Суретте автоматтың (пулеметтің) негізгі бөліктері мен механизмдері

және оның жабдықтары: а-автоматтың; ә-пулеметтің; 1- ұңғы қорабымен, соққы-ағытқыш механизмімен, көздеу жабдықтарымен, дүмі және тапанша сабымен, ал пулеметте сирағымен берілген ұңғы; 2-ұңғылы тежеуіш компенсатор; 3-ұңғы қорабының қақпағы; 4-газ поршенді бекітпе жақтауы; 5-бекітпе; 6-қайтармалы механизм; 7-ұңғы жабуы бар газ түтігі; 8-құндақ; 9-оқжатар; 10-сүңгі-пышақ; 11-сүмбі; 12-жабдығымен пенал; 13-жалын сөндіргіш.

Автоматтың автоматтық әрекеті ұңғы арасынан газ камерасына бөлінетін оқ-дәрі газдарының қуатын пайдалануға негізделген.

Ату кезінде оқтың соңынан ілескен оқ-дәрі газдарының бір бөлігі ұңғы қабырғасындағы саңылау арқылы газ камерасына ұмтылады, газ поршенінің алдыңғы қабырғасына қысым түсіріп, поршень мен бекітпе жақтауы бар бекітпені артқы орынға итеріп тастайды. Кейін итерілгенде – бекітпе ұңғы арнасын ашады, оқтықтан оқсауытты олып, сыртқа лақтырады, ал бекітпе жақтауы қайтармалы серіппені қысып, шүріппені қайырады (оны ұрыстық дайындыққа қояды).

Бекітпе жақтауы бекітпесімен алдыңғы орынға қайтармалы механизм әсерінен оралады, бұл ретте бекітпе оқажатардан кезекті патронды іліп алып, оқтыққа береді де, ұңғы арнасын жабады, ал бекітпе жақтауы автоілмектің дөңесін шүріппенің автоілмегінен шығарады. Бекітпенің жабуы оның оңға қарай бұрылуымен және бекітпенің ұрыстық дөңесінің ұңғы қорабының ұрыстық тіректеріне кірумен жүзеге асырылады.

Егер аустырғыш автомат жағдайындағы атысқа қойылса, онда атыс ағытқыш ілмек қысылып тұрғанда және оқжатардағы патрондар біткенше жалғасады.

Егер аустырғыш жекелей атысқа қойылса, ағытқыш ілмекті басқан кезде тек бір ғана атыс болады. Келесі атысты жүргізу үшін ағытқыш ілгекті босатып барып, қайта басу керек.

Автоматты (пулеметті) бөлшектеу толық және толық емес болуы мүмкін: толық емес бөлшектеу- автоматты (пулеметті) тазалау, майлау және тексеру үшін; толық бөлшектеу-жаңбыр мен қар астында қалғанда не жөндеу кезінде автоматты (пулеметті) қатты ластанудан тазалау үшін жүргізіледі. Автоматты (пулеметті) толық емес бөлшектеу үстел үстінде немесе таза төсеніш жайылып жүргізіледі; бөлшектер мен механизмдер бөлектенген ретімен қойылады.

Автоматты (пулеметті) жинақтау кезінде оның бөлімдеріндегі нөмірлерді салыстыру керек; әр автоматтың (пулеметтің) ұңғы қорабындағы нөмір газ құбырындағы, бекітпе ергенегіндегі, бекітпедегі, ұңғы қорабы қақпағындағы және басқа бөліктердегі нөмірге сәйкес келуі керек.

Автоматты (пулеметті) бөлектеу мен жинақтау аса сақтықпен ғана жүргізіледі.

Пулеметті бөлектеу алдында оның ұңғы бөлігін солға қарата сирағымен қою керек.

Пулеметті жинақтау соңында оны сол қолмен тік ұстап, оң қолмен оның сирақтарын аздап ажырата, ұңғыға тақап және серіппелі ілмекпен бекіту арқылы оның сирақтарын жинайды.

Автоматты (пулеметті) толық емес бөлшектеу тәртібі:

1). Оқжатарды бөлектеу.Автоматты (пулеметті) сол қолмен дүмінің маңдайшасынан не құндағынан ұстап, оң қолмен оқжатарды орай ұстайды, бас бармақпен бекіткішті қысып, оқжатардың төменгі жағын ілгері ұмсындырып, оны бөлектеп алады. Содан кейін оқтықта оқтың бар жоғын тексереді, бұл үшін ауыстырғыш төменге түсіріледі, оны «АВ» ( автоматты ату) немесе «ОД» (жекелей ату) жағдайына қойып, бекітпе жақтауының тұтқасы кейін жылжытылады, оқтықты тексеріп, бекіткіш жақтауы жіберіліп, шүріппені ұрыстық қайырудан (взводтан) босатады.

2) Жабдықтар пеналын дүм ұясынан шығарып алу.Оң қолдың сұқ саусағымен дүм ұясының қақпағын пенал серіппенің әсерімен ұядан шығатындай етіп басады; пеналды ашып, одан сүрткішті, тазалағышты, бұрауышты, қаққышты шығару қажет.

3) Сүмбіні алу.Сүмбінің ұшын оның басы қарауылдың негізіндегі тіректен шығатындай етіп ұңғыдан тартып, сүмбіні жоғары суырып алады.

4) Автоматтан – ұңғылық тежеуіш-компенсаторын, пулеметтен – жалын сөндіргішін бөліп алу.Бұрауышпен ұңғылық тежеуіш компенсатордың орнықтырғышы батырылады.Ұңғылық тежеуіш компенсатор қарауыл негізіндегі бұрандалы дөңестен сағат тіліне қарсы бағытта бұралып шығарылады. Ұңғылық тежеуіш компенсатор (жалын сөндіргіш) тым қатты бұралған жағдайда ұңғылық тежеуіш компенсатордың әйнегіне қойылған сүмбінің көмегімен бұрап алуға болады.

5) Ұңғы қорапшасының қақпағын бөлектеу.Сол қолмен дүмнің мойнын қамти ұстап, осы қолдың бас бармағымен қайтармалы механизмнің бағыттаушы өзегінің дөңесін басады, оң қолмен ұңғы қорабы қақпағының артқы бөлігін жоғары көтеріп қақпақшаны алады.

6) Қайтармалы механизмді бөліп алу.Автоматты (пулеметті) дүмнің мойнынан сол қолмен ұстап тұрып, оң қолмен қайтармалы механизмнің бағыттаушы өзегін оның өкшесі ұңғы қорабының бойлық ойығынан шыққанша ілгері қарай ұмсындырады; бағыттаушы өзектің артқы шетін көтеріңкіреп, қайтармалы механизмді бекітпе жақтауының арнасынан шығарады.

7) Бекітпемен қоса бекітпе жақтауын алу.Автоматты (пулеметті) сол қолмен одан әрі ұстап тұрып, оң қолмен бекітпе жақтауын артқа тірелгенше тартып, оны бекітпемен бірге көтеріңкіреп барып, ұңғы қорабынан бөлектеп алады.

8) Бекітпені бекітпе жақтауынан алу.Бекітпе жақтауын бекітпе жоғарыда болатындай етіп сол қолға алады; оң қолмен бекітпені кейін шегеріп, бекітпенің жетекші дөңесі бекітпе жақтауының фигуралы ойығынан шығатындай етіп, бекітпені алға қарай шығарып алады.

9) Ұңғылық бастырмасымен газ түтігін босатып алу.Автоматты (пулеметті) сол қолмен ұстап тұрып, оң қолмен жабдық пеналын газ түтігі тұйықталғышының шығыңқысына тік бұрышты саңылаумен кіргізеді, жапқышты өзінен тік жағдайға дейін бұрып, газ түтігін газ камерасының келте түтігінен шығарып алады.

Бақылау сұрақтары:

1. Калашников автоматы мен пулеметі неге арналған?

2. Автомат пен пулеметтің механизмдері мен негізгі бөліктерін атаңдар.

3. Автоматтың (пулеметтің) автоматтық әрекеті неге негізделгенін айтыңдар.

4. Автоматты (пулеметті) толық емес бөлшектеу не үшін жүргізіледі?

5. Автоматты (пулеметті) толық емес бөлшектеуді ретімен айтып беріңдер.

6. Автоматты толық емес бөлшектеудің пулеметті толық емес бөлшектеуге қарағанда қандай ерекшелігі бар?