Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы (түбір гранулемасы)

Периодонт қабынуының бұл түрі кезінде өршу сатысы болмаса, ешқандай клиникалық белгілер орын алмайды. Тек сирек жағдайда ғана периодонттың гранулдене қабынуына тән белгілер (қызылиектің аздап қызарып, ісінуі, жыланкөз) болуы мүмкін.

Тіс қатарын әртүрлі мақсатпен қарап тексергенде, себепкер тісте терең тісжегі қуысы немесе пломбы анықталады. Сүңгілеп және қағып тексергенде

 

4-сурет. Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы. 1-1кіреукедегі тісжегі қуысы. 2-бұзылған дентин. 3-Диффузды қабыну. 4-Түбір периодонтындағы гранулема. a-фиброзды капсула. b- ыдырау аймағы. с - контаминация аймағы. d-сорылу аймағы. e-ынталандыру аймағы.сайт-http://www.ruzanadent.ru/
Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуының немесе түбір гранулемасының қорытынды диагнозын рентгендік тексеру арқылы анықтайды. Бұл кезде сырқат тістің түбір ұшында немесе бүйір бетіне жақын домалақ немесе сопақ пішінді шекарасы тегіс және анық диаметрі 0,5 см шамасында қара-көлеңке ошақ анықталады (4-сурет). Егер қара-көлеңке ошақтың диаметрі 0,5-0,8 см болса кистогранулема (cystаgranuloma), ал одан үлкен болса түбір кистасы (корневая киста – cysta radicularis) деген диагноз қойылады. Дегенмен гранулема мен кистогранулеманы толық ажырату үшін гистологиялық зерттеудің қорытындысы қажет. Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы кезінде қызылиекте өзгеріс байқалмайды, тек кистогранулема немесе киста кезінде тістің түбір ұшы проекциясындағы қызылиекастындағы сүйек тінінде сипап басқан кезде ауырмайтын томпақ құрылым анықталады. Кейде кистаның үлкею бағытындағы жақ сүйегінің қатты сүйек пластинкасының жұқарғаны соншалықты, сипап тексергенде томпиған сүйек аймағы пергамент қағазын уқалаған кезде шығатын қытырға ұқсас дыбыс береді (симптом хруста).

Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы өршіген кезде қызылиекте жыланкөз пайда болуы мүмкін.

Түбір гранулемалары көбінесе жоғарғы жақ тістерінің периодонтында (63%), сирек жағдайда (37%) төменгі жақ тістерінің периодонтында дамиды. Сонымен қатар кіші азу тістер аймағына қарағанда (38%), үлкен азу тістер аймағында көбірек (54%) анықталады.

Патологиялық анатомиясы. Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы – созылмалы үрдістің тұрақтанған және аса белсенділікпен дамымайтын түрі, себебі, бұл кезде қабынбалық қызару мен ісіну пролиферативтену үрдісімен алмасады. Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезіндегідей, гранулеманың қалыптасуы кезінде жойыла бастаған периодонттың орнын грануляциялық тін басады, жас және жаңа тін сорыла қоршаған сүйек тінінен талшықтары периодонт тінімен байланыса орналасқан фиброзды қапшық арқылы бөлінеді.

Гранулеманың орта бөлігінде біраз мөлшерде плазматикалық, гистиогендік және гематогендік жасушалар орналасады.

Көпшілік гранулемалардың құрамында жас грануляциялық тіннен басқа Маляссе эпителиальды аралшықтардан дамыған құрылымдар (тартпалар- тяждер) кездеседі, кейде фиброзды қапшықтың ішкі беті эпителийден тұратын қабықпен төселеді. Осыған байланысты гистологиялық құрылымының күрделілігіне байланысты түбір гранулемалары қарапайым (простые- эпителиальные) және күрделі (сложные- эпителиальные) болып екіге бөлінеді. Қарапайым гранулемалар 8-10% жағдайда кездеседі.

Гистиохимиялық зерттеулер кезінде гранулемада аз мөлшерде гиалурон қышқылы, ал эпителиальдық жасушалардың протоплазмасында сульфатталған мукополисахаридтер анықталады.

Көптеген гистологиялық зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, Ficһ жетілген гранулеманың құрамында бірнеше белдеуді анықтады:

· Өліеттенген белдеу. Бұл белдеуде өліеттенген тіндер мен бактериялар орын тепкен.

· Контаминациялық белдеу. Бұл белдеуде лейкоциттер, лимфоциттер және остеокласттар анықталған.

· Тітіркеніс белдеуі. Бұл белдеу тек грануляциялық тіндерден тұрады және микроорганизмдер анықталмайды.

· Ынталану белдеуі. Бұл белдеуде коллаген талшықтарын құратын остеобласттар мен фибробластардың белсенділігінің жоғарылағаны байқалған .

Эпителиальдық құрылымдардың арасында дегенеративтік үрдістердің әсерінен қуыстар пайда болып, оларда бұзылған эпителий жасушаларының қалдықтары, эозинофильді қабыну жалқығы, белокты және майлы детрит жиналады. Детрит ыдыраған кезде кистогранулема мен киста сұйығының құрамына кіретін холестерин кристалдары пайда болады.

Дұрыс емделген периодонттың гранулемаланып қабынуы да көбінесе фиброзданып қабынуға ауысады. Ал емделмеген және түбір өзегі дұрыс өңделіп, пломбыланбаған жағдайда кистогранулемаға немесе түбір кистасына ауысады, кейде бет-жақ сүйегі аймағының одонтогендік қабыну үрдістерімен асқынады.

Периодонттың созылмалы қабынуының әр түрлерін бір-бірінен, орта тісжегіден, ұлпаның созылмалы шіри қабынуынан ажырата білу керек.