Жүрсін Ерманның жалынды жырлары

«Бүгініміз- беймәлім

Ертеңімі күмәнды» («Ырғай жыры») заманда қаламын серік етіп, өлең- жырын жаныны көрік етіп жүрген ағаларымның бірі- Ж.Ерман. Жүрсін ағамды кезіндегі ақындар айтысының ұйымдастырушысы ретінде танитын едім. Ендігі уақытта оның «Ырғай» жыр кітабын оқығаннан бері жазба ақын ретінде де мойындадым. Тіліп түсер өткір тілді ақын ағаның жырларын жанымы жақын тарттым. Ұнаттым.

Өзімше сараласам... (әй,бірақ, аға жырын саралайтын мен кіммін?) ...сонда да.

«Бұлантының жоқ бұланы» өлеңі:

«...Бәрі жоқ боп жатқан ұдай,

Берекесіз шақта бұлай.

Иманы жоқ адамдарға,

Иланудан сақта, Құдай!»,-деген жолдармен өріледі.

Қазіргідей «ісіміздің бәтуасы, сөзіміздің тұрлауы жоқ» (ақын өзі айтқандай) уақытта иманынан адасқандар қаншама. Солар емес пе, елге іріткі салып, ошақтарды ойрандап жатқан, аққа күйе жаққан.

Сондықтан да осындай азғындардың сайтани қылықтарына күйініп, ақын жыр төгеді. «Сақта, Құдай!»,-деп жалбарынады.

Ереде бір жас жігіт ақылы асқан қарияға келіп: «Маған Аллаға бастар жолды көрсет, менің сол жолмен жүргім келеді»,-деп қолқа салған екен.

Сонда қария: «Балам, сен әйелді сүйіп көрдің бе?»,-деп сауал тастапты.

Тыжырынған күйде: «Жо-о-қ, мені әйел түк қызықтырмайды, мен тек Алланы ғана сүйемін»,-дейді жігіт.

-«Онда саған ол нұрлы жол жабық,-депті қария,- себебі, әйел затын сүйе алмаған, Алланы да сүйе алмайды»

Осы сынды Жүрсін ағаның:

«Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні- әйелде...

...Халыққа сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын...

...Әлемнің тілін таппайсың,

Әйелдің тілін таппасаң...

...Әйелмен күнің өлшенер,

Құдайдан кейін-сол шебер.

Бақытты сен де болмайсың,

Әйелің сорлы болса егер.

...Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!»,-деп келетін жолдары бар.

Бұл- әйелді биік көтеру. Өйткені, әйел-жар, әйел- Ана. Ендеше, бұл жыр- Ананы сүю, Ананы мойындау.

«Ер туған жеріне» дейді қазақ. Ақын да туған өлкесін әспеттеп жыр арнайды: бір тауына арша болсам дейді, даламның сарқылмас бұлағы болсам дейді... дей келе, жырдың соңғы шумағында:

«Сенен өнгем өскен ем,

Ей, Туған жер,

Қайта айналып өзіңе кеткім келер»,-деп түйіндейді.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» сөзбен шешкен шешен халықпыз ғой. Ел мен елді жауластыратын да, жауласқан жұртты татуластыратын да, мұңайтатын да, мұңайған жанды қуантатын да- сөз. Сөз құдіретін «Бәсіре сөз» өлеңінде Жүрсін ақын:

«Аттан жығыл жығылсаң- оқасы жоқ,

Жығылуға болмайды сөзден, балам»,-деп жыр өреді.

Бұл жолдар сөздің парқын түсінгенге мол өнеге.

Осы ойды «Мына заман...» өлеңінде:

«Сәбйімдей мен сені әлдилеймін,

Сен аман бол киелі сөз өнерім»,- деп сабақтайды.

Қаншама асылдарымыз көзі тірісінде елден тепкі көріп күн кешті. Кешегі Қасым ақын баспана іздеп сенделмеді ме? Мұқағали да жанын қоярға жер таппай жын суына жүгінбеп пе еді?... Қазір ше? Олар- ұлы, олар-дауылпаз ақындар. Өзі кеткен соң сөзін ұлықтайды, қазақ.Осы кемшілікті Журекең «Данышпан » өлеңінде:

«Ғайбаттайды ел сені, дуылдайды,

Жырдан бірақ жүрегің суынбайды.

Бар жазығың-тірісің,

өліп кетсең,

Ұлы ақын деп бәрі де шуылдайды»,-деп шырылдап жеткізеді.

Жазықсыз жала құрбаны Міржақып ақын «Оян,қазақ!» деп ұран салды. Жүрсін ақын да:

«Жібімей ме жаратқан жаппар әлі,

Айырмай- ақ қойдың-ау ақ- қараны.

Табағыңа түсетін сыбағаңды,

Тағы біреу қымқырып ап барады.

...-Бастырылып жатырсың, оян, қазақ!»,-деп әлі де маужыраған елді селт еткізбек ниетте.

«Алдаспан жияр болсаң- алмасыңмын»деп қайсарлығын көрсетеді ағам. Осы қайсар ақынның қайсар жырларын мен өзімше тілге тиек еттім.

 

Қалқаман Сарин поэзиясындағы сыршыл лирика. Махаббат лирикасы- сыбызғы сезімге толы лирика. Абай атамыздың өзі- «Ғашықтың тілі- тілсіз тіл» деп жырлап кеткен емес пе еді?

Күні кешегі, жырын Алаш жұрты мойындаған Мұқағали атамды мен ХХ ғасырдың махаббат пірі дер едім. Сезімге толы әрбір шумағы жүрекке от салады.

Бүгінгі күні өз басын, махаббат жыршысы деп, өзі айтқандай бір күн де мөлдір мұңсыз өмір сүре алмайтын ақын- Қалқаман ағамда айтар едім.

«Ойлаумен тек өзіңді түн де ұзарар,

Сырыма қанып үнсіз жұлдыз ағар.

Мендегі махаббатты оятты ғой,

Сендегі сезім тұнған нұрлы жанар» («Ән сияқты әуезді өлең»)деген шумақтың сыртқы құрылысы, әдемі ұйқасы ғана өзіне еліктірмейді. Сонымен қоса сезім оянып, шабыт бойға сыймайтын түн әлемін жырға қосу арқылы, ғашық жанның нұрлы жанары ақын бойындағы махаббатты оятқанын жүрекке шынайы жеткізе білген.

«Жұлдызды аспаным жымың қаққанда жақын кеп,

Жұлдыздан құрап жазамын өлең ақын боп.

Қалай да, жаным, сені ұмытуға тиіспін,

Ал сағынбауға хақым жоқ...»

Тағы да түн, тағы да мұң...

Қалқаман ағамның өлеңдеріндегі махаббат бөгенайы (символы)- түн бе деп ойлаймын. Бұл шумақтағы мөлдір мұң- сағыныш. Жұлдызды аспан астында ғашық жанның сүйгенін сағынбауға хақысы жоқ. Өйткені ол шын сүйеді.

Келесі бір өлеңде ақын тағы да мұңды жазады. Ол мұң- қоштасу,сүйгенімен айрылысу. Өлең маған ұнады. Себебі- өлеңнің өн-бойы толған сырлы сезім. Ал сезімнің ешкімге ұнамауы мүмкін емес.

Оқып көріңіздер:

«Көлдей тұнық көзіңмен қызықтырдың,

Жүрді сонда жазықсыз жүзіп бір мұң.

...Қоштасар сәт келгенде қимай мені,

Мөп-мөлдір мұңнан моншақ үзіп тұрдың.

 

...Ұмыттым.

Бәрі-бәрі ұмытылды,

Жаныма махаббаттың мұңы тұнды.

Қураған жапырақтай жалған сезім,

Алсам да алақанға үгітілді.

 

Кездестік қоштасқалы...

Күз. Кешкілік.

Мұңлы әуен тұрды алыстан бізге естіліп.

...Шақырып кездесуге сонда сені,

Кеттім-ау жалғыздықпен жуздестіріп» («Кездестік қоштасқалы»). Жүректі тербейтін жолдар емес пе?!

Бұл- менің оқырман ретіндегі өз ойым. Сіздер қалай ойлайсыздар, достар?