ХХІ ғасыр басындағы қазақ поэзиясы

Халқымыздың тамырын тым тереңдерден алатын төл өнері, әдебиетін сөз еткенде ерлік пен қаһармандыққа толы, ізгілік пен парасатқа бай шежірелі дәуірлердің тұтас картинасын көрер едік. Көне дәуірлерден бастау алатын ұлы мұраларымыз, тасқа қашалыпбасылған теңдессіз құндылықтарымыз , қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі телегей теңіздей жыраулар поэзиясы - әлем әдебиетіндегі шоқтығы биік жауһар дүниелер.
ХІХ-ХХ ғасырлардағы ғажайып әдебиетіміз небір ұлы тұлғаларды тарих сахнасына шығарды. Осы ұлы тұлғалар ұлттық сөз өнерімізді айрықша биікке көтеріп, ұлттық әдебиетімізді жасады. Бүгінгі таңға дейінгі туып, қалыптасып, өркендеген руханиятәлемі, сөз өнері әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиеттану салаларында жан-жақты зерттеліп, әр қырынан қарастырылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихымыз жаңа көзқараспен зерделеніп, әдебиетіміз қайта таразыланды.
Осы жылдары өмірге келген көптеген туыдылар оқырман қауымнан өз бағасын алып, әдеби айналысқа енді, ғылыми бағасын да біршама алуда.
Ал, біздің мақаламыздың арқауы – ХХІ ғасыр басындағы қазақ поэзиясы болмақ. Ұлттық поэзиямызда Серік Ақсұңқарұлы, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, т.б. ақындар нағыз шығармашылық кемеліне келіп, өлең әлеміне сүбелі үлес қосып жатса, осы ақындардың үлгі-өнегесін алып, ізін басқан жас толқын туралы байыпты, салмақты әңгімелер әлі айтыла қойған жоқ.
Тәуелсіздік таңы атып, қазақ поэзиясы жаңа соқпақ , тың сүрлеуге түскен жылдары әдебиет айдынына Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Әмірхан Балқыбек, Әділ Ботанов, Роза Қараева, Талғат Ешенұлы т. б. қалам қарымымен танылған тегеурінді толқын келді.
Дәстүр жалғастығы мен рухани сабақтастық - әдеби үрдістегі айнымас фактор. Осы қуатты лекпен бір заманда жасасып, бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқан, ізін өкшелеп, жолын жалғаған әдеби орта – ХХІ ғасыр ақындары, яғни шығармашылығы ғасырымыздың басынан бері жарық көріп, тырнақалды жыр жинақтары көпшіліктің жылы ықыласына бөленгендер. Бұл ақындардың қатарына Танакөз Толқынқызы, Руслан Нұрбай, Алмас Темірбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак, Ақберен Елгезек, Құралай Омарова, Қалқаман Сарин, Рахат Әбдірахманов, Бауыржан Қарағызұлы, Ерлан Жүніс, т.б. жатқызамыз. Таланттардың жұртқа танылып, жаңа есімдердің ашылуына республикалық деңгейдегі түрлі кеңестер, форумдар және облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының үлесі аса зор болды. Мыңдаған жаса есімдер ашылып, көптеген талантты жастың жыр жинағы жарық көрді. Ғасыр басындағы қазақ поэзиясының тұтас бір көркемдік сипатын жасау, аяқ алысын аңдап, бағыт-бағдарын бағымдау қазақ ғылымы алдындағы үлкен жауапкершілік артатын аса күрделі міндет болғандықтан, біз белгілі бір аймақтың қазаққа танымал болған ақындарының шығармашылығына ғана шолу жасамақпыз. Атап айтқанда, Қарағанды облысында туған, халықаралық, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпаздары атанған аса талантты ақындар Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак, Рахат Әбдірахманов.
Руслан Нұрбай 1974жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. ҚарМу-дың журналистика факультетінің түлегі. 2001ж. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2004ж. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Әр түрлі деңгейдегі бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. 2009ж. «Жалын» баспасынан «Ыстыбұлақ» атты алғашқыжыр жинағы жарық көрді.
Руслан ақынның өлең әлеміне үңілсек, поэзия табалдырығын аттағаннан бастап, бүгінгі кемеліне келген шығармашылық өміріне дейін не жырласа да, өз үнімен, өз қолтаңбасымен қаламын сөйлетуге ұмтылған ізденгіш талаттың ізін көреміз.
Жалынды ақын сөз өнерін айрықша қастерлеп, әр сөздің астарынан әдемі әсер мен терең ой таба біледі. Оның «Әріп пен ұғым» өлеңінде қазақтың әрбір қасиетті сөзі ғажайып ұғымға ие болып, сөйлей жөнеледі.
Көз алдымда зымырайды елік-күн,
Елік-күнге мен қалайша еріппін?!
ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,
ӨМІР деген төрт әріпке еніппін.
Содан бері бұлдырайды сағым-күн,
Сағым күнде сабылумен жаным жүр.
АНА деген үш әріпке жаутаңдап,
БАЛА деген төрт әріпті жамылдым,- деп басталған өлеңде ӘКЕ – ДАЛА кеңдігінің символы болса, лирикалық кейіпкер АРУ-ды арман деп, СҰЛУ-ға сүйсінеді, кей кезде ДОС ТУЫС-тан да жоғары болатыны, Жыр-ға ғашық жүрек АҚЫН-дыққа бас иіп өтетіні, сол өнерге іңкәр көңіл үшін ЖЕР бетінде ӨЛЕҢ-нен артық қасиет жоқтығы – біз білетін, білсек те, айта алмаған, Руслан ақын тауып айтқан тегеурінді ойлар.
... Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,
Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай
АҒА деген үш әріпке жетіппіз
АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай.
Өлең осылайша салмақты оймен, әдемі түйінмен аяқталады. Өлеңнің өн бойында қастерлі ұғымдар жаңа реңкке ие болып, тың әсерге ие болады. Теңдіктің, ізгіліктің, тектіліктің, сұлулықтың, өлмейтін өнердің тұңғиық сырларынабойлағыңыз келеді.
Ақын қарапайым пенденің қабылдауына жазбаған бояуларды көреді, дыбыстарды естиді, құбылыстарды әлдебір түйсікпен сезеді. Сондықтан да оны Алла ерекше жаратқанына иланасыз. Дәлел – оның жүрегінен төгілген қасиетті сөз.
Руслан Нұрбай поэзиясы - аз сөзден үлкен мағына тудыратын тауып айтатын, қазып айтатын өршіл пафоспен жырланатын, азаматтық позициясынан танбайтын отты поэзия.
Бүгінгі таңдағы әдебиет өлкесінде жұртшылыққа зор талантымен танылып, қалам қарымымен қазақтың қасиетті өнеріне қомақты үлес қосып келе жатқан ақын, прозаик Серік Сағынтай Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 2002ж. «Шабыт»
Халықаралық фестивалінің лауреаты. (әдебиет номинациясы, проза) 2005ж. «Зерде» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты республикалық жыр мүшәйрасының бірінші жүлдегері. Ақынның 2007ж. «Жазу», 2009ж. «Фәни құс» атты жыр жинақтары жарық көрді.
Өлең әлеміне құлаш ұрған шақтан бастап-ақ Серік ақынның өзгеге ұқсамайтын өзіндік ой әлемі, өзіндік сөз өрнегі, өзіндік тіл нақышы бірден байқалды. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де, тебіренісі тереңдікпен астасып, өзіндік түйін жасайтынын аңғару қиын емес. «Қазақ» өлеңінде:
Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?!
Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенім.
Егесіп екі кештің арасында,
Сүргінге сүрең салып тарттым дедім.
Кіреуке кілбің кілкіп кірпігімде
Қосып бір құмай күнді түлкі іңірге.
Түтігіп тебінгімді тер шірітіп,
Күңіреніп күнге жорттым күн түбінде...,-дейді ақын.
«Күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінген, арыстандай екі бұтын алшайтып, жолбарыстай шұбарды таңдап мінген, пышақтан малы кетпеген, қазаны оттан түспеген»мырза қазақтың, мәрт қазақтың, жауынгер қазақтың рухын іздейді ақын.
Әлі де қазақ әдебиетіне берері мол осы талантты ақындардың шығармашылығы өмір, қоғам, халық мәселесінен ажырамай шындықты шырқырата жырлауымен ерекшеленеді. Руслан Нұрбай өршілдігімен, азаматтық арынымен танылса,
Серік Сағынтай ой тереңдігімен, биік интеллектісімен, Бағдат Мүбәрак тың шешімімен, тапқырлығымен, Рахат Абдрахманов адам жанын қапысыз танитын нәзік иірімімен ерекшеленеді. Зор талантты жас ақындардың кәзіргі қазақ поэзиясында өзіндік үні, қолтаңбасы, орны бар.