Аударған А. Нысаналин

ЖҮСІП БАЛАСАҒҮНИ

Шамамен 1015 жылы Баласағүн қаласында туып, Түрік қағанатының орнына құрылған Қарахан мемлекетінің мәдени орталығы Қашқарда тұрған. «Құтты білік» дастанын, өзінің айтуы бойынша, он сегіз ай жазып, 54 жасында Қашқарда аяқтаған (1069). Дастан 85 тараудан тұрады.

 

Құдай кімге ақыл, ой, білім берсе,

Мың сан игілікке қол созады.

* * *

Білімді биік, ақылды ұлық деп есепте.

Бұл екеуі [Алланың] таңдаулы құлдарын биікке шығарады.

* * *

Ақыл қайда болса, ұлықтық (сонда) болады.

* * *

Ақылды ұғады, білімді біледі.

Білімді, ұғымды тілегіне жетеді.

* * *

Білімсіз кісілердің барлығы — ауру,

Ауруды емдемесе, адам тез өледі.

* * *

Көрікті істердің барлығы да ақылменен істелген,

Бектер бұл дүниеде біліммен ерекше (сый-құрметке бөленген]

* * *

Ақыл мен білімнің тілмашы — тіл.

Ердің мерейін көтеретін жүйрік тілді біл.

* * *

Тіл кісінің абыройын арттырады, бақыт әпереді.

Тіл кісінің беделін түсіреді, басын жарады.

* * *

Мені тіл аса көп азапқа салды,

Басым кесілмес үшін тілімді кесейін.

* * *

Сөзіңді күзет, басың кетпесін.

Тіліңді күзет, тісің сынбасын.

* * *

Сен өзіңе есендік қаласаң,

Керегі жоқ созді тіліңнен шығарма.

* * *

Тауып сөйлеген сөз білгенге саналады,

Білімсіздің сөзі өзінің басын жейді.

* * *

Көп сөйлеме.

Аз сөйле бірер (ғана)

Және сөйлегеннен олжа таппадым.

* * *

Көп сөйлеме.

Аз сөйле бірер [ғана].

Мың сөздің түйінін бір сөзбен шеш.

* * *

Жігіттік кетеді, тіршілік өшеді,

Бұл түс сияқты дүниедсн өзің көзді ашып-жүмғанша көшесің.

 

ОЖА АХМЕТ ИАСАУИ

Қасиетті Түркістан топырағында туып, күллі Күншығыс елдері мұсылмандарының рухани көсеміне айналған Қожа Ахмет Иасауи бала кезінде ұстазы Арыстан бабтан сабақ алады, кейін Бұхара қаласындағы Хамадани медресесінде оқиды. Мұны бітірген соң, өзі де сол білім ордасында шәкірт тәрбиелеген. Одан әрі қарай сопылық жолдың ащы-тұщысын татып, жеті ықылым жерлерді аралаған сапары басталады. Он жеті жасында туған мекеніне оралған ол Иасыға келіп қоныс тепкен. Алпыс үш жасында қылуетке түсіп, пәни дүниеден өз еркімен оқшауланып, әлемнің ақиқат сырына оймен үңіледі. Сонда дүние салған. Оның басына 1397 жылы Әмір Темір Көрегеннің жарлығымен зәулім ескерткіш кесене орнатылды.

Қожа Ахметтің ақындығын төрткүл дүниеге танытқан ұлы шығармасы — «Диуани хикмет» («Даналық кітабы»). Бұл жырлар XII ғасырда оғыз-қыпшақ тілінде жазылған түркі халықтарының ортақ әдеби мұрасы саналады.

ДИУАНИ ХИКМЕТ» КІТАБЫНАН

Әркім қашар махаббатсыз халықтан,

Жақсы-жайсаң жүрмес оған жаршыға,

Күйіп-жанып, асық жолда зарықсаң,

Сұхбан ием мейман қылар ғаршыда.

 

Алла сүйген болса күйген бибағын,

Хақ көрсетер, олла-білла, дидарын.

Қайда барса, тәпсілері жиғанын

Ақ жолына шашулауды хош санар.

 

Айтсаң зікір Алла деп — нұр шашылды.

Албастыдан арашалап басыңды,

Дертті болсаң, құрғатар көз жасыңды,

Ондай құлды өзі тауып, дос санар.

 

Түн баласы көкірегін өрт керіп,

Көзін ілмес ғашығы үшін серттеніп.

Еңіретер Құдай емсіз дерт беріп,

Мұнда ұлтан қып, ойда сұлтан тұтады.

 

Хаққа ғашық жатпайды ұйқы қандырып,

Мақсатына жетсем деп ой дал қылып,

Қамын жемес қатын-бала, мал-мүлік,

Ысмағұлдай ғазиз басын жұтады.

 

Хақты тапты ол дуаналық жол бағып,

Нәпсіні ұрды Хақ қылышын қолға алып,

Қайдада ашық сыр ақтарды толғанып,

Жомарт кісі — еш бүкпесі жоғында.

 

Шайықпын деп Хаққа қарсы шыққандар

Шалқақтаумен серік болмас Сұхбанға.

Құдайсызға ем-дауа жоқ, бұқсаң да —

Зындан қылар бұл дүниені момынға.

 

Ей, мұсылман, тағат қылсаң, танбағын,

Ғазиз жаның — аманаты Алланың.

Харамдықпен, ұқ, жиған мал-жалғанын,

Қарыш атты жылан қылар малыңды.

 

Қайда Карун мал жинаудан талмаған?

Өсиет шашқан қайда Пірғауын һәм һаман?

Қайда Фархад, Шырын, Мәжнүн зарлаған?

Қаһарланса, жерге тығар жаныңды!

 

Көрдің бе адам өлмей тірі қалғаның,

Білдің бе енді бұл пәнидің жалғанын?!

Дүние — талап, ризығы — алғаның,

Алла десең, көз жасы боп жауасың.

 

Ем табылмас ғашық дертке ексең де,

Іші-сырты жымысқыға бек сенбе.

Арың таза болса, жеңіс тек сенде.

Алла білер ғашық дерттің дауасын.

 

Шыққансиды жалған ғашық шыбыны,

Сырты жылмаң, іші арамдық жылымы.

Болмаған соң Құдай сүйер қылығы,

Сарсаң қылар махшар күні пасықты.

 

Тән тілінде, жан тілінде нәпсі бар,

Алланы ойлап, арды тыңдар жақсылар.

Ғұламаларға қызмет қып бақ сынар,

Сұлтан қылар халыққа сол ғашықты.

 

Ғашық болсаң, асық болғын әманда,

Жатпай түнде, жалбарынған жан Алла,

Ақылың болса, сырыңды айтпа наданға,

Нағыз дәруіш сиынады ішпенен.

 

Дәруішсің бе, тыңдап ұят әмірін,

Шын тағат қыл, көріп отыр Тәңірім.

Ел қыдырма болсаң, кетер қадірің,

Әділ патша арам жолға түспеген.

 

Ей, Жасаған, сол дәруішке пана бол,

Шын сүймесе, шыбын жанын ала бер.

Адасқанды өзің жолға сала гөр,

Құлдың үйін Қожам гүлзар етеді.

 

Дәруішпін деп жұрт алдында дәрпілдеп,

Жүз құбылып зыр жүгірер әркімге.

Құдай үшін құлдық ұрмай нарқың не,

Шын дәруіштің тау мен шөл ғой мекені.

 

Ғашық болсаң, асық жолда құрбан бол,

Дидарды іздеп, дүниеден бет бұрған бол,

Қайғы-дертке қайырымды нұрдан бол,

Қаза кезде қадір-құрмет ел қылар...