Дәріс. Қазақ тіл білімі салаларының құрылымдық жүйесіндегі кәсіби бағыт – стилистикалық заңдылықтар

Дәріс жоспары:

1. Стилистика – тіл білімінің саласы, зерттелуіне қысқаша шолу

2. Стиль ұғымы

3. Стилистиканың зерттеу нысаны

4. Функционалды стилистика

5. Стиль түрлері

І.Стилистика - тіл білімінің бір саласы. Оның тарихы Ресейде әріден басталғанмен, қазақ тіл білімінде стилистика мәселелерін зерттеуге жаңа-жаңа көңіл бөліне бастады. Қазақ тілі стилистикасының мәселелері арнайы зерттеу нысаны бола алмай келді. Сонда да қазіргі қазақ оқулықтары мен оқу құралдарында және көркем шығарма тілі жайында жазылған еңбектерде тіліміздің кейбір стильдік құбылыстары жайында жазылған азын-аулақ пікірлерді кездестіруге болады. Орыс тіл білімінде стилистика мәселелерінің зерттелуі ХХ ғасырдың 50-жылдардың ортасында қолға алынып, функционалды стилистика деген ғылым саласы пайда болып, оны тілдің коммуникативтік, эстетикалық қызметімен, қолданылу мәселелерімен тығыз байланыста қарастыра бастады. Солардың ішінен А.М.Пешковский, Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, Г.В.Винокур, А.Н.Гвоздев, А.И.Ефимов, В.П.Мурат сияқты зерттеушілердің еңбектерін атауға болады. Көрнекті орыс ғалымы В.В.Виноградов стилистиканы «тілді зерттеудің биік шыңы, ұлттық тіл мәдениетін арттырудың теориялық негізі» дейді.

Қазақ тілі стилистикасына жанама қатысы бар зерттеулер өткен ғасырдың 30-40 жж. көріне бастады, негізінен, оларда аударма мәселесі және көркем әдебиеттің тілі, стилі сөз болады. Мұндай саладағы зерттеулер өткен ғасырдың соңғы жылдары кең өріс алды, әдеби тілдің ерекшеліктеріне баса көңіл қоя бастады.

- Фольклордың тілін – Н.Адамбаева, Е.Жұбанов, Т.Қордабаев;

- Абай тілін - Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Р.Сыздықова;

- М.Әуезовтің тілін – М.Балақаев, К.Аханов, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев;

- Ғ.Мүсіреповтің тілін – М.Серғалиев, Б.Шалабай т.б. ;

- Ә.Кекілбаев, М.Мағауин тілін – Р.Сыздықова және т.б. ғалымдар зерттеді.

Ғылым Академиясының "Вопросы языкознания" жорналы ұйымдастырған екі жылдық дискуссия материалдарына байланысты қазақ тілі стилистикасы да көптеген мәселелерді қарастыра бастады, сөйтіп стилистикалық зерттеулер жарық көре бастады. Мұндай ізденістер функционалды стилистика мен тіл құралдары стилистикасының проблемларын зерттеуді мақсат етеді. Мәселен, кейбір еңбектер:

- қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз тілінің (Б.Әбілқасымов),

- кеңес дәуіріндегі баспасөз тілінің (С.Исаев),

- қазақ ауызекі сөйлеу тілінің (Р.Әмір),

- қазіргі кездегі баспасөз тілінің (О.Бүркітов, А.Алдашева, Б.Момынова),

- көркем әдеби тілінің (Р.сыздық, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Х.Кәрімов) ерекшеліктерін сөз етеді.

Енді бір топ еңбектерде синтаксистік конструкциялар, атап айтсақ, синтаксистік синонимдер (М.Серғалиев), сөйлем мүшелері (Ш.Бектаева, О.Күлкенова, М.Шаяхметова) стилистикалық зерттеуге арналды. Сол сияқты автор сөзі, төл сөз құрылымындағы стильдік ерекшеліктер де сөз етілуде.

Сөздердің лексика-грамматикалық топтарының да, айталық, зат есімнің стильдік мүмкіндіктері (Ф.Мұсабекова), проза тіліндегі етістіктің стилистикасы (Г.Әзімжанова), есімдік сөздердің стилі (Р.Сағынбаева) т.б. ғалымдар біршама зерттеді. Сонымен бірге стилистикасын оқытудың әдістемесі қарастырылып, ол жайында еңбек жарық көрді (А.Жапбаров).

Мұндай стилистикалық еңбектердің жарық көруі, дискуссия, конференциялардың ұйымдастырылуы (1968 ж. Ашхабадта «СССР халықтары әдеби тіліндегі стильдік жүйенің дамуы», 1984 ж. Алматыда «Соңғы жылдардағы казақ көркем шығармаларының тілі» т.б.) стилистиканың дербес ғылым саласы болып әбден қалыптасуына себепші болды. Бұған қоса ЖОО филология факультететтерінде қазақ тілі стилистикасы міндетті пән ретінде өтілетіндіктен тұрақты оқулық, бағдарламалар, әдістемелік құралдар көптеп шығарыла бастады. Ғылым саласы ретінде қазіргі дамуы, дәрежесі біршама көтерілді, бұған дейінгі кехзеңдермен салыстырғанда, қазір тілді стильді-функционалды тұрғыдан зерттеуге баса көңіл бөлініп келеді.

ІІ. Стилистикадағы негізгі ұғымдардың бірі - с т и л ь. Оны осы күнге дейін әркім әр түрлі түсінеді. Себебі стиль терминінің мазмұны кең, оның жұмсалатын орны көп. Стиль - латынша stуlоs (қазақша - жазу құралы) деген сөз. Латын тілінде кейіннен стиль сөзі "жазу мәнері" деген мағынада қолданылатын болған.

Оның осы мағынасы Европа білімпаздарының арасына көп тараған. Орта ғасырларда Грецияда, Римде с т и л ь - сөзге сендіру, нандыру тәсілі, стилистика - риторика (шешендік) өнері болып саналған. Үнді оқымыстылары стильді мәнерлеп сөйлеу, ал стилистиканы мәнерлеу туралы ғылым деп есептеген. Кейін, ұлттық әдеби тілдің қалыптасу дәуірінде, кейбір елдерде стиль белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құрал деген ұғымда қолданылды. Бүл ұғым Россияға да кең тараған болатын. Мысалы, Ломоносовтың үш стилі (жоғары, орташа, төмен) осы жанрлық принципке негізделген.

Сөйтіп, лингвистикада "стиль" жазу мәнері, сөзге сендіру тәсілі, мәнерлі сөйлеу және белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құралдар жүйесі деген сияқты көптеген мағынада қолданылып келген. Ал стилистика көбінесе шешендік өнері туралы ғылым ретінде танылған. Ол тек XX ғасырдың бас кездерінде ғана шешендік өнерінен бөліне бастайды. В.Г.Белинский былай дейді: "Сөйлеу өнерінің, әсіресе жазу өнерінің, зерттеуді өте қажет ететін өзінің техникалық жақтары бар". Белинскийдің пікірінше, тіл өнерінің осы "техникалық жақтары", яғни тілдің қолдану тәсілдері мен заңдылықтарын зерттеу мәселесі (риторика емес), стилистиканың үлесіне тиеді. Бірақ стильдің жалпыға танылған белгілі анықтамасы әзірге жоқ. Стиль терминінің алғашқы мағыналары қазір де жойылмағандықтан сол ұғымдар негізінде стилистиканы тіл білімінің маңызды саласының бірі деп тануға болады; стилистиканы дербес пән ретінде оқытудың мәні зор.

Стилистика - ең алдымен с т и л ь туралы ғылым. Стиль деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерін айтамыз. Бір ұғымды айтып, не жазып жеткізу үшін қажетті тілдік тәсілдерді сұрыптап қолдануға болады. Бұл ретте әсіресе тіліміздегі синонимдер мен оның варианттары көбірек пайдаланылады. Мұндай синонимдердің түрі әр алуан: лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер, морфологиялық синонимдер (варианттар) мен синтаксистік синонимдер.

ІІІ. Стилистиканың зерттеу нысаны – лексика-фразеология, грамматика және фонетика қарастыратын тілдік тұлға бірліктер. Бірақ тіл білімінің бұл салалары тілдік единицалардың стильдік сапасын қарастырмайды.

Сөйлеуде (речь) сөз бен сөйлем құрылысының дұрыс және айқындығының үстіне, дыбыс үйлесімділігі (благозвучие) болуы да шарт. Дыбыс үйлесімділігі, біріншіден, біркелкі дыбыстардың бір жерге жиналуынан сақтандырса, екіншіден, сөйлеудің мәнерлілігін арттырады. Сондықтан дыбыс үйлесімділігі оқуға және тыңдаушының қабылдауына үлкен жеңілдік туғызады. Мысалы дыбыстардың мәтін ішіндегі қайталануы (ассонанс, аллитерация), интонация, екпін, оның түрлері – стилистикалық ресурсқа ие фонетикалық құралдар. Бұл - фонетикалық тәсілдердің практикалық мәні.

Лексикологияжәне стилистика.Лексикология сөздердің шығу тегін, сөз құрамын, көп мағынылылық, ауыспалы мағынылылық, синонимдік, омонимдік, антонимдік қатарларда жұмсалуы, көнерген, тарихи сөздердің, жаңа сөздердің әр түрлі мақсаттарда жұмсалуы - бұлардың бәрі лексикалық стилистиканың мүмкіндіктерін көрсетеді. Сонымен бірге ол сөздердің қолданылу заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдаланылу принциптерін зерттейді.

Грамматикажәне стилистика.Стилистика грамматиканы да өзінің зерттеу нысаны ете алады. Ол грамматикалық құбылыстарға стильдік талдау жасайды. Бірақ грамматикалық талдау мен стильдік талдау тәсілдері бір емес. 1. Морфологиясөздердің тұлғалық көрінісін және грамматикалық мағынасын, яғни сөздердің құрылысын, өзгерілуін және құрамын талдап топтастырады. Стилистика ойды мәнерлі (выразительно) жеткізу үшін морфологиялық формаларды (тұлғаларды) қандай жағдайда қалай қолдануға болатындығын қарастырады. Яғни морфологиялық түлғадағы сөздердің, олардың варианттарының (синонимдерінің) ішінен сөйлеу не жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоциональды-экспрессивті реңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді. 2. Синтаксиссөйлемнің құрылысын, сөздердің тіркесу зандылықтарын қарастырады. Ал ойды білдіретін сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсіліне қарай әр түрлі рендері болады. Ол қосымша мағыналар көбінесе сөздердің орын тәртібі мен сөйлемнің құрылысы арқылы беріледі. Ойды мәнерлі жеткізуде синтаксистік бұл тәсілдердің маңызы зор. Стилистика синтаксистік құралдардың мәнерлілігін, оны дұрыс пайдалану зандылықтарын зерттейді. Ғалымдардың пікірінше, синтаксистік стилистиканың мүмкіндігі мол. Өйткені тілдік қарым-қатынас сөйлем, оның әр түрлі мақсаттық түрлері, үлгілері негізінде жұмсалынатыны белгілі. Сондықтан сөйлемнің құрылымдық түрлері, сөйлем мүшелерінің әр түрлі қолданысы, жай сөйлем, құрмалас сөйлем түрлері – бұлар бай стилистикалық ресурстардың қатарына жатады. Мұны зерттейтін стилистиканың саласы - тіл құралдарының стилистикасы деп аталынады.

Фонетикажэне стилистика.Фонетика тілдегі дыбыстардың жасалуын, жуйеленуін зерттесе, стилистика дыбыстарды, оларға тән белгі, интонация, қайталау, дыбыс үйлесімділігі сияқты фонетикалык ерекшеліктерді белгілі мақсатқа икемдеп, қайткенде де мәнерлі құрал ретінде пай­далану жағын көздейді. Стилистика фонетикалық единицалардын мәнерлі қолдану заңдылықтарын зерттейді. Біз бұл салыстырудан тіл білімінің әр саласынын зерттеу объектілері де, мақсаттары да 6ip-6ipiнeн өзгеше екенін байқаймыз. Сөйтіп, фонетика, грамматика, семасиология тілдің құрылысын карастырса, стилистика тілдік единицалардың қолданылу заңдылықтарын зерттейді.Стилистика жалпы халық тілінің стильдік жүйелерін, жалпы халықтық тілдің ауызекі және жазба түрлері, олардың өздеріне тән ерекшеліктері, әдеби тілдің стильдерін тегіс қамтиды. Сөйтіп стилистика тілдік единицалардың мәнерлегіштік мүмкіншіктері мен олардың қандай формада және стильдің қай түрінде қалай қолданылатыны туралы мәселелерді қарастырады.

Стилистика – тіл құралдарын (тұлға-бірліктер) талғап, орнымен дұрыс жұмсауды үйрететіндіктен, тіл мәдениеті пәнімен тығыз байланысты екендігі мәлім. Сондықтан қай тұрғыдан болса да сөз болатын тіл мәселесі тілдік нормаға барып тіреледі. Әдеби тілде сөйлеуші адам ойын дұрыс жаеткізуді ғана емес, қалай айтып жеткізуді көздейді, тілдегі дұрыстықты ұстауға тырысады, демек, әдеби тілдік нормада екі қатар мақсат көзделуі қажет: ойды білдіру және оны мәдениетті түрде, яғни белгілі дұрыстық, көркемдік нормаларын сақтап білдіру.

Тілдің функционалды стильдерге қарай ажыратылған нормалары стилистикалық нормалар болып табылады, яғни сөз қолдану нормалары әдеби тіл нормасына сәйкес қалыптасады. Әсіресе, функционалды стилистикаға байланысты сөз қолданудың тұрақтылығы бар. Мысалы, ауызекі сөйлеу тілінде қарапайым сөздер, диалектизмдер, жаргондар, бөтен тілдік элементтер, «барғасын, кеп, боп» т.б. тәрізді морфологиялық тұлғалардың мүмкін болса, жазба стильдерде олар нормадан тыс деп есептелінеді. Тілдің стильдік айшықтаулары, көркемдік құралдары көркем әдебиет стиліне тән, олар іс қағаздары мен ғылыми стильдерде қолданылмайды. Бұдан шығатын қорытынды: стилистикалық нормалар да тілде қалыптасады, олар әр стиль түрлеріне сай келуі керек. Мәселен, өткен шақ есімшенің –тін, -тын және -тұғын болып екі вариантта кездеседі. Мұның алдыңғысы қатаң норма, яғни фунционалды стильдердің барлығында қолданылады, ал -тұғын варианты, негізінен көркем әдебиет пен поэзия үшін норма.

Функционалды стилистика.

М.Серғалиев: «Стиль – тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты жіктелетін әдеби тілдің функционалдық түрі» деген анықтама береді. Таза лингвистикалық мағынадағы стиль дегеніміз – белгілі мақсатқа сай, жағдайға орай, ойдың мазмұнына байланысты келетін, тарихи жағынан қалыптасқан тілдік құралдардың жиынтығы.

«Функционалды стиль», «функционалды стилистика» терминдері – орыс тіл білімі зерттеушілерінің танымынан туындап, қалыптасып орныққан атаулар. Функционалды стильдің әр түрлі қызметімен байлнысты болады. Тіл білімінде функционалды стиль мәселесімен айналысқан ғалымдар легінде В.Виноградов, Л.Щерба, Б.Ларин, Р.Будгов, М.Кожина, қазақ тіл білімінде М.Балақаев, М.Томанов, Б.Манасбаев, С.Исаев, Р.Сыздықова, М.Серғалиев, Б.Шалабай, т.б. ғалымдарды атауға болады.

Белгілі ғалым Р.Сыздықова «Функционалды стиль» терминіне қазақша атау ұсынып, өзіндік пайымдауларын тілдік деректер келтіре отырып дәләлдейді. Оны «мақсаттық», не «қызметтік стиль» деп атағанды жөн көреді (Р.Сыздықова. Сөз құдіреті А.1997).

Сөйтіп, функционалды стилистика қоғамның түрлі саласында жұмсалатын тілдік құралдардың қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады. Қазақ тілінің ғалымдары тілдің қоғамдық қызметін қоғамдық санамен байланыстырады. Ал қоғамдық сананың түрлеріне ғылым, дін, өнер, саясат, құқықтық қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет т.б. жатады. Қоғамдық сана дегеніміз – объективті дүниені танып білудің формалары. Сөйлеуші қоғамдық сананың қай саласында тілдік амал-тәсілдердің қай түрін қолдану керектігін біледі. Яғни қарым-қатынастың құқықтық саласы, ғылым мен эстетикалық саласы, бұқаралық ақпарат саласы, тұрмыстық салаларына қарай функционалды-стильдік белгісі бар амал-тәсілдерді таңдап қолданады. Тілдік құралдардың стильдік-функционалдық белгісіне, реңктеріне қарап адресат (тыңдаушы) сөздің қай стиль түріне жататынын ажыратады.

Әдеби тілдегі стильдер жүйесі сөз етілген еңбектерде функционалды стильдерді топтастыру әр түрлі принциптер негізінде болып келгенмен, оларда көбіне жанрлық прицип, тілдің жанрлық ерекшеліктері негізге алынады. Сондықтан бұл еңбектерде стильдердің саны бірдей емес, бірақ ұқсас. Мысалы А.Н.Гвозьдев алдымен кітаби (жазба) және сөйлеу стильдері деп бөліп, кітаби стильдің өзін: ресми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ғылыми-көпшілік әдебиет стилі (Очерки по стилистике русского языка М. 1985. с.18-25) деп бөледі.

А.И.Ефимов мынадай стильдерді бөліп көрсетеді: көркем әдебиет, қоғамдық-публицистикалық, ғылыми, профессионалды-техникалық, ресми іс қағаздар және эпистолярлық (История русского литературного языка. М. 1984. С.21-27).

Ал Р.А.Будагов стильді бұл жағынан екіге бөледі: көркем стиль және ғылыми баяндау стилі (Литературные языки и языковые стили. М. 1988 с.131-165).

ХХ ғасырдың басында публицистика жанрының өркендеуі, ғылыми әдебиеттердің, ресми іс қағаздарының жазылуы т.б. қазақ тілінің әр түрлі стиль түрлерінің қалыптасып, орнығуына әсер етті. Бірақ қанша жанр болса, сонша стильдердің болуы шарт емес. Міне, осы жағынан келгенде, кейінгі зерттеулерінде белгілі ғалым С.Исаев қазақ әдеби тілінде қалыптасқан, өзіндік белгілері бар негізгі үш түрлі стильді көрсетіп берді: көркем әдебиет стилі, ресми стиль және бейтарап (нейтралды) стиль (Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.1996, 16-22 б.).

Стильдерді топтастыруда әлі де бірізділік жоқ, әр түрлі көзқарастар бар екендігі байқалады. Дегенмен қазақ тіл білімінде көптеген зерттеушілердің көрсетуінше 5 түрлі функционалды стильдің айқындалғаны белгілі. Олар: ауызекі сөйлеу стилі, ресми іс қағаздар стилі, ғылыми стиль, публицистикалық стиль және көркем әдебиет стилі.

Стиль түрлері:

1) Ғылыми стиль – ғылымның дамуымен, ғылыми әдебиеттердің молаюымен байланысты туған стиль. Оған әр мамандық, әр ғылым саласында жазылған шығармалар тілі жатады.

Ғылыми стиль зерттеу нысаны болған зат, құбылыстарды ғылыми сипаттап, дәлелдеп, түсіндіруді қажет етеді.

Бұл стиль түрі – ғылыми негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің бір тармағы. Оның қалыптасып дамуы ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне және ғылыми әдебиеттердің жазылуына байланысты. Мұнда белгілі бір ұғым, мәселе турасындағы логикалық жағынан тұжырымдалған толық хабарлама десе болады. Ғылыми стильдегі сөздер негізінен тура мағынада жұмсалады, ауыспалы мәндегі сөздер болмайды. Мұнда терминдік лексиканы, термин сөздерді жүйелі пайдаланады. Мысалы, тіл білімінде лингвистика, лексика, фразеология, семасиология т. б. физикада анод, вакуум, атом, атомдық салмақ, шама т.б. Ғылыми стильде халықаралық терминдер жиі кездеседі.

Ғылыми стильде жалпы жазу тіліне тән синтаксистік құрылыс пайдаланылады. Бұл стильдің негізгі ерекшелігі – мұнда ой күрделі баяндалып, анықтама, дәлелдемежәне формулаларғанегізделуінде. Сонымен бірге, әрбір ғылым саласының өзінің ерекшелігіне қарай баяндау тәсілінде кейбір өзгешеліктері болады. Мысалы, химия оқулығында былай делінген: Газ күйіндегі қандай заттың болса да граммолекулалары бірдей жағдайда, бірдей көлем алады. Физикада: бір инерция моментінен екінші инерция моментіне көшу мына теория бойынша орындалады: кез келген айналыс осіне қатысты инерция моменті сол оське параллель, ауырлық центрінен өтетін оське қатысты инерция моменті мен дене массасының сол дене ауырлық центрінің айналыс осінен қашықтығы квадратының көбейтіндісінің қосындысына тең болады.

Қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуы негізінен, өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Оның көш басында А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, М.Дулатов, Қ.Жұбанов т.б. сынды тұлғалар тұрды. Оның ішінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасып, дамуына А.Байтұрсынұлы еңбектерінің үлесі зор.

Ғылыми стильдің шағын жанрларын да шартты түрде былайша жіктеуге болады: мақала, баяндама, конспект, дәріс, тазис, реферат, пікір т.б.

Ал ғылыми стильдің ауызша түрлері: ғылыми диалог пен монолог. Монологке лекция, ал диалогке пікірталас (дискуссия), жиындағы сөздер, сұхбат жатады. Монолог – бір жақтан ғана берілетін ой болса, диалог – екі немесе бірнеше адамның арасындағы ой бөлісу, пікір айту болып табылады.

 

2) Ресми іс қағаздар стилі. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан қазақ әдеби тілінің әр стильдік жүйесінің: публицистикалық стильдің, көркем әдебиет стилінің, ресми стильдің, ғылыми стильдің сараланып, жеке-жеке қалыптасып, дами бастағанын әдеби тіл тарихынан білеміз.

Сонау 18 ғасырдың ІІ жартысында негізі қаланған ресми іс қағаздар стилі бүгінде тілі байып, стильдік дәрежесі жетіле түсті.

Стильдің бұл түрінің қолданылу аясы мен практикалық қажеттілігі әр түрлі. Мысалы, іс қағаздары – басқару орындарындағы, белгілі бір мекемелердегі кеңселік құжаттар, ал ресми құжаттар басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар. Ресми іс қағаздары стиліне тілдік тұрғыдан қойылатын талаптар:

1. Түйіндеменің дәлдігі немесе мағыналылығы;

2. Айқындылық немесе жүйелілік;

3. Логикалық;

4. Баяндауыштың ықшамдылығы, артық сөздің болмауы.

Таза лингвистикалық тұрғыдан да мәтінге қойылатын талаптар болады. Лексикада - ресми құжаттар мен іс қағаздарына тән сөздер мен сөз тіркестерін орнымен қолдану; синтаксистік құрылымында себеп, мақсат, шартты бағыныңқылы сабақтастарды мазмұнына қарай жұмсау. Ғалым М.Серғалиев ресми стильді үш шағын топқа бөліп қарастырады: кеңсе (іс қағаздары) шағын стилі, дипломатиялық шағын стиль, таза заң шағын стилі (Қазақ энциклопедиясы. А.1998. 326-б.)

Кеңселік іс қағаздарына өмірбаян, өтініш, хабардландыру, хаттама, анықтама, жеке іс парағы т.б. жатады. Бұдан басқа азаматтық қатынастарды реттейтін сенімхат, қолхат, келісімшарт, тапсырыс қағаздары т.б. бар. Бұлар белгілі бір үлгіде жазылады, арнайы, тұрақты сөз орамдары болады: өтінемін, хабарлаймын, сұраймын, қаперге алынсын, қатаң ескертілсін т.б.

Қазақ тілі заңдылықтарына сәйкес құрылған, өзіндік лексика-грамматикалық жүйесі бар стиль түрі іс қағаздарын, әр түрлі құжаттарды толтырғандағы басты талап – қазақ тілінің табиғи нормаларын жетік меңгеру.

Сонымен қатар бұл стиль түрінде эмоционалды-экспрессивті сөздер мен сөз тіркестері өте сирек қолданылады, ол тек құттықтаулар мен үндеулерде кездеседі.

Таза ресми құжаттарға заң, жарғы, жарлық, қаулы-қарарлар, мемлекетаралық шарттар, үндеу т,б, жатады. Ресми құжаттар белгілі қалыпқа түскен үлгі бойынша жазылады да, онда саяси-публицистикалық лексика, әкімшілік терминдер жиі қолданылады. Логикалық жүйелі құрылған ой құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі. Мұнда негізгі ойдың мазмұны қысқа әрі тұжырымды түрде жазылады, сөздер тура және нақты мағынада қолданылады, тұрақты сөз орамдары болады.

3) Көркем әдебиет стилі – тарихи тұрғыдан ерте қалыптасқан функционалды стильдің бір түрі. Оның пайда болуына ықпал еткен негізгі арналары: ХV-ХІХ ғғ. аралығындағы ақын-жыраулар поэзиясы, фольклор тіліне тән өлең-жырлар, лирикалық эпостар тілі, халықтың сөйлеу тілі, Абай, Ыбырайдан басталған жаңа көркем әдебиет тілі. Көркем әдебиет стилі – проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың тілі. Көркем әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктері бар: тіл байлығы, сөздік құрамның молдығы, Авторлық баяндаудың құрылымына қарай, кейіпкердің іс-әрекет, болмысына қарай тілдің бар байлығы қолданылады: кәсіби, диалект сөздер, қарапайым сөздер, тарихи, көнерген сөздер, неологизмдер т.т.. Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшелігі – оның көп стильділігі. Мұнда функционалды стильдің барлық элементтері кездеседі.

Көркем әдебиет стилі немесе көркем сөз - ойды және сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер. Тіл көркем шығармада ерекше эстетикалық қызмет атқарады.

Тіл адам баласының іс-әрекеттерінің барлық жақтарын тегіс қамтиды. "Тілдің қимыл өрісі шексіз". Адам өз ойын жеткізу үшін ғана сөйлесіп қоймайды, көңіл күйін, эмоциясын білдіру арқылы басқа адамдардың да сана-сезіміне әсерін тигізеді. Ол әсер сөйлеу тілімізде айтушының өз түсінігі бойынша, өз ойын тіл құралы арқылы жеткізе білуінен болса, көркем шығармалар - жазушының өмір тануына, дүние сезінуіне, көзқарасына сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі тілмен жазу мәнерінен болады. Сөйлеу тілімізде сөздер бұрыннан машықталған үйреншікті қалыпта жұмсалады, ал көркем шығармада сөздер сараланып, белгілі стильдік мақсатта қолданылады. Көркем сөзбен жазылған әдеби шығарма - өмір фактілерін жанжақты терең қамтитын жанды организм. Онда адам да, аң да, құс та, табиғат та - бәрі де қатысады. Тұрмыс салт, шаруашылық, экономика салаларының қалпы, даму жолдары көрсетіледі. Көркем шығармада кептеген кейіпкерлер болады. Олар жағымды, жағымсыз образдарға бөлініп, топталады. Олардың әрқайсысының өз алдына жеке-дара сырт пішіні - портреті - жасалып, іс-әрекеттері, ой-өрісі, өмір тануы суреттеледі. Ол кейіпкерлердің тіл ерекшеліктері болады. Сөйтіп типтік образдар жасалады. Шығармалардағы адамдар табиғат қоршауында әрекет жасайды. Мұның бәрі шығарманың идеялык мазмұнын, көркемдік ерекшелігін айқындауда маңызды рөл атқарады. Шығарманың көркемдік қасиеті ондағы қайталаусыз жасалған әр алуан образдар мен өмір құбылыстарының картиналары бейнелеулер арқылы көрінеді. Мысалы:

Азуы - алмас, тілі - у,

Арам көңіл, ала ту,

Кең жемсаулы, кең қарын,

Найзадай түйреп қолдарын

Қорқау қасқыр - " жан " жүрді

/ С. М ұ к а н о в. Таңдамалы өлеңдср, Алматы, 1954, 58-бет./

С.Мұқанов осы бір шумақта бүқара халықты рақымсыз езіп, жаншып, өктемдігін жүргізген қиянатшыл заманның мейірімсіз өкілдерінің жиренішті кескін-кейпін ұтымды теңеу, эпитеттер арқылы оқушының көз алдына елестетеді.

Осындай суреттеуге М.Әуезовтен тағы бір мысал: Қызылды-жасылды қылып сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс жастықтарға көмілген жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, көкірегі азғанша майға бөгіп жатқан. Бұлар, малына індет келген ауылдың иттері сияқты, жаны шығып, құйрығын сыртқа салып, көзі қызарып құтырғандай қанталап, қауып түсетін сияқты түр көрсетеді. /М.Әуезов. Қараш-қараш. А.1960. 53 б./

Немесе, ...долданып құтырған Қоқыштар, Сәрсендер жуан-жуан жақсы киімді, боқтығы күшті үлкендер...

Бұл мысалдардан образды сөздердің атқаратын қызметі ерекше сезіледі. Сонымен бірге мұнда сөз қолдану, сөйлем құрылысы, тіпті контекст - барлығы да экспрессивті берілген. Автор тілдің экспрессивті-эмоционалды тәсілдерін шебер пайдаланған. Жазушы суреттеп отырған шындықты оқушы көзбен көргендей айқын сезінеді. Мұнда жағымсыз образ тілдік тәсілдерді бейнелі, экспрессивті қолдану арқылы жасалған. Осылайша сөзді метафоралы қолдану арқылы жасалған образдар тез қабылданып, ойда ұзақ сақталып, сөз қолданысы тұрақталып, бейнелі сөздердің үлгісі молығады.

Образ жасаудың сөзді метафоралы түрде қолданудан басқа да көптеген тәсілдері бар. Оны төмендегі мысалдан көруге болады: Бақтығүл атқа мінісімен: "Әйдә, тарт!" -деп тебініп жіберіп, қозғалып кетті. Көп сәйгүліктің аяғы сатыр-сұтыр басып, шымды жерді дүңк-дүңк еткізіп, үстеріндегі ер-тұрман, қару-сайман бір-біріне шалдыр-шылдыр, тықыр-тықыр соқтығып, ымырт қараңғылығын қуалай тартып береді. /М.Әуезов. Қараш-қараш. А.1960. 42 б./

Автор мұнда әр түрлі дыбыстарды еліктеуіш сөздер арқылы бейнелеп отыр. Осы тұста оқушы көп аттың тұяғы тиген жердің дүңкілін, ер-тұрманның шылдырын айқын естіп тұрғандай сезінеді. Көркем шығарма тілі - күрделі мәселе. Көркем шығарманы жасайтын - жазушы. Шығармадан жазушының өзіндік ерекшелігі, шеберлігі, стилі байқалып отырады. Шеберлік мәселесін шығарманың тілінен бөлек алып қарауға болмайды. Шеберлік мәселесі тілге тікелей қатысты. Сондықтан да жазушының шеберлігі жайында сөз еткенде, ең алдымен оның тілінен бастаған жөн /К.Федин. О мастерстве. 1955. 319 с./.

Шеберлікдегеніміздің өзі - тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс-әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдарды жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білу. Мұндай образдарды жасау үстінде сұрыпталатын сөздерге әрқашан да жаңа мағына, қосымша реңдер берілетіні белгілі. Сөздердің ондай жаңа қосымша мағынасы мен реңдері образды ойды эстетикалық жағынан байытып отырса ғана құнды болмақ. 0бразды ой дегеніміз - суреттелетін зат, құбылыстың формасын сөз арқылы шебер бейнелей білу.

Көркем әдебиет - "сөз арқылы әдемі түрде суреттелетін искусство". Әдебиетшілер болсын, тілшілер болсын көркем шығарма тілін сөз еткенде, екеуінің де негізгі объектісі - әдеби шығарма. Өйткені әдеби шығарманың негізгі құралы - тіл. Жазушылар да кұрылысшылардың кірпіштен салған биік әсем мұнарасы сияқтандырып өмірдегі сан алуан құбылыстарды бейнелі сөз өрнегі арқылы қиюластырып, көркем образдар жасайды. Көркем образ жазушының шеберлігіне, оның жалпы халықтық тіл байлығын жетік меңгеріп, шұрайлы сөз образдарын қолданып шебер суреттей білуіне байланысты. Сонымен бірге жазушы шығармасының тілі, оның стиль ерекшелігі шығарманың мазмұн, идеялық жақтарымен байланысты қарастыруды қажет етеді.

Жазушының стилі – көркем шығарма жазу үстінде қалыптасатын әр жазушының өзіндік мәнері, сөз қолдану тәсілдері. Жазушының стиль ерекшелігі, оның өзінің өмір тануына, шығармасының идеялық мазмүнына сай жалпы халықтық тіл қазынасын меңгеріп, оны қалай қолданғандығынан байқалады. Ал жазушылардың тілдік құралды қолдану тәсілдері біркелкі болмайды.

Жазушының тілі, өзіндік (индивидуальды) стилі - ол сол дәуірдегі көркем әдебиетке тән тілдік тәсілдерді өзінің эстетикалық талғамына сай өзінше пайдаланып дамыту жүйесі. Жазушының өзіндік стиль проблемасы - ең алдымен әдеби шеберліктің, ұлттық көркем әдебиеттің проблемасы. Сондықтан әдеби тілдің даму жолдарын, қалыптасу үрдісін жете түсіну үшін жеке жазушылардың шығармасының тілін зерттеп, олардың сөздерді сұрыптап қолдану тәсілдерін, жалпы халықтық тілдік құралды қалай меңгергендігін және әдеби тіл үлгісін байытып тыңнан қосқан жаңа сөз үлгісін айқындап, жан-жақты талдау жасап көрсетудің көркем сөз стилистикасында мәні зор.

Көркем шығарма тілінің осы уақытқа шейін қалай зерттеліп келгені туралы академик В.В.Виноградов "О языке художественной литературы" деген кітабынан толық мағлұмат алуымызға болады. Автор бұл еңбегінде кеңес дәуіріндегі көркем шығарма тілінің зерттелуіне арналған ғылыми еңбектер мен мақалаларға талдау жасап, ондағы жетістік пен кемшіліктерді көрсетіп, көркем шығарма тілінің зерттелуі жайында құнды пікірлер айтқан. Академиктің аталған еңбегінің құндылығы - жазушының өзіндік стилі орыс әдебиетінің даму заңдылықтарымен байланысты қаралуында. Бұл тәсіл - жазушының тіл ерекшелігін зерттеушілердің бұдан былайғы жерде айрықша көңіл бөлетін мәселесі.

Қазіргі стилистикаға байланысты жазылып жүрген зерттеу еңбектері мен мақалаларда, көбінесе оның зерттеу объектісіне, шығарманың тілін зерттеу тәсіліне баса көңіл бөлініп жүр. Бұлар көркем сөз стилистикасы саласындағы бүгінгі таңдағы маңызды мәселе екені даусыз. Бірақ көркем сөз стилистикасының басы ашылмаған басқа да мәселелері аз емес.

Көркем шығарма тілін зерттеуде кездесетін бір қиындық - оның проза, драма, поэзия сияқты жанрларды қамтып, көп жанрлы болып келуінде. Әр түрлі жанрлардың әрқайсысының өзіне тән тіл ерекшеліктерін зерттеу әдістері женінде белгілі бір нұсқау беру қиын. Шығарманың жанрлық ерекшелігіне қарай, тіл өзгешелігі болатындығы әдебиет теориясының оқулықтарында және кейбір лингвистикалық еңбектерде тиіп-қашты айтылады. Ал арнайы жазылған еңбек әзір жоқтың қасы.

Тіліміздегі басқа стильдерге қарағанда, көркем сөз стилінің аясы кең. Мұнда барлық, стильдердің элементтері кездеседі. Тілдік тәсілдер көркемдік мақсатта жұмсалады. Образды сөздер жиі қолданылады. Әр жазушының өзінің талғамына қарай тіл ерекшелігі, қолдану тәсілі болады. Ол ерекшеліктердің бәрі бір-бірімен ара қатынаста болып, көркем әдебиет стилінің басқа стильдерінде қайталанбайтын, айрықша жүйесін жасайды.

Қорыта айтқанда, көркем әдебиет сөз өнері ретінде ғана танылмайды. Ол өмір қиындығын біліп тануымызға ықпал жасайтын, біздің өміріміздің эстетикалық жағын қамтитын қоғамдық қүбылыс болып саналады. Сондықтан акадеимк В.В.Виноградовтың: "Көркем шығарманың тілін зерттеу мәселесі тіл білімінен де, әдебиеттанудан да өз алдына айырмашылығы бар филология ғылымдарының айрықша бір бөлек саласы болуға тиіс", - деген пікірі әбден дұрыс.

4) Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функционалды стильдердің бір түрі. Публицистика (латынша: рublikus - көпшілік, әлеумет) – қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады.

Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет, жорналдардағы мақалалар, очерк т.б. шығармаларды, шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызып жүр.

Публицистикалық стильдің жазба түрінің ең алғаш қалыптаса бастауы халықтың жалпы мәдениеті мен экономикасына байланысты. Мәдениеті ерте дамыған елдерде публицистикалық жанр ерте қалыптасады. Оған орыс тілі мысал бола алады. Россияда XVIII ғасырда ең бірінші газет жарық көрді; сықақ жорналдар шыға бастайды. Радищевтің "Петербургтен Москваға саяхаты" сол кезде жалынды публицистикалық шығарма болып есептелген.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы публицистикаға үлкен өзгерістер енген кез болды. Бұл кезде революцияшыл-демократтар публицистиканы царизмге қарсы күрес құралы етіп жұмсады. В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов, Н.Г.Чернышевский сияқты сыншы-публицистер өздерінің сын мақалаларында қоғамдық құрылысты қатты сынға алып, революциялық идеяны қуаттады. "Қазақстанда революциядан бұрын баспа орны атымен жоқ еді. Бірен-саран шыққан кітаптарда қазақ тілі бұрмаланып басылып жүрді. Қазақ тілінде ең түңғыш басылған кітаптың бірі - "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" қиссасы (ең алғаш 1816 жылы басылыпты). Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың т. б. шығармалары Петербургте, Қазан мен Уфада, Орынбор мен Ташкентте шыққан. 1913 жылы басылған азын-аулақ кітаптардын ішінде Спандияр Көбеевтің "Қалың мал" романы, "Айна", "Қарлығаш" деген өлеңдері мен поэмалары Қазанда жарық көрген.

Қазан төңкерісінен кейін мәдени-ағарту мәселесі қолға алынып, оны жедел өркендету талабы қойылды. "1919 жылы 26 декабрьде В. И. Лениннің қолымен Халық Комиссарлар Советі қалың еңбекші бұқараның сауатсыздығын жою туралы шаралар белгіледі. Осы қаулыда және партия мен үкіметтің 1920 жылдардың бас кезінде шыққан нұсқау-директиваларында ұлттардың ана тілінде мектеп ашу, газет-журналдар шығару, әдебиетін өркендету мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Осы жылдары шыға бастаған "Қазақ тілі" (1919 ж., Семей), "Дұрыстық жолы" (1919 ж., Орда), "Жаңа өмір" (1920 ж., Ташкент), "Тіршілік" (1918-1919 ж., Ақмола), "Ұшқын" (1919-1920 ж.ж., Орынбор), "Кедей сөзі" (1920 ж., Омбы) және басқа советтік газеттердің бетінде басылған өлеңдер мен әңгімелер алғашқы революциялық жеңісті қуанышпен қарсы алған тілек-мақсатты бейнелейді. Бұл баспа органдарынан осындай мақсатта жазылған публицистикалық шығармаларды да көп кездестіреміз.

1920 жылдары республикалық тұңғыш газет "Еңбекші Қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") шыға бастайды. Бұл тұста казақ публицистикасы жаңа белеске кетеріледі. Көптеген кеңестік идеологияны насихаттайтын шығармалар қазақ тіліне аударылып басылды. Орыстың революцияшыл-демократ жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударыла бастады. Осындай игілікті істер қазақ публицистикасының шыңдалып жетіле түсуіне белгілі дәрежеде ықпал-әсерін тигізді.

Публицистикалық стиль – қазіргі әдеби тілдің ең жүгі ауыр, елеулі саласы. Басты стильдік сипаты: мұнда қолданылатын сөз үндеу мәнінде жұмсалады. Сөз эмоционалды-экспрессивті сипатта болады (еңбек ардагері, дем беруші, көшбасшы, нық қадаммен т.б.). Тілдің осындай эмоционалды-экспрессивтілігі жағынан көркем стильге жақын, ал фактіні толық және жүйелі баяндау тәсілі жағынан ғылыми стильге жақын екендігі көрінеді.

Публицистикалық стильге газет-жорналдар тілі, радио-телехабарлар тілі жатады.

Ал жанрлық түрлеріне: бас мақала, ақпараттық хабар, очерк, халықаралық шолу және радио-теледидардан берілетін хабарлар. Әрқайсысының өзіндік тілдік, сөз қолдану ерекшелігі бар. Барлығына ортақ тілдік ерекшеліктер төмендегідей: лексикада – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздер (митинг, ереуіл, парламент, демократия), ілгеріде келтірілген эмоционалды-экспрессивті сөз орамдары (көгілдір экран, ақ халатты абзал жан, қара алтын, дала кемесі), грамматикада қосарлы сөздер (бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық), бұйрық рай тұлғалы сөздер (жүзеге асырайық, оңды нәтижеге жетеміз, іске жұмылдырылсын), қаратпа сөздер, риторикалық сұрақтардың, әртүрлі қайталамалардың қолданысқа түсуі жиі байқалады.

Публицистикалық стильдің ауызша тараған түріне бұрыннан қалыптасқан шешендік сөз жатады. Шешендік сөз (ораторство) – Ежелгі Греция мен Рим заманынан бері қарай көптеген халықтардың мәдени-рухани өміріндегі өнердің бір түрі. Шешендік өнер мен шешендік сөз өзара тығыз байланысты болғанымен, екеуі екі басқа түсінік атаулары: шешендік өнер актінің, яғни іс-әрекеттің атауы, ол әлеуметтік қызмет атқарады. Шешендік өнер (риторика) - өзінің нысанасы, теориясы, категориясы, тарихы бар жеке сала болып табылады. Ал шешендік сөз шешендік өнер иелерінің шаршы топ алдында сөйлейтін сөзі. Бірақ көпшілік алдында айтылатын сөздің барлығы шешендік емес. Шешендік сөз мынадай талаптарға жауап беруі керек:

а) белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыпты қозғайтын және шаршы топ алдында айтылатын сөз болуы керек;

ә) әңгіме өзегінің дәлелі (аргументі) болуы тиіс, соның арқасында тыңдаушыларға бір нәрсені әуелі түсіндіріп, содан соң ойлантып, ақырында бір әрекетке ұмтылдыруды көздеуі қажет:

б) тыңдаушыға жақсы әсер етіп, сүйсіндіретін эстетикалық қасиеті болуы тиіс.

Қазіргі шешендік сөздердің түрлері былайша ажыратылады:

1)әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік сөздер, бұларға митинг, конференция, съезд, сессиялардағы сөздер, баяндамалар, хабарламалар, радио-теледидардан берілетін саяси, әлеуметтік шолулар т.б.

2)академиялық шешендік – ЖОО-дағы лекциялар, ғылыми баяндама, хабарлама т.б.

3)сот ісіндегі шешендікке прокурордың айыптау сөзі, адвокат-қорғаушының сөзі, айыпкердің сөзі т.б.

4)діни қызметте қолданылатын шешендік (құран оқу, қазақша иман сөздері. Барлығына қойылатын басты талап – ойдың көркем, әсерлі болуы (Р.Сыздықова)

Белгілі ғалым М.Серғалиев радио-теледидар тілі дейтін мәселелердің жете сөз етілмей, дұрыс қарастырылмай келе жатқандығын айта келіп: «Оны теориялық та, практикалық та тұрғыдан зерттеп, тілінің теориясын жасайтын мезгіл жетті»- дейді.

Радио-теледидар хабарларының тілі ерекшелігі: жаңалықтарды дер кезінде жеткізу қызметінің қалыптасуы, материалдардың нақтылы тақырыпппен, жүйемен топтастырылуы, диалогқа қатынасушылардың сөйлеуге әзірлену дәстүрі, хабар жүргізушінің өзін еркін ұстап, қысылмай сөйлеуі,, хабардың берілу тәртібіне сәйкес техникалық құралдардың пайдалану реті т.б. біршама тартымды сиптта көрінеді.

Радио-теледидар тілі ауызекі сөйлеу тілімен тең емес, арақатынасын ажырату керек. Сөздерді сұрыптап, керегінше пайдалану хабардың жанрлық ерекшелігіне қарай жүзеге асады. Ауызша сөйлеу түрі болған соң, әдеби тілде, оның норма-заңдылықтарын мүмкіндігінше сақтап жеткізуі қажет. Әсіресе, орфоэпиялық норма, оны құрайтын заңдылықтарды меңгеру, тыңдарман дұрыс түсініп қана қоймай, әсерлі қабылдауы үшін дауыс, интонация, екпін дұрыс қою, кідіріс жасау, дауыстың сазы, қарқыны, сарыны, биіктігі тәрізді сапалық ерекшеліктерін жетік игеру маңызды болып есептеледі.

5) Ауызекі сөйлеу стилі – функционалды стильдің бір түрі. Ол ауызша түрде тікелей қарым-қатынастың барлық саласында (тұрмыста, өндірісте т.б.) қолданылады. Негізгі қолданылу аясы – диалог, монолог.

Стильдік ерекшелігі:

  1. Қолданылу аясы – адамдармен, әсіресе, таныс ортада еркін әңгімелесу барысында жүзеге асады.
  2. Тілдік құралдары:

- эмоционалды сөздер, диалектизмдер, қарапайым сөздер, сөйлеу тілінің фразеологизмдері, көріктеу тәсілдері (метонимия, синекдоха, табу, эвфемизмдер) қолданылады;

- Ой автоматты түрде, дайындықсыз беріледі;

- Сөйлеу еркіндігі басым болады;

- Дауыс ырғағына орай сөйлеуші қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай сөздерді қолданады;

- Сөздердің орын тәртібі еркін болады.

Осы айтылған сипаттамаға кеңірек тоқталатын болсақ, мына жайттарға назар аударған жөн. Бұл стильдің басқа стильдерден біршама өзгешеліктері бар (жоғарыда қысқаша тоқталдық). Мұнда екеу немесе үшеуара сөйлесу барысында тілдің мәдениеті тұрғысынан талап қою дұрыс бола бермейді. Негізгі мақсаты тікелей және тез хабар беріп, хабар алу болғандықтан, ауызекі тілде әдеби тілдің нормасынан тыс сөздер мен сөз тіркестері – варваризмдер, кәсіби сөздер, диалектілер т.б. кездесуі әбден мүмкін. Бұл ауызекі тілі стилінің заңдылығын бұзу деп есептелінбейді.

Ауызекі сөйлеу тілінің тағы бір ерекшелігі - әңгіме тақырыбының тез өзгеріп отыратындығы. Мысалы, екі адам ауа-райы туралы сөйлесіп тұрып, күтпеген жерден өндіріс мәселесін сөз етуі мүмкін. Тілдегі экспрессивтік, эмоционалдық қасиеттер көп жағдайда ауызекі сөйлеуде байқалады.

Ауызекі сөйлеу стилінде лингвистикалық факторлармен қоса, тілден тысқары факторлардың (экстралингвистикалық) да жарыса пайдаланылуы осы стиьдің өзіндік ерекшелігі болып табылады (сөз болып отырған оқиға тыңдаушысына түсінікті болса да, бет пішінінің, қолының қимыл-қозғалыстары, дауыс ырғағының (интонацияның) құбылуы т.б.), бұл – фонетикалық ерекшеліктері, сөздерге әр түрлі екпін түсіру арқылы да ойға түрлі экспрессивтік реңк, бояу беріп айтылуы жатады.

Ауызекі тілді жалпыхалықтық тілдің бір түрі ретіндегі сөйлеу тілінен ажырата білудің елеулі мәні бар. Сөйлеудің ауызша түрі, яғни әдеби формасы функционалды стильдердің барлығында кездеседі. Мұны публицистикалық стильдің ауызша түрі деп қараған жөн. Мысалы, радио-теледеидер хабарлары, ондағы сөйленетін сөздер, сахнада көркем шығарманың оқылуы, лекция, баяндамалардың жасалуы, мұғалімнің сабақ түсіндіруі т.б.

Ауызекі сөйлеуде ойдың қысқа, тұжырымды болуы, грамматикалық ерекшеліктерімен тығыз байланысты ) толымсыз, жалаң сөйлемдер, эмоциялы жай-күйді жеткізуде лепті, сұраулы сөйлемдер қолданылады. Сол сияқты сөз қайталау тәсілі бар, кейбір морфологиялық тұлғалар ықшамдалынып беріледі: келгесін, кеп, барғасын, боп т.б.

Ойды әсерлі жұмсалуының да шарттары ауызекі тілде жүзеге асады: эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер, сөйлеу сипатындағы фразеологизмдер, қарапайым сөздер де жұмсалады.

Ауызекі сөйлеу стилінің элементтері басқа стиль түрлерінде мақсатқа сай қолданыла ьереді. Әсіресе, көркем әдебиет стилінде кейіпкер тілінде, шығарманың жанрлық мақсатына орай авторлық баяндауда да қолданыла береді.Мысалы Қ.Ысқақов «Ақсу – жер жаннаты» деген романында кейіпкерлердің аузына шорту сияқты одағай іспеттес ауызекі элементтерден бастап бет-мордасы (бет-әлпеті дегеннің орнына) түйекөтен (помидор), қотқа жүрмейді, асслау деген әдеби нормадан тыс элементтерді салады. Бұл сөздер тұлғасын өзгертіп, кекесінмен, мысқылмен қолданылған, өйткені шығарма юмормен жазылған дүние, сондықтан стильдік мақсатта жұмсалған тілдік ерекшеліктер болып саналады.

Тілімізде ауызекі сөйлеу стилі, оның лексикалық, синтаксистік ерекшеліктерін арнайы ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалымдар қатарына Р.Әміровтың «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері» А. 1971, М.Серғалиев, Ш.Нұрғожинаның «Қазақтың сөйлеу тілінің эмоционалды-экспрессивті лексикасы». А. 1995 еңбектерін атауға болады.

Сөйлеу де, жазу да сөз қолдану зандылығына сүйенеді. Жалпы халықтық тлді жұмсаудың дәстүрлі үлгісі болады. Сонымен тіл нормасы деп адамдардың бір-бірімен катынас жасау нәтижесінде қалыптасып бекіген, жалпы халыққа тегіс танылған тілдік құбылыстарды айтамыз.

Тіл нормасы – тарихи құбылыс. Ол сөйлеу және жазу арқылы қалыптасып, адамдардың санасында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, дамып, жетіліп отырады. Сөз қолданысымызда стилистикалық норманы, тіл мәдениетін сақтап сөйлеу осы отырған әрқайсымыздың міндетіміз болу керек.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Стиль дегеніміз не?

2. Стилистика пәні нені зерттейді?

3. Стилистиканы зерттеуші ғалымдарды ата.

4. Стилистика қандай тіл салаларымен байланысты?

5. «Функционалды стиль» дегеніміз не?

6. Стиль түрлері қандай?

7. Әр стильдің өзіне тән ерекшеліктерін атаңыз

 

Дебиеттер

1. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006.

2. Шалабай Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006.

3. Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. А., 2000.

4. Серғалиев М. Синтаксис және стилистика (оқу құралы) А.1997.

5. Сыздықова Р. Сөз құдіреті А.1997.

6. Гвоздев А.Н.Очерки по стилистике русского языка М. 1985.

7. Ефимов А.И. История русского литературного языка. М. 1984.

8. Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили М. 1988.

9. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.1996.