Бірінші модуль. Модульдің атауы 6 страница

 

2.3.Кәсіби қазақ тілінің терминдік қоры

Жоспары:

1. Лингвистикалық терминдер.

2. Педагогикалық, психологиялық, ғылыми көпшілік терминдер.

Сөздік құрамдағы сөздердің колданылу аясы бірдей емес. Кейбір сөздер кісінің мамандығына, кәсібіне, біліміне қарай қолданылса, енді бір сөздер ғылым түріне не жергілікті жер еректелігіне байланысты қолданылады.

Мысалы: оқулық, шәкірт, көрнекілік, ұстаз, үлгірім — мектеп, ісіне байланысты сөздер, ал ринг, гоңг, раунд, төреші, қарсылас, секундант сөздері спорт ойындарына қатысты. Мұндай сөздер кез келген жерде айтыла бермейді, әркімнің аузынан естіле бермейді. Осылармен қатар адамдардың мамандығына, кәсібіне, біліміне қарамай-ак күнделікті өмірде, тұрмыс-тіршілікте, қызметте жиі қолданылатын, кез келген орында айтыла беретін сөздер бар.

Мысалы: ас, су, ауа, жер, кун, киім, ауыл, ел, қала, көрші, туыс, орын, уй-жай, отыр, жур, кел, бер, ал, сөйле, жақын-алыс, жақсы, әдеп, улкен-кіші, ақыл, тәртіп, т. б. Мұндай сөздердің көптігі қазақ тілінің сөздік қорының бай екендігін көрсетеді. Жалпыға бірдей жиі қолданылатын сөздер болғандықтан, оларды жалпылама қолданылатын сөздер деп атайды. Мамандыққа және ғылым мен техниканың әр түрлі салаларына ғана қатысты арнаулы сөздерді терминдер дейді. Мысалы: тіл біліміне қатысты сөз табы, септеу, сын есім, зат есім, жалғау, жұрнақ, түбір, тасымал, екпін, үндестік заңы, шылау, одағай сияқты терминдер бар. Әдебиетте кейіпкер, сюжет, бейне, теңеу, композиция, идея, шумақ, ұйқас, эпитет, поэзия, мысал, әңгіме, роман т. б. сияқты терминдер қолданылады. География гылымына байланысты азимут, полярлық әдіс, компас, масштаб, глобус, меридиан, литосфера т. б. терминдерді айтуға болады. Математика ғылымынан көбейгіш, көбейтінді, азайғыш, айырма, қосынды, бөлгіш, теңдеу, симметрия, координат, пропорционал сияқты терминдер қолданылып жүр.

Биология ғылымына қатысты тамыр, жапырақ, өркендер мен бүршіктер, клетка, цитоплазма, органикалық заттар, организм т. б. терминдер бар. Осы тәріздес арнайы терминдер оқу-педагогика, химия, физика, астрономия, медицина, заң, экономика, тарих, этнография т. б. ғылым салалары мен техниканың түр-түріне байланысты да қодданылады.

1 тапсырма:Мәтіннен педагогикалық терминдерді тауып, талдау жасаңыз.

Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Автор тәрбие саласын былайша жіктейген: «дене тәрбиесі, жан тәрбиесі , ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі». Расында да, адам баласыныңкемелденіп, дұрыс тәрбиеленуі үшін, ең алдымен денсаулығының жақсы болуы шарт. Олүшін дене тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуының маңызы зор. «Жан тәрбиесі» деген атаудың өзінің мән мағынасы терең. Адам жанының тереңде таза болуы – болашағының жарқын болуынын кепілі. Жан адалдығына аса мән берген ақын оның отбасындағы, мектеп қабырғасындағы тәрбиелену жолдарына да ерекше дн қояды. Психологиядағы жан көріністері – ақыл, ішкі сезім дүниесі, қайрат туралы М.Жұмабаев толғана баяндайды.

2 тапсырма:Педагогикалық терминдерді қатыстыра отырып, сөз тіркестерін құрастырыңыз.

3 тапсырма: «Педагог және қоғам» тақырыбында дискуссия.

 

2.4. Коммуникативтік лингвистика және тілдік бірліктердің қатысымдық қызметі.

Жоспары:

1. Қатысымдық бірліктер және олардың моделі.

2. Сөйлесім әрекеті

Тілдік қатынасқа түсушілердің ең басты қызметі - қатысымдық, байланыстырушылық, экспрессивтік.

Қатысымдық қызмет бойынша баяндаушы мен қабылдаушылар тілдік қарым-қатынастың барлық түрлерін іс жүзіне асыра келіп, хабар арқылы бір-бірімен қарым-қатынастық қызмет атқарады.

Байланыстырушылық қызмет тілдік қатынаста жүзеге асырушылардың бір-бірімен тығыз байланысынан көрінеді. Мұнда негізгі қызмет атқаратын - хабарды жеткізетін тұлғалар. Ол баяншы мен қабылдаушыны өзара байланыстырады және тілдік қатынастың түсінікті болуын қамтамасыз етеді.

Экспрессивтік қызмет тілдік қарым-қатынасқа түсушілердің берілген хабарды түсініп қана қоймай, оның айырықша мәнін, күшейту реңкін толық білуінің нәтижесінде орындалады. Баяншы хабарды жай айтып қана қоймайды, ондағы қандай ойға ерекше көңіл бөлу керектігін де, өзінің көңіл-күй, сезімдерін, көзқарастарын да жеткізуге тырысады. Ал қабылдаушы осыны дәл танып, жете түсінуі қажет болады.

Сөйлеу мүшелерінің бірлігі олардың әрқайсысының өзіне тән қимыл-қозғалысынан және сол қимыл-әрекеттің тілдік тұлғаларды айтуға қатысты бүтіндігінен байқалады. Әр дыбыстау мүшесі әр бөлек қимылдаса, онда дыбыс та анық айтылмайды, сөз де түсінікті болмайды, айтылар ой да жеткізілмейді. Сондықтан тілдік қатынас үшін, сөйлеу мүшелерінің бірлескен, дұрыс қимыл-қозғалысы аса маңызды орын алады.

Сөйлеу мүшелерінің қимыл-әрекетімен тілдік қатынасқа қажет тұлғалардың мән-мағынасы пайда болады. Жалпы тілдік қатынастың негізгі құрамын көрсететін ең басты көрсеткіш, ол - тілдік қарым-қатынасты тікелей жүзеге асыратын қатысымдық тұлғалар.

Терминдердің қолданылу ерекшелігіне мән берсек, олар тек тілдік единицалар ғана емес, қатынастық единицалар деп те атала бастады.

Байыптап қарасақ, мұнда негізгі мәселе олардың тілдік тұлға /лексикалық, грамматикалық, синтаксистік/ немесе қатысымдық тұлғалардың аталуы жөнінде емес, тілдік тұлғаға не жатады, оның қатысымдық тұлғалардан айырмашылығы бар ма, әлде тілдік тұлға мен қатысым тұлғалары бірдей ме деген сұрақтардың басын ашып алуға келіп тіреледі.

Тілдік және қатысым тұлғалары туралы мәселені қарастырғанда, біз «единициа» терминнің баламсы етіп көбінесе «тұлға» сөзін пайдаланамыз.

Лингвистикада тілдік тұлға қатысым тұлғасы деп айтылғанда, тілдік немесе қатысымдық құбылыстың ішкі құрамы /құрылысы/ деген мағынаны қамтуы қажет. Тілдік немесе қатысымды тұлға кіші бөлшек те /сөз/ бола беруі мүмкін.

Лингвистикада тілдік «единициа» деген көп айтылып жүрген термин. Қазақ тіл білімінде болсын, орыс тіл білімінде болсын ол жалпылама алғанда қарым-қатынас құралының, яғни тілдің құрамы, ішкі бөліктері дегенді білдіре келіп, осы тұрғыдан морфема, сөз тіркесі, тұрақты тіркес, сөйлем - бәрі тілдік тұлға немесе жалпы тұлға деп айтылып жүр. Кейде дыбыс пен фонеманы фонетикалық тұлға, сөзді - лексикалық тұлға, сөйлемді — синтаксистік тұлға деп нақтылы түрде атап айту да жиі кезедеседі.

Кейбір әдебиеттерде тіптен буын, негіз, абзац /жаңа жол/, контекст, дауыс ырғағы да тілдік тұлғалар деп саналады.

1 тапсырма:Семинар тақырыбын хабарлап, шақыру қағазын әзірлеңіз.

1 тапсырма:Әріптесіңізді шығармашылық табысымен құттықтап сөйлеңіз.

3 тапсырма:Алынған тақырып бойынша өз пікіріңізді білдіріңіз.

 

2.5. Сөйлеу және оған тән ерекшеліктер

Жоспары:

1. Сөйлеу қарқыны

2. Сөйлеу нормасы

Сөз этикасының нормаларын сақтау сөйлеушінің тыңдаушыға деген ілтипатын, ықыласын танытатын, диалогтің ойдағыдай аяқталуына септігін тигізетін қажетті алғышарттардың бірі.

“Шаршысөз мәдениеті” деген тараушада шаршытоп (публика) алдындағы сөздің формальды-тілдік, коммуникативтік нормалық қырлары сөз мәдениеті тұрғысынан қарастырылады. Бір есептен, шешен мен шаршытоп арасындағы тілдік қатынасы ұжымдық коммуникация деп атауға болады. Коммуникацияға қатысушылар, шешен мен аудитория арасындағы коммуникативтік байланыс, олардың ортақ білімінің болуы т.б. жайттар тілдік құралдарды, риторикалық, стильдік тәсілдерді талғап, саралап қолдануға ықпал ететін факторлар болып табылады.

Шешендік сөзді дайындау барысында, сөйлеу кезінде пайда болатын үлкен қайшылық – кітаби тіл нормасы мен сөйлеу тілі нормаларының тайталаса келуі, өйткені шешендік сөз жазба (кітаби) тіл негізінде “әзірленеді”, ал сөйлегенде, яғни ауызша сөзге айналғанда сөйлеу тілінің тәсілдерін пайдаланады. Ауызша сөзде, шаршытоп алдындағы сөздің баяндау мәнерінде шешен қатаңдығы басым кітабилыққа бой ұрмауға, еркіндігі басым сөйлеу тілінің жетегінде кетпеуге тырысады. Шешен кітабилыққа бой ұрса, сөзі қасаң, таптаурын тартып, аудиторияға әсер-ықпалы төмен болады, ал сөйлеу тілінің элементі басым болса, тұрмыстық деңгейдегі сөзге айналады, ондай сөздің қоғамдық-әлеуметтік мәні жоғары болмайды. Шешеннің сөзі оқушыға емес, тыңдаушыға арналады, сондықтан шаршы сөзде кітаби элементтер мен сөйлеу тілі элементтерінің арасалмағын теңгеріп отыру қажет.

Шешендік сөзде сөздің мағыналық типтерінің баяндау, сипаттау, байыптау контаминациясы кездесіп отырады. Мұндайда контаминацияланған сөз жаңаша реңк алады. Сөздің мағыналық реңктерінің бір-бірімен өзара жақындығы, ұқсастығы бар. Сондықтан баяндау сөз сипаттауға, ал сипаттау сөз байыптауға ұласып отырады.

Сөз типтері бір-бірімен ұласып, алмасып келеді де мәтіннің композициялық, стилистикалық құрылымы өрбіп, дамып отырады. Сөздің функционалдық-стильдік салаларымен сөздің мағыналық типтері іштей байланысты. Мысалы, академиялық шешендікте байыптау басым болады да, соттағы шешендікте сипаттау мен байыптау жағы басым түсіп жатады.

Сөздің белгілі бір мағыналық-функционалдық типін таңдау ең алдымен сөздің объектісіне, мақсатына тәуелді. Сырттай қарағанда шаршысөз сөзжарыс тәрізді көрінеді, ал шынында шаршысөз табиғаты жағынан ойжарыс болып табылады.

Ойжарыстың импилицитті және экспилицитті түрлері бар. Шешеннің өз пікірін, тұжырымын ашық қорғауы, оппоненттеріне қарсы шығып, келіспеуі ойталастың эксплицитті түрі. Ойталастың имплицитті түрінде оппоненттер қарсы шығу, айтқандарымен келіспеу ашық түрде айтылмайды. Оппонент реалды немесе ирреалды болуы мүмкін.

Пікірталас шешендіктің белгілі бір мәселе жөнінде шаршытоп алдындағы ой жарысы мен сөз жарысы. Шешен шаршытопта факт, аргумент, эмоция арқылы аудиторияға әсер етіп, иландыруды көздейді. Ал пікірталастың тілдік құралдар мен амал-тәсілдеріне жақаурату, әзіл, сықақ, кекесін, үзілді-кесілді баға беру, антитеза, теңеу, ремарка, сөздің суреттілігі, мақал-мәтелдер т.б. классикалық тәсілдер жатады.

Шаршысөз мақсаты мен мазмұнына қарай белгілі бір құрылымда айтылады. Сөз материалы осы мақсат пен мазмұнға қарай белгілі бір жүйе бойынша орналасады. Шаршысөздің классикалық схемасы, зерттеушілердің көрсетуінше, бес бөліктен тұрады: 1) басталуы, 2) кіріспе, 3) негізгі бөлік, 4) қорытынды, 5) аяқталуы.

Сөз ситуациясымен байланысты немесе шешеннің белгілі бір мақсатына қарай кейбір бөліктердің болмауы да мүмкін. Ал негізгі бөліктің болуы міндетті.

Сөздің басталу бөлігіне сөйлеуші ерекше мән береді. Бұл бөліктің мақсаты бірден аудитория назарын өзіне аудару. Бұл бөлікте дәстүр бойынша этикеттік формулалар мен этикеттік қаратпа атауыштардың қолданылуы шешендік сөзге тән этикеттік норма. Сөздің басталуында этикеттік формулалардан басқа мазмұнды білдіретін тілдік бірліктер болады.

Сөздің ұзына бойында аудитория назарын ұстап тұру сөздің басталуына байланысты. Бұл тұста тәжірибелі шешендер тапқырлық танытып, сөзді жұрт күтпеген жайдан бастайды. Ондай жайт көбіне әркімді қызықтыратын, әркімнің басында бар, әркімнің басынан өткерген мәселеге қатысты болуы мүмкін.

Сөздің кіріспе бөлігігінде сөйлеуші аудиторияны психологиялық жақтан айтылар сөздің негізгі бөлігін ұғынуға дайындап, қабылдауға икемдейді. Сөздің басталуындағы байланысты әрі қарай күшейте түседі; аудиторияның назарын бір арнаға бұрады. Бұл бөлікте тыңдаушылар сөздің негізгі тақырыбынан хабардар болады. Сөздің композициялық негізгі бөлігінде шешен айтылмақ басты мәселелерді санамалап көрсете келе оларға қысқаша талдау жасайды. Сөйтіп, мәселенің өзектілігін, қоғамдық, әлеуметтік мәнін ашады. Негізгі бөлікте ең басты деп танылатын материалдар талданып, сараланады. Шешен аса қажетті фактілерге сүйеніп, қисынды дәлелдер келтіреді. Әртүрлі аргументтерді пайдаланып, мысалдарға нақты талдау жасайды. Оппоненттермен пікірталас өрбітеді.

Сөздің қорытынды бөлімінде жоғарыда айтылғандарға қорытынды жасалады. Басты, негізгі ой баса айтылады. Негізгі идея айқындалып, белгіленеді, аудиторияның алдында белгілі бір шешімдерді қажет ететін міндеттер көрсетіледі.

Сөздің аяқталуында этикеттік формулалар қолданылады. Сөздің мазмұнына тікелей қатысты болмаса да, тілек айтылуы мүмкін. Сондай-ақ кейде шешеннің сөзі іс-қимылға шақыратын сөзбен де аяқталып жатады. Жалпы алғанда шаршысөз өзінің жанрлық түрлерімен байланысты. Мысалы, жоғары мектептердегі дәрістер, митингідегі сөз, саяси сөз т.б. әртүрлі аяқталуы мүмкін. Шаршысөздің жанрлық түрлеріне қарай мәтінде кездесетін сөздің лексикалық типтері әртүрлі болып келеді. Мысалы, ғылыми дәрістерде интелектуалдық лексика, саяси дискурста қоғамдық-саяси атаулар, митинг, жиналыстарда эмоционалды лексиканың үлес салмағы басым болады. Мұның өзі шешеннің алға қойған мақсатына байланысты: шешен интелектуалдық тұрғыдан әсер етуді көздей ме, әлде эмоционалды тұрғыдан әсер етуді көздей ме, болмаса жұртшылықты белгілі бір іс-қимылға жұмылдыруды мақсат ете ме мәселе осыған байланысты.

Аудиториямен байланысқа сөйлеуші ерекше көңіл бөлуі шарт. Тыңдаушылармен байланыс күшті болған сайын сөздің тиімділігі де арта түседі. Тәжірибелі шешеннің назары үнемі тыңдаушыда болады да, олардың “жауап” реакциясын бақылап отырады. Сөйлеуші аудиторияның жетегінде кетпей, тыңдаушыларды өзіне тарта біледі. Сонымен жұрт алдына шығып сөйлеуді әрбір шешен өзінің кәсіби қызметі деп түсінеді.

Аудиториямен байланыс орнатуда арнайы тілдік бірліктер жүйесінің ішінен шешен сәлемдесу, қаратпа атауыштар, комплимент, қоштасу тәрізді этикет сөздердің әртүрлі нұсқаларын, аудиторияның алдына шығарға дейін коммуникативтік ситуацияға олардың қайсы сәйкес келетінін, “кім, қай жерде, кіммен, қай кезде” деген формулаға сәйкес іштей, алдын-ала “даярлап” қояды. Күнделікті өтіп жататын кеңес, мәжілістерде, отырыстарда басқалармен салыстырғанда, байланыс құралдарын қолдану мүмкіндігі сәл шектеулі болады. Аудитория мен шешен бірін-бірі жаңа көргендей қауышып жатпайды.

Шешендік сөзде қолданылатын метамәтіндердің тыңдаушыларға бағыт-бағдар беріп отыратындықтан қызметі ерекше. Метамәтін тыңдаушыға сөзді жүйе-жүйесімен қабылдауға жәрдемдеседі. Мысалы, Сіздердің назарларыңызды мына мәселеге аударғым келеді; біз сөзіміздің басында…; енді келесі мәселеге көшейік; біріншіден, екіншіден, үшіншіден, қайталап айтсақ, сөзімнің аяғында т.б. метамәтін сөйлеушінің мәтінін бір жағынан дұрыс ұғынуға жәрдемдессе, екінші жағынан, мәтін бөліктерін өзара байланыстыруды қамтамасыз етеді.

1 тапсырма: Метамәтін құрастырыңыз.

2 тапсырма: «Дін және қоғам» тақырыбында пікірталас ұйымдастырыңыз.

3 тапсырма:Интеллектуалдық пікірталас ұйымдастырыңыз.

 

ОСӨЖ.

3.1. Қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар.

Жоспары:

1. Қазақ тіл білімінің концептуалдық қоры.

2. Психо-лингвистикалық қағидалар.

Ақиқат туралы білімді санада сақтау, оны игеру – күрделі процесс. Бұрын алынған білім индивид санасында тәртіпке келтіріліп, жаңа алынған білім бұрынғымен байланыстырылады. Аса маңызды, мәнді деген фактілер, деректер жинақталып, концептілік жүйеге түседі.

Концепт индивид санасында сәулеленген сезімдік-заттық образдың (перцевтивті модус) негізінде пайда болады. Концепт негізінде сезімдік тәжірибе жатады. Сезімдік-заттық образ (код) концептің ядросы болып табылады. Осы заттық код белгілі бір объектіні терең, жан-жақты білген сайын жаңа мәндік белгілермен байи түседі. Осының нәтижесінде концептің мазмұны ұлғаяды, мазмұны кеңи түседі. Әлгі белгілердің қайсыбірінің мәнділігі күшейе түсуі, қайсыбірінің көмескіленуі ықтимал.

Концепт ретсіз нәрсе емес. Оның компоненттері (белгілері) белгілі бір тәртіпте болады. Заттық-образдық ядро нақты болады, ал ядродан алшақтау жатқан белгілер дерексіз, абстрактілі болуы мүмкін. Концептінің әртүрлі қабаттары бір-бірінен туындап жатады. Бұл жайт концепт ұғымының өзгеше сипатын көрсетеді.

Концептінің жасалуына ұғым емес, заттық образдар (заттың бейнесі) негіз болады. Мысалы, ат жалын тартып мінді (ержетті) дегенге ат, мін=, жал деген (субъект-предикат) ұғымдар емес, ақиқат өмірден алынған сенсорлық-перцептивті образ негіз болып тұр.

Ұғым мен концептінің мағынасы тепе-тең емес. Ұғым белгілі бір объектінің танылған аса мәнді белгілерінің жиынтығы болса, концепт-мазмұн межесі жағынан объект туралы барлық білімнің жиынтығы, ал тұрпат меже тұрғысынан тілдік бірліктердің (лексикалық, фразеологиялық, паремеологиялық тб.), құралдардың жиынтығы болып табылатын ментальды, ұлттық ерекшеліктерді танытатын құрылым.

Ұғымнан концептінің айырмасы, түптеп келгенде, мынаған саяды: концепт – денотат туралы бастапқы түсінік (представление). Денотат туралы осы түсінік жалпыланған инвариант-образ түрінде болады да, ол сөздің тууына түрткі, ұйтқы болады. Бұл – заттық-бейнелік концепт. Тілдік санада концепт форматына түскен бұл құрылым лингвокреативті ойлаудың негізінде әрі қарай өңдеуден өтіп, ұлттық-мәдени концепті пайда болуы мүмкін. Заттық-бейнелік концептіде (перцептивті модуста) этномәдени сипат бола қоймайды. Мысалы, қазан ошаққа, тасошаққа, жерошаққа т.б. құрылғының үстіне қойылатын, астына от жағылатын, беті қақпақпен жабылатын түбі қара күйе ыдыс. Ошақ, ошақтың үсті, от жағу, беті, қақпақ, жабу, түбі, қара күйе, ыдыс дегендер – ақпарат. Осы ақпараттардың реттелген жүйесінен заттық-бейнелік концепт жасалып тұр. Бірақ заттық-бейнелік концептісінің ономосологиялық құрылымы мәдени этностық санада әрі қарай өңдеуден өтеді де, басқа бір таңбаланушының таңбасына айналады. Ендігі жерде қазақ түсінігінде қазан отбасының, ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың, ел жұрттың басын біріктіретін, басын қосатын, ынтымақтастыратын қасиетті мүлік болып табылады. Қазаны бүтін; қазаны қақ айырылу, қара қазан сарбаланың қамы, қазанын сындыру (кек алудың бір түрі) т.б. дегендер ұжымдық санадағы мәдени-ұлттық семантиканың тілдік таңба арқылы жарыққа шығуы қазанның ұлттық мәдени концептіге айналғанын көрсетеді. Мұндай концептілер (инферентті модус түріндегілер) этномәдениеттің тірек элементі болып, концепт-кеңістікке енеді.

Зат-бейнелік концепті (перцептивті модус) мен мәдени-ұлттық концепт (инферентті модус) когнитивтік әрекеттің екі фазасы болып саналады; бастапқы таңбаланушы мен таңбалаушы әртүрлі модификацияда сөз таңба ретінде қалыптасу кезеңінен өтеді. Аяққы кезде сөз белгілі бір этномәдени кеңістікке енеді де, сол мәдениетті түсінудің (ұғынудың) және түсіндірудің (ұғындырудың) құралына айналады.

М.Минский фреймді стереотипті ситуацияның ойбейнесі деп атайды. Осы аталған когнитивті жасалым стереотипті денотаттық ситуациямен байланысты. Мысалы, ашішектей созылды деген фразеологизм “ұзаққа созылған, бас-аяғы көрінбейтін, адамды ығыр қылатын баяу іс, әрекет туралы” айтылады. Фразеологиялық мағына ақиқат дүниедегі денотаттық ситуацияның тілдік ұжымның санасында фреймдік құрылым ретінде қалыптасуымен байланысты. Когнитивтік санада фреймдік форматқа түскен құрылымды таратып айтатын болсақ, – жаңа сойылған малдың ішек-қарны тазаланады, әсіресе аш ішек ұзын, жіңішкелеу болғандықтан, ши жүгіртіп, сумен шаю ұзаққа созылып, баяу істеледі. Ақиқат өмірдегі осы стереотипті денотаттық ситуация тілдік ұжымның когнитивтік санасында фреймдік құрылым түрінде орныққан. Ендігі тұста осы фреймдік формат “ұзақ, баяулық” сияқты басқа бір концептімен ассоцацияланып, ұзаққа созылған, баяу, адамды ығыр қылатын істі атайтын екінші реттегі номинацияға айналған.

Әдістемелік нұсқау:Кәсіби концепт тақырыбына көркем әдебиеттерден үзінді көрсетіңіз.

 

3.2. Тіл – ұлтты біріктіруші фактор.

Жоспары:

1. Тілдің ұлттық тіл ретінде танудың жолдары.

2. Қазақ тілін ұлттық рухани мұра ретінде оқыту.

Тіл-адамзаттың ұрпқтан-ұрпаққа, ата-бабаның аманатын, үнін, тарихы мен мәдениетін жеткізіп отыратын ұлы құралы.Ұлттың өзінің тілі болғанда ғана ол мемлекет бола алады, әлемде басқалармен өзін тең ұстайды.Сондықтан да болар мемлекет ең алдымен экономикасымен емес, осы тілімен ғана күшті.

Мемлекеттік тіл – аса маңызды да ең өзекті мәселе, тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу - өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Тәуелсіздіктің рухын асқақтатқан тіл мәртебесін көтерудегі ауқымды істің басы-қасында үнемі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің жүруі жұртты үнемі жарық үмітке жетелейді. Ел Президентінің «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтар өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет» деп атап көрсетті.