Лпаның созылмалы қабынуының өршуі (обострение хронического пульпита – pulpitis chronica exacerbata)

Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуіне көптеген жағдайлар себепкер болады: сырқат тіске шамадан тыс күш түсу, жарақаттың әсері, тісжегі қуысына қатты ас түйірі түсіп немесе жұмсарған дентин жылжып сауыт қуысының ашық аймағын жауып қалуы, организмнің суыққа шалдығуы, шаршау, эмоциональдық толқулар, жүйкелік күйзелістер бактериялдық және вирустық аурулар. Осылардың барлығы организмнің реактивтілігін төмендетіп, созылмалы қабынуы бар ұлпадағы микроорганизмдердің патогендік қасиетін жоғарылатады.

Жиірек өршу үрдісіне ұшырайтын – ұлпаның созылмалы жай және шіри қабынулары. Бұл кезде сырқат тісте өз бетімен пайда болатын қайта-қайта қозатын немесе толассыз мазалайтын, жан-жаққа таралатын ауыру сезімі пайда болады. Механикалық және температуралық тітіркендіргіштерден ауыру сезімі күшеюі мүмкін. Ұлпаның созылмалы шіри қабынуы кезінде өршу үрдісінің нәтижесінде ұлпа толығымен өліеттенуге ұшыраса, әртүрлі тітікендіргіштерден ауыру сезімі туындамайды және күшеймейді. Аурудың анамнезінде аталған ұлпа қабынуларының біріне тән клиникалық белгілер анықталады. Қарап тексергенде сауыт қуысы ашық немесе жабық болады, қағып тексергенде ауыру сезімі білінеді. Тістің электрқозғыштығы төмендеген .

Ұлпаның созылмалы қабынуларының өршуін ұлпаның жедел іріңдей қабынуынан, периодонттың жедел және созылмалы қабынуларының өршуінен ажырата білу керек.

Периодонттың жедел және созылмалы қабынуларының өршуі кезінде сырқат тіс өз бетімен толассыз ауырады, ас шайнағанда, қарама-қарсы тіс тигенде ауыру сезімі күшейе түседі, температуралық тітіркендіргіштер ауыру сезімін тудырмайды. Тістің электрқозғыштық көрсеткіші 100 мка жоғары болады.

Стоматологиялық көмек алуға тіс ұлпасының қабынуымен келген адамдар арасында ұлпаның созылмалы қабынуының үлесі 68%, ал жедел қабынуының үлесі 32% құрайды. Уақытында емделмеген ұлпа қабынулары ұлпаның өліеттенуіне әкеп соғады. Мұның өзі инфекцияның периодонтқа тікелей өтуіне жол ашады және периодонттың әртүрлі қабынуларымен асқынады.

Ұлпаның ретроградтық және конкрементті қабынулары көбінесе созылмалы түрде дамып, ауық-ауық өршуге ұшырап тұрады. Мұның бір дәлелі – бұзылмаған, бірақ төңірегінде әртүрлі тереңдікте пародонтальдық қалталары бар немесе рентген суретінде тіс қуысында конкременттер анықталған тістердің температуралық тітіркендіргіштерден ұзақ қақсап ауыруы немесе жоғары және төмен температураның ауысуына аса сезімталдығы. Созылмалы қабыну өршіген кезде сауыты бұзылмаған тістерде өз бетімен қатты ұзаққа созылатын немесе толастамайтын ауыру сезімдері пайда болады, ыстық пен суық әсерлерден күшейе түседі.

Өршу үрдісі басталғаннан біраз уақыт өткен соң (бірнеше сағаттан бір сөткеге дейінгі уақытта), тісте ас шайнағанда ауыру сезімі күшейе түседі және қағып тексергенде де тісінің ауыратындығы анықталады (шектелген тіс қуысы ішінде жиналған жалқық, уытты заттардың дереу периодонтқа ауысуы нәтижесінде). Сырқат тістің электрқозғыштығы төмендеген. Ретроградтық қабыну кезінде тістің төңірегінде пародонтальдық қалта, пародонт тіндерінде қабыну үрдістері анықталады. Конкременттік қабыну кезінде тіс сауыты бұзылмаған, тіс қуысында конкремент анықталады (рентгендік суретінде).

Ұлпаның жарақаттан қабынуы терең тісжегіні егеп-тазалағанда ұлпаны кездейсоқ ашып алу кезінде, тіс сауыты жарақат әсерінен әртүрлі деңгейде сынып, ұлпа ашылған жағдайда дамуы мүмкін. Мұндай кездерде ұлпа тек жарақат әсерінен ғана қабынбайды, ашылған ұлпаға температуралық, химиялық факторлар, микроорганизмдер әсер етеді және патологиялық үрдіс созылмалы қабынуға тән ерекшеліктермен дамиды.

Әрбір дәрігер-стоматологтың есінде жүретін бір жай: тісжегі қуысы терең, кірер аузы тар болған кезде онда ас қалдығы көптеп жиналады және біртіндеп ыдырауға ұшырайды. Көмірсулы тағамдардың ыдырауынан пайда болған қышқылдар, дентиннің оргникалық заттарының ыдырауынан пайда болған уытты заттр мен микроорганизмдер уыттары жұмсарған дентин немесе дентин өзекшелері арқылы өтіп, ұлпаны тітіркендіреді. Мұның өзі кейде тістің түнде өз бетімен қатты ауыруына себепкер болады. Ауру анамнезін анықтаған кезде ауыру сезімі мазалар кештің алдында көмірсуға бай тәтті тағамдар қабылдағанын білуге болады. Егер тісжегі қуысын мұқият егеп-тазалап, уақытша пломбы қойса, ешқандай ауыру сезімі мазаламайды және 3-5 күннен кейін терең тісжегіге тән емдеу шараларын жүргізуге болады. Бұндай жағдайды ұлпаның гиперемиялануы (қызарруы) деп те атауға болады. Ал көптеген дәрігерлер бұндай жағдайды тісте «ұлпаның қабынуы» деп диагноз қойып, ұлпаны алып тастауға тырысады.

Тағы бір ескеретін жай, ұлпаға инфекция көбіне тісжегі қуысы арқылы енетінін жақсы білумен қатар, басқа жолдарды да ескеру қажет. Олар - әртүрлі кіреуке жарықтары (трещины эмали), кіреуке эрозиясы, кіреуке сынықтары (отломы эмали), сынаға ұқсас ақаулар, тістердің патологиялық қажалуы кезінде дентин өзекшелерінің сағаларының ашылуы.

 

Лпа қабынуын емдеу.

Ұлпа қабынуын емдеуді бастау алдында қойылатын мақсаттар:

· Тіс қатты ауырып мазалаған жағдайда ауыру сезімін басу және ұлпадағы қабыну ошағын жою;

· Ұлпаның қалпына келу және дентин құру мүмкіндігін күшейту (ұлпаны сақтап емдеу әдісі кезінде);

· Қабыну үрдісінің периодонтқа ауысуының лдын алу;

· Тістің анатомиялық пішінін және қызметін қалпына келтіру.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген ұлпа қабынуын емдеу әдістерін төмендегі схема түрінде беруге болады: