Техникалық құжаттар

 

Жобалау-сметалық құжаттар

Ғимараттар мен құрылыстар салу жобалар негізінде жүзеге асырылады.

Жоба тапсырыс берушілер (министрліктер, ведомстволар, кәсіпорындар, кооператив ұйымдары) жасаған жобалаудағы тапсырмалар негізінде талдап зерттеледі.

Жобаның өзі төмендегідей бөлімдерден құралады: техника-экономикалық, техно-логиялық, бас жоспар, сәулеттік-құрылыс, құрылысты ұйымдастыру және смета жасау.

Қабылданған техникалық шешімдерге толық түсініктеме беру үшін жұмыс сызбалары жасалады және оларға сүйеніп салынып жатқан ғимараттар мен құрылыстар үшін құрастырмалы конструкциялар және бұйымдар жасайды.

Нысан бойынша жасалған жұмыс сызбаларының құрамына: қабаттар, ойықтар, қасбеттер және іргетастар салу жоспарларының сәулеттік-құрылыстық шешімдері; конструкциялар мен бөлшектердің нақты сызбалары; іргетастардың, сондай-ақ қатынас жолдарының сызбалары кіреді.

Жобалар, сметалар, жұмыс сызбалары және осылардың негізінде жасалған өндіріс жұмыстарының жобалары салынатын объект бойынша құрылыс-жинақтау жұмыстарын жүргізу және салу жөніндегі техникалық құжаттар болып табылады.

Құрылысты ұйымдастыру жобасы. Жұмыс өндірісінің жобасы

Құрылысты табысты жүзеге асыру құрылыстың және әрбір құрылыс нысаны мен учаскесіндегі құрылыс-жинақтау жұмыстары өндірісінің қалай ұйымдастырылатындығына байланысты.

Құрылысты ұйымдастыру жобасы (ПОС) – негізгі құжат, жобадағы кәсіпорындар, тұрғын үй және азаматтық ғимараттар салу, жалпы алғанда барлық құрылыс өндірісі осы құжатқа негізделіп жоспарланады, әрі жүзеге асырылады. Құрылысты ұйымдастыру жөніндегі жобада: құрылыстың жалпы салыну ұзақтылығы (мерзімі), жекелеген нысандар мен үйлерді салудың кезегі және мерзімі құрылыстың дайындық кезеңінде атқарылуға тиіс жұмыстардың тізімі мен көлемі; негізгі нысандарды салуға арналған дайындық жұмыстарының, соның ішінде құрылыс алаңдарындағы инженерлік дайындық жөніндегі, қызмет көрсететін шаруашылықтар мен көмекші құрылыстар салу жөніндегі жұмыстардың тізімі мен көлемі; негізгі жұмыс өндірісінің жүйесі, қарқыны мен әдістері; жұмысшы кадрларына және негізгі материалдық-техникалық ресурстарға деген қажетті мәселері белгіленеді. Мұнымен қоса құрылысты ұйымдастыру жобасында машиналар мен механизмдердің саны және маркалары көрсетіледі, құрылыс алаңдарына қызмет көрсетуді ұйымдастыру мәселелері баяндалады және жолдардың, қоймалардың, уақытша салынған құрылыстардың орналасуын көрсететін негізгі құрылыс жоспары келтіріледі.

Құрылысты ұйымдастыру жобасында, сондай-ақ конструкцияларды, бөлшектер мен материалдар алатын жерлер туралы мәселелер шешіледі, соның ішінде қажетіне қарай конструкциялар мен бөлшектер дайындайтын, сондай-ақ машиналарды жөндеу және пайдалануға байланысты кәсіпорындар құру мәселелері қарастырылады.

Жұмыс өндірісінің жобасы (ППР) құрылыстағы әрбір нысанға немесе бір типтегі өзара байланысты нысандарға, мысалы тұрғын үйлерге арнап жасалады. Жобаның өзін құрылысты ұйымдастыру жобасын ескере отырып, жұмыс сызбалары негізінде жасайды.

Жұмыс өндірісінің жобасында негізгі жұмыстардың орындалу және сол нысандағы өндіріс жұмыстарын ұйымдастыру әдістері көрсетіледі. Жобаның құрамында: нысан бойынша жасалған жұмыс өндірісінің календарлық жоспары; нысанға келіп түсетін құрылыс материалдарының, конструкциялардың, бөлшектер мен жартылай фабрикаттардың графигі; жұмысшыларды мамандығына қарай орналастыру, белгілеу кестесі; жинақтау крандарының және басқа да негізгі құрылыс машиналарының жұмыс кестесі; нысанның негізгі құрылыс жоспары және жаңа әдістермен орындалатын күрделі жұмыс пен жұмыстардың технологиялық картасы кіреді. Бұл құжаттар экономикалық, технологиялық және ұйымдастыру шешімдерін қамтиды.

Технологиялық карталар төмендегідей мәліметтерді қамтиды: қолдану саласы, техника-экономикалық көрсеткіштер, жұмыстарды ұйымдастыру схемалары, жұмыстарды орындау графигі; материалдық-техникалық ресурстар, еңбек шығындарын калькуляциялау.

Кестедегі жұмыс көлемін салынатын нысанның жұмыс сызбасына қарап есептейді. Уақыт нормаларын біртұтас нормалау және белгілеу (ЕНиР) бойынша қабылдайды. Бригададағы жұмысшылар санын нормаларды артығымен орындау мүмкіндігін ескере отырып анықтайды. Жұмыс істеу мерзімі оның көлемі мен ұзақтығына байланысты сағат немесе күн арқылы белгіленеді.

«Материалдық-техникалық ресурстар» бөлімінде көрсетілген машиналарды, құралдар мен бұйымдарды атқарылатын жұмыстардың сипатына және мерзіміне байланысты таңдайды.

Еңбек шығындарының калькуляциясын жұмыс көлеміне қарай жасайды.

Жұмыстардың орындалуы жөніндегі негізгі нұсқауға: дайындық кезеңде істелетін шаралардың тізімі, жұмыс әдістерінің түсініктемесі, техника қауіпсіздігі жөніндегі шаралар және т.б. кіреді.

 

 

№3 дәріс+