Периодонт қабынуының патогенезі

Жоғарыда айтылғандай периоднтта қабыну үрдісі түбір ұшы тесігі арқылы түбір өзегіндегі инфекциялы-уытты құрамның периодонтқа өтуі нәтижесінде дамиды. Периодонт қабынуының дамуында граммтеріс бактериялардың қабықтарының бұзылуы кезінде бөлінетін эндотоксиндердің маңызы зор. Периодонтқа түскен эндотоксиндер қан тамырларын кеңейтетін және өткізгіштігін жоғарылататын биологиялық белсенді заттардың бөлінуін қамтамасыз ете отырып, онда жедел қабыну үрдісін туындатады. Жедел қабыну кезінде периодонтта көп мөлшерде антигендер жиналады және периодонт саңылауы қатты сүйек қабатымен қоршалғандықтан, олардың периодонттан шығарылып тасталуы (элиминация) қиындайды. Антигендік қасиетке ие болған эндотоксиндер периодонқа және оны қоршаған тіндер жүйесіне күшті әсер етеді.

Периодонттың жедел қабынуының және оның төңірегіндегі тіндерге жайылу қарқындылығы қабыну үрдісін туындатқан инфекцияның вируленттігімен, организмнің жалпы иммундық жағдайымен тығыз байланысты.

Иммундық қорғаныс механизмі төмендеген кезде жергілікті қабыну ошағы шектелмей, керісінше айналасындағы жұмсақ және қатты тіндерге жайыла отырып, бет-жақ аймағында одонтогендік қабыну үрдісінің дамуына себепкер болады.

Егер иммундық қорғаныс механизмі түбір ұшындағы қабыну ошағын шектейтін бөгет құра алса, онда қабыну үрдісі аса жайылмай, алғашқы сатысында-ақ тежеледі. Емдеу шаралары жүргізілмеген жағдайда, инфекция көзінің сақталуына байланысты, периодонттағы жедел қабыну үрдісі созылмалы қабыну үрдісімен алмасады. Кейде периодонттағы созылмалы қабыну үрдісі жедел қабыну сатысынсыз да дамиды.

Түбір өзегінен толассыз тітіркендіре әсер еткен антигендерге периодонт тіндерінің реакциясы (жауабы) екі түрде дамиды:

· антидене тәуелді;

· жасушалар туындататын үрдістер.

Антидене тәуелді үрдістерге иммундықкешен және IgE туындататын реакциялар жатады. Жасушалар туындататын үрдістерге баяу дамыған жоғары сезімталдық реакциялары жатады. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде иммундыкешендік реакцияның дамуы үшін А.И. Воложиннің (1976) ұйғаруынша үш түрлі шартты жағдайлар керек:

· фагоцитозға толық ұшырамайтын иммундық кешендердің болуы;

· комплемент жүйесінің болуы белсенділігі;

· көп мөлшерде полиморфты-ядролы лейкоциттердің болуы. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде осы аталған жағдайлардың барлығы да орын алады.

Иммундықкешенді реакцияға IgЕ туындататын реакция да ұқсас келеді. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде түбір ұшын қоршаған тіндерде IgЕ құрушы және толықша жасушалар (тучные клетки) анықталған.

Базофильдер мен толықша жасушалардың рецепторларында IgЕ ұзақ уақыт бекіп, атопиялық реакция туындата алады. Толықша жасуша бетінде антиген IgE-нің екі молекуласымен байланысады, осының нәтижесінде жасушадан гистамин, серотонин және басқа да қабыну медиаторлары босап шығады. Олардың әсерінен қан тамырлары кеңейіп, өткізгіштігі жоғарылап, периодонтқа лейкоциттер көптеп шыға бастайды. Лейкоциттерден бөлінген ферменттер өліеттенген тіндерді ыдыратуға қатысады.

Баяу дамыған жоғары сезімталдық реакциясы антиденелерді қажет етпейді, себебі бұл жағдайда арнаулы антигенмен реакцияға сенсибилизацияланған Т-лимфоцит-эффектор түседі. Бұл реакция жасушалық антигендермен сенсибилизациялануға ұшыраған лимфоциттердің өзара әрекеті нәтижесінде дамиды және лимфоциттердің көбейіп, олардан көп мөлшерде лимфокиндер бөлінуіне әкеп соғады. Кейбір лимфокиндер (лимфотоксиндер) периодонт жасушаларын бұзуға қатысады және сонымен қатар кейбір лимфокиндік факторлар сүйек тінін сорылуға ұшырататын остеокласттардың белсенділігін арттырады. Қабыну ошағында макрофагтар мен нейтрофильдер коллаген талшықтарын ыдыратып, сүйек тінін бұзатын фермент коллагеназа бөліп шығарады. Осылардың барлығы периодонттағы созылмалы қабыну ошағында талшықты және жасушалы құрылымдардың жойылып, периодонтты қоршаған сүйек тінінің сорылып, орынбасушы жаңа құрылымдардың (фиброзданған және грануляциялық тіндер) пайда болуына әкеп соғады.