Осыдан 25 жыл бұрын халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылған еді

Бір митингтің хикаясы

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздік алған күнінен бастап ядролық қарусыздану саласына үлкен басымдық беріп келеді. Соның бір жарқын көрінісіндей, Кеңес Одағы тарамай тұрған кездің өзінде-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған еді. Сол кезден бері Қазақстан әлемде ядролық қаруды ауыздықтау мен оның таралмауына бастамашылық танытып жүрген бірден-бір ел саналады. 22 наурызда Голландияның Гаага қаласында өтетін Жаһандық ядролық қаруға қарсы саммитке Елбасының арнайы шақырту алғаны да осы ерен үлестің нәтижесі болса керек.

Бұған қоса, бүгін халықаралық «Невада-Семей» ядроға қарсы қозғалысының құрылғанына да ширек ғасыр толып отыр. Осыған орай халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Израиль мемлекетіндегі ресми өкілі, «Полигон», «Невада-Қазақстан» және «Невада-Қазақстан 15 жыл бұрын» фильмдерінің авторы Сергей ШАФИРДІҢ мақаласын ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.

Мен әңгіме қозғағалы отырған митинг тарихының Америка мен Кеңес Одағында атом қаруын құрумен тікелей байланысы бар. Кезінде аса құпия ұсталған аталған саладағы жұмыс барысына қатысты көп нәрсені бүгінде интернеттен жеп-жеңіл тауып алуға болады. Алайда көптеген жылға созылған сынақ құрбандарын өз көзіңмен көрмей, атом аждаһасының қасіретін түбірімен түсініп, түйсіну мүмкін емес.

Семей ядролық сынақ полигонына (СЯСП) алғаш 1989 жылы жазда жолым түсті. Сол жолы және одан кейін де полигон маңындағы кенттерде болып, сынақ құрбандарының өздерімен тікелей сөйлесуге, фильмдер түсіруге мүмкіндік алдым. Ал олардың айтқандары мен түсірілген фильмдер тарих үшін, біздің ұрпақтарымыз үшін қажет екені күмәнсіз. Мәселен, сондай кездесулер негізінде түсірілген «Полигон» фильмінде СЯСП-тің қалай құрылғаны, алғашқы кеңес атом бомбасының сынақтан қалай өткізілгені, жердегі, ауадағы және жер астындағы келесі сынақтар мен 1991 жылы полигонның жабылуы туралы дәйектеледі. Әрине, осы фильм түсірілген 1989-1990 жылдары қазіргідей кең ауқымды ақпарат жоқ еді. Соның өзінде қырық жылдан астам уақыт бойы радиация алып, зардап шеккен қазақстандықтардың қасіреті жағаңды ұстататын.

Сөз ретінде айта кетейін, Семей ядролық сынақ полигонын құрып, атом бомбасын жасау жөніндегі жұмыстарға ядролық физика саласында еңбектеніп жүрген И.Курчатов жетекшілік еткені белгілі. Нақтылай айтқанда, ол осы саланың ғылыми жетекшілігіне тағайындалды. Академик Ю.Харитон атом бомбасын жасау үдерістеріне басшылық етті. Ал бұл жұмыстардың барлығына үкімет тарапынан басшылық жасау Л.Берияға жүктелді.

– Полигонды ұйымдастыру жұмыстарымен мен тікелей айналысқан жоқпын, – деген еді бұл орайда Ю.Харитон. – Бірақ, осы жөнінде айтар болсам, жеткілікті деңгейде «бос жер» табу қажет болғанын несіне жасырамыз. Және ол бір жағынан тым шалғайда орналаспаған, яғни қолжетімді жер болуы тиіс еді. Сол «бос жердің» климат жағдайы да жұмыс істеуге қолайлы болуы қажет-тін. Мұның оңай шаруа болмағаны да түсінікті.

Сөйтіп, 1947 жылдың 21 тамызында КСРО Министрлер Кеңесі 52605 әскери бөлімін құру туралы қаулы қабылдады. Сол жылдың 1 қыркүйегінде осы құрылымның алғашқы бөлімшелері жасақтала бастады. Көп кешікпей мұнда алғашқы құрылыс бөлімдері келіп жетті. Осылайша тұрғын үй салу, әскери қалашыққа қажетті ғимараттар мен нысандар тұрғызу жұмыстары қарқын алды. Қалашық Мәскеу-400, Семей-21 және басқа атаулармен аталды. Кейін оған Курчатов атауы берілді.

Ал бұл «бос жер» Семей облысындағы Абыралы ауданының орта шенінде ор­на­ласқан еді. Ядролық эксперименттер үшін халық шаруашылығы айналымынан 18 500 шаршы шақырым жер алынды. Бұл бүкіл Израиль аумағына пара-пар жер көлемі еді. Осы аумақта өмір сүріп жатқан мыңдаған отбасы басқа аудандарға көшірілді. Сөйтіп, Абыралы ауданы таратылды.

Тағы да Ю.Харитонға жүгінейік: «Жарылыстар айтарлықтай жоғары биіктікте жасалды», дейді ол. Егер «КСРО-дағы ядролық сынақтардың хроникасы» деген тақырыппен жарияланған деректерге сүйенсек, академиктің, жұмсартып айтқанда, шындықты бүркемелегені анық көрінеді. 1949 және 1951 жылдарғы екі заряд бар-жоғы 30 метр биіктіктегі мұнарада жарылған. Содан кейін бомба алғаш рет 380 метр биіктіктен ұшақтан тасталыпты. Ал сутегі бомбасының алғашқы сынағы да жерден бар-жоғы 30 метр биіктіктегі мұнарада жүзеге асырылған. Бұдан соң әуедегі жарылыстар сәл «жоғарылап», 200 метр биіктікте жасалыпты. Мынандай сұрақ туындайды: бұл адамдар өмір сүріп жатқан жерден соншалықты жоғары ма?

1963 жылы атом қаруының жаңа түрлерін игерудің жаңа кезеңі басталды. Қуаты 37 килотоннаға тең жер астындағы алғашқы ядролық жарылыс 1964 жылдың 16 наурызында Дегелең тауының қойнауында жасалса, соңғысы 1989 жылдың 19 қазанында жүзеге асырылды. Жердің өзі тірі организм емес пе? Бірақ 25 жыл бойына жер мен адамдар ядролық сынақтардан зардап шекті.

Енді «Полигон» фильмінен бірер сөз. Бұл кейіпкердің тарихы бүгінде кеңінен танымал. Ол көптеген басылымдардағы мақалаларға «арқау» болды. Талғат Сіләмбеков бір сынақ кезінде ол және тағы бірнеше адам қауіпті аймақта әдейі қалдырылды деп есептейді. Оның сөзіне құлақ түрейік: «Біз үйде едік. Аудандық комитет, аудандық атқару комитеті, партия кабинеті осында орналасқан-тын. Бір кезде көкжиек қып-қызыл шоққа айналды да, орасан зор саңырауқұлақ пайда болды. Бәріміз жүгіріп далаға шықтық. Бұған дейін ондайды ешқайсымыз көрмеген едік. Шынымды айтсам, тіпті, біз бұл «кереметті» аузымызды ашып тамашаладық. Шамамен жарты сағаттан соң әскерилер келіп, бізден ғимаратқа кіруімізді талап етті. Бәрі противогаз, комбинезон киіп алыпты. Әлсін-әлсін қолдарындағы бір аспапқа қарай береді. 15 минуттан соң машинаға отырғызып, осы жерден 40 шақырым жердегі тауға алып кетті».

Сол жерде Талғаттарды бір қатарға тізіп қойып, аты-жөндерін жазып алған және әлгіндегі аспаптарын денелерінде әрі-бері жүргізген. Радиация мөлшерін тексерген ғой. Артынан әрқайсысына 200 грамнан арақ құйып беріп, ішсең де ішесің, ішпесең де ішесің деп мәжбүрлеген. Содан кейін машинаға отырғызып, қайтадан Бақанасқа алып келген. Келсе, барлық жерде иттердің, тауықтардың өлекселері жатыр екен. Тауықтың жұмыртқалары әр-әр жерде шашылып қалса керек. Олардың радиацияланғандығы ешкімге айтылмағандықтан, адамдар оны жинап жеу­ден де қашпаған.

Бұл 1989 жылға дейін жалғасқан үдеріс еді. Кейін бәрі де сиқыршының таяқшасы әсер еткендей өзгеріп шыға келді. Бұл таяқшаны сілтеген заманымыздың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болатын. Енді оған сөз берейін (О.Сүлейменовтің «Полигон» фильміндегі сұхбатынан үзінді): Ақпан айында (1989 ж.) полигонда екі жарылыс жасалды. 12 және 17 ақпандарда. Маған полигонға жақын маңдағы Шаған қаласынан телефон шалынды. ТАСС хабарламасында ештеңе айтылмаса да, радиоактивті газ сыртқа шығып кеткені хабарланды. 25 ақпанда менің тікелей эфирден телевизияға шығуым жоспарланған-тын. Сайлауалды бағдарламамды таныстыруға тиіс едім. Бірақ, мені зиянды газдың сыртқа шығып кеткені қатты толқытты. Өйткені, осы уақытқа дейін бізді жер асты жарылыстары халық денсаулығы үшін зиянсыз деп сендіріп келді емес пе? Егер ресми органдар соңғы жарылыс салдарын жалған айтса, демек, бұрын да жасырып келгендері ғой. Ал жарылыстардың көп жасалғаны кімге де болса белгілі. Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамды ысырып қойып, тікелей эфирден көрермендерге қайырылдым. Жер асты жарылыстары денсаулық үшін зиянсыз емес екені алғаш рет ашық айтылған болар. Сөйтіп, мен адамдарды Жазушылар одағының жанына митингке шақырып, қалыптасқан жағдайды талқылауды ұсындым. Кездесу орны мен күнін айттым. Ол 28 ақпан болатын. Сол күні митинг өтті. Халық залға сыймай кетті. Митингтің бір бөлігі ғимарат жанында ұйымдастырылды».

Мен сол кезде «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істейтінмін. Таңертең митинг туралы ештеңе білместен, әдеттегідей жұмысқа келдім. Кенет дәлізге хроника бірлестігінің директоры Анар Қашағанова жүгіріп шығып, адамдарды жинай бастады. Осындай кездейсоқ жағдай мені 25 жыл бойы сол митингте құрылған халықаралық «Невада-Семей» қозғалысымен байланыс­тырды.

Олжас Сүлейменовтің митингте сөй­ле­ген сөзінен үзінді келтірейін: «Семей түбіндегі соңғы сынақ төзімімізді тауысты. Радиоактивті газ сытылып сыртқа шыққан. Мамандар оны зиянсыз дейді. Бірақ бұған сену өте қиын. Өйткені, газ бұлты Гейгер есептегіштерін «жарып» жібере жаздаған…».

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы қанша уақыт өтсе де жадымда жаңғыратыны анық», дейді осы орайда қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

Ал Анар Қашағанова былай деп ағынан жарылады: «Жеке адамнан халық құралады. Демек, менің жеке өзіме де көп нәрсе байланысты. Мұны мен жақсы түсіндім. Түсіндім де, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын, бір нәрсе жасау керек екенін ұқтым. Мінберден айтқан Олжас Омарұлының сөзі бәріміздің жүрегімізге жетіп жатты…».

1989 жылдың 28 ақпанында өткен митингте халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшілігіне бірауыздан сайланған О.Сүлейменовке тағы да сөз берейін:

– Бұл митинг өзінің ауқымы жөнінен менің ойлағанымнан әлдеқайда асып түсті. Мен көпшілікке сол жолы қолдау көрсеткендері үшін бек ризамын. Өйткені, қашанда алғашқы қадам жасау бәрінен де қиын болатыны белгілі ғой. Маған майдангерлер де бәрінен қиыны шабуылға шығу үшін орныңнан тұру деп айтатын. Бұл тізерлеген жеріңнен серпіле көтеріліп, бүкіл елді дүр сілкіндіру дегенді білдірді. Сөйтіп, халық өзінің қуатын, өз талабының нәтижесін көрді. Жұдырықтай жұмылса, қолынан бәрі келетініне көзі жетті. Яғни, әлемді полигондарды тоқтатуға мәжбүрлей алатынын түсінді. Қазақстанда ғана емес. Айтып отырғанымдай, Қазақстаннан кейін барлық полигондардың ауыздарына құм құйылды. Мұнда біздің халқымыздың еңбегі зор, – дейді Олжас Омарұлы.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. (http://egemen.kz/2014/02/28/20949/)

 

Антиядролық қозғалыс - ядролық соғыс қаруын жасауға, сынауға, қолдануға қарсы әлем халқының бірлескен қарсы күресі.[1] 1945 жылы 6 тамызда алғаш рет АҚШ әскери әкімшілігі ядролық қаруды Жапонияның Хиросима қаласына тастап, қырғынға ұшыратты. Қала толық қирап, 140 мың адам қаза болды. Араға үш күн салып, Нагасаки қаласына түскен атом бомбасы салдарынан 75 мыңға тарта адам жапа шекті. Ал КСРО аумағында алғашқы ядролық қару 1949 ж. Семей сынақ алаңында жарылды. Содан бергі жылдарда онда 459 жарылыс (оның 113-і атмосферада) жасалып, сынақ алаңымен шекаралас аудандардағы халықтың денсаулығына, экологияга орасан зор зиян келтірілді. Мұндай зұлмат қасірет бұл қарудың түрін жою, тоқтату қажеттігін тудырды. 1963 ж. атмосферада, суда және ғарышта атом қаруын сынауды тоқтату жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бірақ бұл шарт талаптары ұзақ орындалмады. 70-ші жылдары КСРО басшылары КО-ғы атом сынағы бейбітшілікке бағытталған, халыққа, қоршаған ортаға зияны жоқ деген екіжүзді сұрқия саясат үстанды. Ұзақ уақыт бойына жер астындағы сынақтардың қауіпсіздігі туралы жалған түсінік қалыптастырылып, насихатталды. 1989 ж. ақпанда Қазақстандағы ядролық жарылыстарга қарсы "Невада- Семей" Антиядролық қозғалыс дүниеге келді. Ол ел тұрғындарымен қатар дүниежүзі елдерінің бірқатарынан қолдау тапты. 1991 ж. мамырда "Аттан" штабы құрылды. 1991 ж. 29 тамызда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндағы ең соңғы жарылыс 1995 ж. 30 мамырда жасалды. "Невада-Семей" Антиядролық қозғалысы алға қойған негізгі мақсаттарының бірі - Семей ядролық сынақ алаңын жабуға қол жеткізді.

 

Невада-Семей, ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым. 1989 жылы 26 ақпанда құры­лып, қазан айында ресми тіркелді. Респу­блика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозға­лыс ядролық жарылыстарға қарсылық біл­діріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақ­сат етті, Семей ядролық полигонында ядро­лық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Ан­тиядролық қозғалыстың күш-жігері арқа­сын­да1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сы­нақ­ты 7-ге дейін азайды. Ең соңғы яд­ро­лық сы­нақ 19 қазанда жасалған. Анти­ядро­лық қоз­ға­лыс қатысушы Қарағандының 130 мың шах­тері егер ядролық сынақ тоқтамаған жағдайда мер­зімі шектеусіз ереуілге шығатындарын мәлімдеген бо­латын. Оларды Семей, Павлодар, Өске­мен, Жез­қазған жұмысшылары және сон­дай-ақ Жо­ғарғы Кеңес қолдады. Халықтың бас­тамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қа­руды сы­науға тыйым салу – мораторий жасау тура­лы ше­шім шығарды. Қазақстан Респу­бли­касының егемендігі туралы Декларацияда ел аума­ғы ядро­сыз аймақ деп жарияланды. Қазақ­стан Пре­зиденті Н.Ә. Назарбаев Семей полиго­нын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жыл­дың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақ­сатына жетті.

Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Ита­лия, Жа­пония, Түркия, т.б. елдерде ұйымның бө­лімшелері құрылған. Қозғалыстың бел­сенді қызметінің арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы «Қазақстандағы Семей өңірі адамдары ден­сау­лығы мен экологиясын сауықтыру және эконо­ми­касын дамыту мақсатындағы халықаралық ынты­мақтастық пен іс-қимылды үйлестіру» қара­рын қабыл­дады.