АДАМГЕРШІЛІК ТУРАЛЫ ПАЙЫМДАР

 

Ғалымжан. Адамгершілік адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасып, әрбір дәуірдің өзіндік қайшылықтарымен біте қайнасып, жетіледі. Сондықтан да адамгершілік мәнін абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшелігімен ғана байланыстыруға болмайды.

Әрине адамзат тарихында пайда болған адамгершілікке байланысты көптеген категориялар — жомарттық, батылдық, шыншылдық, баққұмарлық, сыпайыгершілік, әділдік пен достық, ар мен намыс тағы басқалары сонау көне дәуірден басталып, күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпаған. Сондай-ақ адамзаттың, әрбір адамның ішкі рухани адамгершілік дүниесінің негізгі формалары — үміт, сенім және махаббат үнемі даму үстінде.

Дегенмен, бүл адамгершілік категорияларына әрбір қоғам өзінің даму процесінде оның мазмұнына көптеген өзгерістер енгізіп отырды. Айталық көне грек дәуіріндегі адамгершілік категориялары сол қоғамдагы тарихы, әлеуметтік, экономикалық процеске тығыз байланысты болып, сол заманның негізгі қозғаушы күші — құлдарды ешбір ойшыл, философ, жазушы, тарихшы, тағы басқалары адам деп есептемеді. Сөйтіп, ол қоғамдағы қалыптасқан моральдық, адамгершілік категориялардың құлдарға ешқандай қатысы жоқ болып шықты. Одан кейінгі орта ғасырлық дәуірде де адамгершілік проблемалар дін жолымен шешіліп, құдай туралы идеологияның қолында болып, адамдарды бағындырудың құралына айналды. Ал капиталистік қоғам барлық қатынастарды заттық қатынастар арқылы шешпекші болғандықтан адамның өзі мен күші сатылатын товарға айналғандықтан адамзат қалыптастырған моральдық адамгершілік категориялар қайшылыққа ұшырады, қанаушы таптың қолындағы рухани құралдарға айналды.

Асан. Біздің еліміздегі орын алған жатсыну процесіне байланысты мораль мен адамгершілік құны түсе бастады ғой. Қазір кейбір жастардың арасында адалдық, шыншылдық, ар-ұят, ұждан жауапкершілігі, сыйластық, тағы басқалары өзініц мазмұнынан айрылып, кейде жай бос сөз, кейде күлкіге айналып кетті ғой?

Үсен. Ол рас шынында да осы адамзаттың рухани азығы болып келген адамгершілік пен моральдың қазіргі күндердегі маңызы төмендеп барады. Сондықтан да осы адамгершіліктің қалыптасуының тарихи жолдарына қысқаша көз жүгіртейікші. Өйткені онсыз адамгершілік пен моральді, оның қазіргі ролін түсіну қиынға соғады.

Ғалымжан. Үсен дұрыс айтасың. Әуелі тарихи шолу жасасақ адамгершілік пен мораль мәні де ашылатын шығар.

Адамгершілік пен моральдің шығуы қоғамдық қатынастармен тығыз байланысты екені сіздерге түсінікті. Бірақ, қоғамдық қатынастар әр дәуірде әр түрлі ғой. Дегенмен сонау құлдық қоғамдық формацияның өзінде де жалпы адамзатқа тән, оның өмір сүру жағдайына лайықты моральдық, адамгершілік принциптері қалыптаса бастады. Сондықтан да осы көне заманның өзінде де адамның қарым-қатынасының негізінде туған адамгершілік принциптері қоғам өмірімен байланысты болды. Орта ғасырлық дәуірдегі моральдық, адамгершілік принциптер дін мен шіркеудің идеологиялық құралына айналса да өмір шындығынан алшақ кете алмады. Сондықтан да діни идеология адамгершілік проблемаларымен біте қайнасып жатты.

Ұзақ жылдар бойы (тіпті жетпіс жылдан астам) біздің еліміздегі дінге, оныц идеологиясына карсы күрестің негізінде дін мен имандылық арасындағы айырмашы-лықтардың жігін аша алмай, сайып келгенде жаңа заманның өзіне тән дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, салт-санасын қалыптастыра алмай, адамдарымыздың ішкі рухани дүниесін босаңсытып жібердік. Әрине, орта ғасырдағы дін мен біте қайнаскан моральды, оның кодексін сынауға қазір әркім батылдана кіріседі. Бірақ, оның негізі неде, оның орнына нендей принципті ұсынамыз, ол жағы белгісіз. Олай болса орта ғасыр дәуіріндегі рухани адамгершілік принциптерін әлі де болса толық зерттеуіміз, өзімізге қажетті жақтарын пайдалануымыз керек.

Бірақ, мораль мен адамгершіліктің калыптасуы орта ғасырлық дәуірден өтіп, капитализмнін өрлеу заманына тап болды. Осы буржуазиялық қоғамның адамгершілік пен моральдық принциптеріне сын көзімен караған немістің классикалық философиясының өкілдері өз тарапынан осы мәселелер жөнінде келелі пікірлер айтты. Енді осы мәселені ортаға салайық.

Асан. Бұл мәселеге ерекше мән берген И. Кант өзінің «Практикалық ақыл-ойға сын» деген шығармасында мораль мен әдет-ғұрыптың борыш пен ынталықтың, ақыл-ой мен сезімнін арасындағы қайшылықтарды атап көрсетті. Сондықтан да Канттың мораль туралы пікірлері күні бүгінге дейін өте маңызды. Ол моральды адамзаттың мәдениетіне жатқызып, оның екінші адамдандырылған табиғатты тудыратынын атап көрсетті. Мораль индивидтің өзара қоғамдық қатынасынан келіп шығатын процесс. Мораль жеке адамның коғамда өмір сүре алатын, басқалармен үйлесімді қарым-қатынаста бола алатын қабілеті. Мораль адамдардың ішкі дүниесінің көрінісі, олардың практикалық өмірдегі бейнесін жасаудағы іс-әрекеті. Сондай-ақ, мораль адамдардың қатынасынан туатын идеалды түрде өмір сүретін объективті, жалпы маңызды, әрі қажетті адамгершіліктің жиынтығы. Сонымен қатар мораль өзінің мәні жағынан жеке дара мен рулықтың, адам мен адамзаттың арасындағы ізгілік ережелерінің жиынтығы. Осы жиынтық арқылы әр адам өзінің адамдық қасиеттерін қалыптастырып дамыта алады.

Үсен. Бір сөзбен айтқанда Кант адамгершілікті моральға бағындырды, содан алып келіп шығарды десеңізші?.

Асан. Иә, оның моральдық принциптері өзінің сыншылдығымен ескі, қатып семіп қалған қағидаларды батыл ысырып тастауымен бағалы.

Үсен. Ал, Гегель болса мораль мен адагершілікті бір-бірінен бөліп алып қарайды. Ол көбінесе адамгершілікке назар аударып, оның мәнін ашуға ұмтылады. Адамгершілік қоғамның әдет-қүрыптарымен ғасырларға созылған дағдылы дәстүрлерімен тығыз байланысты. Ол жеке индивидке сыртқы дүние сияқты болса да, сайып келгенде онымен бірдей қоян қолтық косыла кетеді. Ал мораль болса адамның ішкі сенімділігі, рухани куәлевдіруі. Шынында да адамгершілікке ие болған адам сыншылдықтың не түрлі тексерулерінен өткен жөн.

Адамгершілік адамдардын практикалық өмірінен келіп шыққан әдет-ғүрып, дәстүрлерді тудырып, солармен сәйкес келеді. Ал мораль болса шыңдыққа қарама-қарсы, теріс қарым-қатынаста пайда болады және субъективті түрдегі міндеттенушіліктен келіп шығады. Сондықтан да адамгершілік қоғамдық мораль деп қарауға да болады. Өйткені ол адамның, қоғамдық ортаның (отбасы, мемлекет) негізінде туындайды. Мораль керісінше адамгершіліктің жекелеген жақтары сияқты. Ол жеке адамның өзіндік бағалы идеясынан келіп шығады.

Асан. Сонда Гегель керісінше моральды адамгершілікке, тәуелді етіп, содан туындатып отыр ғой?

Үсен. Әрине, негізінде адамгершілік моральдан гөрі жоғары тұрады ғой.

Асан. Қалайша? Оны әлі ойлау керек.

Ғалымжан. Сіздердің бағанадан бергі Кант пен Гегель туралы айтқан пікірлеріңіз оқулықтар мен кейбір монографияларда кездеседі. Ал, шындығында мына мәселені ойланайық. Қазір ғой, мораль мен адамгершілікті бөліп алып қарай ма, әлде оларды бірге деп есептей ме?

Асан. Меніңше олар бірге, біте қайнасқан. Өйткені қай жерге барсаң да мораль, мораль деп қақсап жатқаны. Сондағы айтайын дегені адамгершілік. Кейде адамды жұмысқа алғанда, оған мінездеме бергенде «моральдық жағынан ұстамды» деп жазамыз. Ол адамның қандай екенінде біздің жұмысымыз жоқ. Сондықтан да бұл категориялық ұғымның мазмұны ішкі жағынан жалаңаштанып, сыртқы, сөз бейнесі ретінде ғана қалады. Соның тармақтарын білесіңдер ме?

Үсен. Жоқ, есімде ештеңе қалмапты.

Асан. Міне, осындай кодекстің кесірінен мораль адамдардың ішкі дүниесінің көрнекті белгісі болудың орнына елдің ат тонын ала қашатын құбыжығына айналды. Қазір үй ішінде ата-анасы ұрысқан бала: «Маған мораль оқымаңыз» деп шыға келеді. Сасып қалған ата-ана: «Жоға, жоқ мен мораль оқымаймын» деп ақтала бастайды.

Үсен. Міне осыдан келіп «моральдандыру» деген жат сөз, ұғым пайда болды емес пе? Мораль десе төбе шашымыз тік тұратын дәрежеге жеттік.

Асан. Дұрыс айтасың. Адамдар моральдан қашты, оны өздері әңгіме кезінде қолданбауға тырысты. Мұндай теріс көзқарас қайдан пайда болды? Меніңше бар пәле тәрбиеде жатыр. Алдымен отбасында одан соң балалар бақшасында тәрбие мәселесін моральды ұғындырудан, соны насихаттаудан бастаған дұрыс. Бірақ, мораль жалаң болғандықтан, күнделікті өмірмен, практикамен, қоғамдық қызметпен байланыспағандықтан, жастар бүкіл моральдық қағидалардан соңғы кездері безіп кетті ғой.

Әрине, бүған тоқыраушылық жылдарағы өмірдің екпінді дамуына төтеп бере алмай, іске алғысыз болған моральдық кодекстер жауапты. Өйткені, олар өмір қайшылығына тап болды. Сондықтан моральдық принциптер, керісінше әсер етіп «адам бол», деген жақсы ниет арамзалардың шығуына, «еңбек ет», деген қағида арамтамақтардың кең өріс алуына жағдай жасады.

Үсен. Иә, солай болды ғой. Мұның барлығын біз өмірде біле тұрып, білмеген боламыз. Сөйтіп біз адамгершілік принциптерінде аяққа таптадық. Адамгершілікке тәрбиелейтін отбасы өз міндетін балалар бақшасы мен мектепке жүктеп, ал олар болса керісінше барлық мәселені отбасына қарай артып, екі ортада жастарымыз далада калды. Сонау ананың ақ сүтімен басталатын адамгершілік принциптері қазір көптеген отбасында балалар бакшасы мен мектептерде әлі де толық қалыптаспаған.

Ғалымжан. Мұның барлығы дұрыс, бүл жерде ешбір дау жоқ. Бірақ мәселе тек сынап-мінеуде ғана емес, қазіргі қоғамды ең алдымен адамгершілікке бай етіп қайта құру болып отыр ғой. Осы мәселенің түйіні кайда жатыр?

Асан. Ол үшін моральды Кант айтқандай өте маңызды фактор деп, адамның ішкі дүниесінің шешуші түйіні деп терең түсінуіміз керек. Үйде де, түзде де, балалар бақшасында да, мектепте де, — барлық жерлерде жаттап алған моралъдық қағидаларды қақсап айта бермей, сөзден іске көшіп, өмірдің өз дамуынан шыққан процестерді моральдық негізде бағалауымыз керек. Өйткені сан ғасырлар бойы қалыптасқан адамзаттың мәдениеті бойынша моральдық қасиеттерді де кеңінен сақтаған. Соларды үғынып, түсініп қана қоймай, оларды өмірдің өзіне пайдалану қажет. Әрине ғасырлар бойы жинақтаған моральдық ережелер бар. Оларды да адамдардың арасындағы қатынастар арқылы қарап, бағалап, негізгі мәнге айналдырған дұрыс. Сонда ғана адам мен адамзаттың біртүтас рухани мұрагерлігі қалыптасып, қоғамның шын моральдық негізде дамуына жол ашылады.

Үсен. Әрине адамгершілік принциптерінсіз мораль алысқа бара алмайды. Қазір біз ұзақ жылдар бойы дамымай жоғалуға айналған әрбір ұлттың, әсіресе қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін, тағы басқа ерекшеліктерін қайтадан жандандыруға кірістік. Өйткені қазіргі жастар өзінің ұлтын, оның даму ерекшелігін, оның бойындағы адамгершілік қасиеттерін түсіне алмай жүр. Бұл жағынан алғанда мораль адамгершілікке кемектесуі кажет. Сонда ғана мораль адамгершіліктен келіп шығады. Сонау көне грек заманындағы Сократ әуелі адамгершілікті қарапайым, адамдар арасында қатынастардан шығатынын терең ойлармен түсіндіре келіп, моральға тіреледі. Одан соң ол мораль адамның бойындағы негізгі байлық екенін көрсете отырып, қайтадан оны адамгершілікпен ұштастырды.

Кейде мораль дегеніміз сыртқы көрініс, этикаға, формаға қалай жүріп тұрудың, адамның өзін өзі қалай ұстаудың ережелеріне айналып, ал адамгершілік деген ешбір түсініксіз абстрактылы бірдеңеге ұқсайды. Сондықтан да моральды жеке адамға, адамдарға тән десек, адамгершілік бүкіл адамзаттың, қоғамның бойындағы асыл қасиет деп есептеп, екеуінің арасындагы органикалық, гармониялық үйлесімділігін көре білуіміз керек.

Ғалымжан. Мұның бәрі өте дұрыс айтылған пікірлер. Бірақ сіздер Кант пен Гегельдің айналасынан шыға алмай жүрсіздер. Мәселе осы ойшылдардың пікірлерінде қажетті нәр, дән жоқ деген тұжырымда емес. Олардын сол данышпандық ойларының қалай жүзеге асырылып келе жатқандығында болып отыр. Ол үшін әуелі маркстік-лениндік позицияға түсіп, немістің классикалық философиясының тар өрістілігін қалайша жеңіп шығуы керек екендігін ұғынуымыз керек.

Марксизм мораль мен адамгершілік мәселелерін алдымен адамдардың арасындағы өндірістік практикалық қатынастардың тірі арқауына әкеліп кіргізеді. Сондықтан да әрбір қоғаммен әрбір тап осы ұғымдарға өзінің әлеуметтік мазмұнын енгізіп, үнемі өзгертіп отырады. Ал енді адамдардың арасындағы әлеуметтік, саяси-экономикалық қатынас қоғамның өндіріс қатынастарынан келіп шығатыны сіздерге белгілі. Қоғамдық өмірдің өндірісімен ұдайы өндіруі екі жақты процесс. Ф. Энгельстің тілімен айтқанда «тіршіліктің өзін өндірудің және ұдайы өндіріп отырудың» екі жағы бар. «Бір жағынан — тіршілік заттары» тамақ, киім-кешек, тұрғын үй, және осыған керекті құралдар өндіру; екінші жағынан — адамдардың өзін өндіру, ұрпақтың жалғасуы» (К. Маркс, Ф. Энгельс. Таңдамалы шығармалар. II том, 210 бет).

Олай болса мораль мен адамгершілік осы процестің екі жағымен де тығыз байланысты. Адамдар өздерінің болмысын, тұрмыс жағдайын, тіршілік заттарын өндіргенде өзара өндірістік қатынаста болады. Сол қоғамдық қатынастардың негізінде адамдардың арасындағы бір бірін түсінушілік, бір-біріне деген ілтипат, бірін бірі сыйлаушылық, тағы басқа да қатынастар әуелі ғасырлар бойы орын алып келген моральдық принциптер негізінде құрылды. Одан соң әрбір адамның өзіндік ерекшелігі мен бойындағы қасиеті, басқаларға деген қатынасы, оның отбасымен өткен ортадан алған тәрбиесінің айнасы ретінде не күңгірттеніп, не жарқырай көрінеді. Осындай моральдық қатынастар өндіріске де әсер етпей коймайды. Шығарылған өнімнін сандық жағымен бірге сапасының бар екені бәрімізге мәлім. Ендеше сапа осы адамгершілік қасиеттерінің ерекше көріністерінің бірі десек қателеспеген болар едік. Өйткені жұмысқа, өндіріс процесіне жауапсыз, немқұрайлы қарау, қалай болса солай атқару өнімнің сапасын көрсетеді. Екінші жағынан, мораль мен адамгершіліктің «адамның өзін өндіруге», ұрпақ жалғастыруға тікелей қатысы бар. Біздің еліміздегі адамдардың әсіресе жастардың жоғары білім алуымен қатар, өнегелі, тәрбиелі, адамгершілігі зор болғаны бірінші орында тұрғаны жөн.

Омар ақсақал. Дұрыс айтасың қарағым. Қазір екінің бірі оқу оқып, жоғары білім алатын дәрежеге жеттік қой. Бірақ солардың ішінде оқығаны көп те, тоқығаны шамалы болып тұр-ау. Әсіресе жоғары білімді, тіпті ғалым иесі немесе мекеменің басшысы, тағы басқалары өзіінң адамға деген қарым-қатынасынан-ақ «әй мынау ешбір тәрбие алмаған қу-ау, шіренуін қарашы», деп ойлайсың. Олардың кейбіреулері өзіңмен тіл қатысып сөйлеспейді де. Олар өздерінің атқаратын жұмысын басқа біреуге, көмекшілерге аудара салады. «Адамды түсінен танығанша ісінен таны» деген осы-ау. «Әй, қайтейін, кайсыбірін айтайын» депті баяғыда біреу. Сол айтқандай бүл өнегесіздіктің қайсын айтып тауысасың? Өркен жайып барады ғой бұл құрғыр бетін аулақ қылсын?

Асан. Осының бәрі жастайынан берілетін тәрбиеден. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық мәтелі. Тәлім-тәрбие болмаған жерде адамгершілік қайдан қалыптасады? Австриялық жазушы С. Цвейгтің «Жозеф Фуше» деген кітабында атақты қолбасшы Наполеонның дөрекі мінезінің бір көрінісі бар. Сол туралы: «Осындай ұлы адамның осыншама жаман тәрбие алғаны қандай өкінішті» деп министр Талейран императордың бетіне тіке сарт еткізіп айтты емес пе?! (Стефан Цвейг. Собрание сочинений в семи томах. Том четвертый. М. 1963. стр. 530).

Үсен. Сонда тәлім-тәрбиемен кім айналысуы керек?

Асан. Ең алдымен отбасында! Өйткені тәлім-тәрбиенің ананың ақ сүтімен қоса берілетіні бәрімізге белгілі ғой.

Ғалымжан. Әрине, тәрбие әсіресе адамгершілік, оның алғашқы нәрі отбасында берілуге тиіс. «Адам тәрбиесі ол туысымен басталады» деді француз философы Ж. Ж. Руссо. Шынында да адамгершілік ананың ақ сүтімен келіп, адамның әрі қарай жетілуіне үлкен негіз болады. Бірақ, осы ананың ақ сүтімен келген адамгершілік ақиқатын көп жерде көре алмай жүрміз-ау. Менің есіме атақты жазушы В. Распутиннің көрнекті ойы түсті. Ол өзінің сөзінде, егер біздің заманымызда жас Пушкин өмір сүріп, бірақ ол ардақты күтушісі — Арина Радионовнаның өлең-жырларынан, ертегілері мен әндерінен нәр алып тәрбиеленбесе, керісінше ол сахнадағы күні-түні ән айтатын жалба-жұлба киімді актрисаның барылдаған даусын естісе, онда ол Пушкин емес, Дантес болып өсер еді» — депті.

Жазушының бұл сөзінде терең шындық жатыр. Қазіргі жастардың көбі дерлік шет ел эстрадасы, музыкасы, ансамбльдері, тағы басқаларымен тым әуестеніп, өзінін халқының, ұлтының, елінің музыкасын, өнерін, мәдениетін білмей, оларды білейінші деп ұмтылмай-ақ өсіп келеді. Міне, қорқынышты нәрсе осы!

Асан. Әрине, бүл жастардың өз мәдениетімен әдебиетіне, сонымен қатар өткен тарихына немқұрайды қараушылықты тудырды. Ал, өз тарихын білмеушіліктен өткен сорақылық бар дейсің бе? Адамгершілік әрбір халықтың аса бай рухани қазынасымен тығыз байланысты.

Үсен. Шынында да Оралхан Бөкеев ағайдың «Атау кере» повесіндегі бір кейіпкер осы мәселе жөнінде былай дейді: «Біз күні бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, бет-бейнесі мен болмысын, келбеті мен лайықтылығын анықтай алмай жүрміз. Әсіресе қазақтардың ...ұлтымыздың ар-ұждандық идеалын білмейміз».

Ғалымжан. Шынында да біз өз дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан айрылып, құр алақан қала жаздадық. Оған не себеп болғанын сіздер жақсы білесіздер.

Асан. Оған себеп болған сталинизм, хрущевизм және брежневизм тоқырау заманындағы жағдайлар мен содан келіп шыққан идеологияшылдық процесі. Идеологияшылдықтың кең өріс алғандығы сонша тіпті осы жоғалтқан мәдениетіміз бен әдет-ғұрып, салт-санамыздың орнына «интернационализм» деген даурықпа ұран шықты.

Үсен. Интернационализм жалпы адамзаттың өзара бірлік қатынасының ең жоғарғы белгісі ғой.

Асан. Әрине ол дұрыс. Бүл сөздің мағынасы өте терең жатыр. Бірақ осы ұғымның әбден сілікпесін шығара пайдаланып, қисыны келсе де келмесе де интернационализм деп, кім ұлты үшін жаны ашып, халқы үшін қабырғасы қайыса, мәселе қозғаса оны ұлтшылдық дедік-ау.

Үсен. Интернационализм әрине ұлт мүддесін; оның мәдениеті мен әдет-ғұрпын, салт-санасын жоққа шығармай, қайта оларды бойына терендетіп сіңіре береді. Бірақ ең жаман нәрсе біз интернационализм деп басқа жақтан, буржуазиялық батыстан келген көптеген келеңсіз нәрселерді үйрендік-ау деймін.

Асан. Дәл солай. Тағы да Оралхан ағаға жүгінейік. Оның жоғарыда аты аталған повесінде мына сөздер адамды ойлантады: «Ішімдікке салыну, ана тілінен жеріну, дәстүр мен салтты саудалауға солай... үйретеді, үйренеді».

Үсен. Өз ұлтымыздың ана тілін, дәстүрін, өнері мен салт-санасын білмеген соң басқа ұлттың модаға айналған жөн-жобасын қабылдау әдетке айналып барады. Біздің құрбы жастарымыз жаман, тәрбиеден тыс нәрселерді көп үйренеді. Еліктеушілік — жігерлі еріктен айырушылықтың бір түрі емес пе?!

Омар ақсақал. Ғасырлар бойы қалыптасып келген ата-бабамыздың әдет-ғұрпын, салт-санасын жаңаша жаңа өмірге сәйкес неге жандандырмасқа. Әрине, ондай салт-саналардың озығы да тозығы да бар. Бізге керегі сол озығы, күні бүгінге дейін сақталып келген қажетті жақтары емес пе?

Алдымен, меніңше, барлық халықтарға тән адамгершіліктің жалпы өрнектері — адамды сыйлау, ең алдымен үлкенді, қарияны, елге еңбегі сіңген қадірлі адамдарды сый-құрметке бөлеу. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» демей ме халқымыз. Сонда ол адамдар өзінің қызметінің жемісін көріп, өмірге риза болып, болашақ ұрпаққа сенім арта қарар еді ғой.

Ал қазір шет елдерден бе, әлде өзіміздегі басқа халықтардан үйрендік пе оны құдай білсін, о алла тілімізде айтуға келмей тұр, «қарттар үйі» деген сұмдық сөз шықты. Әрине, үлкен-үлкен қалаларда жетім-жесір, панасыз, ешбір ағайын туысқаны жоқ (қазақта ағайын туысқаны, жамағайыны жоқ дегенге кім сенсін, қарға тамырлы қазақ емес пе?!) қарттарды мүмкін осында әкеліп, орналастыруға болатын шығар? Әй, қайдам? Ал бала-шағасы бар, немерелері жүгіріп жүрген қария әжелер мен ақсақалдарды әкеліп, осы үйге тастап кету қандай қиямет! Ондай қатыгез адамдарға болашақ ұрпақ қарғыс жаудырудан басқа не айтар дейсің?! Әлгі айналып кетейін Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір», «Қара шал», «Қара бала» деген әндері іші-бауырыңызды елжірете езгілеп, не түрлі сұмдық, адамгершіліктен безген жанның бейнесін көз алдымызға әкеледі.

Асан. Ойбай, ата ондай без-бүйрек, тас бауыр жандар көп-ақ қой, қазір. Олар өз ұлтымызда да жиіленіп барады.

Омар ақсақал. О, тоба-ай десеңізші. Бұрын-соңды біздің қазағымыздың тарихында да жантүршігерлік соғыстар, қан төгістер, бір бірінен өш алу, қаталдық болған шығар. Ал енді мына біздің заманымыз болашаққа ұмтылып, еңбек етіп жатқанда, осындай үлкен адамдарға, қарттарға деген қатыгездік пен қиянатшылық тарихымызда ешбір болмаған еді ғой. Сонау көне заманнан бері қариялар, қарт адамдар дастарқанымыздың сыйлы қонағы болып, төрімізден орын алушы еді. Кімнен ғана үйрендік екен осы қатыгездікті?

Асан. Ақсақал біз бір жағынан әрине осыған үйрендік те, үйретті де ғой, мына қиюы қашқан дүние!

Ғалымжан. Дегенмен тәрбиеде көп мән жатқанын ұмытпауымыз керек. Балалардың өсуіне, олардың рухани түрде жетілуіне, адамгершіліктің қалыптасуына көңіл бөлмеген соң олар тасбауыр, менменшіл, қайырымсыз боп өседі. Әрине өміріміздің жоғарыда айтқандай жат қылықтары біздің жастарымызға үлкен әсер етті. Дегенмен адамның өзіндік тәрбие алу, даму процесін ұмытпайық. Атақты кеңес педагогы Василий Александрович Сухомлинский осы тәрбие туралы былай деді емес пе: «Тасбауыршылық адамдарға немқүрайды қарауды, ал немқүрайлылық — менмендікті, менмендік — қатыгездікті тудырады».

Омар ақсақал. Мәселе үлкенді сыйлау, ештемені білмей жатталған көрсоқырлылық емес, қайта ол адамдардың ақыл-өсиетін, сөздерін еске сақтап, тәлім-тәрбие алу, олардын өмір жолын әрі қарай жалғастыру.

Ал енді балаларды, жастарды қай халық болмасын ерекше сүйіп, қүрметтеп, мәпелеп өсіруге тырысады. Мүнда да адамгершілікке байланысты көптеген жайлар бар. Алдымен жастарды, балаларды еркелетіп, мәпелеп «құлыным», «шыбыным», «ботам» дей отырып, оларға қатал да болып, тәртіпке шақырып, жаман әдет-ғүрыптардан жирендіріп отыру керек. Баяғыда «ұры» деген сөз өте қорқынышты, өте ауыр сөз болатын. Ұрлығы ашылып қалған адам не өте қатты жазаланып, не ауыр ар таразысынан өтетін. Ал қазір ұрлық деген көбейіп кетті. Жолда жатқан нәрсені іле кету былай тұрсын, үйлерді, мекемелерді тонау, әсіресе, жастар жағынан, әдетке айналып бара ма деймін? Кейде осы мәселені «Бізде дүние әлі жетіспейді, адамдардың еңбекақысы әлі аз» деп түсіндірмекші болғанына қайран қаласың. Сонда немене бұл тонай беруге ұлықсат деген сөз бе?

Баяғыда ананың ақ сүтіне аузы тиген балаға «ешкімнің ала жібін аттап басушы болма!» деп үйретпеуші ме еді, құдайым-ау. Айтайық әз Тәукенің жеті жарғысында осы ұрлыққа қарсы, адамгершілікті тәрбиелеу туралы мәселелер көп айтылды емес пе? Соның бір-екеуін еске түсіре кетейік:

3-жарғы «Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын!»

4-жарғы «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын!»

5-жарғы «Өреде тұрған тұсаулы жүрген сайгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын!»

Міне, аса қатал болса да бірақ әділ заңның өткен заманындағы бейнесі осындай. Яғни «Ар жанға, жан тәнге батады» деген осы!

Адамгершіліктің тағы бір көрінісі біздің тарапымыздан жастарға деген қатынасымыздың қате қалыптасуынан болып отыр-ау деймін. Біз балаларды, жастарды тым өбектеп, асыра бағалап, нақты түрде оларды өзіндік даму ерекшелігін бағдарлай алмаймыз. Осындай «тәрбие, алған жастар кейін келе ата-анасының мойнынан қартайғанша түспейді. Ондай балалар ата-анасын сыйламайды да, келешекте күтпейді, тіпті бара-бара өзімізге масыл болмасын деп олардан құтылуға тырысады.

Әрине, балаға жөнсіз қатал болып, ұрсу-жеку, олардың жер-жербірлеріне жете кемсіту де жақсылыққа әкеле бермейді. Ондай орынсыз жәбір көрген жастар, қауіпті жолға түсіп кетуі де мүмкін.

Дегенмен жастарға әдет-ғұрып сақтау керек-ақ. Олар ғасырлар бойы халқымыз қадірлеп келген асыл қазынасы — адамгершілікті игеру қажет. Мәселен, сый-құрметті көрсету ғана емес, ізеттілік те кейде әрбір жастың киім-киісіне, өнер-бойын ұқыпты ұстап, әрбір істе ізгілікті болуына қарап отырып, оның ішкі дүниесіне де көз жүгіртуге болады.

Асан. Яғни атақты немістің ақыны әрі драматургы Ф. Шиллер айтқандай: «Адам өз ісімен танылады» ғой!

Ар деген сөзден шығады біздің өткен өмір тарихымыз біздің арымыз. Арымыз таза болса тарихымызда таза. Бірақ тарихымыздағы ұзақ жылдар бойы орын алып келген қиянат пен ауыр зардаптар халқымыздың адамгершілік сана-сезімін ойсыратып жіберді ме деймін? Өйткені сонау жетпіс жылғы тарихымыздың өзі идеологияшылдықтың құрсауында болып, ресми түрде өмір сүрді ғой. Ал сонау ғасырларға созылып, мыңдаған жылдарды қамтыған тарих жөнінде ештеңе айта алмайтын жағдайға жеттік. Тарих және оны зерттеу белгілі бір адамдардың қолжаулығына айналды. Енді ғана тарихымызды ластаған идеологиялық процестерден тазартуға, олай болса арымызды да тазалауға мүмкіндік туды. Дегенмен әлі де толық тазалыққа жетуге әкімшілік-әміршілік жүйе бөгет жасап келеді.

Үсен. Е, қайдам? Арымыз толығынан тазарды деген сөздің өзі іске асар қояр ма екен? Өйткені, қазір кейбір адамдардың адамгершіліктен жатсынып бара жатқанын көріп отырмыз ғой. Ондай мәңгүртке айналған адамға не істей аласың? Онда ешбір парасаттық қасиеті қалмаған — ол үшін ар-намыс, ұлттық сана-сезім бос сөз, адамгершіліктің барлық жағынан жұрдай болған. Абайдың тілімен айтқанда «сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауызға» не істейсің? Әлде Ш. Айтматовтың «Жан пида» романындағы Базарбайды «сен бүл дүниеде өмір сүруге татымайсың» деп өз қолымен атып тастаған Бостон сияқты іс-әрекет жасау керек пе? Ол да табыла кеткен ақыл емес. Өйткені мұндай іс-әрекеттен соң Бостонның қандай жағдайға ұшырағанын Шыңғыс ағамыз былай деп суреттейді: «Мына адамдардың жүзіне қарап, Бостон кенет өзінің әлдебір сызықтан өтіп, өзгелерден мүлде бөлініп қалғанын сезді... Қазір олардың жүзіне қарап, жатсынуды, жатырқауды байқады. Сонда барып енді өзі бұл адамдарға мәңгі мүлде жат екенін ұқты. Өмір бақи бүлар оны көріп білмегендей жат. Егер өліп қалып, көрден қайтадан тіріліп келсе, жүрт қандай шошыр еді, қазіргі халі де сондай» (Шыңғыс Айтматов. «Жан пида». Роман. Алматы. «Жалын» 1988. 475 бет).

Міне адамгершілік үшін күрескен адамның жағдайы осындай. Адамдықтан безген «өзі де ит» адамды заңсыз әркім өзінше жазалауға тиіс емес. Бірақ ондай «ит адамға» жазалайтын заң біздің конституциямызда жоқ. Жатсыну деген процестің диалектикалық арақатынасы осындай.

Асан. Ал адамгершіліктен босап шығып, еркіндік алып ар мен намысты аяққа басып жүргендерге не істеу керек? Олар үшін адамгершілік принциптерінің бәрі де бос сөз. Дүниедегі ең мықты — ақша мен дүние-мүлік. Ал басқаларын, оның ішінде адамгершілік қасиеттерінде сатып алуға болады. Тек бар, бай болу керек! Олардың ойынша бай болсаң, тіпті Қарабай болсаң да ештеме етпейді.

Омар ақсақал. Астапыралла! Қарабай несі, ойбай! Қазақ қазақ болғалы байлықты дәріптеп, оның иесі болған дүниеқоңыз Қарабай сияқты жанды адамның қатарына қосып, көрген жоқ. Ол адамзат тарихындағы азғындықтың, қорқаулықтың, қанағатсыздықтың, са-раңдықтың, қатыгездіктің, адамгершіліктен жүрдай болып малмен бірге малға айналған сұмның бейнесі емес пе? Сан ғасырлар бойы халқымыз сол есімнен жиіркеніп келді ғой?! Жоқ, жоқ! Бізге Қарабайдың керегі жоқ!

Ғалымжан. Иә, қазіргі заманда тіпті жеке меншікке кең өріс ашып, сауда саттыққа жол берсек, байлықтың көзін ашып ерікке бастасақ та Қарабайды бүгінгі таңда қажет-ақ деп айту — саяси соқырлық болар еді.

Сонымен қатар қазіргі қайта қүру дәуірі кеңінен көтеріп отырған — демократияландыру, жариялылық, бюрократизмге қарсы күрес, ұлтаралық қатынастардың мәселелері ец алдымен адамгершіліктің санасынан өтуге тиіс. Әйтпесе осы келелі проблемалар бос сөздердің тасқынына үшырап, өзінен өзі жойылып кетеді.

Әсіресе бюрократизмге қарсы күрес әлі де мардымсыз. Әміршілік-әкімшілік жүйенің қоғамымызға бойлап енгендігі сонша, одан құтылу, оның көзін жою оңайға түспейді. Олай болса теріс моральмен әбден жарақтанып алған бюрократизм оқ өтпейтін берік қамал сияқты, қанша сынасақ та мұрты қисаяр емес. Бұл жүйенің түрі өзгергенмен мазмұны сол қалпында. Халыққа, коғамға оның зияны үлкен. Ұлтаралық қатынастар туралы мәселені өздерің де жақсы білесіңдер. Бүл шиеленіскен ауыр жағдайға, азамат соғысының хаупіне жақындап кеп тұрған мәселе. Ендеше оны адамгершілік принциптері арқылы ғана шешуге болады. Басқа жол жоқ....

Асан. Осы жоғарыда айтылған жаулар, пәлелер бір уақытта құрып кетті емес пе? Сонда олардың қайта туып жанданғаны ма?

Ғалымжан. Иә, жоғарыда айтылған адамгершіліктің қас жаулары әр уақытта өмір сүріп келеді. Олардың қоғамдық, экономикалық, саяси-әлеуметтік, идеологиялық дағдарысына байланысты ерекше көрініп қалатын кездер болады. Міне қазіргі қоғамның өз арын тазалау кезеңінде бүл жаулардың адамгершілікке қарсы барынша күреске шығуы да заңды нәрсе сияқты.

Сонымен адамгершілік дегеніміз не болды?

Асан. Адамгершілік қоғамдағы ресми дамудың ең жоғарғы кезеңі деуге болады. Қандай қоғамда болмасын әуелі оның адамгершіліктегі жеткен шыңымен бағалағанымыз дұрыс шығар?!

Үсен. Мұндай ойды толығынан қостауға болады. Өйткені адамгершілік деген ойлау процесі мен ақыл-ойдың диалектикалық өзара бірлігі. Себебі біздің санамыз ақыл-оймен тыгыз байланысты ғой. Ал бұл екеуінің диалектикалық арақатынасы, екеуінің де мәнінің ашылуы тек адамгершілік арқылы ғана бола алатын процесс.

ТҮЙІН

Ғалымжан. Омеке, бағанадан бергі айтылған әңгімелердің басы-қасында болып, өз ойларыңызды да ортага салдыңыз. «Тоқсан ауыз сездің тобықтай түйінін» енді сізден тыңдасақ. Мен сізге ұлықсат болса бірер сүрақ қояйын деп едім.

Омар ақсақал. Егер жауап бере алсам, жаксы болар еді?

Ғалымжан. Біз ой-сана, білім, ақыл туралы пікір алыстық. Бүл мәселелер бір жағынан философиялық көне заманнан бері қарай адамзаттың көкейінде кең орын алып келеді. Ал екінші жағынан, күні бүгінге дейін оның ашылмаған қырлары мен сырлары жеткілікті екен.

Сіздін ойыңызша сана халқымыздың өмірінде қандай орын алды, сол туралы не дер едіңіз?

Омар ақсақал. Ой-сана біздің халқымыздың өмірінде (басқа ұлттарда да солай болар) үлкен орын алды және де әлі де маңызды. Басымыздан кешірген қилы-қилы кезеңдерді, ауыртпашылықтар мен не түрлі қырғын апаттарды халқымыз санасында сақтап келді ғой. Оны жазушылар мен көптеген зергер ойшылдар өз шығармаларына арқау етті. Біздің санамыз әрдайым еркіндік аңсаған сана болды ғой. Ол қалай да еркіндікке жетуге ұмтылды және жетті де. Оған айқын айғақ ретінде таяуда ғана кейінгі ұрпаққа таныс бола бастаған Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Жүсіпбек, тағы басқаларының есімдері мен үзақ жылдар бойы торға қамалған ой сезімдері.

Бірақ қарағым-ай қазіргі кезеңде санамыздың өзі бірте-бірте «қасіреттің» құшағына кіріп бара жатқан жоқ па?

Ғалымжан. Ақсақал «қасірет» деген ауыр сөз ғой? Ол сонау 1932 жылғы ашаршылық пен Ұлы Отан соғысынан кейін, айтылмай кетіп еді?!

Омар ақсақал. Е! қарағым, Семей мен Ақтөбедегі тарсылдатып жарып жатқан сынау орындары қасірет емей немене? Ал бір уақытта шортаны аттай тулап, шағаласы мен үйрек-құсы шулап жатқан Аралымыздың тартылып бара жатқаны, одан ұшқан ақ тозаң тұздардың балаға да, анаға да, барлық адамдарға ауру таратып жатқаны қасірет емей немене? Дүние жүзіне даңқы жайылған, кеңдігі мен кеңділігі адам баласын таңқалдырған Балқашымыздың екі жақты қыспаққа ұшырап, жер бетінен жойылып бара жатқаны қасірет емей немене? Өз мекенінде, өз жерінде орын таба алмай, халқымыздың шұбап жүргені, қала мен аудан орталықтарынын табиғаты жағынан бүлініп, енді қоныс болудан қалып бара жатқаны қасірет емей немене?

Ғалымжан. Жеке адамның өміріндегі қасірет әкелетін не жаман?

Омар ақсақал. Е, қарағым, өсек пен төсек қой!

Ғалымжан. Онда ақымақтық деген не болды, ақсақал?

Омар ақсақал. Бастаған істі аяқтамай, не орта жолда қалдырып тастап кету!

Ғалымжан. Онда біздің 70 жылдан астам уақыт бойы істеген ісіміздің аяқталмай калғанын не деуге болады?

Омар ақсақал. Оны сіздер білесіздер, оқыған ғалым адамсыздар ғой?! Оны да ақтап, «дәләлдейтін» оқымыстылар табылар?!

Ғалымжан. Сіздер балаларыңыз бен немерелеріңізге «оқыңдар, әйтпесе надан боласыңдар» — деп үйретесіздер ғой?! Сол оқығандық ақылдылыққа әкеле бермейтінін жаңа талқыладық емес пе?! Оған қалай қарайсыз?

Омар ақсақал. Түсіндім сұрағыңды, қарағым! Заманына қарай ағымы, толқыны емес пе?! Көптің ойы осыған қарай ауып кетті ғой, оған не істейміз? Бірақ оқығаннан гөрі тоқыған ата-баба дәстүрімен оның өткен жолына көбірек үңілу, содан сабақ алу дұрыс қой?!

Ғалымжан. Ата-баба жолын игеруден әлі де қалып бара жатырмыз ғой, ақсақал?!

Омар ақсақал. Онда зауал келді десеңші — артың қараңғы, алдың — терең жар, енді қайда барып оңасың?

Ғалымжан. Адамдық пен надандықтың арасы қанша?

Омар ақсақал. Әрі қашық, әрі өте жақын. Көне замандағы даналар айтты емес пе? Егер надан өзінің надандығын білсе, ол ақылды болатын көрінеді.

Ғалымжан. Онда өнегесіздік надандықтың негізгі белгісі болғаны ғой?!

Омар ақсақал. Дұрыс айтасың, қарағым! Өнегесіздік жайлаған жерде адамдыққа жол жоқ!

Ғалымжан. Е, кең дүние тарылып, қуырыла бастады десеңізші?!

Омар ақсақал. Иә шырағым, заман құрылып болды ғой. Ізгіліктен ізде қалмай жүрмесе жақсы болар еді?!

Ғалымжан. Адамның бойындағы ең жаман қасиет қандай дейсіз?

Омар ақсақал. Меніңше, ұстамсыздық!

Ғалымжан. Тәрбиедегі ең жаман не?

Омар ақсақал. Қатыгездік!

Ғалымжан. Онда қоғамымыздың жөнді өркендей алмағаны ғой?

Омар ақсақал. Мүмкін. Мен кейінгі балалардан, жастардан қорқамын. Олар тым қатыгез болып адамгершіліктен безіп бара жатқан сияқты.

Ғалымжан. Онда тәрбиедегі ең жақсы не болды?

Омар ақсақал. Мейірімділік!

Ғалымжан. Адамның бойындағы жазылмайтын кесел не?

Омар ақсақал. Күншілдік. Әсіресе біздің халқымыздың өмірінде ол едәуір орын алып келді ғой?!

Ғалымжан. Жан азабы дегеніміз не?

Омар ақсақал. Қайғы! Одан өткен азап, одан өткен тозақ бар ма?!

Ғалымжан. Жан рақаты дегеніміз не болды?

Омар ақсақал. Арманыңның орындалуы! Одан өткен жұмақ пен рахат бар ма?!

Ғалымжан. Ондай болса неден сақтану керек?

Омар ақсақал. Есі шыққан есерден, тосыннан келген кеселден!

Ғалымжан. Енді тілектеріңіз қандай?

Омар ақсақал. Айта бер, қарағым!

Ғалымжан. Қарияларға не тілер едіңіз?

Омар ақсақал. Өмірде ешкімге керексіз болып қалмаңдар!

Ғалымжан. Еркектерге ше?

Омар ақсақал. Дүние мен өмірдің тұтқасы екендіктеріңді ұмытпаңдар — дер едім.

Ғалымжан. Әйелдерге қандай тілек айтасыз?

Омар ақсақал. Ана деген қасиетті есімді әрдайым ардақтап қастерлей біліңдер!

Ғалымжан. Балаларға не дейсіз?

Омар ақсақал. Қарттарға қарап өз өмірлеріңнің мән-жайын түсінуге ұмтылыңдар!

Ғалымжан. Бүкіл адам баласына не тілегіңіз бар, ақсақал?

Омар ақсақал. Ой, қарағым-ай, қандағы жоқты тауып алдың ғой. Бүкіл адам баласына тілек айтатын мен кіммін, мұншама?

Ғалымжан. Дегенмен?

Омар ақсақал. Қоймадың ғой, қарағым. О, адамзат! Адам деген ардақты атты ұмытпа, қадірле, әрі терең түсін — дер едім!