Периодонттың қабынуын емдеу

Ертеде өмір сүрген римдіктердің «адамға өлім ауыз арқылы келеді»,– деп айтуына қарағанда көптеген адам ағзалары мен жүйелерінің ауруларының бұзылған тістер арқылы өтетін инфекциямен байланысты екендігі ертеректе-ақ мәлім болған. Асқынған тісжегіге жататын периодонттағы қабыну ошағы- организмнің сенсибилизациялануының көзі. Сондықтан периодонт қабынуы кезінде жүргізілетін емдеу шаралары тек себепкер тісті ғана қамтымай, организмнің сенсибилизациялануының алдын алуға мүмкіндік беретін инфекция ошағын жоюға да бағытталуы тиіс.

Түбір ұшы периодонты қабынуын тиімді және сақтап емдеу қағидаларын ұсынған Ресей ғалымдары Л.А. Лимберг және Ф.А. Звержховский. Бұл қағидалар инфекцияға бай түбір өзектерін механикалық әдіспен және дәрілермен өңдеуді, түбір ұшы сыртындағы қабыну ошағына әсер етуді (периодонттың жедел ұабынуы кезінде жалқықтану үрдісі басылғанға дейін) және түбір өзегін пломбылауды қарастырады.

Түбір өзектерін эндодонттық ұсақ аспаптармен және дәрілермен өңдеуге периодонт қабынуын емдеу кезінде үлкен көңіл бөлінеді. Эндодонттық ұсақ аспаптар жайлы кейінірек айтылады, ал қазір түбір өзектерін өңдеуге арналған дәрілермен таныстыру қажеттілігі бар.

Көптеген лабораториялық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, түбір ұшы аймағындағы қабыну үрдісін тежеу үшін левомицетин, эритромицин және пенициллин сияқты антибиотиктер қолданған тиімді. Сонымен қатар протеолиздеуші ферменттердің де рөлін атауға болады. Некролиздеуші және муколиздеуші ферменттер түбір өзегіндегі ыдыранды заттарды шығаруға оңтайлы жағдай туғызады, соның арқасында антибактериальды препараттар микроб клеткасына тікелей әсер етеді және түбір өзегінде микробтардың вегетациялануына ыңғайсыз жағдай туады.

Периодонт қабынуын емдеу үшін әсер ету спектрі (аясы) кең антибиотиктер (микроцид, мономицин, неомицин) мен трипсин және химотрипсиннің леофильденген, зарарсыздандырылған препараттарын қосарландыра пайдаланған тиімді. Түбір өзектерін өңдеу үшін панкреатин, иммобилизденген ферменттер профезима және имозиманы да өолдануға болады.

Трипсиннің бактериостатикалық қасиеті бар, фагоцитозды жеделтеді, гиалуронидазаның әсерін тежейді, бактериальдық уыттарды бейтараптандырып, тіндердің регенерациялық қасиетін жоғарылатады.

Егер фермент пен антибиотикті түбір өзегінде ұзақ уақыт қалдыру қажет болатын болса, олардың «Е» витаминінің 30% майлы ертіндісіндегі эмульсиясын дайындайды. Уақытша пломбымен тісжегі қуысын жапқан кезде ауыратын немесе герметизациялауды көтермейтін тістерді (зуб не выдерживающий герметизации) емдеген кезде және түбір өзегіне жалқық көп бөлінгенде эмульсияны түбір ұшы сыртына шығарып емдеген тиімді болады.

Түбір өзегін өңдеуге лизоцимнің 0,1% изотониялық ертіндісін қолданған өте пайдалы. Бұл фермент граммоң және граммтеріс микроорганизмдерді ыдыратумен қатар, организмнің гуморальдық қорғанысын күшейтеді, қабынуға қарсы және ауырусыздандырушы әсер көрсетеді.

Периодонт қабынуын емдеу үшін құрамында хлор бар антисептиктер (хлоргексидин, хлорамин Т, хлорацид, натрий гипохлориді) кең қолданылады. Құрамында хлор бар препараттардың ішінде шет елдерде натрий гипохлоридінің 3-5% ерітіндісі (өкілі «Паркан») кең пайдаланылады. Бұл ерітінді өліеттенген тіндерді жақсы ыдыратып ерітеді және бактерицидтік қасиеті өте жоғары. Өзектегі органикалық қалдықтарды ыдырату үшін карбамидтің (мочевинаның) 30 % ерітіндісін және карбамидтің асқын тотығының сусыздандырылған глицериндегі 10% ерітіндісін де қолдануға болады. Дәрігерлік тәжірибеде түбір өзектерін өңдеу үшін құрамында йод бар препараттарды (йодинол, йодонат, бетадине) да қолданады.

Йодинол – йодтың поливинил спиртімен қоспасы, бактерицидтік және фунгицидтік қасиеті жоғары, лейкоциттердің фагоцитарлық, тіндердің регенераторлық белсенділігін жоғарылатады. Эндодонтиялық тәжірибеде йодинолдың 1% ерітіндісі қолданылады.

Йодонат – йодпен қосылған беткей белсенді заттар кешенінің судағы ерітіндісі, құрамында йод 4,5% құрайды, бактерицидтік және фунгицидтік қасиеттері жоғары.

Бетадине (йодоповидон) – негізгі құрамы поливинилпирролидонйод түріндегі белсенді йодтан тұрады және 1% ерітінді түрінде қолданылады.

Поливинилпирролидонйод йод байланыстыратын йодоформдар қатарына жатады және тіндермен жанасқан кезде құрамынан біртіндеп йод бөлініп шығып, бактерияларға, саңырауқұлақтарға, вирустарға, қарапайымдыларға әсер етеді.

Периодонт қабынуы кезінде түбір өзектерін өңдеу үшін сутегінің асқын тотығының 3% ерітіндісі де қолданылады. Тірі тінмен, органикалық заттармен жанасқан кезде, сутегінің асқын тотығы су мен оттегі молекуласына ажырайды. Осы кезде тез бөлінген ауа көпіршіктері әлсіз бактерицидтік қасиет көрсетеді, бірақ түбір өзегін өліеттенген тіндерден және дентин үгінділерінен жақсы тазартады. Дегенмен сутегінің асқын тотығы өліеттенген тіндер мен органикалық зат қалдықтарын еріте алмайды, Сондықтан түбір өзегін өңдеу үшін сутегінің асқын тотығының тазартқыш, натрий гипохлоридінің бактерицидтік қасиеттерін ескере отырып, оларды тиімді реттілікпен бірінен соң бірін қолданған жөн. Бұл препараттардың арасында күшті химиялық реакция жүруіне байланысты еркін хлор мен оттегі бөлінеді. Осының нәтижесінде микроорганизмдердің көзі жойылады және өзектен шайылып шығарылады. Төртіншілік аммоний қосындылары да (декамин және декаметоксин) жақсы бактериостатикалық әсер көрсете алады.

Периодонт қабынуын емдеу кезінде соңғы уақытқа дейін кең қолданыс тапқан нитрофуран қатарындағы дәрілер (фурациллиннің 1:5000, фурагиннің 1:13000, фуразолидонның 1:25000 қатынаста ерітілген ерітінділері) мен глюкокортикоидтар (гидрокортизон, триамцинолон, дексаметазон, преднизолон). Глюкокортикоидтар қабынуға қарсы, десенсибилизациялаушы және жалқық бөлінуін тежеуші әсер етеді.

Периодонт қабынуы кезінде түбір өзегінде анаэробты микроорганизмдердің басым болуына байланысты, олардың өміршеңдігін тоқтататын дәрілерді (метронидазол немесе трихопол ерітіндісін) қолданған да тиімді болады. Метронидазол түбір өзегін өңдеуге арналған «Гриназоль» суспенциясының құрамына кіреді.

Периодонттағы қабыну үрдісінің дамуына қабыну туындатушы медиаторлар қатарына жататын простагландиндердің қосатын үлесі зор. Сондықтан олардың бөлінуін тежейтін (ингибитор) ортофен (натрий-диклофенак) 2,5% ерітінді түрінде қолданылады.

Беткейлік-белсенді заттар қатарынан периодонт қабынуын емдеу кезінде димексид (диметилсульфоксид-ДМСО) кең қолданыс тапты. Препараттың уытты қасиеті жоқ, қабынуға қарсы әсері жақсы, коктар тобындағы микроорганизмдерді жою қасиеті жоғары, олардың зақымдалмаған биологиялық жарғағы арқылы оңай өтеді және басқа дәрілердің де өтуіне мүмкіндік туғызады. Димексидтің 20% судағы ерітіндісі пайдаланылады. Түбір өзегіндегі эндотоксиндердің концентрациясын дәрілердің көмегімен қатар ультрадыбыс қолданып та азайтуға болады. Осы мақсатта сорбент АУВМ «Днепр» пайдаланылады.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде түбір ұшы төңірегіндегі тіндерге әсер ету үшу физикалық емдеу әдістерін де қолдануға болады. Олардың ішінде кең қолданыс тапқан электрофорездеу (иногальванизациялау) әдісі немесе тұрақты тоқтың көмегімен периодонтқа дәрілер иондарын енгізу. Дәрілік заттарды өтпейтін немесе нашар өтетін өзектерге енгізу үшін Люголь ерітіндісімен, иодтың 5-10% спиртті ерітіндісімен электрофорездеу әдісі ұсынылған. Сонымен қатар Кнавпост ұсынған депофорездеу әдісі де кең қолданыс табуда.

Соңғы кездерде периодонт қабынуын емдеу мақсатында аса жоғары жиіліктегі ( ЖЖЖ-СВЧ), ультра жоғары жиіліктегі ( УЖЖ-УВЧ) айнымалы ток және ультра дыбыс, төменгі қарқынды лазер сәулесі қолданылады.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде және емдеу шараларын жүргізіп біткеннен кейін де көптеген асқыну үрдістері орын алады. Түбір өзегін жақсы өңдеп, дұрыс пломбылағанның өзінде де түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағы кері дамымай, ұзақ сақталып, организмге зиянды әсерін тигізеді. Сондықтан, соңғы уақытқа дейін периодонттың созылмалы қабынуын емдеген кезде кездесетін асқынулардың алдын алуды және түбір ұшы аймағындағы қабыну үрдісінің тез жойылып, ондағы тіндердің қайта құру (регенерация) қасиетін жоғарылататын дәрілермен емдеу шараларын ойлап табу және жетілдіру толассыз жалғасын табуда.

Түбір ұшы аймағындағы созылмалы қабыну үрдісін белсенді емдеу сол аймақта биологиялық белсенді заттардың (қабыну ошағының сорылуын, қайта құрылу үрдісін жылдамдататын) қорын құруды қарастырады. Бұндай белсенді заттар қатарына кальций суоксидін, кальций глицерофосфатын, нитрофуранды туындыларды, белокты анаболизаторларларды жатқызуға болады. Оларды қойыртпақ түрінде дайындау үшін әртүрді майлы негіздермен (итмұрын, шабдалы, шырғанақ майлары, кароталин, «А» және «Е» витаминдерінің майлы ерітінділері) араластырады және рентгенайқындылығын қамтамасыз ету үшін барий сульфатын немесе мырыш тотығын қосады.

Түбір ұшы сыртына шығарылған қойыртпақ сорылған сүйек тінінің қайта қалпына келу уақытымен қатар сорылып кетеді.

Түбір ұшы аймағындағы қайта құрылу үрдістерін натрий мефенаминатты қойыртпақ та жақсы жеделдетеді.

Периодонттың созылмалы қабынуларын емдеу кезінде жақсы нәтиже берген (түбір ұшы сыртына шығарған кезде) төменгі құрамды қойыртпақ : лизоцим 0,001 г, мырыш тотығы 0,1 г, «А» витаминінің майлы ерітіндісі. Бұл қойыртпақты қолданған кезде созылмалы қабыну үрдістерінің өршуі де аз орын алған және тіндердің қайта құрылуы жоғары белсенділікпен жүрген.

Түбір ұшы аймағындағы бұзылған сүйектің қайта құрылуын жеделдету үшін қалқанша без гормонын да пайдалануға болады. Ол үшін бір тістегі қабыну ошағын емдеген кезде жоғарыда берілген лизоцимді қойыртпаққа 1ЕД кальцитонин (кальцитрин), миакальцик қосу керек.

Периодонттың қабынуын түбір өзегін тығыздап және толық пломбылаумен аяқтайды; мұның өзі периодонтқа микроорганизмдер мен олардың уыттарының, өзектегі органикалық заттар ыдырандыларының түспеуін қамтамасыз етеді. Түбір өзегін пломбылық материалмен мұқият толтыру үшін өтпейтін өзектер кеңейтіліп, өтетін өзектермен қатар эндодонттық аспаптармен өңделуі қажет. Түбір өзектерінің ерекшеліктері және оларды өңдейтін аспаптар мен әдістері туралы кейінірек айтылады (бөлім).