Ж. шаруашылық реформасы және ғылыми-техникалық процесс.

Республикадағы барлық мәселелер командалық-әкімшілік әдістермен шешілді. Жоғарыдан жоспар бекітіліп берілді. Бұл кәсіпорынды қандай шығынға да қарамай жоспарды орындауға мәжбүр етіп, тұтынушыларды өндіріске ықпал ету мүмкіндігінен айырды. Өндірістердегі еңбек коллективтерінің мүддесі ескерілмеді. Экономикадағы дағдарысты құбылыстардың салдарынан халық шаруашылығының өнімдері тоғызыншы бесжылдықта 12%, оныншы бесжылдықта 3,6%-ке орындалмады. Сол кездегі еліміздің басшылары ана съезбен мына съездің аралығында экономикадағы көрсеткіштер жылдан жылға өсіп келе жатыр деп жалған ақпараттар беріп отырды. 1970 жылы табысы аз шығыны көп совхоздар мен колхоздардың жалпы саны 15%-тей болса, олар 1985 жылы 51%-ке өсті. Өндірістің өсу қарқынының төмендеуі, өнім саласының нашарлауы, ғылыми-техникалық прогресс саласындағы артта қалушылықты күшейтті.

1965-1985 жылдары республиканың өнеркәсібі біршама өсті. Өнеркәсіпті дамыту үшін 40 млрд. қаржы жұмсалды. Химия, мұнай саласы 3 есе, машина жасау 5 есе өсті. Мыңға жуық өнеркәсіп орындары мен цехтар қосылды. Олардың ішінде Ақтаудағы пластмасс заводы, Қарағандыдағы резина бұйымдарын жасау заводы, Павлодар мен Шымкенттегі мұнай өңдеу заводы. Екібастұз және Ермак ГРЭС-тері, Қапшағай ГРЭС-і. Жайрам кен байыту комбинаты, Ақтау қаласындағы атом реакторы болды.

Осы жылдары Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Қазақстан орталықтың бір шет аймағы болып қалды. Ұлттардың өзін-өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды.

Орыс емес халықтардың тілі, әдет-ғұрып, ерекшелігі ескерілмеді. Кеңес халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің ролін асыра бағалау процесі жүрді. Біздің тарихымыздың бір бөлігі болып табылатын көшпелілік цивилизациясы мен шығыс мәдениеті жауып тасталды.

Адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. Қазақстанда тіл саясатын тек ұлтаралық қатынас тілін ғана қолдап, ол ұлт тілі туралы айтылмады. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуге, мемлекеттік дипломатиялық әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95%-і орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70%-і орыс тілінде болды.

Осы жылдары басқаша ойлаудың барлық түрі қудаланады. Әдебиет пен өнер саласындағы бірқатар интеллигенттер қуғынға ұшырады. Ақын О.Сүлейменовтың «Аз и Я» деген кітабы ұлтшылдық, пантюркистік деп қуғынға түсті. Философия институтының коллективі даярлаған «Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы» деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог Исмағұловтың «Қазақстанның этностық геногеографиясы» деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды.

1979 жылы жазда орталық Қазақстан басшыларымен, жергілікті қазақ халқымен сананспай Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандарынан орталығы Ерейментау қаласы етіп, Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім қабылдады.

Автономиялы облыс құру, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Олар Ақмолада, Ерейментауда, Көкшетауда митингілер өткізіп, «Қазақстан бөлінбейді», «Неміс автономия болмасын» деген ұрандар көтерді.

2.1986-1991 жылдар аралығындағы қоғамдық өмірдің жандануы.

1988-1991 жылдары КСРО-ның сыртқы саясаты түбірінен өзгеріске ұшырады. Жаңаша саяси ойлаудың нәтижесінде алғаш рет Америкамен соғыс қару-жарақтарын жасаудан жарысу тоқтатылып, әлемдегі соғыс қаупін болдырмау шаралары іске асырылды. Алыс және орта қашықтыққа ататын ракеталарды жоюға келісті. 1988 жылдан бастап Кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарыла бастады.

Қайта құру жылдарындағы Қазақстандағы елеулі оқиғаның бірі Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болды. Халықтың, әсіресе жастардың көтерілуіне 1964 жылдан 1986 жылға дейін үздіксіз басқарған Дінмұхамед Қонаевтың зейнетті демалысқа шығып, оның орнына Қазақстанға белгісіз Ресейдің Ульяновск облысын басқарған Колбинді тағайындалуы түрткі болды. Сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйе қазақ халқының мүддесін ескермеді, онымен санаспады. 17 желтоқсан күні жастар алаңға қолдарына плакаттар алып, бейбіт демонстрацияға шықты. Ол плакаттарда «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болуы керек», «Ешқашандай ұлтқа артықшылық берілмесін» деген сияқты ұрандар жазылған еді. Ешкіммен ақылдаспай командалық әдіспен шешуді үйренген сол кездегі империялық жүйе демонстрацияны күштеп қуып таратты.

1988-1991 жылдар аралығындағы қоғамдық өмірдің жандануы Демонстрацияларға қатысушылардың саны американдық Хельсинки тобының деректері бойынша 30-мыңға жеткен. Демонстрацияны қуып тарату үшін 50 мың әскери адамдар, 20 мың милиционерлер, 16 мың жасақшылар жұмылдырылды.

Колбин бастаған топ өздерінің арсыз қылықтарын жабу үшін демонстрацияға қатысқандарға «балалар бақшасын қиратты», «балалар әлемін талқандады» деген жалған ақпарат таратып, жала жапты.

Желтоқсан көтерілісін зерттеу үшін М. Шаханов бастаған Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі комиссиясы құрылды. Бұл комиссиясының анықтағанындай ішкі істер министрлігі – 2236, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті - 2212, прокуратура-2401 адам ұстаған. Жалпы 8500 адам ұсталған. 99 адам әр түрлі мерзімге сотталған. Екі адам Рысқұлбеков пен Әбдіқұлов ату жазасына кесілді.

Артынан кешірім жарияланып Рысқұлбековтың жазасы 20 жылға, Әбдіқұловтың жазасы 15 жылға ауыстырылды. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Спатаев сынды жастар Желтоқсан көтерілісі салдарынан қаза тапты.

Желтоқсан көтерілісі күшпен басылғаннан кейін қазақ жастарын қуғындау басталды. 264 адам жоғарғы оқу орнынан шығарылды. Жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. Жалпы 90 мыңға жуық қазақ жастары басқа аймақтарға кетуге мәжбір болды.

3.Мемлекеттік тоталитаризм жағдайында қоғамдық қатынастарды демократияландыру.1986 жылғы КОКП орталық комитетінің 25 желтоқсандағы мәжілісінде қазақ жастарының демократиялық бой көрсетуі «қазақ ұлтшылығының көрінісі» деп бағаланды. Тек үш жылдан кейін ғана 1989 жылы Қазақстан жоғарғы Кеңесі бұл бағаны айыптап, қазақ жастарының қозғалысын демократиялық қозғалыс деп әділ бағасын берді.

1990 және 1991 жылдары еліміздегі басты мәселелердің бірі жаңа Одақтық келісімге қол қою болды. Жаңа келісім шартқа 1991 жылы 20 тамызда қол қою көзделген еді. 1991 жылы тамыздың 19-ы мен 21-і арасында Кеңестер Одағында әскери төңкеріс әрекеті жасалды. Төңкерісті ұйымдастырушылар Г. Янаев, О. Бакланов, В. Павлов елде төтенше комитет құрды. Олар ел Президенті М. С. Горбачевті үш тәулік бойы Форостағы демалыс үйінде қамауда ұстап, өз еркімен Президенттік өкілдігінен бас тартуды талап еткен. Сонымен бір мезгілде, 19-20 күндері әскери бөлімдер күшімен Россия жоғарғы Кеңесінің үйін басып алуға бірнеше рет әрекет жасады. Ельцин бастаған Россия басшыларын халық қолдады. Соның нәтижесінде төңкерісшілер Ақ үйді басып ала алмады.

Бұл күндері Қазақстанда жағдай бірқалыпты болды. 20 тамызда Н.Назарбаев арнайы мәлімдеме жасап, төтенше комитетінің іс-әрекеттерінің ешқандай заңға, Конституцияға сәйкес келмейтінін ашық айтты. Осы оқиғадан кейін Одақтық шартқа басқаша көзқарас туды. Бұл оқиға Одақтың ыдырауын шапшаңдатты. 1991 жылы 8 желтоқсанда Белоруссияда Россия, Белоруссия, Украина басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойды. Сонымен бірге 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда тоғыз мемлекеттен тұратын тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды. Алматы кездесуінде КСРО-ның ыдырап, ТМД-ның құрылғаны туралы Декларация қабылданды.

Сұрақтар:

Қазақстандағы 1960 ж. екінші жартысы мен 1980 ж. бірінші жартысындағы ғылым, білім, мәдениет.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 4 том. Алматы, 2010.

2. Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.

3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

1. Абылхожин Ж.Б. Очерки социально- экономической истории Казахстана. ХХ век. А., 1997.

2. Алдажуманов К.С., Козыбаев М.К. Тоталитарный социализм: реальность и последствия. А., 1997.

3. Алма-Ата. 1986. Декабрь. Книга-хроника. А., 1991.

4. Алматы. 1986. Желтоқсан. А., 1992.

5. Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг.). А., 1991.

6. Желтоксан 86. В 10-ти томах. А., 2006.

7. Кунаев Д.А. О моем времени. А., 1992.

8. Кунаев Д.А. От Сталина до Горбачева. А., 1994.

9. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі.1,2 тт. А., 1998.

10. Қонаев Д.А. Өтті дәурен осылай. А., 1993.

Қосымша әдебиеттер:

1.Балмуханов С. Атомный полигон моими глазами // Простор. 1990. № 11.

2.Задорожный Г.К. Школы Казахстана (1946-1970). А., 1975.

3.Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі. Т. 1-2. А., 1998.

4.Кошанов А.К. Индустриальный прогресс Казахстана в период развитого социализма. А., 1979.

5.Народное хозяйство Казахстана за 70 лет: статистический сборник. А., 1990.

6.Экономика Казахстана за 60 лет (1917-1977). А., 19