Орыс педагогикасының ұлы классигі К.Д. Ушинскийдің педагогикалық жүйесі. 1 страница

Константин Дмитриевич Ушинский (1824-1870) Тула қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы Чернигов губерниясындағы ата-анасының шағын иелігінде өтті.

1844 жылы Мәскеу университетінің заң факултетін үздік бітіріп шықты. Ярослав заң лицейінде әкімшілік және экономикалық ғылымдардың профессоры міндетін атқарушы болып тағайындалды. 1849 жылы лицейдегі студенттер арасындағы толқуларға байланысты қызметінен босатылды.

Ішкі істер министрлігінде қызмет атқара жүріп, “Современник”, “Библиотека для чтения” журналдарымен тығыз байланыс жасап, олардың беттерінде ағылшын тілінен мақалалар мен рефераттар аударып басты.

1854 жылы Гатчинадағы жетімдер үйіне мұғалім болып бекітілді, 1855-1859 ж. ж. оның инспекторы, яғни оқу меңгерушісі болды.

1859-1862 ж.ж. Смольныйдағы әйелдер институтының инспекторы, сонымен қатар “Халық ағарту министрлігінің журналында” редакторлық қызмет атқарды.

1862 жылдан қызметтен босатылғаннан кейінгі қалған өмірін педагогика теориясы мен бастауыш оқытудың әдістемесіне арнады.

К.Д.Ушинский өзінің “Педагогикалық әдебиеттің пайдасы” (1857) атты мақаласын отбасы тәрбиесі мен мектеп тәрбиесінің мәселелеріне арнады. Онда педагогикалық теорияны тәжірибемен байланыстыру, педагогиканы тәрбие өнеріне айналдыру, оны тек теория деңгейінде ғана емес, халықтың тәжірибесімен байланыстыру қажеттігін айтты.

“Қоғамдық тәрбиедегі халықтық туралы” (1857) мақаласында К.Д.Ушинский еуропа елдеріндегі тәрбие дәстүрін талдай келіп, мынадай маңызды қорытынды жасайды: ол халықтық тәрбие жүйесінің тәрбиелік күші кез келген абстрактылы педагогикалық жүйеден артық деп санады.

К.Д.Ушинский тәрбиенің ең басты мақсаты - адамның рухани дамуымен тығыз байланысты, ол үшін халықтың мәдени-тарихи дәстүріне сүйену және ұлттық ерекшелігін ескеру қажет деп тапты. Оның бұл пікірлері “ Ана тілі” (1861), “Орыс мектептерін орыс ету” (1867) “Халық мектептерінің құрылуына жалпы көзқарас” (1870) атты еңбектерінде орын алды.

“Еңбектің психикалық және тәрбиелік мәні” (1860) атты мақаласында К.Д.Ушинский еңбектің бала психикасы мен тәрбиесіне ықпал етуші фактор екенін айырықша атап көрсетті.

“Н.И.Пироговтың педагогикалық идеялары” (1862) мақаласында ол педагогикадағы маңызды мәселе “білім берудің негізгі идеясын іздеуге” арнады. К.Д.Ушинский тәрбие пәнінің басты нысанасы адам деп есептеді. Осы мәселені терең зерттеуге арналған “Адам тәрбие пәні- Педагогикалық антропология тәжірибесі” атты еңбегінің бірінші томы 1868 жылы, ал екінші томы 1869 жылы Петербургте шықты. Бұл еңбек орыс педагогикасындағы ізденістерге арналды. Зерттеуші өзінің педагогикалық ойын толық жүзеге асырып үлгермеді, оның тек “Физиологиялық”, “ Психологиялық” екі бөлімі ғана жарық көрді. Онда К.Д.Ушинский адам организмінің физиологиялық қызметінің заңдылықтарының және психикалық құбылыстардың тәрбиеге ықпалын кеңінен қолдану мақсатын көздеді. Оның “Педагогикалық мәселеге арналған бөлімі” аяқталмай қалды.

К.Д.Ушинский еңбектерінің жетістігінің бірі - бастауыш оқыту мәселесін мейлінше зерттеді. Оның негізгі еңбектері: “Сауат ашу - білімді кеңейту құралы” (1858), ”Балалар әлемі мен Хрестоматия”, “Оқу кітабы. Ақыл-ойды жаттықтыруға арналған табиғат әлемімен біртіндеп танысу” (1865), “Алғаш орыс тілін оқыту” (1864) оқушыларға арналған “Ана тілі” және “Ана тілін оқытуға ата-аналарға кеңес” (1864).

К.Д.Ушинский - Ресей ғылыми педагогикасының негізін қалаушы. К.Д.Ушинский теориясының басты идеясы - халықтық тәрбие беруге саяды, ол халықтың шығармашылық қабілеті мен күшіне сенім арту қажеттілігін және олардың білім алуға құқы болуы керектігін айтты.

Оның халықшылдық идеясы ұлттық тұрғыдан шектелу дегенді білдірмейді. Өзге халықтардың жетістіктерінің пайдасын жоғары бағалай келіп, ол халықтық білім беру негізінің мықтылығына тоқталады. Мектеп ісін басқаруда қоғамдық ой-пікір мен халықтық идеяны басшылыққа алудың маңызын көрсетеді. Осы ұстаным тұрғысынан К.Д.Ушинский ер балалар мен қыздарға жалпы білімді ана тілінде беру керек дегенді баса айтты.

Орыс мектептерінде халықтық ұстанымды сақтау үшін орыс тілінің алдыңғы пәндер қатарына шығарылуын талап етті. Ана тілінде оқыту баланың сөзді түйсініп, сезіну, түсіну қабілетін, дүниетанымын арттырады, сөз құпиясын ашады (“кез келген білім - ана тілге оранған болуы тиіс”) деді. Халықтық принцип еңбекпен тығыз байланысты, бұл жеке тұлғаны дамытудың негізгі факторы, баланы еңбекке баулу арқылы халықтың өміріне терең бойлап, оны мейілінше түсініп, сезінуіне болады деп түсіндірді.

К.Д.Ушинский тәрбиені “тарихты жасаушы” деп қарастырды. Адам тәрбие пәні болса, ал педагогика адам тәрбиелеуді жан-жақты қарастыру үшін оны терең зерттеп білуі тиіс. Адамды физиологиялық және психикалық тұрғыдан зерттеп, қоғамдық ортаның “уақыт рухын”, оның мәдениеті мен қоғам идеалының ықпалын - “бағытталмаған тәрбие” ықпалын ескеру керек деп санады.

Педагогика “бағытты тәрбиені” ұйымдастыру үрдісінде адам туралы ғылым жетістіктерін қолданады, оны К.Д.Ушинский “антропологиялық” деп атады: философия, саясиэкономия, тарих, әдебиет, психология, анатомия, физиология, т.б.

К.Д.Ушинскийдің “антропологиялық” ұстанымы физиологиялық және психикалық үдерістерді жоғары ғылыми деңгейде түсінуге, іргелі педагогикалық мәселелерді, әсіресе дидактика саласындағы мәселелерді шешуге көмектесті. Сонымен қатар ол, оқытуды ақыл-ой, адамгершілік, дене дамуының құралы деп қарастырды. Оқыту білім беру және тәрбиелеуді жүзеге асырады.

Оқыту үдерісінде мұғалім оқушыларға білім беріп, дағдыны қалыптастырса, ал оқушылар білім мен дағдыны меңгереді.

Көрнекті педагог оқыту үдерісінде екі кезеңге бөлді. Бірінші кезеңде - білімді белгілі бір жүйеге келтіру. Ол үшін зат пен құбылысты біртіндеп қабылдау керек; оларды салыстырып, ортақ қасиеттерін табу шарт; алғашқы ұғымдарын қалыптастыру; ол ұғымдарды жүйеге келтіру.

Екінші кезеңнің мәні - алған білімі мен дағдысын қорытып, бекіту.

Оқыту үдерісі негізгі дидактикалық ұстанымдарға негізделуі тиіс: саналылық пен белсенділік, көрнекілік, бірізділік, түсініктілік, беріктік.

Ол оқытудағы әлемдік сыныптық-сабақтық жүйені қолдап, оны мектептегі оқытуды ұйымдастырудың ең тиімдісі деп санады. Оның жүйесінде белгілі тәртіпті қадағалауы тиіс: сыныптағы тұрақты оқушылар санының болуы; сабақтың өтілу реті сақталып оқу кестесінің құрылуы; мұғалімнің бүкіл сынып оқушыларымен және жеке оқушымен жұмыс жасауы.

К.Д.Ушинский оқытудың сабақтық-сыныптық жүйесіндегі жетекші рөлді мұғалім атқарады, сабақтың әр түрлі өтуі оның мақсатына байланысты екендігін айтты.

Сабақты даярлау және оны өткізу мұғалімнің педагогикалық шеберлігі мен алдын ала дайындығын қажет етеді деді. Сабақты ұйымдастырудың негізгі талаптары: жоспарлау, жаңа тақырыпты түсіндіру, сабақтың гигиенасы. Сыныптық-сабақтық жүйені толықтыратын оқушылардың үй тапсырмаларын орындау қызметі - өздігінен жұмыс жасау деп санады.

К.Д.Ушинский екі деңгейлі дидактика туралы ілім жасады: жалпы дидактика оқытудың басты ұстанымдары мен әдістерін зерттейді. Ал жеке пән дидактикасы оқыту ұстанымдары мен әдістерін нақты пән аясында зерттейді; әмбебап дидактика - оған жинақтау және талдау идеяларын қолдану жатады; жекелеген дидактикаға – оқыту теориясы мен әдістемесі, баяндау, зертханалық-практикалық жұмыс, жазба жұмыстар, кітаппен жұмыс, т.б. қосылады.

К.Д.Ушинскийдің негізгі тезисі – оқыту мен тәрбиенің бірлігін қамтамасыз ету болатын. Ол тәрбиенің маңыздырақ екеніне тоқталып, жалпы ақыл-ойдың дамуы тәрбиелікпен сабақтасып, толығуы керек деп түйіндейді.

Адамгершілік пен адамгершілік тәрбиесі К.Д.Ушинский еңбектерінде халықтық идеямен бірлікте қарастырылады. Діннің қоғамдық моралді қалыптастырудағы тәрбиелік мәнін мойындай отырып, ол мектеп пен ғылымның дербес болуын талап етті. Адамның адамгершілік дамуын К.Д.Ушинский қоғамдық-тарихи дамумен байланысты қарастырады. Оның адамгершілік тәрбие туралы жүйесі беделге емес, жағымды мысалдарға, мұғалімнің адамгершілік ықпалына, “баланың саналы іс-әрекетіне”, адамды жақсы көру, құрметтеу, сүюге негізделеді

Азақстанда ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы мектеп пен педагогикалық ойдың дамуы. Бұхар жыраудың педагогикалық көзқарастары.

ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулар ішінде шоқтығы биік, ірі тұлға, Абылай ханға да, қара халыққа да ақылшы бола білген данагөй-дидакт, қарт жырау Бұқар Қалқаманұлы (1668-1781 жж.) болды.

Оның өлеңдеріндегі басты идеялар: дүние көркі – адам; адам көркі – оның жер бетіндегі жасар игілігі, белді қасиеттері; ерлік, елдік, бірлік. Дүние – бай мен жарлы-жақыбайға ортақ алма-кезек, мәңгі байлық та, жарлылық та, көптік те, жалғыздық та жоқ (мұның бәрі шартты). Адамнан ала да, құла да, күшті де, әлсіз де туады. Әркім өз қасиеттерімен ерекшеленеді. Біреулер көреген, білгір, озық ойлы, қара қылды қақ жаратын әділдігімен көңілден шығады. Енді біреулер, керісінше, ойсыз, талапсыз, надан, озбыр қылықтарымен көзге түседі. Алғашқылардың ерен еңбегі олардың әлеуметтік рөлін көтермелейді. Надандардың әлеуметтік опаты мен зұлымдығын сөзбен жеткізе алмайсың дегендерді білдіреді.

Бұқар өзінің Абылайға деген толғауында ханның мәртебесі біріншіден, халықтың өзара бірлігін сақтай білуінде, екіншіден, халыққа өз саясатын қолдатқыза алған ептілігінде екенін алға тартады. Осыдан – адамды адам ететін – оның ортасы, нақыл тәлім-тәрбиесі деген ұстанымды ұсынады.

Бұқар ер азаматтың нағыз азамат болуы үшін он бір тілектің орындалуы қажет дейді. Ол “тілектер” былайша баяндалады:

1. Аллаға адал болу, Алла – сенің бүкіл өмірің мен тыныс-тіршілігіңнің негізгі арнасы. Аллаға сыйынғанның бақ-дәулеті орнына келеді, ортаймайды.

2. Пасық, залым адамның тіліне еріп азба. Қаскөйлерден ылғи да сақтанып жүр.

3. Қыз-келіншектер, әйел қауымы үнемі үсті-басын таза ұстап, жарасымды киінуді ұмытпасын. Бүгінгі қыз ертеңгі ана, бүрсігүні – ақ шашты әже. Анаға қарап бала–ұрпақ өседі.

4. Төсек тартып жатпағын. “Әуелгі байлық – денсаулық” екенін ұмытпа. Сол үшін белсенді әрекет жаса.

5. Мұсылмандықтың белгісі – бес парызды ұмытпа.

6. Ардақтаған аяулың бөтен біреуге тегін олжа болмасын. Көрші күштілерге кіріптар боп қалмасын (Бұл жерде орыс, қытайлармен бейбітшілікті сақта деген ой айтылып отыр.)

7. “Желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, содан сасып тұрмалық” деп ел қорғау мәселесін алға тартады.

8. Өз ұрпақтарын төтенше жағдайлардан сақтай білуге үндейді. (Табиғи апаттан сақтануды айтып отыр – С.Қ.)

9. Хан бағдарламасын қолдау да – имандылық. (“Ханның ісі халқымен” дегенді ұрандап отыр.)

10. “Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен” аналарды құрметте. Ол адамдық асыл парыз.

10. Жастық шақты еске ала келіп, әр жастың өзіндік ерекшелігіне баға беріп, өмірді мәнді өткізуді, оның қадір-қасиетін бағалай білуді уағыздайды.

 

Жалпы ХҮ-ХІХ ғ.ғ. ақын жыраулар поэзиясын сөз еткенде олардың халық үшін еткен еңбегіне,ой қиял өрістеу өресіне,қимыл,әрекет-ісіне қарай үш топқа бөліп:жауынгер жыраулар. Доспамбет,Жиенбет,Ақтанберді,Махамбеттер);мәмілегер(Асан қайғы,Сыпыра жырау,Үмбетей,Бұқар);тәлімгер(Шал,Базар,Майлықожа)жыраулар деп шартты түрде жіктеуге болады.Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де өнегелі ісімен де халыққа белсене қызмет етіп,ел ұйытқысы,тәлім-тәрбие мектебінің ұстазы бола білді.

Азақстанда ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы мектеп пен педагогикалық ойдың дамуы. Махамбет Өтемісұлының педагогикалық көзқарастары.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов Махамбеттің ақындық құдыретін жоғары бағалай келіп, былай деп жазды: «… Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы». Бұл классик ақынымыздың шығармашылығына берілген әділ баға деп білуіміз керек.

ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақстанның батыс аймақтарын мекендеген ел өмірінде ерекше із қалдырған ұлт-азаттық көтерілістің рухани көсемі, қазақ поэзиясының классигі Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның шешіміне сәйкес 2003 жылы Атырау мемлекеттік университетінде халықаралық деңгейде өткізілуінің тәлімдік және тағылымдық мәні орасан зор.

Қазақтың Махамбеттей біртуар ұлының 200 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі егемен еліміздің еңсесін биіктете түседі.

Махамбет – қазақ халқының кегі, ызасы, намысы, жігері, қайтпас қайсарлығы, яғни, Махамбет – қазақ халқының кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару.

Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспамбет, Жалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі.

Махамбеттің жырлары – ерліктің, өрліктің гимні, қайсарлықтың символы.

Ерегескен дұшпанға қызыл сырлы жебедей қадалған Махамбет – жақсыларға еп, жамандарға көп, лапылдап тұрған өрт. Аңдамаған жалынана шарпылады. Жауырынан етін алса да жалынып, жалтақтауды білмес, қыңқ етпес табандылық ердің еріне бітеді. Халық қайғысын айтуға хан ұлынан қаймықпау да, «бас кесермін, жасырман» деп, қасқая қарап тұру кез келгеннің қолынан келе қояр ма екен?

Махамбет ел, халық жүрегінен мәңгілікке орын тапты. Оның жырлары елдің рухын көтеретін, ерлікке, елдікке бастайтын ұран іспетті. Сондықтан да болар халқымыз Махамбеттің есімін де, отты жырларын да қатты қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттап жеткізіп отырды.

Махамбеттің қай өлеңін алсақ та, оның негізгі лейтмотиві – жас ұрпақты ерлікке патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеу. Демек, оның шығармаларындағы айтылған қағидалар көтерілген мәселелер бүгінгі педагогиканың уақыт талабына қойып отырған мәселелерімен үндесіп жатыр. Ескі идеология, тарихнама, әдіснама бойынша тарихтағы жеке тұлғалардың ролі дұрыс бағаланбады, бұрмаланып біржақты түсіндірілді. Әсіресе, тарихи тұлғалардың алатын орнын, еңбектерін бағалауда ескі идеологияға негізделген көзқарасқа, әдіснамаға сүйенілді. Ел билеген хандар мен билерді, қолына қару алып елін қорғаған батырларды еліне білім мен ғылымның нәрін себуде ерекше еңбек сіңірген ойшылдарды, атап айтқанда, Махамбет, Исатай, Жәңгір Ханның тарихтағы орны, еңбектері біржақты бұрм аланып бағаланды.

Тек ғана соңғы жылдары тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан егемендігіміздің нәтижесінде Махамбет сынды алыптарымыздың еңбектерін жаңаша зерделеуге мүмкіншілік туды. Бабамыздың мұрасы көп жылдар ескерусіз келді.

Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан-алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, ел жандылық, экологиялық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады. Махамбет шығармаларының жастардың бойында жағымды адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастыруда алатын орны ерекше.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.

Өлең-тәрбие құралы. Көне заманнан бері халықымыз тәрбие құралы ретінде ертегі, аңыздарды, батырлар жырлары мен дастандарды, өлеңдер мен терме, баталарды, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздер мен шешендік өнерді, ырым-тиым сөздерді тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрімізді жалғастырып отырды. Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы - өршіл жырлары болды.

Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. Ақын: «Мен едім» деген өлеңінде:

Бөз ағаштан биік мен едім,

Бұлтқа жетпей шарт сынбан,

Ел құтқарар, ер едім

Жандаспай ақыры бір тынбан, - деп өршілдігін жырлап көрсетеді. Ақын өлеңінің тәрбиелік мәні ерекше халық санасын оята түседі.

Ақын өлеңдерінің тәлімдік-тағылымдық негіздері тереңде жатыр. Ақынның «Күн қайда?» деген өлеңінде:

Қарт бұғыдай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?

Бізді тапқан ананың

Асыраған ананың,

Ризалықпен жайласып

Қолын алар күн қайда? – халықымыздың халықтық педагогика негіздерін алдымызға тартады.

Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді.

Махамбеттің:

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығуға

Қас үлектен туған катепті

Қара нар керек біздің бұл іске.

Қабырғасын қаусатып,

Біздің бүйткен бұл іске, - деп аталатын өлең жолдарында жастарды қандай ма болмасын қиындықты жеңе білуге туып өскен Отанын елін сүюге, елжандылыққа тәрбиелеуге жас ұрпақты үндеді:

Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңінде де ақынның еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Ақын психологиялық параллелизмді шебер қолдана отырып, қызғыш пен өз дағдырын салыстырады. Махамбет көл қорыға қызғыштай елі үшін отқа түседі:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айырылып,

Жалғыздықпен болдым дос.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Ел қорыған мен едім

Мен де айырылдым елімнен

Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен.

Махамбет өз туған халқының перзенті ретінде өз елінің болашағынан үлкен үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады:

Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім…

Махамбеттің бұл арманы бүгінде орындалды, іске асты. Бүгінде Қазақстан Республикасы – егеменді ел. Тәуелсіздік алған мерзімнің ішінде Президентіміздің басшылығымен біршама жетістіктерге қол жетті. Қазақ тілінің мың оралымдығы, қасиетін ұғындыруда ақын жырлары – ұрпақ тәрбиесінде баға жетпес байлық. Махамбеттің Исатай бейнесін көркем сомдауы, халық кегінің жолында көтеріліске шақыру болашаққа, келер ұрпаққа деген нық сенімі жыр жолдарында өте көркем берілген. Ұрпақ бойында ұлттық рухты, өзіне деген сенімділікті, халқына деген құрметті қалыптастыруда Махамбет өлеңдерін түсіне отырып оқыту қажет.

Біздің парызымыз – осы тұлғаны ұрпаққа таныту, оның жырларын өшірмей мәңгілікке сіңіру Махамбет өлеңдері барша елдік, ерлік қуатымен, көркемдік құнарымен шетел тілдеріне аударылса, әлем халықтары сүйіп оқитын қымбат шығарма, қазақтың тілін, ерлігін танытатын асыл қазына болары анық. Осы баға жетпес асылымызды оқыта отырып, жас ұрпақтың өзін тани білу үн қосу. Жыр жолдарын ұрпақ тәрбиесінде орынды қолдану – ұстаз міндеті. Махамбет жырлары миллиондаған жас жүректерге ерлік рухын дарытып, үміт отын жағып, күш-қуат берері сөзсіз.

Махамбет бабамыздың есімін кеңінен насихаттау мақсатында ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдық мерей тойын өткізу барысында республика мектептері мен жоғары оқу орындарында «Махамбеттану» бағытында біршама танымдық-тәрбиелік шаралар іске асты.

26-27 ақпанда 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен, көршілес Астрахань облысының білім басқармасымен бірігіп, «Оқушыларды тәрбиелеудің этнопедагогикалық негіздері» атты халықаралық конференция өткізілді.

Махамбет поэзиясында оқушыларды жақсы өнеге, адамгершілікке үндеген терең философиялық түйін, парасатты ой, қайсарлық пен нәзіктік аз емес.

Оқыту үрдісінде оларды тәрбиелік мақсаттарға ұтымды пайдалана білу, өскелең ұрпаққа дәйектілікпен жеткізе білу – парызымыз.

 

40. 1917-1941 ж.ж.кеңес мектебі мен педагогикасы.

1917 жылы 9 қарашадағы декрет бойынша, Ағарту ісінің мемлекеттік комиссиясы ұйымдасты, ол негізінен халыққа білім берудің жаңа жүйесін құрудың негіздерін талдаумен айналысты.Халық ағарту комиссары А.В.Луначарский (1875-1933) жұртшылыққа мұғалімлерге және оқушыларға үндеу тастады. Бұл үндеуде ол халық ағарту саласындағы Кеңес үкіметінің негізгі қағидалары мен міндеттерін сипаттан берді: жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқыту, мектептердің барлық сатыларында жалпы білім алуға болатындығы, мектептің діні болуы, білім беруді демократияландыру, жергілікті және ұлттық ерекшеліктерді ескеру. Халық ағарту ісін басқарудың ескі жүйесін тарату басталады. 1918 жылдың 18 маусымында Халық Комиссарлар Кеңесі “Ресей Социалистік Кеңес Республикасында халық ағарту ісін ұйымдастыру туралы ереже” қабылданды, ереже бойынша республикада халыққа білім беруді жалпы басқару халық ағарту Мемлекеттік комиссиясына жүктеледі, ал жергілікті жерлерде губерниялық, уездік және болыстық халыққа білім беру бөлімдеріне. Халыққа білім беру бөлімдерінің жанынан білім беру кеңестері ұйымдастырылды, еңбекшілердің әртүрлі ұйымдарының өкілдерінен, мұғалімдерден, оқушылардан тұратын кеңесші органдар болып табылады.1918 жылы 30 мамырда барлық оқу орындары мен жалпы білім беретін мекемелерді Халық ағарту комиссариатының қарамағына беру декретке қол қойылды. Барлық жалпы білім беретін және кәсіптік оқу орындарын Халық ағарту комиссариатының қарамағына жинақтау мектеп реформасының бірлігін қамтамасыз етеді. 1918 жылы 20 қаңтарда Халық комиссарлары кеңесінің “Шіркеулік және діни қоғамдарда ар-намыс еркіндігі туралы” декрет қабылданды. Онда шіркеуді мемлекеттен және мектепті шіркеуден бөлуді жариялады. Бұл декретте ар-намыс еркіндігі жарияланды, белгілі бір дінге қатысына байланысты кез-келген шектеушілік пен жеңілдіктер алынып тасталды; әрбір адамның кез-келген дінді ұстауға немесе ешқандай ұстамауға еркі бар екендігі атап көрсетілді. Декрет барлық мемлекеттік және қоғамдық, сонымен қатар жекеменшік оқу орындарында діни қағидаларды оқытуға тиым салынды. І Бүкілресейлік халықағарту съезінде (25 тамыз – 4 қыркүйек 1918 жыл) екі сатылы бірыңғай мектептің жүйесі мақұлданды: І сатысы – 5 жыл және ІІ сатысы – 4 жыл; бұл екі сатысы бірігіп, тоғыз жылдық жалпы білім беретін орта мектепті құрады. Кеңес үкіметінің жоғарыда көрсетілген декреттері мен шаралары контрреволюциялық элементтер – буржуазиялар, помещиктер және буржуазия зиялылары тарапынан ерекше қарсылықты кездестірді.1918 жылдың бойына Ағарту ісі туралы мемлекеттік комиссияда А.В.Луначарскийдің, П.Н.Лепешинскийдің, Н.К.Крупскаяның жетекшілігімен “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі қағидалары” және “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ережелері” жасауда қызу жұмыс жүргізілді. 1918 жылдың тамыз айында “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ережелер”жобасы Ағарту ісі Бүкілресейлік съезінде хабарланып, бірауыздан оны мақұлдады.“Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі қағидалары” педагогика-жұртшылықтың арасында “Бірыңғай еңбек мектебі туралы” атымен белгілі. Ол кеңес педагогикасының жаңа саяси-идеялық және ғылыми-педагогикалық қағидаларын жариялады. Мектептің саясатқа қарсы идеясын насихаттаған буржуазиялық және ұсақ буржуазиялық педагогикаға қарама-қарсы “Бірыңғай еңбек мектебі туралы Деклорация” мектептің саясатпен байланысын кеңес педагогикасының негізгі қағидасы ретінде атап көрсетті. Бірақ “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ережелер” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі қағидалары” уақытпен байланысты кейбір кемшіліктеріне қарамастан (емтихан және үй тапсырмасын алып тастау, ақыл-ой білімінің есесінен, еңбек тәрбиесімен ерекше әуестену және т.б) мектепті революциялық қайта құруда бұл еңбектердің мәні орасан зор болды.1930 жылы сәуір айында өткен халық ағарту ісі бойынша ІІ Бүкілодақтық партия кеңесі дамудың қазіргі сатысында жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру проблемасы негізгі проблема екендігін атап өтті. Кеңес жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім берудің кең ауқымды бағдарламасын белгіледі.1930-1931 оқу жылынан бастап, бастауыш білім алмаған 8-10 жастағы балалар мен 11-15 жастағы жеткіншектерді жалпыға бірдей міндетті оқытумен қамту жоспарланды. Партия 1930 жылы 25 шілдеде “Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы” қаулы қабылдады. Онда 1930-31 оқу жылынан бастап, барлық жерлерде жалпыға бірдей басмтауыш білім беруді енгізуді міндеттеді. 1930 жылдың 14 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі “Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы” қаулы қабылдады. Қаулының алдыңғы үш бабында былай делінген: 1. 1930-1931 жылы Кеңес Одағының барлық жерінде балаларға жаппай бастауыш білім беруді енгізу жүктеледі. 8-9-10 жастағы ер балалар мен қыз балалар 4 жылдық бастауыш мектеп көлемінде білім алуға тиісті болды. Осы қаулыға сәйкес 1930 жылдың күзінде жоғарыда көрсетілген жастағылардың бірінші бастауыш мектеп (4 сынып) көлемінде білім алуы міндетті деп белгіленді. 930-1931 жылдан бастап, мектепте оқып жүрген балалардың бірінші басқыш мектеп (4 сынып) көлемінде білім алуы міндетті деп белгіленді. 2. 1930-1931 оқу жылынан бастап, 11-15 жастағы ер және қыз балаларды жаппай оқыту белгіленді. 3. 1930-1931 оқу жылынан бастап, өнеркәсіпті қалаларда, фабрика-зауыт аудандарында және жұмысшы поселкелерінде жетіжылдық мектеп көлемінде білім беру жүйесі енгізілді. Қаулы бойынша балаларды міндетті түрде оқыту олардың ата-аналарына жүктелді. Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беруді жүзеге асыру үшін елімізде қызу жұмыс жүргізілді. Бұл жаппай бастауыш білім берудің қалалық, аудандық және ауылдық комитеттері құрылды. Республикаларда бұл жұмысты республикалық комитет басқарды.1930-1934 жылдары жаппай білім беру бастауыш мектеп көлемінде, өндірістік қалаларда, фабрика, зауыт аудандарында және жұмысшы поселкелерінде жетіжылдық мектеп көлемінде жүргізілді. 1930-1931 оқу жылынан бсатап, жалпы білім беретін мектептерде оқитын балалардың саны жыл сайын 3-4 миллионға көбейіп отырды. Егер олардың саны 1929-1931жылдары 13,5 миллион болса, 1939 жылдың аяғында 32 миллионға жетті. Ұлттық республикаларда жаппай білім беру ерекше тез қарқынмен дамып отырды. Ү-ҮІІІ және ҮІІІ-Х сыныптарда оқитын балалардың саны өте тез өсті. Ү-ҮІІІ сыныптарда 1929-1930 жылы 1,6 миллион бала оқыса, ал 1938-1939 оқу жылы 8,8 миллион бала оқыды. Ауыл мектептерін Ү-ҮІІ сыныптарында оқитын балалардың саны аталған мерзімде он есе көбейді.Мектептерді педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында педагогикалық институттардың, техникумдардың және педагогикалық курстардың желісі артты. Бастауыш мектеп мұғалімдерінің материалдық жағдайы жақсарды. 30-жылдары жетіжылдық және орта мектептердің желісінің тез қарқынмен өсуімен ондағы оқушылардың санының артуымен сипатталады, негізінен жоғары және орта сыныптардың (Ү-Х) есебінен. Жетіжылдық мектептердің саны 1927-28 оқу жылы 6554 тен 1937-38 оқу жылы 34199-ға жетті. Орта мектептердің саны соған сәйкес 1775-тен 9909-ға өсті. Оқушылардың жалпы саны 11466 мыңнан 1927-1928 оқу жылында 29562 мыңға дейін 1937-1938 оқу жылында өсті. 30-жылдардың бас кезінде орта және жоғары мектеп туралы партия мен үкіметтің бірнеше қаулы-қадарлары қабылданды. Бұл қаулылар орта және жоғары мектептің дамуы мен оның оқу-тәрбие жұмысын қайта құрудың және педагогика ғылымының теориялық жетістіктерін айқындап берді. Сонымен қатар біз бұл партия мен үкіметтің қаулыларына баға бергенде, кезінде елеуші кемшіліктер жібергендіктен атап өткен жөн. 1931 жылы 5 қыркүекте “Бастауыш және орта мектеп туралы” қаулы шыққаннан кейн мектеп оқушыларының жалпы даярлығына мән беру ерекше артты. Бірақ 4 наурыз 1937 жылы Халық ағарту комиссариатының қаулысымен еңбек сабағы оқу жоспарынан алынып тасталды. 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың бас кезінде көпшілік политехникалық мектеп туралы, мектептің өмірімен байланысы кең өріс алған қозғалыс Халық ағарту комиссариатының саясаты мен мектеп тәжірибесінде кеннеттен негізсіз өзгерістерге әеп соқтырды. Мектеп пен педагогикалық оқу орындарына өздеріне тән емес міндеттер жүктелді: базалық мекемелердің өндірістік жоспарын орындауға қатысу, өндірісте тәртіп нығайту үшін күрес, мәдени-ағарту жұмыстарының белгілі көлемін орындау. “Проект әдісі” педагогикалық институттарда, техникумдарда әмбебеп әдіс ретінде міндетті енгізілді. Қалыптасқан жағдай “Бастауыш және орта мектеп туралы” (1931 жылы, 5 қыркүектегі) қаулының кезекті “бұрмалаушылықты” болдырмауда мәні орасан зор болды. Сонымен қатар қаулыда еңбекке оқыту және тәрбиелеу идеясына елеулі соққы беріліп, нұсқан келтірді. Екінші жағынан, қаулыда политехникалық білім беруді іске асыруда теория мен практиканың бірлігі мәселесіне ерекше мән берілді және бүкіл оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегі оқу мен тәрбие мақсаттарына бағындырылуға тиіс екендігі атап көрсетілді. “Бастауыш және орта мектептің оқу бағдарламалары мен режимі туралы” (1932 жылы, 25 тамыздағы) қаулыда мектепте оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі сабақ деп атап көрсетілді. Ол оқушылардың бригадалық жұмысын және басқа да оқу жұмысының ұжымдық түрлерін қамтыды. Бірақ осы қаулыда мақұлданған оқу бағдарламаларының қағидалары шығармашылық жұмысты қатаң көрсетілген шектеушілік пен көптеген орындауға тиісті талаптардың жағдайында тежеп отырды. “Бастауыш және орта мектеп туралы” қаулыда педагогикалық жоғары оқу орындарында мектеп пен мұғалімге әдістемелік көмек беру жөнінде елеулі жұмыс жүргізуді талап етті. 1934 жылы 15 мамыр айындағы Халық Комиссарлар Кеңесінің “Мектептерде азаматтық тарихты оқыту туралы” және “Бастауыш орта мектепте жағырафияны оқыту туралы” (1935 ж) қаулыларына сәйкес кейбір педагогикалық институттарда тарих және жағырафия факультеттері ашылды. 1930 жылдары жалпыға бірдей бастауыш білім енгізіле бастағанда, мектеп жүйесі мен оқушылар саны тез қарқынмен өсе бастады, осыған орай мектептерді маман педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы ерекше күн тәртібіне қойылған мәселелердің бірі болды. Партия 1936 жылғы 4 маусымдағы “Халық ағарту комиссариаты жүйесіндегі педагогикалық бұрмалаушылықтар туралы” қаулысында педагогикалық ілім жалпы алғанда ғылым жат ілім деп танылды. Бұл қаулыда өрескел жіберілген кемшіліктердің біріне педалогияны буржуазиялық ғылым деп біржақты сынауын жатқызуға болады. Педалогтарға тағылған ең негізгі кінә - олардың оқушылар арасында зерттеу және тесті жүргізуін “партия тарапынан бұрын сыналған” жалған буржуазиялық әдіс деп бағаланды. Оқушылардың ақыл-ой дамуы мен дарындылығын зерттеу үшін қолданылған бұл әдістерді “оқушылардың қажетсіз, кеңес мектебінің міндеттеріне қайшы келетін буржуазиялық, таптық педалогиялық ілімді кеңсе мектебі жағдайына сын көзбен қарамай енгізу” деп өрескел бұрамаланған еді. Осы қаулының негізінде көптеген педалогиялық оқу орындары жабылып қалды. Қазіргі жағдайда сол кездегі педалогтардың балалардың ақыл-ой әрекетінің дамуы мен қабілеттілігін зерттеу үшін қолданылған диагностикалық зерттеу әдістерін де бүгінгі мектеп тәжірибесінде балалардың қабілетін дамытуда кеңінен қолданылуда. Бұл қаулы 20-жылдардың бас кезінде мектеп өміріне кеңінен енгізіле бастаған әртүрлі оқу пәндерін, оқытудың белсенді әдістерін, оның ішінде ынтымақтастық педагогика идеясын қолдану бағытында дамуын 30-жылдары буржуазиялық педалогия деп бағалаған болатын-ды. 30-жылдардағы педалогиялық бұрмалаушылықтар туралы қаулыда негізінен шәкірттердің қабілетін дамытуға тиым салды. 70 жылдан астам уақыт кеңес мектебінде білім беруде формализм мықтап орын тапты. Қаулының кемшілігі барлық шәкірттерге бірдей білімнің деңгейін ұсына отырып, қабілеттіліктерін дамытуға мүмкіншілігі болмады. 20-жылдардың бас кезінде халық ағарту саласында кең өріс алған барлық, демократиялық қағидалар, мейлі ол аяғына дейін ойластырылмаған, кейбір кемшіліктері болғанымен, 30-жылдары Сталиннің жеке басына табынудың қалыптасуы жағдайында және әкімшілік бәрін жоққа шығарды. Біз бүгін 30-жылдарда қабылданған партия мен үкіметтің мектеп туралы қаулыларын бағалағанда; 20-жылдардағы мектепке тән жаңашылдық ізденістерді бірден-бір жоққа шығарған құжат ретінде қарауымыз керек. 30-жылдардағы жоғары мектеп пен орта мектептің жалпы білім берудің қажетті деңгейін қамтамасыз ете алмады, политехникалық білімді ғылым негіздерін терең меңгеруден бөліп қарастырды, оқушыларды жоғары оқу орындары мен техникумдарға түсуге даярлау міндеттерін жеткіліксіз шешкен болатын-ды. Бұл кемшіліктерге қарамастан, 30-жылдардың бас кезіндегі орта және жоғары мектеп туралы қаулыларының Қазақстанда мектеп жүйесі мен педагогикалық кадрларды даярлауда ерекше роль атқарды.