұлтына медет, халқына пана тілейді
Жеруани шаттық жоғалған,
Мезгілсіз меңдеп мың қайғы-
Жалғанда дертті қоғамнан
Дені сау ұрпақ тумайды...
.Жаһанның сұрынан шошынып, жұртына жандауа тілеп жырлайды. Қызығы тарқағандай,дәурені көшкен далаға дәрмен іздеп шарқ ұрады. Тілеуі бірлерді ұран салып шақырып,елдің жоқшысы болуға үндейді.Ел басқарған,ұлт басқарған ұлттардың елге қамқор, жерге пана болуын көксейді. Ақынның елге ,жерге деген азаматтық үнінің айғағы. Қайсарлық пен ұлтқа деген жанашырлық, бос байбалам емес,жан дүниесін бебеу қақтырған текті мұң, жырдың өзегіндей.
Туралап тынған тұғырың,
Бақ құсы ,қайта қона гөр!
...Ұлағат тұнған Ұлығым,
Ұлтыма пана бола гөр!

Әдебиетке 80-жылдардың соңы 90-жылдардың басында араласқан буын өкілдері қазақ әдебиетіне нағыз тәуелсіздік рухын алып келді десек, қателесе қоймаспыз. Ол буыннан бөле-жарып Т.Әбдікәкімұлын, Н.Мәукенұлын, С.Нұржанды, Г.Салықбайды, Ж.Әскербекқызын, М.Райымбекұлын, одан кейінгі толқыннан Ж.Сәрсекті, Б.Бабажанұлын, Б.Алдиярды, Д.Берікқажыұлын атауға болады. Бұл буын Кеңестік дәуірдің соңғы қыспағын көрді және тәуелсіздік отынын тұтануына ортақ болған желтоқсан оқиғасына кейбіреулері куә болса, ал көрмегендері лебін сезінді. Шығармашылық қуаттарының енді қалыптаса бастаған шығында қоғамда болып жатқан өзгерістердің аталған буынның ақындық амбициаларын ұштап, жаңа бастауға жол ашқаны анықталды.

Tayeлсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының поэтикалық тұлғасын жасайтын әдеби көркемдіктердің тұтастығы ақындарымыздың өзіндік сөз қолдану, түрлендіру, құбылту, ауыстырудағы жетістіктерімен ерекшеленетінін айту керек. Олар поэтикалық тіліміздің бай қорын, тілдік мүмкіндігіміздің терең құбылысын жасап отыр. Бір өлеңнің бойында қолданатын бірнеше көркемдіктің тұтастығы өлеңнің баяндаушылық немесе қарапайым ауызекі қолданыстағы бос сөздерден айырылып, суреттілікке, образдылыққа, терең мағынаға мән беруге итермелейді. Демек, тәуелсіздік кезеңіндегі шығармалар осы кезеңнің тарихи-әлеуметтік мазмұнының көрінісі ғана емес, әдеби-тілдік қазынамызды байытушы қор қызметін де қатар атқарады. Ой еркіндігінің жаңа ой, сөз тудырудағы мүмкіндігі мол.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясы өзіне дейінгі ұлттық әдебиетіміздің ең асыл, аса озық дәстүрін жалғастыра отырып, дәуірге сай жаңа көркемдік танытып отыр. Тәуелсіздік идеясы қазақтың ауыз әдебиетінде, жыраулар әдебиетінде, одан бергі әдебиет өкілдерінің туындыларында жалғасын тауып келеді.

 

4. Фариза Оңғарсынова поэзиясындағы бүгінгі өмір шындығы.Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев өрбіткен баянды бағам – байлауды әдебиетші ғалымдарымыз М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б жалғастырды. Ақынның өз тұстастарынан және қаламдас іні – сіңлілерінен К.Ахметова, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, А.Егеубаев, Т.Шапай және басқалардың пікір – пайымдарының мәні зор болды. Өз кезінде осындай бағасын алған ақын Ф.Оңғарсынова лирикасы – қазақ әдебиеті майданындағы ұшан теңіз дүние. Ақын мұрасы сонау алпысыншы жылдардың нақ ортасында “Сандуғаштан”(1966) бастау алып, сексенінші жылдардың аяғындағы “Таңдамалыны”(1987) және “Қыз ғұмырға”(1966) дейінгі аралықты қамтиды. Ақын лирикасы “Маңғыстау маржандары” (1969), “Мазасыз жүрегіңдемін” (1975), “Шілде”(1978), “Сенің махаббатың” (1979), “Сұхбат”(1983), “Жүрек күнделігі” (1984), “Дауа”(1985), “Маңғыстау монологтары”(1986), “Екі томдық: Таңдамалы шығармалары”(1987), “Өсиет”(1995), “Қыз ғұмыр”(1996) және “Мен саған ғашық емес ем”(1999) сынды дүниелермен толықты. Осылардың ішінде “Маңғыстау монологтары” Мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығармасы.Ф.Оңғарсынова шығармашылығына көрнекті әдебиет өкілі Ә.Тәжібаев та өз бағасын берген: “Мен Фаризаның махаббат жырларынан бәрімізге ұқсамайтын өзгешелік көремін. Бұл қайсымызды болса да ойландыратын өзгешелік. Адамның шартты түрдегі ережелерге, канондарға, ескірген әдет, дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын, өз сезімін ұрламай, жасырмай, бүкпей сөйлеуін қазақ поэзиясында батыл жырлаған осы Фариза” (2) дей келе Ә.Тәжібаев ақын өлеңдеріндегі ұқсас ерекшеліктеріне, жинақтағы бейнелі тіркестер қолданысына назар аударады. Ақын Ф.Оңғарсынова поэзиясының шырқау биіктерге көтерілгенін өз дәуірінде танып, баға берген “алыптар тобының” өкілі Ғ.Мүсірепов: “Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін” деп ой түйген Фариза Оңғарсынова "от ауызды, орақ тiлдi" дегендей, өткiр де от жүректi ақын. Оның 1987 жылы жарық көрген таңдамалы өлең-жырларының қос томдығын қолға алғанда, шындықты шырқыратып бiр айтса, Фариза айтады деп ойлағанбыз. Бiрақ оның шындықты Махамбетше қақыратып атойлап тура айта алмағанын байқадық. Дегенмен, ол Махамбетше болмағанмен Фаризаша айта алған.
Ендi ақиқатты Фаризаның қалай Фаризаша айтқанын айталық. Ф.Оңғарсынова сол кезде балалар басылымында бас редактор болып қызмет атқарып жүрдi. Кеңес заманында газеттер мен журналдардың редакторлары ақиқатты өздерi айтпақ түгiл, айтқан адамдардың айтқандарын басқыза алмағаны белгiлi. Фариза сондай екi оттың ортасында қалды. Өзi айтса да, айтқанды басса да редакторлығынан айрылатын едi. Бiрақ айтпай тағы қала алмады. Фаризадан да басқа шындықты өзi де айтпай, өзгелерге де айтқызбай, баспай жүрген ақын редакторлар аз емес-тi. Бiрақ олар ақиқатты айта алмай жүргендерi үшiн дәл Фаризадай ар алдында азап шекпеген шығар.
Ф.Оңғарсынова – Махамбеттiң елi мен жерiнен шыққан ақын. Ол жастайынан Махамбеттiң қаһармандық жырларының өршiл рухын қанына сiңiрiп, асқақ азаматтығын бойына дарытып өскен. Фаризаның ақын Сараға арнау жырында:
“...Арман жолда шын-құздар өрiндегi,
Адастырма албырттау, көңiл менi.
Жалқы – Темiрқазығым – Махамбет те,
Жыр-Шолпаным – өзiңсiң көгiмдегi,” – деген серттей жыр жолдары бар. Махамбеттiң өмiрi мен жырларында алшақтық жоқ. Оның бар өмiрi – жырларында. Махамбеттiң жырларын өмiрiнен бөлiп қарай алмайсыз. Демек, Махамбеттi өзiнiң Темiрқазығы еткен ақын өмiрде ержүрек, ақиқатты, ащы шындықты ашып айтар қылыш тiлдi азамат ақын болуы керек. Сол аса зор парыз-мiндетiн Фариза ақынның терең сезiнiп жүретiнi оның жырларынан анық байқалып тұрады. Таңдамалысының екi томының беташар жырының түйiнi мынадай түйiнмен түйiнделедi:
“Зула, менiң жыр-күймем, шабыт жегiп,
Жер бетiне ғұмырлы жарық берiп.
Жүректердiң құрсауын ағыт келiп,
Зорлықтардың зардабын шеккендерге,
Әдiлеттен сыбаға алып берiп!”
Осынау жыр түйiнi ақынның өмiрде әрдайым әдiлдiктiң ақ туының астынан табылуды серт еткен айқын азаматтық позициясын танытады.
Ендiгi мәселе – осы позицияны шеп құрып қорғап, содан шегiнбей тұруда. Өзi өмiрiнiң Темiрқазығы тұтатын Махамбет аруағы да "Серт қайда?!" деп қатулы қабақпен көзiне жиi елестейдi. Сондайда ақын:...Өмiрде ешкiм тонамай тоналу бар
Соны ойласам, жанымды соғады ызғар.
Қапелiмде көзiмнен ұшқан арым,
Адалдығым, өзiме оралыңдар!” – деп лауазым мен жұмсақ орынның өзiн қалай өзгертiп, қандай күйге түсiргенiн сезiп, өзiн өзi сiлкiлеп, өзiн өзi ар сотына салады. Отырған орнынан айрылып қалмау үшiн, қалтырап, қорқып жағымпаздыққа дейiн барғаны үшiн өзiн өзi қатты айыптайды.
“Шындықты айту оңай емес шырылдап,
Ақын болсаң сен бәрiбiр айтасың,” – деген Кеңшiлiк ақынның керемет мағыналы қанатты сөзi осындайда ойға қайта оралады.
Кеңшiлiк сол жырында ненi жазу, қандай ақиқатты айту керек екенiн тап баса алмай қиналса, Фариза қалай айтудың амалын iздейдi. Ақын екi от ортасында: бiр жағында – ары, екiншi жағында – партиясы. Ар оты: "Ақиқатты айтпасаң өртеймiн" – дейдi. Ал партиясы:
“Замана заманаға табын дейдi,
Бүгiнгi күн заңына бағын дейдi,” – деген
Көкбай Жанатайұлының әйгiлi философиялық нақыл жырын ақынның құлағына құйып: "бағынбасаң – бағыңнан айырыласың!" – деп азу тiсiн ақситады. Өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай ақиқатты қалай айтса болады? Ақиқатты айту мүмкiн бе екен, сiрә? Фариза сол мүмкiндiктi табады.
Ф.Оңғарсынова өзiнiң ақындық арына салмақ болып, ұжданына ұят болып, жан-жүрегiн сыздатып жүрген ақиқатты айтуға "Мүшәйра" атты поэмасын арнапты. Таңғажайып тарихымыздың бiр беттерiнде Түркiстан мен Отырар арасында Ақынтау атты тау бар екен, сол таудың басында жыл сайын Наурыздың алғашқы күнiнде ақындардың жыр жарысы – Мүшәйра өткiзедi екен дейдi. Сол мүшәйрада ақындар ел мен жер тағдыры, адамдар өмiрi туралы ағынан жарыла ақтарылып, ақиқатты айтуға тиiстi болыпты. Ол жыр айтысты бас төрешi Абыз бастап және өзi қорытындылайды екен. Фариза тарихқа шегiнiс жасап, сол Ақынтауда он жетi ақынды айтыстырады. Олардың орталарында Айсара атты ақын қыз болады. Сөйтiп, бұрынғы ақындар айтысып отырып, өз заманының ғана емес, бiздiң бүгiнгi заманымыздың да шындығы мен ақиқатын айтып, азаматтық ойларын ортаға салады.
Бiрiншi ақын:
“Не қасиет күтерсiң бүгiнгi елден,
Жасқаншақтап күйеудей ұрын келген,
Айтар сөзiн көмейге көмiп қойып,
Күн кешедi қорқумен, дiрiлдеумен.
Қайда кеткен әдiлдiк – асыл қылық,
Көр кеуденi өртейтiн ашындырып?
Кiмдi көрсең бұғады, шындықты айтса,
Кететiндей бiреулер басын жұлып...” – деп адамдардың ұсақтап кеткенiн, таланттардың топшысынан қағып құлатып, шырқауларға еркiн самғайтын шағында қыранды қарға еткенше тыным таппайтынымызды әшкерлейдi.
Екiншi ақын:
“Жағымпаздық жайында жаңарды ұғым,
Ондай дарын болмаса қараң күнiң.
Намысқорлық, туралық, адалдықпен,
Ақымақ боп көрiнер адам бүгiн,” – деп қолында билiгi бар адамдардың алдында құрақ ұшып, жалпаң қағып, құрдай жорғалайтын жұртты жайлаған жағымпаздық дерттiң ел iшiнде етек алғанын ашына айтады. Бұл бұрынғы заманның емес, дәл бүгiнгi заманның асқынған дертi, қазiргi заманның кесапатты кеселi. Бұрын адалдық адамның ең асыл қасиетi саналып, ондай адамдар, мейлi, кедей болса да құрметтелген. Халқымыздың тарихында адалдығымен, әдiлдiгiмен елге танылған Аяз бидей кедейден шыққан билер аз болмаған. Ал бiздiң бүгiнгi заманымызда, адал адамдардың маңдайының бес елi сорына қарай, адалдық, турашылдық, сияқты тамаша қасиеттер архаизмге айналып, ондай адамдар өмiр сүре бiлмейтiн ақымақтар деп есептеледi.
Фариза ақынның қаламынан туған жоғарыдағы жалғыз шумақ жырда бүтiндей бiр заманның, бiздiң заманның шырқыраған шындығы тұр. Оның үстiне жыр қанатты сөзге айналып, қорғасындай құйылып түскен. Бұл – айтыстағы көп өлеңнiң бiрi болмай, заман шындығын жалғыз арқалап, рубағи атанып, дара тұратын жыр.
Бiрiншi ақынға қайтадан кезек келгенде, ол көреалмаушылықпен айтылатын, жазылатын пiкiрлер адал азаматтардың жолын кесетiнен айта келiп:
“Түсiнiксiз заманда түсi мүлдем
азап – қалу өз болмыс, мүсiнiңмен.
Адам бүгiн жанартау орнындағы
Кеуек тастар секiлдi iшi үгiлген,” – деп алғашқы айтқан ақиқат ойын тереңдете түседi. Ақын заманға "түсi түсiнiксiз заман" деп тың анықтама бередi. Шынында тамақ тоқ, көйлек көк болғанымен, адамдардың адамшылығы азайып, бәрi керiсiнше болып жатқаны кiмдi де болсын қайран қалдырады емес пе. Бiр кезде "қайран қазақ қараңғы, надан, сауатсыз, ғылымсыз, бiлiмсiз" деп Абай, Ахмет, Мiржақып, Сұлтанмахмұттар пұшайман болып, “аһ” ұрып, нала шектi. Сол қазақ 20-ғасырдың екiншi жартысында толық сауаттанып, ғылым-бiлiмi, мәдениетi гүлденiп, өркендеп оқу жөнiнен Еуропа елдерiмен терезе теңестiрiп-ақ қалды. Бiрақ соған сәйкес, қазақтың бойына жаңа жақсы қасиеттер дарып, адамның адамшылығы артты ма? Жарайды, адамдар жаппай сауатты, бәрi орта және жоғары бiлiмдi. Бiрақ соған сәйкес жаман қасиеттерден: өзiмшiлдiктен, күншiлдiктен, әдiлетсiздiктен, зұлымдықтан, тоғышарлықтан, қарабасшылдықтан, ойсыздықтан, арсыздықтан және басқа мiнез кеселдерiнен арылды ма? Жоқ, арылмаппыз. Қайта жамандықтарды жамап алған сияқтымыз. Ақын: "бүгiнгi адамдар iшi үгiлген кеуек тастар секiлдi" деп тұжырымдайды. Мiне, бұл – парадокс. Ақынның "түсi түсiнiксiз заман" деп анықтама беруi сондықтан.
Үшiншi ақын екiншi кезегiнде адамдардың жылдан-жылға өз құнын өздерi кемiтiп жүргенiн айта келiп:
“Жаныңа үмiт құймасын жалын сенiң,
Қадiрiңнiң өлшемi – тағың, шенiң.
Билiк болса болғаны қолында тек,
Көк тиындай қажетсiз арың сенiң.

Қажет емес ақылың, адалдығың,
Оларменен артпайды бағаң, құның.
Бiр билiктiң құлағын ұстау үшiн,
Дайын қандай iске де адам бүгiн...” – дей келiп:
“...ожау ұстау – бәрiнiң мұраттары,
әңгi есек пе, атан ба, арыстан ба,” – деп, тiптi, қатты кетедi. Мансапқорлардың билiк үшiн, қазанның құлағын ұстау үшiн арды аттап, адалдықты аяққа басып, нендей сұрқиялық, зұлымдық iстерден тартынбайтынын, сөйтiп билiк тiзгiнiн ақылмен емес, айламен алып жататынан ақын ашынып айтады.
Ақын Әбдiлдә Тәжiбаевтың:
“Бiр нәрсе бар көңiлiмде алаң болар,
Кейбiреудiң ниетi арам болар.
Сақтанбасақ мұндайдан жаман болар,
Ұятсыздар билеген заман болар,” – деп қамкөңiл болған жырын еске алалық. Шынында, билiктi арды аттап, айламен алғандар ел мен жердi, қоғамды оңдыра ма?! Ақыры, солар жүздеген жылдар бойы барша адамзаттың асыл арманы болған социалистiк қоғамды сазға отырғызып тынды емес пе.
Одан әрi айтысқа ақын келiншек Айсара араласып, бөрiктiлерге бөрiдей тиедi:
“Көп жайларды бiлмейсiң, айнам, әлi,
Бұл заманда еркек жоқ. Майда бәрi...,” – деп еркектер ер мiнез, кiсiлiктен арылғанын, турашылдықтан тайып пышырап, ұсақтап кеткенiн айтып, аяусыз әшкерелейдi:
“Бөрiктiлер жетерлiк, рас, мұнда:
Кiсiмсiген шетiнен тыраш "тұлға".
Өсек-аяң бүгiнде – ердiң iсi
Қашан әйел қалғаны қыр астында.
Ф.Оңғарсынова Айсара ақынның аузымен өлтiре сынап отырған еркектерi бұрынғының емес, осы заманның еркектерi. Қарсы дау айта алмайсыз. Ақын қазiргi заманның еркектерi туралы ақиқат ащы шындықты айтып отыр. Адалдық ақымақтыққа саналған заманда еркектер кiсiлiктен айырылып, ұсақтамағанда қайтедi!?
Жыр айтысы – Мүшәйрада келесi ақындар келесi кезектегi кеселдердi мұртынан тiзiп көз алдымыздан өткiзедi. Бесiншi ақын шындықты шыңырауға тастап, шығармай жүргендер жөнiнде жыр толғайды:
“...Шығып алып кездейсоқ қыш тұғырға,
Жол бермейдi қиялы ұшқыр ұлға.
Жалғандықтың жан-тәнiн сақтау үшiн
Кешiрмейдi шындықтың ұшқынын да.”
Төрт жолы төрт түрлi шындықты ашып, жалғандықпен жандары жымдасып, шындықты тұмшалап отырған мансап иелерiнiң сұрқиялық iстерiн беттерiне баттита басып әшкерелеп тұрған, төрт жолы түгел тайпалған төрттаған жыр. Бұл да бүтiн бiр кезеңнiң трагедиялы шындығы. Жершiлдiк пен қандастық қолтығынан көтерiп, тұғырға шыққандар жан-жағына жерлестiк, жiкшiлдiк дертiн жайып, адал азаматтарды қалай қуғын-сүргiнге салғанын бәрiмiз де көзбен көрiп жүрдiк. Қазiр де солай емес пе.
Жетiншi ақын:
“Баяғыша атуда жарық таңым,
Естiлмейдi қайғыдан тарыққан үн.
Бiрақ адам жоқ бүгiн даналықпен
Шын ойлайтын ел мұңын, халық қамын,” – деп тағы бiр шындықты шыңыраудан тартып шығарады.
"Сүйреп қосқан тазы түлкi алмайды" дегендей, ақылмен емес айламен, арамдықпен жерлестiң желеп-жебеуiмен, соның сүйреуiмен, тiреуiмен басшы боп жүргендер ел мұңын, халық қамын қайдан ойласын. Олардың күндiз-түнi ойлайтындары халық қамы емес, құлқын мен қарын қамы ғана.
Жетiншi ақын соңында тағы да сөз алып, ендi жалғандықтың жағасынан алады:
Аяқ бассаң, сыпсың мен сыбыр тiрлiк,
Дөңгеленiп жұмыр бас, жұмыр құрлық,
Арасында шырқырап құлын-шынды,
Бара жатыр зымырап ғұмыр сырғып...”
Айналамыздың бәрiн жалғандық жағалай жайлап, жаулап алған, халықты қамалына қамап, тұтқынында уысында ұстап тұрған, сөйтiп сананы улап, адамдарды аздырған бұл қай заман, қай ғасыр? Заман да өзiмiз өмiр сүрген, өмiр сүрiп жатқан – қазiргi, тап бүгiнгi заман. “Бұл – баяғы заман” деп ешкiмдi сендiре алмайсыз. Өйткенi, турашылдық пен әдiлдiк, әсiресе адалдық ақымақтыққа, өмiр сүре бiлмеушiлiкке саналған, жалғандық елдi осынша жайлаған заман бұрын болмаған. Онда адалдық адам бойындағы ең жақсы қасиет саналған. Саналмаса, қазiргi заманда саналмай отыр.
Сөйтiп, Ф.Оңғарсынова өзiңнiң "Мүшәйра" атты поэмасында "Ақынтауда" бұрынғы заман ақындарын жарыстырған боп отырып, бүгiнгi бiздiң заманымыздың ащы шындығын, ақиқатын айтып, кешiргiсiз кемшiлiктерiн көрсетiп, кескiн кейпiн, бар болмысын, бет-бейнесiн суреттеп, бейнелеп берген.
Мiне, ақиқатты – Махамбетше емес, Фаризаша айту дегенiмiз осы. Алайда, осы айтылған ақиқаттарды ақын бұрынғы өткен ақындардың жыр-жарысы етiп астарламай, бүгiнгi ақындардың мүшәйрасы етiп бергенде, бұл хас шындықты Махамбетше айтқан болар едi. Сонда бұл мүшәйра бiздiң заманымыздағы қазақ поэзиясы тарихындағы қаһармандық жырдың үлгiсi болып қалар едi. Бiрақ ақынның оған батылдығы жетпеген. Жеткiзуi керек едi! Дегенмен, осыған да шүкiршiлiк, ақынның бұл поэмасындағы ақиқаттың бұрынғы емес, қазiргi заманның шындығы, бүгiнгi өмiрдiң бет-бейнесi екенiн түйсiгi барлар түсiнедi, санасы барлар ұғады.
Поэмада жыр жарыстың бас төрешiсi Абыздың мүшәйраны қорытындылған жыры да тас түйiндей:
Халқына қайрат бере алмас
жылауық жырлар түңiлген.
Ертеңгi күннiң алауы
Ұшқынын алсын бүгiннен!..”
Абыз жырынан алынған осынау үзiндi жыр жолдары – халықтың ақындарға қашаннан айтып, тапсырып келе жатқан аманаты.