Семей-Невада қозғалысында мораторийді халықпен бірге жариялаған Олжас.

Біздің қоғам шешпек болып жанталасып жатқан мәселелердің тақырыптық шоғырында әлемдік бейбітшілік және соғыс проблемалары күнгірттене бастады: аса өткір әлеуметтік мұқтаждар әлемдік шиеленіс қаупін тұмшалап тастады, бірақ бұдан ол соншалықты азая қойған жоқ, деп Олжас Сүлейменов ағамыз айтты.

Қаңтардың жетісінде Нью-Йоркте үш ортада ядролық қаруды сынауға тиым салу туралы 1963 жылғы шартқа түзетулер енгізу жөнінде Біріккен Ұлттар Үйымының конференциясы басталады. Жер астындағы сынақтардың таралуына тиым салу туралы мәселе де қаралатын болды.

Әзірге атом лабораториялары мен зауыттары жұмыс істеп тұрған кезде тактикалық және стратегиялық құралдарды тіпті едәуір қысқарту да проблеманы шешпейді, қайта күрделілендіре түседі, өйткені алынып тасталған жүйелердің орнына неғүрлым жетілдірілгені келеді. Қарусыздану әдеткі қайта қарулануға айналады. 1986 жылы М.С.Горбачев барлық өмір сүрушілер атынан жар салған ядролық қарусыз XXI ғасыр идеясын жүзеге асыру полигондарды тоқтатудан басталды.

Қазір дүние жүзінде бәрін қамтитын Шартты қоғамдық қолдау науқаны қанат жаюда. Конференцияға біз немен келе жатырмыз?

Семей ядролық полигоны бір жылға тақау үнсіз тұр. 1989 жылдың қазанынан бері Кеңес Одағы бірде бір сынақ өткізбеді. Ел мен әлем халқы бұл жөнінде білмейді. КСРО президенті мен үкіметінің ресми хабарламалары болған жоқ. Бұкаралық ақпарат кұралдары да тіс жармай отырды. Себебі не? Өйткені, полигон «төменнен» жасалынған шешіммен тоқтатылған /8/.

Семей полигоны өзіндік ғана мәнге ие емес. Ол - дүниежүзілік ядролық қару өндірісінің бір буыны болып табылатын. Ал фабрика барлық тораптары іске қосылғанда ғана жұмыс істейді. Бір буынның түсіп қалуы сиамдық егіздер сияқты өзара тәуелді әскери өнеркәсіптік кешендер (военно-промышленные комплексы) мүддесіне соққы болып тиеді. Бір-бірімен күресе отырып, олар өзара нығаяды.

Басқа ядролық державалар да атом өндірісінің катерлі зардаптары туралы деректерді құпия ұстауға тырысты. Бұл, өкінішке қарай өзгені былай қойғанда денсаулық сақтау саласындағы ең актуалды бағыттың біріне айналған радиологияның дамуына әсерін тигізді.

1957 жылы Семейде арнаулы мекеме - «бруцеллезден емдейтін төртінші диспансер» құрылды. Алғашқы үшеуінің қайда екені, немен шұғылданатыны бізге беймәлім. Ал мына құрылған мекеме өте құпия түрде «әскери радиацияның» адам организміне әсерін емдеуге емес, зерттеуге тиіс еді. 6 мың адамнан тұратын бақылау тобын қадағалау жүктелген небары төрт дәрігер болмашы қаржыға ұсталды. Науқастардың бәрі бірдей мұнда жатқызылған жоқ, бірақ тас қорғанның арғы жағындағы үйге енуге «сәті» түскендер туыстарына бруцеллезден, немесе басқа бір аурудан қайтыс болды деген анықтамамен қайтарылатын-ды.

Бәлкім, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің үшінші Бас басқармасының (басқарма қорғаныс министрлігіне қарайды) арнаулы қоймаларында аурулардың шынайы тарихтары сақтаулы шығар, бірақ «Невада-Семей» қозғалысының эксперттері онда жіберілмеді. Бүгінде ғана диспансер құпиясын азынаулақ ашуға мүмкіндік туды. Қазір ол ресми түрде радиологиялық деп аталады. Соның өзінде архивтің едәуір бөлігі (он жеті ғылыми тақырыптар бойынша) полигонға апарылған. Әйтсе де қолда барының өзі диспансердің бас дәрігері Б.И.Гусевтің полигонға жапсарлас аудандар халқының денсаулығына өзіндік зиян келеді /9/ деп мәлімдеуін негіздеуге толықтай жетеді.

1990 жылғы қыркүйекте Е.П.Велиховтың басқаруымен полигонда болған Курчатов атындағы атом энергиясы институты комиссиясына берген «ресми ақпаратында» Гусев құпиясы ашылған архивтер дерегіне сүйеніп, кейбір деректерді келтіреді. Мәселен, оның кіріспесінде мынадай деректер бар: «Атомның бірінші жарылысы (1949ж.) жоғарыда аталған елді мекендердің (тексте Семей облысының селолары аталады - О.С.) тұрғындары үшін нағыз апат болды. Осы жарылыстың халыққа тигізген радиациялық зардабының Хиросима мен Нагасакидің тұрғындары ұшыраған радиациялық зардаптан айырмасы болған жоқ.

Радиоактивті тозаң шоқталып түскеннен кейінгі алғашқы сағаттарда өлшеу жүргізілген жердегі (Долон селосы) радиация мөлшері сағатына 200 рентген болды. Халықтың сырттай гамма-сәулелерін алуы алғашқы тәуліктерде 60 рентгенді, бір аптада - 100, бір айда - 130, бір жылда - 160 рентгенді құрады. Одан кейінгі 1951 жылдан 1963 жылға дейінгі уақыт ішіндегі жыл сайынғы ондаған жарылыстар Семей облысының территориясын ыдырау заттарымен уландырса, халқын - әртүрлі мөлшер шеңберінде «иондаушы радиациямен сәулелендірді». Ал О.Сүлейменовтың пікірінше радиация мөлшері 20 микрорентгеннен аспауы тиіс.

Мысалы, Юта штаты Невада полигонының ық жағында тұрады. Радиоактивті тозаң ең алдымен сонда түседі. Осы штаттағы ядролық қаруға қарсы қозғалыс осыған сәйкес «Даун виндер» («Жел өтінде») деп аталады. Қозғалыс невадалық желбағыттары салынып, әсем безендірілген картаны бүкіл елге таратты. Осы батыстан шығысқа қарай доғаша иілген, Американың жартысын алып жатқан қан кызыл сыпыртқыш романстарда жырланған гүлге ұқсамайды.

50-ші жылдары Бикини атоллының үстінде американдық сутегі бомбасы сыналды. Басқа жаққа көшірілген тұрғындар әлі қайта орала алмай отыр: ластану деңгейі әлі де жоғары қатер туғызады.

Қазір бізді кеңестік сутегі бомбалары американдық бомбадан экологиялық таза деп иландыруға тырысуда /10/, - деп Сүлейменов мәлімдеді.

Ал ақиқат мынада еді - Семей полигоны дүние жүзіндегі барлық полигондар ішіндегі ең тазасы» - деп КСРО халық депутаты Н.Петрушенко «Комсомольская правда» газетінің тілшісіне үзілді-кесілді мәлімдейді: «Бізді полигонның зиянсыздығына иландыру - адам денсаулығы үшін сутегі бомбасының пайдалы екендігін дәлелдеумен бірдей. Сонғы санақтың қарапайым бір фактісі мен үшін көптеген томдардан салмақтырақ: әр жанұяда ондаған бала бар. Абай ауданында екі бесжылдық ішінде халық өсімі нөл. Егіндібұлақ, Май, Лебяжий аудандарында әрбір үшінші бала не өлі, не мүгедек болып туады».

«Біз «жаңаша ойлау» терминін жиі қолданамыз, тиісті білімсіз ол нені білдіреді? Демократиялық жүйе оның барлық буындары: сайлаушы - заң шығарушы - үкімет тең хабардар болғанда ғана жұмыс істей алады. Депутаттардың кейбір сұраныстарынан генералдардың шашы тік тұрады: «ЦРУ» барлау үшін миллиондар жұмсайды!» деседі. Артық болса жұмсай берсін. Ал, халықтың қорғаныс жұмыстары туғызған сыртқы қатер жоғары немесе төмен екендігін білуі артық болмайды.

АҚШ пен КСРО-да қоғамдық пікірді сұрау тең нәтижелер берді: американдықтардың көпшілігі Кеңес Одағының ендігі уақытта олардың еліне қауіп туғызбайтындығына сенімді: кеңес азаматтары да батыс тарапынан болатын агрессия мүмкіндігі туралы осындай пікірде. Олай болса әскери-өнеркәсіптік кешен ядролық қарулануды не үшін дамытуға тырысады? Олар қандай негізгі себептерді атайды?», - деп Сүлейменов мәлімдеді.

Фактілерге сүйенетін болсақ, КСРО мемлекетінде 1949 жылдан бастап 1990 жылға дейн - 642 жарылыс болды. АҚШ мемлекетінде осы жылдары - 921 жарылыс болды. «Осы тұйық шеңберді кім үзеді?» -деген сауал туындайды.

Түптеп келгенде ядролық қару өндірісін тоқтатудың екі мүмкіндігі болды.

...Сахаров 1959 жылы басталған үш жақты мораторийді мерзімсіз етуге Хрущевті иландыруға тырысты. Осы бір көрініс жөнінде академик өзінің 1989 жылдың 14 желтоқсанындағы «Невада-Семей» кино түсіруші тобына берген соңғы сұхбатында айтқан еді. «Хрущев тек бір ғана саясатты, күш көрсету саясатын мойындады. Ол Сахаров сияқты адамдарды тыңдаған болсам нағыз болбыр адамның өзі болар едім», -деп мәлімдеді.

Кеңес академиясы тұңғыш рет мінез танытты. 1963 жылы ашық сынақтарға тиым салу туралы Москва шартына қол қойылды. Хрущев бұл қадамға өз арсеналында 60 мегатонналық бомбаны ұстап отырып барды.

Хрущевтің алысты көре алмайтын саясаты, оның мінезінің шапшаңдығы мен оқыстығы Америка мен Ұлыбританияның түбегейлі, Сахаровтық нұсқада Москва шартына қол қоюларына кедергі келтірді, ол жер астында сынауға рұқсат беретін американдық түзетумен жасалынды.

Горбачевтің саясаты планеталық демократияландыру процесіне шапшаңдық берді. Дәйекті шегінушіліктің, мүмкін емес келісімшілдіктің орнығуына небәрі бес жыл қажет болды! Күш көрсету саясатына қайта оралуды талап еткен, оны ақтауға тырысқан қаншама жағдайлар болды, бірақ жуасыған кейіп білдірген саясат өзінің дәрменсіздігімен барлық түр-түстегі даңғаза ұлы державалық және рушылдық күштерді қарусыздандырып жүріп келеді. Тек аяғы тайып кетпесе екен, тек адамдар дүниеде жүріп жатқан өзгерістің ең басты екенін, онсыз жобаларымыздың жүзеге аспайтынын түсініп үлгерсе екен /11/, - деп Сүлейменов өз пікірін айтты.

Қазіргі уақытта «тәуелсіздік, патриотизм, ұлттық қорғаныс» деген ұғымдарды жалпы адамзаттық мүдде айнасы арқылы қарау қажеттігін түсіне бастағандай болып келеді.

Бірінші бір жақты мораторий - Горбачевтың туындысы. Америка оның қадамының ізгілігіне бірден сене қоймады. Алдын ала әзірленген аялдамалар алдында қарсыластар неғүрлым көп жаруға тырысты. «Горбачевтік» мораторий алдында жұмыс қарқынын абыр-сабыр жеделдету байқалмай отыр. Полигонның тіпті жыл басынан үнсіз қалуы жағдайдың жоспарланбағанына сендіреді.

Егер біздің саясатшыларымыз сол кезде американдық жақтың сыңайындағы үміттендірерлік сәтті аңғарған болса, бәлкім мораторийді мерзімсіз ұзартуға негіз табылар еді.

Америка Одақтық бейбітшіл ишарасын шет қақпады: келесі жылдың өзінде сынақ санын қысқартты (АҚШ бірнеше жыл бойы жылына 17 реттен жарып келсе, 1986 жылы оны 14-ке түсірді). Осы деңгей үш жыл бойы сақталып отыр, - деп Сүлейменов жазады.

1989 жылдың қазанынан Семей полигоны тоқтап тұр. АҚШ бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмады: 1990 жылға бағдарлама жарияланды - сегіз жарылыс. Бірнеше ондаған жыл ішінде тұңғыш рет бірінші орынды санға шықтық.

Ашылған заңдылық оқиғаның даму барысын болжауға мүмкіндік береді: егер КСРО халықтық мораторийді ресми таныса және оны мерзімсіз жасаса, онда 1991 жылы (тіпті қаңтар шартына қол қойылмаса да) Невададағы сынақтар саны беске дейін азайтылады, 1992 жылы -екіге дейін, ал 1993 жылы...

«Ноль-ноль» - қол жеткен ядролық тепе-теңдік формуласы. 86 әскери база жабылды. Қаңтар шартын жасауды талап еткен XX ғасырдағы барлық соғыстар ардагерлерінің петициясы миллиондаған американ азаматтарының қолдарын жинады.

Егер планеталық қоғамдастыққа таяудағы жылдарда жобаны жүзеге асыру сәті түссе, онда, дүние шіркеулерде және академияларда сәуегейлікпен айтылып жүрген ақыр заманнан құтқарылады. Өзін-өзі құртуға қарсы күреске біріккен адамдар өздерінің ақыл-ойлы Адам деген атын ақтай алады. Ақыл-ой дегеніміз шынында да адамгершілікке көбейтілген ақыл болып табылады /12/, - деп Олжас Сүлейменов ағамыз жазады.

1989 жылдың 19 қазаньшда Семей полигонында соңғы жарылыс жаңғырығы естілді. Бұл күннің тарихқа елімізде ядролық қарудың соңғы сыналған күні болып енуі бізге белгілі.

Семейдегі атом алапаты ішін кілт тартып, қазақ елі тәуелсіз республика болған күн - Олжас ағамыздың өміріндегі жұлдызды сәт болды. Ол өзінің «Алапат сынақтар аймағы» атты өлеңінде /13/ былай дейді:

Делқұлы державалардың көрді екен

біздей кім алдын, Жетесіз дүние!,

Қазақтың жеріне келіп сыналдың!

Крестен басқа түк өспей, топырағым іштей тынады.

Сыналып дауыл жаңбырмен жаудың

алдында түрғанбыз,

алысып жүріп тағдырмен, айдауда туған ұлдармыз!

Зұлмат дүние түнеріп біз жаққа қарап түрады:

күшігін көкке жіберіп - Жердің серігін сынады...

Сынақтар бітсе гүлденер, сайрар-ау сонда сырлы әнмен. Космодром - Дала - түрмелер –

шандылған темір сымдармен!

Держава!

Қызыл туыңды төбесіне ұстап дұшпанның,

сыналған күллі Ұлыңды - ұлы де Қазақстанның!

Тылсым сыр-шоқыларымыз, шөптің де қанды-тамыры, басатын топырағымыз - Бауырластардың Қабірі... Келемін саған алаңдап, әр жағым - зілдей ауыр үн, мұңаймаса егер адамзат, мұңайма Сен де, Бауырым! Күйіне келіп,

Сүйіне - кетер де баспай құмарды, осынау Ұлы Дүние, -Өзіңе келіп сыналды! Шаршадың дем ал, Ұлы Ана,

тынықсаң көңілің тына ма?

Ешкімді енді сынама,

бомбаны да енді сынама...

Қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі - Олжас Сүлейменов XX ғасырдың соңында бейбітшілікке бірлесу туын жоғары көтеріп, өз еліміздің тыныштығын қорғаштап, адамзатты сұрапыл атом бомбасының жарылыстарынан сақтап қалуға қомақты үлесін қосты.


І.З.Алаштың айдарлы ұлы - Олжас Сүлейменовтың қазақ халқының өркениетті болашағы үшін күресі

«...Абылай атамыз айтқандай, басыма бұлт төнген қиын-қыстау күндерде қанаты қайырылған қартты қанаттандырған бір Азамат болды. Ол - Олжас Сүлейменов! Кім қалай қабылдайды, ол жағын білмеймін, бірақ кешегі бірінші хатшының намысын жыртысты демеймін, қашанды ақиқатты, шындықты жаны сүйетін, адалдықты жырлайтын ақын әділ сөзін айтты. Ол үстіндегі жібек шапанын шешіп берді демеймін, ар алдындағы Азаматтық сөзін айтты деп білем. Бәлкім, бір кездері «Аз и Я» пышаққа түсіп, Олжас қуғын-сүргінге ұшыраған тұстағы менің аз-кем шапағатымның есесін қайтару емес, солай деп ойлаған болса, ондай жымысқы ойдың жетегіне ілескен кейбір ағайынның адасқаны. Мен «Аз и Я» -ның авторын емес, таң маңдайлы қазақтың бағына құдай берген табиғи талантқа қорған болуға ұмтылдым. Ол үшін өкінбеймін. Бірдің емес, бүкіл елдің сөзін сөйлер артық туған ақындары бар елден бақытты ел жоқ...» /14/, - деп «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты еңбегінде Дінмұхамед Қонаев қазақ ақыны туралы пікірін айтты. Бұл ұлы сөздер -ақиқат.

Олжас - ең алдымен ақын. Ақын болып туған ақын болып өтпек. Жер астынан жік шыққандай «дүниені дүр сілкіндірген» сексен алтыдағы желтоқсанның жаңғырығы одақтың да, Олжастың да шаңырағын шайқаудай-ақ шайқап көрді. Демдерін іштен тартып, енді қалай болар екенсің, бәлемді іштей қайталап, әліптің артын асығып күткендер аз болған жоқ. Сол жылдың дәл соңғы күні соңына нөкерлерін ертіп Мәскеудің өкілі - жарты патша Колбин жазушылармен алғаш кездесуге келгенде, аузынан ақ жалын атып тұрған-ды.

Қолайлы сәтті орайлы пайдаланып қалуға асыққан ағаларымыздың мінбеге тап-тап ұмтылған тұрпаттары да көз алдымда әлі. Тек Қазақстанға қаһарын төгіп келген қара диюдың сол жолда мысын басып, меселін қайтарған Жұбан мен Сафуан ағаларымыз өрттің алдын орамағанда, шалқып кетер шарпуы талайды мерт қылары кәдік еді. Міне, ақын болудың, оған қоса әкім болудың азап-мехнатын бастан өткере жүріп, шенге шектеліп шашыратып тұратын таңғажайып ғаламаты таңдандырады бізді /15/.

Ақын боп өмір кешіру -Оңай деймісің, қарағым? Ұшында тұру ол өзі Ұшыққан әрбір жараның...

Әр ақынға айтыла бермейтін теңеу. Талайдың тағдырына араласа жүріп, басын бәйгеге тіккен ақынның азаматтығын көзсіз ерлікке баламасқа дәтің жоқ.

Сексен алтыдағы желтоқсан дүрбелеңіне үш ай өтпей Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сегізінші Пленумында күні кеше тәңіріндей табынған Қонаевқа көбінің сәлемдесуге дәті жетпей тайғақтаған кезде асыл ағаны қолдап, қорғап мінбеге көтерілу Олжас ағамыздың Дон Кихотқа тән қылық. «Аз и Я» -ның тұсында сондай ерлікке қазақтың «қара баласы үшін Димекең бас тіксе, бүгінгі Олжас қимылы дәл соның ғажайып жаңғырығы іспетті. Бұл дүниедегі жасаған жақсылық-жамандығының ол дүниеге кетпейтінінің керемет кепілі де осы. Ол Димекеңнің «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының 398-400 беттерін оқып та көз жеткізуге болардай ақиқат іздері. /16/.

Қылышынан қан тамып тұрған кешегі Кеңес кезіндегі «үш әріптің» айбарынан ықпай «Қазақстанның жері - ядролық қойма емес!» - деп дабыл көтеріп дауыстап айта алу дәл сол тұста Олжасты орысшыл, өзін қазақшыл көрсеткісі келіп жүрген қайраткерлеріміздің ойына келсе де, қайсының тіліне орала алды екен?! Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды әулие ұлыларымыздың жер - бесігін қырық жыл шайқап, ұрпақтарын есеңгіреткен аждаһаның үнін өшірем деп қол жинаған жүрек жұтқандық аңызда айтылар баһадүрлікпен ұласады. Тіршілігімізде күә болған жаңа тарих беттерін аша берсең, уақыт алыстаған сайын айқындалып, айшықталып еңсе көтеретіндей алтын әріптермен әдіптелердей жырға бергісіз сырлар, сырға бергісіз жырлар жетіп артардай екен. Себеп-салдары өздерінің ар-ұяттарына. Қазақстан партиясының қатардағы да емес, екі бірдей басшы қайраткері Камалиденов пен Мендібаевтың жарық күнде Олжас ағамыздың соңынан шам алып түсуі де шежіре-тарихтың қаралы беттері. Олжас Сүлейменов өз өмірінің қилы беттерін есіне түсіре отырып, жазады /17/:

Тағдырын бөгеп,

Өте алмай сайдан, жырадан

Менен де бұрын ақындар талай жылаған

Ақын да өзін бақыттымын деп сезінген

Бақытты болса бір адам.

Бақытты қыл деп тәңірден талай сұраған,

Бәрі дос мынау дүниенің

Жауы жоқ бір де сірә оған.

Ақын да өзін бақытсыз жандай сезінген

Бақытсыз болса бір адам.

Жарық дүние, жазира дала - жан құты Қызықтыра алмас әлемнің жауһар - жаһұты Жер бетіндегі адамның соры - соры оның, Бақытты болса, Ақынның ол да Бақыты!

Елінің, жерінің қуанышына қуанып, қайғы-қасіретіне жанын ауыртып, отқа-суға көзсіз көбелектей қойып кететін ақын Олжастың ерлігі қалың қазақ жұртының қуанышы, қазақ жұртының бақыты! Көптеген жүректерге жол тауып, әсіресе, жас буынның кумиріне айналған тұлға қалың қауымды соңынан ерте алды. Бұған бұқараның көкейіндегі түйткілді тап басып көтере алғандығы басты себеп.

Келесі кезекте Халық Конгресі партиясын құрып, мүдделес жазушы, қайраткер, саясаткерлерді топтастырды, «Ұрыста - тұрыс жоқ». Партия өмірі қыза түсіп, газеті де шыға бастады. Азаматтық ұстанымына өте берік, қоғамдық пікірге аса ықпалды ақынның үлкен саясаттағы және бір қадамы осылай қарқынды басталды. Үлкен кемеге үлкен мұхит қажет.

Тегеуріні мықты ақын басқарған партия ақыры оппозициядан бір-ақ шықты. Олжас Омарұлы «Президентке конструктивтік оппозицияға шығамыз» деп мәлімдеп жіберді. Қазақстанда «орыс мәселесі» деп өзеуреп, даурығатындай жоғарыда айтқан шиыршық атып шиеленіскен жайт жоқ екен. Оған мына бір ғана дерек дәлел: ақын мазасызданған кезеңде, нақтырақ айтқанда тоқсаныншы жылдардың орта шенінде елімізден кетушілердің үлесі мынадай болды: қазақтар - 37,3 және 32,6 пайыз, орыстар - 28,4 және 35,2 пайыз, немістер - 5,2 және 5,5 пайыз, татарлар -1,8 және 1,9 пайыз /18/. Яғни орыстардан қалмай қазақтар да кете бастаған кезең болды. Мұны мамандар саяси да, басқалай да емес, экономикалық қиындықтарға орай орын алды деп бағалаған. Сондағы Олжекеңнің қателесуі үміт артқан халқының көкейінде ғана қалдырды. Осыдан кейін Олжас Омарұлының үлкен саясаттағы оппозициялық саяси қадамы аңғарыла қоймады. Өзінің сенім артқан қайбір серіктері қаржы жайына орай істі болды. Содан бастапқы қарқын бәсеңсіп, партияның үн парағы да, жалауы да жығылып кетті.

Сонымен қатар Олжас Сүлейменов Қазақстанның Италиядағы өкілетті елшісі болып қызмет атқарды. Олжекең бүгінде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі.

Бүгіндері алпыс екі тамырында түркілік қаны бар алты алаштың барша азаматы асқақ сезім құшағында жүр. Қазақ Елінің Тәуелсіздігінің 10 жылдығына дайындық белең алған ару мамырдың ақжолтай күнінде әлемді аузына қаратқан айбарлы бабаларымыздан қалған ұлы мұра ұлан дала төсіндегі Астанаға жетіп, жүрекжарды қуанышқа кенелтті. «Ешкім сызып тастай алмайтын, ешкім жоққа шығара алмайтын», - деп ақиық Олжас айтқандай, бүкіл түркі әлемінің рухын асқақтатқан киелі Күлтегін ескерткіші түркі әлемінің қасиетті даласының кіндігіндегі арайлы Астанаға қоныс тепті.

Осы бір тарихи айтулы оқиғаға орай Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде өткізілген "Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның мінберінен қасиетті бабалардың осыдан он үш ғасыр бұрын тасқа қашап қалдырған ұлағаты заманымыздың заңғар ойшылы, қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовтың қуатты үнімен /19/:

Әкеміз, ағамыз құраған халықтың Аты, даңқы өшпесін деп,

Түркі халқы үшін

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Інім Күлтегінмен бірге,

Екі шадпен бірге

Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым,-деп бүгінгі ұрпаққа жеткенде, тебіренбеген ет жүрек қалмағаны хақ.

Ұрпаққа ұлағат болар бабалар мұрасын елімізге әкелінуіне Президентіміз Н.Назарбаевтың барынша қамқорлық жасауы, Президент тапсырмасын жүзеге асыруда премьер-министрі Иманғали тасмағанбетовтың қажырлы еңбегі ел жүрегін елжіретіп, халықтың шексіз ілтипатына ие болғаны даусыз. Бабалар жәдігеріне жанашырлықтары үшін билік басындағы азаматтарға ел алғысы шексіз.

Ал енді осы бүкіл түркі әлемінің ұлылығын асқақтатқан көне мұраның Елордаға әкелінген күніннің халқымыздың біртуар ұлы Олжас Сүлейменовтың 65 жсақа толған туған күнімен тұспа-тұс келуінде де бір айырықша сабақтастық бар еді.

«Халқымыздың табанына кірген шегір менің маңдайыма қадалсын» дейтін асқақ ақынымыз, елінің де, жерінің де мұң-мұқтажын мүдддесін анық та ашық айта алатын біртуар тұлғалы айбарымыз –Олжас Омарұлы Сүлейменов.