Бірінші модуль. Модульдің атауы 9 страница

Айтылым – адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің бір түрі. Ол - тілдік қарым-қатынас барысында адамның өз ойын жарыққа шығару процесі, өз сөзін екінші біреуге ұғынықты етіп жеткізу.

Оқушының қазақ тілінде ойын ауызша жеткізе білуге үйрету деген – ең алдымен өмірде оны екінші адаммен түсінісе білуге үйрету, ойын ауызша жеткізіп қана қоймай, оған жауап ала білуге, өзара ұғынысуға, тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйрету деген сөз.

Айтылым әрекетіне қатысты ең маңызды мәселе – сөзді дұрыс айта білудің заңдылықтарын және қалыптасқан нормаларын меңгеру. Бұл туралы тілші ғалым Р.Сыздықованың түйген ойларының қай-қайсысы болсын тіл үйренушіге де оқытушыға да тиімді.

Айтылым процесін меңгеру үшін мынадай жағдайларды ескеру қажет. 1. Үйренетін тілде сөйлеуге деген қажеттілік. 2. Қоршаған орта, жағдайдың әсері. 3. Жеке бастың қабілетін ескеру. 4 . Сөйлеудің түпкі мақсатын айқындау.

Сонымен, айтылым - санамен қабылданатын сыртқы дүниенің әсерін ауызша сөйлеу арқылы жарыққа шығаратын, қатысымдық тұлғаларды қамтитын күрделі сөйлесім әрекеті.

Тілдесім – сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше құбылыс. Ол тілдік қатынастың ең маңызды көрсеткіші бола келіп, оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалымның іс жүзінде қолданылуына мүмкіндік жасайды. Тілдесім (общение) – акйтылым және жазылымның өзара бірлігінен құрала келіп, қандай болмасын ақпарат негізінде адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің түрі. Бұл қарым-қатынаста оқылым мен тыңдалымның да тыс қалмайтындығы өзінен-өзі белгілі. Тілдесім - адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлдесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы. Тілдесім арқылы болатын әсер әр түрлі болуы мүмкін: а) жағымды не жағымсыз әсер; ә) ашық не жасырын әсер; б) тікелей не аралық әсер; в) снегізгі не қосалқы әсер. Адамдардың бір-бірімен қандай мақсатпен, қалай сөйлесуіне байланысты тілдесімнің мынадай түрлері бар: 1. ресми тілдесім; 2. бейресми тілдесім; 3. қалыптасқан тілдесім; 4. кәсіби (мамандыққа қарай) тілдесім; 5. әлеуметтік тілдесім; 6. дербестік тілдесім.

«Жазылым» термині «жазу» деген мағынаны емес, «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді. Жазылым - тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген; лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет. Жазылым біріншіден, әріптің, сөздің графикалық таңбасы арқылы іске асады; екіншіден, бұл графикалық таңбалар белгілі бір фонемалық, мағыналық қасиетке ие болады; үшіншіден, жазылым құбылысында сөйлесім әрекетінің барлық түрі қатысады; төртіншіден, жазу үстінде тіл үйренуші адам сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес, формасына да көңіл аударуға мәжбүр болады; бесіншіден, жазылым қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланыстыф жүзеге асырады. Ғалымдардың қалыптасқан пікір бойынша жазылым үш бөліктен құралады: а) себеп-салдарлық; ә) аналитикалық-синтетикалық; б) орындалымдық. Ф.Ш.Оразбаеваның пікірінше жазылымдық бірнеше құрылымдық кезеңнен тұрады да, көпсалалы болады. 1. Қажеттіліктен пайда болатын себеп; 2. Себептің ойда, санада бейнеленуі; 3. Ойдың сөз арқылы тізбектелуі; 4. Сөздің графикалық әріптермен таңбалануы; 5. Жазудың екінші адамға түсінікті болып, берілген хабарды білдіруі.

1 тапсырма: Оқылым, тілдесім, айтылым, жазылым тәсілдері бойынша сабақ үлгілерін құрастырыңыз.

3.2. Кәсіби қазақ тілі терминдерінің қалыптасуы.

Жоспары:

1. Кәсіби қазақ тіліне тән лингвистикалық терминдер

2. Педагогико-психологиялық терминдер.

Арнаулы кәсіби тіл – көпфункционалды сипаттағы тіл. Ал арнаулы тіл кемел әдеби тілдің функционалдық бір түрі. Оның а) ақиқатты бейнелеу; ә) білімді сақтау (эпистемалық); б) жаңа білім алу (когнитивтік); в) арнаулы ақпарат беру (коммуникативтік) қызметі бар.

Арнаулы кәсіби тілдің лексика-семантикалық ядросы терминдер болып табылады, ал оған жақын қабатта дайын құрылымдар (стандарттар); шеткері қабатта индивидуалды-авторлық ерекшеліктерді байқататын тілдік бірліктер болады. Индивидуалды-авторлық ерекшеліктер арқылы маман кәсіпке байланысты категория, ұғым, арнаулы реалийлерді сөз қолданыста дәл айқын етіп бере алмайды.

Кәсіби тілде стильдік нышаны бар сөздер (эмоционалды, экспресоид сөздер) мүлде кездеспейді деуге болмайды. Эмоционалды бағалауыш сөздердің қолданылу мүмкіндігі шектеулі. Олар деңгейі жоғары, көлемі тым үлкен, сирек кездесетін, ұшырасатын жайтты, аса ірі, тым ұсақ, қызғылықты көрініс т.б. Сондай-ақ айқын, анық, бұлдыр, құнды, құнсыз, тұрақты, тұрақсыз, мүмкін, мүмкін емес, жеткілікті, жеткіліксіз т.б. тәрізді субъективті бағалауыштар. Бұлар арнаулы емес, жалпылама лексикаға жатады. Қызметі жағынан полифункционалды элементтер деп аталады. Бұлардың қайсыбірі белгілі бір кәсіптік салада терминдік мағынада да қолданылуы мүмкін.

1 тапсырма:Төмендегі мәтіннен педагогика-психологиялық терминдерді тауып, түсініктеме беріңіз.

Педагогикалық психология - білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық негіздерін зерттейді және жастың даму (жас ерекшелігі) психологиясымен тығыз байланысты, өйткені, білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын оқитындардың жас шамасын және даралық ерекшеліктерін ескермейінше дамыту мүмкін емес. Педагогикалық психология саласындағы зерттеулер білім беру мен тәрбиелеудің мәнін дұрыс түсінуге, оқулықтар мен оқу құралдарына қойылатын әр түрлі талаптарды анықтауға, оқушылардың ақыл-ой әрекеті мен мінез-құлығын басқара отырып, олардың дамуын қамтамасыз ететін білім беру және тәрбиелеудің тиімді тәсілдерін тауып негіздеуге мүмкіндік береді. Педагогикалық психология педагогтар мен оқушылардың арасындағы өзара қатынас мәселелерін, педагогтың жеке басына қойылатын талаптарды зерттейді, педагогикалық қабілеттер мазмұны мен қалыптасу үрдісін ашады. Сонымен қатар оқушылар ұжымындағы өзара қатынастармен, олардың психологиялық даралық ерекшеліктерімен санасып отырудың мүмкіндіктерін іздестіреді. Оқу-тәрбие жұмыстарын және балалардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырып, бірқалыпты даму зандылықтарынан ауытқыған балалармен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу әдіс- тәсілдерінің психологиясын зерттейді. Сондай-ақ, ересек адамдармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен және оларды қалай оқыту мәселелерімен де шұғылданады.

Әдістемелік нұсқау:

2 тапсырма: «Қоғам және жастар» тақырыбына дөңгелек үстел ұйымдастыру.

3 тапсырма:«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» оқулықтарына презентация өткізу.

4 тапсырма: «Оқытудың жаңа технологиялары» тақырыбына тренинг-семинар өткізу.