Айбарұлы А., Бопайұлы Б. Қазақ ырымдары. Казахские поверья. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. 3-72 б.


ДАЛА ДАНАЛАРЫНЫҢ шЫғармашылығындағы этикалық және эстетикалық АЙШЫҚТАРЫ

ОРҚЫТ АТА

Қорқыт Ата жырлары Сыр бойы оғыз-қыпшақтарының айтуымен VII-VIII ғасырларда-ақ ауызша таралған. Кейірінек хатқа түскен «Қорқыт Ата кітабының» 12 жырдан тұратын нұсқасы 1815 жылы Дрезден кітапханасынан табылған. Қорқыт айтқан нақыл сөздер қазақ мақал-мәтелдерінде, жекелеген жырларының тіркестері кейінгі қазақ жырауларының толғауларында сол қалпында сақталған. Сондай-ақ көптеген оқиғалары, айтылатын кейіпкерлері қазақ жыр, ертегілерінде кездеседі. Қорқыт Ата халқымыздың жыраулық, бақсылық, күй өнерінің атасы болып есептеледі.

Дерсе хан ұлы Бұқаш хан туралы жырдан үзінді

Жаздың салқын самалы,

Таң сәріден соққанда,

Қаба сақал бозторғай

Тамақ ізден даладан

Әндеріне басқанда:

Белдеуде тұрған бедеулер

Бірімен-бірі тілдесіп,

Кісінесіп жатқанда;

Бал арасы — ұзын мұрт

Ызыңдап ұшып ұядан,

Өрісіне шыққанда;

Ақ пен қара білініп,

Таң сазарып атқанда;

Қыз-кырқындар оянып,

Қыналап бетін боянып,

Сыбырласып, күлісіп,

Қызыққа әбден батқанда,

Биік таулар басынан

Күннің көзі корініп,

Сай мен сала керіліп,

Сылдырап сулар аққанда;

Оғыздардың жастары

Күреспекке қамданып,

Қыр басына тартқанда;

Қырық жігітін қасына ап,

Арғымағын қамшылап,

Аңға шықты Дирсе хан.

* * *

О, Дирсе хан, Дирсе хан,

Хан әкемнің күйеуі ең,

Ханым — ана тілеуі ең,

Атам мен анам қосқан соң,

От басының тіреуі ең.

Атадан туған тақ едің,

Мен өзіңе жақ едім,

Аман-есен келдің бе?

Қара жал қаба айғырға,

Таңертеңмен ер салып.

Аңға шықтың қамданып,

Тауларды кездің таң қалып,

Екеу едің кеткенде.

Жалғыз келдің жеткенде.

Жалғыз ұлым бар еді,

Қараңғы мынау дүниені,

Жарық еткен шам еді.

Сол балам қайда, көрдің бе?

Ақ сүтімді аялап,

Одан басқа емген бе?

Алдымнан неге шықпайды?

Көзім неге шықпайды?

Асыл туған ақ денем

Жылан келіп шаққандай,

Ішім от боп жанады.

Жүрегі құрғыр суынып,

Мазамды неге алады?

Өмірде көрген жалғызым,

Тауға біткен жалбызым.

Көрінбейді көзіме,

Құлағың сал сөзіме:

Жалғызым жарық көргенде,

Қуарып жатқан қу дала

Ығысып аққан сел болды,

Қымыз деген сел болды,

Ет дегенің бел болды,

Дәуріштер беріп батасын.

Аш-жалаңаш бай болды,

Көп зарығып көрген соң,

Көңілім менің жай болды.

Жалғызым жайын білдің бе?

Таудан құлап кетті ме?

Ажалы судан жетті ме?

Әлде арыстан, жолбарыс

Жемтік етіп жеді ме?

Гәуірлерге[1] тұтқын боп,

Зынданда күні өтті ме?

 

Қасы-көзі қиылып,

Жатырмысың, құлыным?

Аш көзіңді бір мезгіл,

Кеудеңде болса шыбының?

Он екі мүшең мұз болып,

Тынды ма аққан бұлағың?

Тәтті өмірің үзіліп,

Сөнді ме жанған шырағың?

Көзіңнен нұрың кетпепті,

Тірідейсің сен маған

Тал отындай шытынап,

Жанып келді сорлы анаң.

Тірлігіңді білдіріп,

Жауап берші, жан балам.

Құрбандық болдым өзіңнен,

Айналайын көзіңнен,

Сенсіз маған күн қараң.

Ағысыңды қалың су,

Гүлденіп өспей, қурап қал,

Адыра қалған қалың ну,

Маралдар қатып тас болсын.

Жүгіріп тауда жарысқан.

Баламды кім өлтірген?

Жолбарыс яки арыстан?

Мұндай халге қалайша

Душар болдың, жан балам?

Жолыңа басын құрбан ғып,

Қасыңа келді сорлы анаң.

Тіл шығаршы тебіреніп,

Қуансын анаң аңыраған.

 

Орқыттың нақыл сөздерінен

Ат тұяқты келеді,

Ақыл тілді келеді.

* * *

Су гүрілдеп, шұбыра тасығанымен

теңіз тола қоймайды.

* * *

Тәкаппарлықты тәңірім сүймес,

Көңілі пасық ерге дәулет бітпес.

* * *

Жат баласы саған жақсы болмайды ұл,

Жақсылық та көрдім демес сондай бір.

* * *

Тау төбесі күл болмайды,

Күйеу бала ұл болмайды.

* * *

Ат шалдықпай жол білмес,

Қанжар тимей жау қайтпас.

* * *

Анасыз қыз ақылға жарымас,

Әкесіз ұл сыйға жарымас.

* * *

Алтын жүген кигізссң де

Тұлпар болмас қара есек,

Қамқадан тон жапқаныңмен,

Ханым болмас қара күң.

* * *

Жапалақ-жапалақ қар жауса да,

Жазға дейін жата алмас.

БУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

Бүкіл шығыс ғалымдары Аристотельден кейінгі екінші ұстазымыз деп таныған ұлы философ Әбу Насыр әл-Фараби Отырар қаласында дүниеге келген. Оқу-білім іздеумен сол кездегі Араб халифатындағы ірі білім орталықтарын аралаған. Сирияда, Шам шаһарында (Дамаск) қайтыс болған. Поэзияның табиғатын талдайтын трактат жазып, өлең де шығарған.

Қашықтасың туған жер — қалың елім,

Не бір жүйрік болдырып жарау деген.

Шаршадым мен, қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

 

Кері оралмай жылдарым жатыр ағын,

Қасіреттің жасына көз жуынар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

 

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,

Әкімдікке күллісі жүгіреді.

Көкірекпен сезініп, күрсінші көп,

Жаным менің түршігіп, түңіледі.

* * *

Бауырым, қанша сүйгенмен,

Өтеді өмір күйбеңмен.

Шындыққа бас тік алаулап,

Пенделіктен бол аулақ.

 

Жататын дәйім жаңғырып,

Бұл ғұмыр емес мәңгілік.

Бейопа мына заманда,

Бақұл боп кетер адам да,

Жұрт кілең күнін көп қызық,

Жіберер зая өткізіп.

 

Қағаздың түсіп бетіне,

Сызықтай бейне тартылған.

Тап болып, жігср сарқылған,

Кездейсоқ өмір өтіне,

Қайыспай тұрса нар тұлғаң.

 

Сонда да беріп кетеміз,

Жүректің отын молында

Арманды аңсап өтеміз,

Біз ұлы мұрат жолында.

* * *

Қайтейін мен көкжиек көңілімді,

Келер күнге үмітнен жол ашамын.

Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,

Соны медет етеді болашағым.

 

Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,

Екіншіде — шарап бар жайы мәлім.

Даналықты сиямен молықтырсам,

Шарабымен шерімнен айығамын.

* * *

Тамылжып бал тыныштық айналамнан,

Тылсым түнге құшағын жайғап далам,

Мен жатырмын, ұйқысыз жапа-жалғыз,

Жанымды ой жарығы аймалаған.

 

Аққан жұлдыз құласа кейде егер,

Сенің нұрлы бейнең боп кеудеме енер.

Әлдеқайда ғайыптан ынтызар ғып,

Өміріме бір ғажап сәуле берер.

 

Үнің жетер жаңғырып жырақтан ең,

Сезініп мен деміңді гүл атқанмен,

Оның өзі бір-ақ сот... содан кейін,

Мұңды әуенді жалғаймын бірақ та мен...

 

Тіршілікте құрыштай бол төзімді,

Сан мәртебе алдаса да өзіңді.

Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,

Тіпті кейде болса әзәзіл азғырған.

 

Өрге жүзген өнегелі ісімен,

Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.

Жүргендер көп достық атын малданып,

Алайда тек қалма оған алданып.