Бөрілі менің байрағым

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

 

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен.

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

 

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз,

Қарасайлап шабамыз,

Қызыл қанға батамыз.

Бөрілі байрақ астында

Ту түсіріп, жау алған

Қазыбек, Қастек атамыз.

 

Бөрілі байрақ көтерсе,

Жоқты жонып табамыз.

Бөрілі байрақ астында

Ту түсіріп, жау алған

Шапырашты батыр бабамыз.

 

Бөрі басы — ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым.

 

Датқаларға

Ат құйрығын бұлаған,

Қол жеткен жерін сұраған,

Егескен жауы жылаған,

Қызыл тілін безеген,

Найзасын тасқа тежеген,

Тұлпар мініп, ту алған —

Мен Қарасай ұлымын.

Беліне садақ байланып,

Алмас қылыш асынған,

Арыстан болған жасынан,

Қол үзілмей қасынан,

Дулыға кетпей басынан,

Құрсанған жаудың әскерін

Қуып еді Қарасай

Жоңғардың қақпа тасынан.

Атамекен жері үшін

Дұшпанды сөйтіп қашырған.

Пенде болған көп қалмақ,

Қарасайды көргенде,

Құлдық ұрып бас ұрған.

 

Қарасай тартып жебесін.

Жай оғындай жайнатып,

Дұшпанның ойған төбесін,

Гүрзісін көкке ойнатып,

Өлігіне толтырған

Жоңғардың биік белесін.

 

Үш жүздің басы бірігіп,

Көктобеде ту тікті.

Абылайды хан сайлап,

Қалмаққа тиді айғайлап.

Датқалар, несін сұрайсың,

Қарасай мен Сұраншы

Өтіп еді-ау едді ойлап...

 

Заманында датқалар,

Ұрты кеуіп, мақтанар.

Пайда тапса дау-шардан,

Шоқтығына дақ салар.

Екі ауылды егер ғып,

Қолтығына шоқ салар.

Басындағы дәулетін

Бір күн болмай ақтарар.

Елге жақпас қылығы—

Бұл заманның ұлығы

Параменен мал жиып,

Бойынан асқан былығы.

Оязға қайтсем жағам деп,

Үзілер болды жұлыны.

 

Өз елін өзі қарақтап,

Ебі келсе, тамақтап,

Кең ақтарған корқаудай

Датқалар жүр жалақтап...

Қайран қазақ қор болды-ау

Құр бекерге далақтап.

Жақсы менен жаманның айырмасы

Ер жігіт ел-жұртының қаласындай,

Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,

Көреді бәрін де өз баласындай.

 

Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады

Қыранның қырдан байқар баласындай

Жақсы парқы жаманмен бірдей емес,

 

Жақсының сөзін әркім пайдаланар

Миуалы алма-өріктің ағашындай.

Жаманның көкірегі көр, көзі соқыр.

Жүрер жолдан талтүсте адасып-ай!

 

Нышаны кем болса да адамдықтың,

Әркім жүр жақсымын деп таласып-ай.

Жамандар өтірікші, есегі көп,

Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.

 

Жалған сөзбен бықсытар ел арасын

Жанбай қалған ағаштың шаласындай.

Соқтығып әркімге бір ұрынады

Сиырдың тентек болған танасындай.

Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ

Жылқының қотыр болған аласындай.

 

Жақсы адам елдің ерке серкесіндей,

Халқының қалың жүнді көрпесіндей.

Жақсы болар баланың жүзі жылы

Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.

 

Жақсының айтқан сөзі тиянақты

Түйенің аумайтүғын өркешіндей.

Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы

Жасынан бірге өскен еркесіндей.

 

Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,

Жаман адам балтаның ұңғысындай.

«Олақтан салақ жаман» деген мақал,

Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай.

 

Жақсы адам жатты да жақын етер

Беттескен екі таудың тұрғысындай.

Жамандар өсек-аяң айтып жүрер,

Өзінің білмегенсіп қылмысын-ай!

 

Ту алып жауға шықсаң сен

Ей, Сұраншы, Саурық!

Қоқанның қолы мықты деп,

Жатырмысың жабығып?!

Тілеуқабылдың қос шалы

Жылап келді сабылып.

Дулат елі қалыпты.

Сарыкемерде шабылып,

Ей, Сұраншы, Саурық!

Қоқанның қолы қаптады,

Қасиетті жерімді

Тозаң қылып таптады.

Қыспақта қалған елің бар,

Құтылар жолды таппады.

Құдияр хан қағынып,

Қыз-қатын болды баққаны.

Қатын, бала, қарындас

Жауға пенде болғанда,

Сары қымызды сапырып,

Батырдың қалай жатқаны?!

 

Ей, Сұраншы, Саурық!

Қоқанның қолы көп болды

Жетісуда жатқалы,

Бар жақсыны талап жеп,

Сүбеңе қолы батқалы.

Бейсенбі күні бесінде,

Гизрат күні кешінде,

Қордайдың биік төсінде,

Қоқанның ханы Құдияр

Зорлық қып алған көп малды

Әндіжанға айдатты.

Қол-аяғын кісендеп,

Көнбеген ерді байлапты.

Қауызын әлі жармаған

Сұлуларды зорлапты.

Араша тұрар пенде жоқ,

Еліңді сөйтіп қорлапты.

Ақтұяқ атқа мінесің,

Бүгін маған ересің.

Қаншама халқың ереді,

Оны да кейін көресің.

Ту алып жауға шықсаң сен,

Іледе жатқан жаныс пен

Шапырашты, көп дулат

Олар да атқа мінеді,

Өздеріңдей болған соң

Сұраншы, Саурық тірегі!

АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫ