Леуметтік қаматамасыз ету құқығының институттары

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы құқықтық қатынастарды құқық нормалары негізінде туындайтын, ақша төлемдерін төлеуге, қызмет, жеңілдіктер көрсетуге қатысты, мемлекеттік органдар, жинақтаушы зейнетақы қорлары мен оларға құқылы жеке тұлғалардың арасында туындайтын қатынастар ретінде сипаттауға болады. Оларды төмендегідей түрлерге бөлуге болады:

- азаматтарды ақшалай нысанда қамтамасыз етуге қатысты құқықтық қатынастар;

- азаматтарға заттай нысанда көмек көрсетуді қамтамасыз етуге қатысты құқықтық қатынастар;

- процедуралық немесе процессуалдық сипаттағы көмектер көрсету бойынша құқықтық қатынастар.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы қатынастар бір жағынан - азаматтың, екінші жағынан мемлекеттік органның арасында туындайды, кей жағдайда отбасы мен мемлекеттің арасында (мысалы, асыраушысынан айырылған жағдайда) туындауы мүмкін.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы құқық субъектіліктің келесі ерекшеліктері бар:

- кәмелетке толмағандардың материалдық әлеуметтік қамтамасыз етушілік қатынас субъектісі бола алуы;

- әрекетке қабілетсіз адамдар мен мүгедектердің әлеуметтік қамтамасыз етушілік қатынастар субъектісі бола алуы.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы қатынастардың объектісі болып материалдық және материалдық емес игіліктер танылады, оларға:

- зейнетақы - белгілі бір заңды оқиға туындаған кезде немесе тұлға белгіленген жасқа толған кезде азаматтарға мемлекет есебінен Орталықтан немесе жинақтаушы зейнетақы қорларынан өмір сүрудің негізгі көзі ретінде төленетін ай сайынғы ұзақ мерзімді ақшалай төлем.

- жәрдемақылар - уақытша жоғалтылған жалақының орнын толтыру немесе арнайы қолдау көрсету мақсаттарында мемлекеттік қаржы немесе жұмыс берушінің қаржысы есебінен тағайындалатын қысқа мерзімді немесе бір жолғы ақшалай төлемдер.

- өтемақылар - азаматтардың әлеуметтік қызмет көрсетуге қатысты құқығын жүзеге асырумен байланысты шығындарды өтеу мақсаттарында ақшалай төлемдер.

Материалдық емес игіліктерге мыналар жатады:

- процедуралық құқықтық қатынас объектілері; бұл - мемлекеттік органдардың әлеуметтік органдардың әлеуметтік қамсыздандырудың нақты бір түрін тағайындау туралы шешім қабылдауына қатысты әрекеттері;

- процедуралық құқықтық қатынас объектілері; бұл - жоғары тұрған органдардың азаматтың заңдарда белгіленген мөлшерде әлеуметтік қамсыздандырудың нақты бір түріне қатысты бұзылған құқығын қалпына келтіру жөніндегі шешім қабылдауымен байланысты әрекеттері.

Қазақстан Республикасында зейнетақылардың келесі түрлері төленеді:

- еңбек зейнетақылары;

- әлеуметтік зейнетақылар.

Еңбек зейнетақылары келесі түрлерге бөлінеді:

- жасына байланысты зейнетақылар;

- мүгедектігі бойынша зейнетақылар;

- еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақылар;

- асыраушысынан айрылуына байланысты зейнетақылар.

Әлеуметтік зейнетақылар - бұл еңбек зейнетақысын алуға құқығы жоқ тұлғалардың өмір сүруінің негізгі көзі ретінде мемлекеттік бюджеттен төленетін ай сайынғы ұзақ мерзімдік төлемдер. Бұл зейнетақы түрін келесі тұлғалар алуға құқылы:

- мүгедектер, мүгедек балалар, туғанынан мүгедек жандар;

- ата-анасының біреуінен не екеуінен де айырылған 18 жасқа толмаған балалар;

- еңбек өтілінің болмауына байланысты еңбек зейнетақысын алу құқығын иеленбеген тұлғалар.

Жәрдемақылар төленетін тұлғалар шеңберіне байланысты келесі түрлерге бөлінеді:

- еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жәрдемақы;

- жүктілігіне және босануына байланысты жәрдемақы;

- бала туған кезде берілетін жәрдемақы;

- жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы;

- балалары бар азаматтарға берілетін жәрдемақы;

- оралмандарға берілетін жәрдемақы;

- қолайсыз аудандарда тұратын азаматтарға берілетін жәрдемақы;

- азаматтарды жекелеген санаттарына берілетін өзге де жәрдемақылар.

Әлеуметтік жәрдемақылардың басқа түрлеріне атаулы әлеуметтік көмекті, жерлеуге берілетін жәрдемақыны, мүгедек балаларды үйде тәрбиелеу үшін берілетін жәрдемақыны жатқызамыз.

Өтемақылар - бұл азаматтарға олардың жалақысы немесе өмір сүрудің өзге де көзінің бар жоқтығына қарамастан, заңдарда көзделген жағдайларда қосымша материалдық көмек көрсету үшін тағайындалатын ақшалай төлемдер. Өтемақыларды әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша ретінде қарастырған жөн, оларға мыналар жатқызылады:

- еңбекке жарамсыз азаматтарды күтуді жүзеге асыратын тұлғаларға берілетін өтемақылар;

- отбасылық типтегі балалар үйіндегі балаларға берілетін өтемақылар;

- бастауыш және орта арнайы оқытумен айналысатын мемлекеттік мекемелерде оқитындардың тамақтануына берілетін өтемақылар.