Жомарттық шапағаты 4 страница

208. Қазақта ұзатылган қыз жыл толмай төркініне келмейді. Себебі, отаудың оты лаулай түссін дегені. Бұл мезгіл бұзылса - ақ төсек суиды, көңілге жел кіреді деп ұйғарылады. Мұндай кезде туған бала безбүйрек, қатал болады деп сенеді. Сондықтан отауды жайнатып ұстап, отбасына самауырды қайнатып қойып, келген-кеткенді ашық-жарқын қабақпен қарсы алу арқылы жас келін келген жеріне әбден бауыр басып кетуі керек. Содан кейін ғана төркініне баруға болады. Төркіндей барғанда дауыс айтып, сағынышын да ақтаруға ерікті. Қуанышты көрісу – жақсылық. Ата-анасы сағынып келген қызын жылы шыраймен, ақ пейілмен күтеді. Қайтар кезінде қалағанын береді. Қыз марқайса – ел көңілі өседі деп жориды.

209. Қазақта «Күйеу аяқ» дейтін ырым бар. Жігіт қалыңдығын өз үйіне түсіргеннен кейін қызын ұзата барған енесін қошаметпен қайта жеткізіп салады. Сонда ата-енесі күйеу балаға мал атайды. «Күйеу аяқ» дегені сол. Бұл күйеудің аяғы жеңіл болсын, көңілі ашық боп қайтсын дегені.

210. Қазақта «жарыс қазан» деген ырым бар. Бір әйел толғатып жатқанда, басқа үйдің әйелдері қазанға жеңіл-желпі тамақ салып, оны оны босанатын әйел бала тапқанша пісіріп үлгеру үшін жарысады. Қазақ ұйғарымында туатын бала «жарыс қазанға» қатынасып, пісетін тамақтан бұрын жарық дүниеге келуге ұмтылады.

211. Көрші-қолаңнан біреу алыс жолға аттанғанда ауылдағылар жолаушының тоқымын қағады. Бұл – тоқым қағар деп аталады. Жолаушы аттандырған үйдің иесі дастархан жайып, жиналған жұртты сыйлайды. Жұрт жолаушыға ақ тілеу айтады.

212. Қазақта «тобық жұту» дегер ырым бар. Жұтатыны – қоян тобығы. Шарты былай: тобық жұтатын адам мынадай серт айтады:

Батыр болсам –

Жүрегімнен шық,

Паулан болсам –

Білегімнен шық.

Шешен болсам –

Таңдайымнан шық,

Бақытты болсам –

Маңдайымнан шық.

Тобық жұтқан адамның қасиетіне қарай айтқан тұсынан шығады деп есептеледі.

213. Қазақта «тұмар тағу» ырымы да бар. Бала не жасы кіші біреу ауырса молдаға дұға жаздырып алып, оны ақ шүперекке не теріге үш бұрыштап бүктеп тігеді де, дұға арналып жазылған адамның мойнына тағып қояды. Бұл тұмар сол адамды не баланы пәледен, тіл-көзден, ауру-сырқаудан сақтайды деп нанады. Тұмардың түрі көп. кейде жас төлдерге де, ботаға да, ауырған малға да тағады.

214. Қазақ ұғымы бойынша шаруамен бір үйге кірген адам тізе бүгеді, тіпті өте асығыс болғанның өзінде де тізе бүгіп, үй иесіне ілтипат жасауға тиіс. Бұл – шаңырақтың құрметі. Егер келген адам түрегеп тұрып шаруасын айтып, тізе бүкпей шығып бара жатса, үй иесі: «Неге тізе бүкпейсін, біздің үйдің сиыры түрегеп тұрып бұзауласын дегенің бе?» деп, өкпе айтады. Қариялар: «От ала келген жоқсың, тізе бүк!» деп бұйырады. Бұл – үйдің иесіне тағзым ету.

215. Қазақ салты бойынша от алуға келген кісі от алғалы келгенін айтпайды. Отты алады да, үнсіз шығып кетеді. Тек от алып жатып: «От ана, сақтай гөр!» деген тілек айтады. Әсілі от алу – жақсы әдет емес. сондықтан от алушы басқалармен сөйлеспейді. «Отқа келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар» деп, өсекті лаулатып айтуға тыйым салады. «Ел іші ала, кереге басы пәле болмасын» деп ұйғарады.

216. Ас-тамақтан, жел-құздан, иіс-қоқыстан ұшынған адамдарды ұшықтау ертеден келе жатқан емдеу тәсілі. Жығылған адамның бір жері ауырып қалса да, сол жерде: «Кет, пәлекет, кет!», «Ұшық-ұшық» деп ұшықтайды. Науқас адамды күн батар алдында жерге жатқызып ұшықтап, үйге әкеліп жылы жауып тастайды.

217. Әдетте басқа ауруды да үшкіріп, ұшықтап емдейді. Үшкіру де емдеу тәсілінің бір түрі. Емші дұға оқып, «сүф-сүф» деп үшкіреді. Емделуші сол үшін оған мал, орамал секілді садақа береді. Онысы — аурудың жолы болып, тез оңалсын дегені.

218. Ұзатылған қыз соңынан ерген сіңілісіне өзінің тақиясын, бөркін береді. Бұл: «Ендігі кезек сенікі, бағын ашылсын» дегені. Мұны қазақ «Шарғы» дейді. Шарғылы қызға жеңгелері, құрбылары: «Бағың жансын, бағын ашылсын» деп жақсылық тілейді. Жасы үлкендері: «Маңдайың жарық болсын» деп маңдайынан иіскейді.

219. Келін түскенде, қыз ұзатылғанда, жолаушы сапардан оралғанда, құда не туыс-туған келгенде, тағы басқа қуанышты күндерде ауыл әйелдері құрт-ірімшік, қант-кәмпит, күміс тиын араластырып, топтасып тұрған адамдардың ортасына «Шашу, шашу!» деп, айқайлап тұрып шашады. Шашуды барлығы теріп алып, ырым ретінде үйлеріндегі балаларына апарын береді. Шашуды әйелдер ғана шашады. Еркек шашпайды. Шашуды балаларға берудің себебі «ырысты болсын» дегені.

220. Қошқардан күйек аларда «шашыратқы» жасайды. Қошқардың күйегін алып, саулықтарға қосып жіберген соң, мал иелері тілеу тілейді. «Төл көбейсін, егіз-егізден болғай» деп, мәре-сәре болады. Әйелдер дастархан жайып, қонақтарды күтеді. Осы ас шашыратқы деп аталады. Сонда: «Мал төлді болады, шөп басы екі аша шығады, қой егіз табады» деп қуанысады.

221. Шөп басын сындыратын ырым да бар. Бұл жақсылыққа, өтелген іске байланысты ырым. Сараңдар жомарттық жасаса, қорқақтар ерлік көрсетсе, біреу оқыс әрекетімен көзге түссе, соны естіген кісі: «Мынау шөп сындыратын іс екен» деп, жерден шөп не қу шырпы алып сындырады. Бұл тіл, көз тимесін дегені.

222. Қазақ өрттің алдына ақ құяды. Онысы — өрт тез сөнсін, апат болмасын дегені.

223. Адам қатты ауырғанда, басына күн туып, бағы тайғанда, қауіп-қатерге жолыққанда, алладан медет сұрап, ақсарыбас қой сояды. Пәледен құтқар деп тілейді.

224. Баланың төбе шашын ұзын өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Бұл «Айдар» деп аталады. Айдарлы адам айбарлы көрінеді, оған тіл-көз тимейді деп біледі.

225. Айт күні ренжуге болмайды. Жайраң қағып, жылы шыраймен, ыстық жүрекпен, тасыған мереймен жүреді. Айт күні ренжісе, келесі айтқа дейін ашу тарқамайды деп жориды.

226. Айттан бұрын үй тазаланады. Ескі-құсқыны, кетік ыдыс-аяқты тастайды. Айт күні жаңа нәрселер ғана істетіледі. Онысы - жаңа дүние көбейсін, бақ орнасын дегені.

227. Қазақ баласы түнде қасқырдың атын атамайды. «Ит-құс» деп бүркемелеп сөйлейді. Қасқыр десе — қастасып, қораға шабады деп жориды.

228. Келін қайын атасының, енесінің, қайын ағасының, қайын жұртындағы үлкен-кіші туыстардың атын атамайды. Ата-енесінен басқаларға қосалқы ат қояды. Бұл — қайын жұртына құрметі әрі сыйлағаны, жақсы келін атанудың жөні.

229. Қазақ баласы айға телміріп, ұзақ қарамайды, түнде жұлдыз санамайды. Айда бір кемпір бар, айға телміріп қарасаң, әлгі кемпір сенің кірпігіңді санайды, кірпігі саналған адам қазаға ұшырайды деп жориды.

230. Қазақта жаңа туған айға сәлем беретін әдет бар. Жазды күні айға сәлем бергеы жерінің шөбін жұлып, үйге алып келіп, отқа салады. Онысы — пәле-қазадан аман болайық дегені.

231. Қазақ ұғымында от — үйдің жарылқаушысы, шам-шырағы. Қазақ отты ерекше құрметтейді. Жаңа түскен келінді үйге кіргізгенде үлкен үйдегі отқа сәлем бергізеді. Одан кейін от басына төселген жұмсақ бөстекке (теріге) отырғызады. Онысы — оттай жайнап тұр, терідей жұмсақ бол дегені.

232. Жаңа түскен келін отқа сәлем бергенде: «От-ана, Май-ана, жарылқа!» деп тілеу тілейді. Басқа әйелдер отқа май құйып, алақандарын кыздырып алып, келіннің бетін алайды. Бұл — келіннің жүзі жылы, дидары ыстық болсын, тіл-көз тимесін дегені.

233. Наурыз күні кетік ыдыстарды пайдаланбай тастайды. «Жаңа күн — жаңа өмір, жаңа жыл» деп біледі. Бұл күні кетік ыдыспен ас ішсе — көне пәле, көне сүрдек қалады, жаңа күннің жаңа ырысын көре алмаймыз деп жориды.

234. Бірге туған бауырына, қарындасына қатты ашуланған кісі екі қолынен екі бүйірін таянып, көзін шарт жұмып тұра қалса, ашуы басылады, көңілі сабасына түседі деп жориды. Қазақ «Ашу — дұшпан, ақыл — дос» дейді.

235. Екі қабат әйел «ұл табамын» десе, еркектің қару-жарағын, шалбарын басына жастанып жатады. Ал қыз тапқысы келсе — қызыл ала шыт, әйелдің көйлегі, жүзік, сырға, алқа, маржан білезік, моншақ жастанады.

236. Ағайынды кісілер араздасып қалса, басқа бір туысы ақ дастарханына шақырып, дәм сыйлап, татуластырады. Кейде араздасқандар бірін-бірі шақырып, дәм береді. Онысы — түгі жығылып жүрсін, таспен ұрғанды аспен ұр деп ұйғарғаны.

237. Сұраған кісіге инені ұшығымен бермейді. Ұшық — қастыққа, өштікке, араздыққа ұрындырады деп жориды. Инені қайтарғанда да иесіне ұшықсыз қайтарады. Қолға бермей, жерге тастайды. Бұл — иненің шаншуы жерде қалсын дегені.

238. Торқалы тойдың, өлім-қазаның ас-суы елге үлестіріледі. Бұл — береке сақталсын, дәм-тұз таусылмасын, қазан қаңсымасын дегені.

239. Адамның, малдың құлағына ауызды тақап тұрып айқайламайды. Құлақтың пердесі жарылып, саңырау боп қалады, мыйға зақым келеді деп жорылады.

240. Ұйықтап жатқан адамды айқайлап не қатты жұлқып оятпайды. «Ұйқыңды қый, құдай оңдай гөр, қыз ұйқысын бер» деп, ақырын жұмсақ үнмен атын үш рет атайды. Ұйқыдағы кісі оянып, көзін ашқанда, орныңнан тұр дейді. Айқайлап, жұлқылап ояту — жүйкені тітіркендіріп, ызаландырады деп жориды.

241. Түнде жатқан төсегіңді таңертең өзін жина. Жиналмай, қалған көрпе-жастықтың ішіне сайтан кіріп алады да, адамға жамандық тілейді. Жиналмаған төсек-орын жаугершілікті де еске түсіреді. Төсектің жиналмауы — әйелге де сын. «Салпы етек, салақ, бос әйел» деген қаңку сөз тарайды. Сөзге іліккен әйелдің үйінен құт қашады деп ұйғарылады.

242. Қамшы, садақ, жебе, тағы басқа қару-жарақты сыйлағанда беретін кісінің қолына ұстатпай, жерге тастайды. Онысы — қоллдың қатты-жұмсақтығы немесе береке бірге кетпесін, ұшығы жерде болсын дегені. Ауыр салмақты жер ғана көтереді деп ырымдағаны.

243. Қазақта қыздардың кіндігін көрсетіп жүруге тыйым салынады, деп жаман ырымға жориды. Абыройы ашылып, ары төгіледі, бағы таяды, кіндігі кірлеп, шайтан ұялайды, іш кірне ауруына шалдығып, өміріне қатер төнеді деп ұйғарады.

244. Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып, бала емізбейді, орамал салып алуға тиіс. Жалаңбас болса, қайызғағын шайтан баланың ауызына салып жібереді, бала есейгенде мәңгүрт болады, анадан безеді, басына шығып, аяқ асты етеді деп біледі.

245. Қазақта әйел еркектің алдында төсін ашып, жарқыратып отырмайды. Бұлай істесе, сұқ көз қадалады, тіл тиеді. Соның салдарынан төсі қараяды, омырауы іседі. Тас емшек болып, омырауынан сүт қашады. Сүт болмаған соң, құт та болмайды, құшағы суық, бауыры тас болады деп жориды.

246. Ішіп отырған шай не, ас төгілсе: «Бисмиллә, бисмиллә, бисмиллә» деп үш рет айту керек. Өйтпесе асқазанға ас байланады десе, кейде ас шашлып-төгілсе той болады деп те жориды.

247. Үлкен кісілердің киім-кешегін көзі тірі кезіндс жасы кішілер кимеуі керек. Бұлай істесе, тез өліп қалады, өмір-жасы қысқарады.

248. Қыздар өзінен жасы үлкен адамға немесе жігіттерге қарап тілін шығарып, жалақтатпайды. Бұл әдепсіздікке жатады. Ал, кейін тапқан баласы сақау болады деп ырымдайды.

249. Әйел кісі итке тас лақтырмайды. Бұлай істесе құт қашады. Ит — жеті қазынаның бірі, шамданады. Әйел қолының берекесі қашады, ырысы кетеді деп ырымдалады.

250. Бас киімді кез келген жерге тастай салуға болмайды, биікке іліп қою керек. Әсіресс, құйрық қойып отыратын жерге қоймау қажет. Себебі, бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады. Бас айналып, тіл байланып, иман қашады. Адамның басынан қадірлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ.

251. Киіп жүрген бас киімді сыйға немесе кие тұруға бермейді. Себебі, бастан бақ кетеді, соры қайнайды. Сыйлыққа жаңа бас киім беру керек. Бұл басты қастерлегендік.

252, Еркек әйелдің киімін кимейді, жаулығын салмайды. Өйтсе, еркектігі сөнеді, рухы жасиды, өсекші болып кетеді.

253. Жас келіншек еліріп, желігіп, желпініп жүрмеуі керек. Бұлай істесе баласы желіккіш болады. Толғағы ауыр болады, өзі де құтырып кетуі ықтимал деп жорылады.

254. Насыбай атқанды құдай атады. Демі сасып, дерті асқынып, қойнындағы жары жиркенеді. Мерез ұрпақ туады. Кем иек, кетік тіс, есалаң бала опа қылмайды деп ырымдалады.

255. Әйелдер ер адамға қарсы қарап жүрелеп отырмайды. Абыройы ашылады деп жорылады.

256. Түн ішінде қазаға көңіл айтпайды. Бұлай істесе өлім көбейеді деп жориды.

257. Әйел мал бауыздамайды. Басқа амал болмаған жағдайда тіреуішке мініп тұрып бауыздайды. Өйткені, әйел мал бауыздағанда сескенеді. Сескеніп бауыздаған малдың еті мәкіру саналады.

258. Әйел ат тағаламайды. Әйелдің қолы жеңіл, ат жазым болады деп жориды.

259. Әйел пышақ қайрамайды, жаниды. Пышақ қайраса еркегінің сағы сынады деп жорылады.

260. Ұстаның төс теміріне отыруға болмайды. Онда ұстаның қолы тарылады. Отырған кісі дертке шалдығады деп жориды.

261. Оттың орнына отыруға болмайды. Оттың киесі ұрады. Ақыры отқа өртеніп өледі деп ырымдалады.

262. Отты және оттың басын сабамайды. Бұлай істелсе — үй-ішінің құты қашады, шаңырақтың оты өшеді деп жориды.

263. Еркек кісі әйелдің іш киімін жумайды. Бұлай істесе — сағы сынады, кір суындай көңілін кір және нас басады деп тыйым салады.

264. Әйел биязы, сыпайы, жібектей есіліп тұруы керек. Үй-ішінің мүлкін, ыдыс-аяқты салдырлатпауы қажет. Адам тамақ ішетін ыдысты «ит аяқ» деп атамайды. Бұлай атаса — ыдыстың ырысы қашады, адамның дәм-тұзы төгіледі.

265. Әйел еш уақытта еріне қол жұмсамауы керек. Күш көрсетіп, таяқпен сабамайды немесе таяқ ала жүгіріп, сес көрсетпеуі тиіс. Ұрысқанда тілдеп, бетінс түкірмейді. Бұлай істеген әйелдің ақ некесі бұзылады, өзінен-өзі талақ болады деп есептейді.

266. Өлген адамды қабырға қою үшін үйден шығарарда бас жағымен есіктен шығарады. Дән түйген ақ орамалды басынан айналдырып алып қалады. Мұнысы — әруақ үйден дәмін біржола үзіп кетсін дегені.

267. Өлген адамның қайыр-садақасына малдан басқа бидай да береді. Онысы — артындағы ұрпағы бидайдай жайқалып өссін дегені.

268. Малды бауыздар алдында басын құбылаға қаратып тұрын, бата жасайды. «Бұйыртып жегіз» деп тілек айтады. Онысы — малдың еті дәмді, адал болсын дегені.

269. Малдың басын үйіткенде алдымен бауыздау жағынан бастап үйтеді. Бұл — пышақтың жүзіндегі қылау өртенсін дегені.

270. Жолаушылап жүрерде, бір жұмыспен жолға шыққанда үйдегі қаптың, сандықтың ауызын ашып кетеді. Онысы — жол ашық болсын дегені.

271. Адам кайтыс болған күннің түнінде туыстары, ауылдастары жиналып, мәйітті күзетеді. Онысы — егер адам талып қалған болса, тіріледі деп үмітпен күткені. Өлген адам аруланып, ақыретке оралғанға дейін сайтан аралап немесе мәйітті перілер ұрлап кетпесін деп сақтанғаны.

272. Сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. Жол оң болады деп жориды. Байлық, бақ қонады деп иланады. Жіліктерді еттен тазалап мұжып, өзі алып кетеді де, үйінің босағасына іліп қояды.

273. Қамшыны ұстап, төрге шықпайды, Бұл — ағайындар араздасып, дауласқан жағдайда жасалатын қылық. Жақсылық нышаны емес.

274. Жолдың үстіне күл төгуге тыйым салынады. Күн батқаннан кейін сыртқа күл шығарып төкпейді. Жолға күл төккеннің жолы кесіледі, осы жолмен жүргендерге дерт жабысады. Күн батқан соң күл төксе — адамға ұшық жабысады.

275. Қандай жағдай болса да таңдай қақпайды, орынсыз таңырқамайды. жөнсіз есіркемейді. Адамды есіркеу — құдайдың ғана ісі. Бұл адам баласының қолынан келмейді.

276. Соғым сойған күні тоқпан жілік асылады. Үйдегілер етті тоя жейді. Бұл тоқшылық, молшылық болсын деген ниетпен білдіреді.

277. Адам қайтыс болған соң, мәйіт көмілмей тұрғанда, көп жылауға болмайды. Көп жыласа көрі көз жасына толып кетеді деп жориды.

278. Дәретке отырғанда сөйлесу — әдепсіздік. Сондай қалыпта сәлем беруге де тыйым салынады. Тек түзге отырып болған соң ғана қолын жуып барып сөйлеседі, сәлем береді.

279. Мал төлдеп жатқан кезде сақал, мұрт, шаш алуға тыйым салынады. Өйткені төл шала туады, дертке шалдығады деп жорылады.

280. Қазақтың үлкен кісілері балаларына құстардың жұмыртқасына тиіспеуді, балапанын өлтірмеуді тапсырып, міндеттеп отырады. Бұлай істесе — құстың қарғысына ұшырайды деп сенеді.

281. Егер біреу байқамай, абайсызда адамның дайрағын басып кетсе, басқалар оны олжаға батады деп сенеді.

282. Сыпыртқының үш жағын жоғары қаратып қоймайды. Бұл Көк тәңірін шамдантады, жын шаңыраққа шығып алады деп жорығаны.

283. Жас балалы әйел дәметеді деп, бұл үйге кіретін кісі тағам, дәм ала келеді. Дәм етіп қалса омырауы іседі, сүті тартылады деп ырымдайды. Емшекте баласы бар әйелдің омырауы іссе бір қарт ана жаңа піскен ыстық нанды қойнына тығып келіп сонымен аластайды.

284. Баланың қарын шашын алған соң, тастай салмай, сақтап қояды. Бала қырқынан шыққанша, жеті ай толғанша әлсіз болады. Сондықтан бір тал шашын тастамай, сақтау керек деп біледі.

285. Бала тісегенде түскен тісін шидің арасына тастайды. Бұл — қайта өскен тісінің түбі берік болсын дегені.

286. Баланы сүндетке отырғызғанда сертпені тастамай, киіз үйдің құрулы тұрған шидің басына іліп қояды. Бұл — бала ержетіп, отау тіккенде босағасы берік болсын деген ниеті.

287. Дастархан басында, кісі көп жерде керілмейді және адамға қарсы қарап тұрып керілуге дс болмайды. Бұл қылық тосаттан болатын өлінің елесі саналады.

288. Ат үстінде тұрып шіренбейді. Бұлай істеу — әулекіліктің, дарақылықтың белгісі деп біледі жұрт.

289. Тойы жасалып, үйінен ұзатылып шығарылған қыз кетіп бара жатқанда артына бұрылып қарамайды. Бұлай істесе — некесі бұзылады, күйеуімен отаспай, үйіне қайтып келеді деп жорылады.

290. Күйеу жігіт қалыңдығын ұзатып алып кететін жолы етегінен басып, шапанын алып қалады. Мұнысы — күйеу ескі тонын шешіп тастап, жаңа киім кисін, өмірі ажарлы болсын дегені.

291. Қыз бен жігіт алғаш қосылған түні жігіт жеңгесіне жолдық береді. Өйткені жеңгесі төсек салып, жайлы жатуларын тілейді. Қыздың пәктігіне куә болады, кірді де өзі жуады. Бұл — өмірлік адалдық нысаны саналады.

292. Келін барған жерінде алғаш үйге кіргенде босағаға соғылмай кіруі керек. Енесі қарсы алып, маңдайынан сүйеді, ілесіп келгендерге көрімдік береді. Келін босағаға соғылып қалса — үйдің берекесі қашады, келін баянды болмайды деп жориды.

293. Түйе мойнын созып жіберіп, басын жерге салып жатса, ұзақ жол немесе көш басталады деп ұйғарылады.

294. Аптаның сейсенбі, жұма күндері қазақта жолға шықпайды, ағаш кеспейді. Ал, жолға шығу қажет болған жағдайда бір затты не ақшаны (жеті, он жеті, қырық теңге) жолға тастайды.

295. Қой топалаң дертіне шалдықса — аршаны өртеп аластайды немесе елсіз түзге айдап тастайды, қасқыр шапса топалаң айығады деп сенеді.

296. Қоралы қойға қасқыр шапса, көк бөрінің аузы тиді, Көк төңірі қолдайды, мал өсіп, жан аман болады деп жориды.

297. Туыс-туғанға, ағайын-бауырға, дос-жаранға үш, бес, жеті санымен құрт, бауырсақ, шелпекті сыбаға ретінде бермейді.

Осы санмен тек садақа ғана беріледі.

298. Түйенің ішінде аруананы соғымға соймайды. Егер соғымға соятын болса, бұл әулеттен күш-қуат, негізгі мейір кетеді деп ырымдайды.

299. Хайуандарды, аңды, малды адамдай көру парыз саналады. Жүрегі кірді, қара ниеттер ғана бұлай істей алмайды. Бұл міндетті өтемегендерде адамдық қасиет жойылады.

300. Жаңа туған айды алғаш көргенде тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжәт етеді де, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды. Бұл — әулетім оттай қаулап өсе берсін дегені.

301. Аспандағы жұлдыз әрбір адам жанының бейнесі саналады. Бір жұлдыз ағып түссе — бір жан үзілді деп нанады.

302. Табиғаттың ерекше, тосын құбылыстары құдірет саналған. Топырақ үйілген төбешіктер, құла түздегі жалғыз ағаш, бұтақтары тарбиып өскен бұталардың өнген жері қасиетті делінеді. Сол жерлерге түнейді, шүберек байлайды. Әулие көмілген жерлерге мал сойып, тілеу тілейді.

303. Құлын, қозы-лақ байланып, көгенделетін желі арқанды аттамайды. Желінің киесі атып, шарапаты шайылады деп жориды.

304. Арқан-жіп ескен кезде жасөспірім балалардың керілген жіптің астынан өтуіне тыйым салынады. Бойы өспей тапал болып қалады деп жориды.

305. Арқан-жіп ескенде кейбірінің жібі ширамай, селкеу қалса, жұбайы болбыр, бос белбеу — бата тірсек болады деп ырымдайды.

306. Жылқышы ұстайтын құрықтан, балта мен бақанның үстінен аттауға болмайды. «Бақан аттаған байымайды, балта аттаған жарымайды» деген сенім бар.

307. Қазақ түнде айдалада жайылып жүрген жалғыз сиыр көрінсе, қамшымен сабайды. Себебі, түнде сиырды жын-шайтан мініп жүреді деп нанады.

308. Жал-құйрығының арасында шоқ-шоқ ақ қылы бар жылқы құтты саналады. Ол сатылмайды, біреуге берілмейді. Себебі, сол малмен бірге құт-береке кетеді.