АТОМҒА ҚАРСЫ ӘЛЕМДIК АКЦИЯНЫҢ ОТАНЫ

15.11.2012 • 298 рет оқылды

Сексенiншi жылдардың ортасында мен Семей облысы аталатын қазiргi Шығыс Қазақстанның Аякөз ауданында iссапарда болдым. Бiреулердiң жазған арызы бойынша Таңсық ауылындағы мектепке келдiм. Мен келгенде мұнда ұстаздардың бiр түрлi қобалжып, мазасызданғанын сездiм. Өйткенi, Семей полигонында кезектi ядролық сынақ-жарылыс болып, оның әсерi осында жеткен екен. Жойқын жарылыстың әсерiнен мектептiң бiр қабырғасына сызат түскен. Ол кезде ядролық жарылыстың сойқаны мен радиация зияны айтылмайтын құпия едi. Бiрақ, семейлiк менiң достарым «Бiз жақта күмпiлдетiп күнде атом бомбасын жарып жатады. Бұған бiз әбден үйренгенбiз» дейтiн.

Кеңес үкiметi өзiнiң сойқан қаруы — атом бомбасын Семей полигонында қырық жылға жуық сынады. Бес жүзден аса жойқын жарылыс болды. Сол дәуiрде әлемдi үрейлендiрген Семей полигонының сойқан сүргiнi жөнiнде айту өте қауiптi едi. Өйткенi, полигон жендет Л.Берияның тiкелей басшылық етуiмен өмiрге келген болатын. 40-жылдардың соңындағы алғашқы сынақ кезiнде Абыралы ауданының қазақтары басқа жаққа аяқастынан көшiрiлiп, халық қатты жапа шеккен. Ал, 50-жылдардағы жарылыс кезiнде өлiм экспериментi тек мал емес, адамдарға (қазақ) болған. Бұл құпия кейiн айтылды. Мәскеу ядролық жарылыстардың қоршаған орта мен адамдарға тигiзiп жатқан зардап-зиянын бiлiп отырды. Өйткенi, полигон жанындағы әскери бөлiмдерде ауру шығып, ауырғандар құпия түрде Мәскеуге жөнелтiлетiн. Жарылыс кезiнде ауаға таралған радиация жан бiткендi улап, айықпас дертке шалдықтыратын. Полигон төңiрегiндегiлер көбiне обыр (рак) мен жүйке ауруларына шалдықты. Айтуға ауыз бармайтын қасiреттiсi – сол жарылыстан кескiн-келбетi құбыжықтарды елестететiн балалар дүниеге келдi. Ер азаматтардың белсiздiгi және әйел аналардың дүниеге денi сау ұрпақ әкелмеуi – полигон аймағындағы қасiрет едi. Ойрандалып, уланған жер-су мен табиғатты айтпай-ақ қояйық...

80-жылдардың соңында Сарыарқаның төсiндегi, ұлы Абайдың атамекенiндегi атомның сойқан сынақ-жарылыстары шектен шықты. 1989 жылы қыстыгүнi болған кезектi ядролық сынақ Семей өңiрiндегi халықты қатты үрейлендiрдi. Көкке көтерiлген «жалын-бұлт» радиацияның қалыпты мөлшерден әлдеқайда асып, ауаға у-тозаң болып таралғанын көзге ұрып көрсеттi. Семейлiктерден Қазақстан Жазушылар одағына жеделхат келдi. Мәскеуге дабыл қағылды. М. Горбачевтың «еркiндiк демократиясының» әсерiнен болу керек – халық қауым болып, жиналып, шеру ұйымдастырып, қоғамдағы шындықты айта бастаған кез едi. Жазушылар одағында Семей полигонындағы соңғы жарылыстың керi әсерi айтылып, осы облыстан келген бiраз азамат аймақтағы атомдық сынақтардың зардабын ашып айтты. Сөйтiп, осы күнi «антиядролық Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Мен оның Құрылтай жиналысында болып, кейiн халықтық қозғалыстың шеру-митингiлерiне, жиналыстарына катысып жүрдiм.

90-жылдардың басында шыққан «Халық Конгресi» газетiнiң тiлшiсi, әрi «Невада-Семей» қозғалысының мүшесi ретiнде ядролық сынақ жарылыстардың сойқаны мен құпиясы жайында көп жаздым. Семей полигоны өңiрiнде еңбек етiп, кейiн Алматы төңiрегiне көшiп келген, радиация сәулесiне шалдыққан талай адам халықтық қозғалысты жақтады. Бүкiл туған-туысы, бауыр-жақындары, «полигон кұрбаны» болып өмiрден өткен, соңында радиация дертiнен өзi де дүние салған Қанай атты қария шерумитингiлерде «қара ту» қөтерiп жүрушi едi. «Невада-Семей» қозғалысын халық қатты қолдады. Өйткенi, полигонның 40 жыл қырғын салғаны рас едi. Аймақтағы адамдар айықпас дерттен, жазылмас аурудан көз жұмып жатты. Шыны керек, Семей полигоны қазақтың қасiретi болды. Полигон маңында өмiрге келiп, 2 қолынан айрылған кемтар жас жiгiт Күйiковтiң тағдыры менiң көз алдымда тұр. Ол «Невада-Семей» қозғалысының әр шеруiне қатысып, «Менi кемтар қылған — «полигон» деп сөйлегенде, көзiмiзге жас келетiн. Халықтық қозғалыс кемтарлар мен мүгедектердiң, аурулар мен сырқаттардың тағдырын айтып, әлемге жар салды. Сол кездегi КСРО билiгiнен Семей полигонын жабуды талап етiп, батыл күреске шықты. Қозғалыс белсендiлерi атомдық жарылыстардың тек Қазақстан емес, әлемге де қауiп екенiн айтып, шет елдерде iс-сапарда болды. Семей өңiрi халқы сойқанға қарсы түгел көтерiлдi. Өйткенi, Мәскеуде сынақты одан әрi жалғастыра берудiң жоспары бар едi. Қазақстандағы ядролық сынаққа қарсы қозғалысты Еуропаның 30 елi қолдады. Екi қаласын АҚШ-тың атом бомбасы жермен жексен етiп, адамзат тарихында болмаған сойқанды бастан өткерген Жапония «Невада-Семей» қозғалысын барынша жақтады.

1991 жылы Елбасы Н.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл әлем үшiн ерекше оқиға едi. Сөйтiп, дүние жүзiн үрейлендiрген бiр аждаһаның үнi өштi. Өткен ғасырдың 80-жылдары дүние жүзiнде ядролық соғыстың болу қаупi сезiлген едi. Өйткенi, 5 ұлы мемлекет – АҚШ, Қытай, КСРО, Англия және Франция күшi аса қуатты ядролық қаруларын сынап жатты. Сынақ бұл елдердiң жерiнде емес едi. Мысалы, КСРО – Қазақстанда, АҚШ – Үндiстер тұратын Невада штатында, Қытай – Шығыс Түрiстанда (Лобнор), Англия мен Франция – бұрын өздерiнiң отары болған елдер мен аралдарда тажал қаруларын сынады.

Адамзат өмiрiне тажал болып төнген аждаһа өткен ғасырдың сексенiншi жылдары соңында бизнеске айнала бастады. Атом қаруын сату немесе оны құпия түрде көп қаржы бөлiп жасау сияқты фактiлер әшкерелендi. Француз саясаткерi Жак Аттанидың кейбiр елдерде атом бомбасына байланысты контрабандалық астыртын әрекеттер жөнiнде жазған кiтабы жарыққа шығып, әлемдi дүр сiлкiндiрген оқиға болды. Бұл кiтапта ядролық қаруға ресми ие болған 5 мемлекеттен басқа тағы да оншақты елдiң осы қаруды жасырын жасап жатқаны жөнiнде айтылды. Жак Аттанидың 120 миллион долларға бiр атом бомбасын жасауға болатынын айтып, сойқанға қарсы тұрудың жолын дәлелдедi. Кiтапта (түрiк тiлiне аударылған) 30 килограмдық плутонийдың (ядролық заттар) контрабандалық жолмен тиiстi жерлерге жеткiзiлгенi дәлелденедi. 8 килограмм таза плутонийден бiр атом бомбасы жасалады екен. Ол кезде әлемде 300 тонна мөлшерiнде плутоний бар деген болжам бар едi. Бұдан қанша атом бомбасы жасалатыны белгiлi едi. Яғни, жаппай қырып-жоятын қаруды жасау қатерлi бағыт алды. Ақырзаман елес емес, ендi ақиқатқа айналып келе жатты. Қазақстандағы антиядролық қозғалыс, мiне, осыған табанды қарсылық көрсеттi. Адамзатқа үрей туғызған ядролық жарылыстарды тоқтатудың батыл әрi қаһармандық iс-әрекетi соңында Қазақстанда түпкi мақсатына жеттi.

1991 жылы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзiндегi аждаһа полигондарының бiрi – Семейдегi атомдық апат ошағын жабу жөнiнде шешiм қабылдап, Жарлық шығаруы – үрейленген әлем халықтарын қуантты. Осыдан кейiн дүние жүзiндегi барлық полигондардағы сынақ-жарылыстарды тоқтату жөнiнде «мораторий» жарияланды. Ядролық қарулары бар мемлекеттер арасында жер бетiнде Бейбiтшiлiктi сақтауға байланысты ынтымақтастықтың жаңа келiсiм-шарттары жасалды. Егер сол дәуiрде атом бомбасымен жанталаса қарулану үдеп, атомдық сойқан жарылыстары жалғасып, аждаһа бизнесi күшейiп, шегiне жеткенде, Жер шары қазiр отқа оранып жатқан да болар ма едi... Қазақстандағы қаһармандық қозғалыс пен Елбасының әлемде бiрiншi болып ядролық қарудан бас тартуы және оны әлем халықтарының қолдауы – ядролық соғыс қаупiн сейiлттi. Қазақстандағы антиядролық қозғалыстың және оны қолдаған дүние жүзiндегi бейбiтшiлiктi жақтаушылардың ерен күш-жiгерi арқасында атомдық жойқын жарылыстар қайталанбайтын болды. Бұл жерде Қазақстанның адамзат тарихында алатын орны ерекше.