Жүнді класқа бөлу және дайындау стандарттары

 

Тұқымы әр түрлі қойдан қырқып алынған жүннің сапасы мен технологиясының қасиеті бірдей болмайды. Сондықтан тоқыма өнеркәсібінде қажетті шикізат ретінде әр түрлі бағаланады. Алынған жүнді дұрыс бағалап, өнеркәсіпте тиімді пайдалану үшін жуылмаған жүн сапасына қарай топқа, түрге және олардың қалпына қарай класқа, класс тармағына және сортқа бөлінеді. Жүннің технологиялық қасиеті мен сапасына қарай бөлуді классификация (жіктеу) деп атайды. Жүн көптеген белгілері бойынша: табиғи жүн, өлген қойдан және теріден қырқылған жүн, заводтық жүн деп жіктейді.

Табиғи жүн деп, тірі қойдан алынған және өзінің қалыпты сапасын жоғалтпаған жүнді айтады.

Өлген қойдан және теріден қырқылған жүн біршама сапасын, ажарын, серпімділігін, мықтылығын жоғалтады. Оның өзіне тән өзгеше иісі болады.

Заводтық жүн деп тері өнеркәсібінде өңделіп, терілерден химиялық әдіспен алынған жүнді айтады. Бұл жүн негізінен киіз бұйымдар жасауға пайдаланылады.

Технологиялық қасиеті жағынан қой жүні биязы жүн, биязылау жүн, ұяң жүн және қылшық жүн болып төртке бөлінеді.

1) Биязы жүн біртекті түбіттен құралады, тұтас жүннің негізгі бөлшектеріндегі (бүйірі, арқасы, жауырыны) талшық жіңішкелігі 60, ал қошқарлардың жүні 58 сападан төмен болмау керек. Мұндай жүн беретін қойларды биязы жүнді немесе меринос қойлар деп атайды. Меринос қойларға: аскания, кавказ, ставрополь, сальск, грозненск, алтай, азербайжанның таулымериносы, қазақтың арқар мериносы, прекос, қазақтың биязы жүнді қойы, кеңес мериносы, оңтүстік қазақ мериносы, солтүстік қазақ мериносы және т.б. қойлар жатады.

Биязы жүн тоқыма өнеркәсібі үшін ең бағалы шикізат болып есептеледі. 1 кг жуылған таза биязы жүннен, осындай мөлшердегі қылшық жүнге қарағанда, кездеме (метр есебімен)-3-3,5 есе көп алынады, оның сапасы да анағұрлым артық болады. Биязы жүннің бір ерекшелігі қойдың негізгі (тұтас) жүнінің құрылымы штапель тәрізденіп келеді және ол жіңішкелігі, бұйралығы, жұмсақтығы, майысқақтығы, серпімділігі, ұзындығы жағынан бір келкі жүн талшықтарынан тұрады. Оның түсі ақ, шайыры басым болып келеді.

2) Биязылау жүнге: биязы және қылшық жүнді қойды будандандастырғаннан кейін, Куйбышев, дегерес, латвияның қара басты қойынан, опарин, Горьковск, Грузия, Дағыстанның таулы және қазақтың етті-жүнді қойынан қырқылады. Биязылау жүн біркелкі түбіт пен аралық қылшықтан құралады, бірақ олар биязы жүндікіне қарағанда ірілеу, жуандау келеді. Тұтас жүннің негізгі бөліктеріндегі (бүйірі, арқасы, жауырыны) талшықтардың жіңішкелігі 58-50 сапада болады. Тұтас жүннің сырт құрылымы негізінен штапель тәрізді, бірақ кейде ауытқып штапель тұлымды болып келеді. Биязылау жүннің түсі ақ, технологиялық қасиеті жағынан биязы жүнге ұқсайды және негізінен крамвольді мата тоқу үшін қолданылады.

3) Ұяң жүн талшықтарының құрамына қарай біртекті және текті болып екіге бөлінеді. Біркелкі ұяң жүн жылына бір рет қана көктемде қырқылады. Оның сырт құрылымы штапель тәрізді немесе штапель тұлымды болып келеді. Тұтас жүннің негізгі бөліктеріндегі (бүйірі, арқасы, жауырыны) талшықтарының жіңішкелігі 48-46 сапада болады. Таза тұқымды қойлардың жүні ақ, сонымен қатар олардың қылшық жүнді қойлармен будандарының жүні ақ, тағы басқа түсті болып келеді.

Ал әр текті ұяң жүнді жылына екі рет - көктемде және күзде қырқады. Тұтас жүн тұлымданып келеді де, түбіті қыл және аралық қылшықтан тұрады. Мұндай жүн көбінесе қылшықты болғанымен, қылшығының мөлшері нағыз қылшықты жүнді қойлардікінен кем болады және нәзіктеу келеді, әрі түбіті мен аралық қылшықтары басымырақ және шайыры көбірек болып келеді.

4) Қылшық жүнді қойлар да жылына екі рет - көктемде және күзде қырқады. Қылшықты тұтас жүн тұлым тәрізді болып келеді де, жүн талшықтарының бірнеше түрінен құралады. Осы талшықтардың (түбіт, аралық қылшық, қыл, өлі және құрғақ қыл) жүндегі ара салмағы қылшық жүнді қойлардың тұқымына, типіне, жасына, дербес ерекшелігіне байланысты әр түрлі болып келеді. Қылшық жүн шикізаттық құны төмен бағаланады.

Қырқылған қойдың жасына қарай, жүн - ересек қой жүні және қозы жүні болып, екіге бөлінеді.

Қырқылу мерзіміне қарай, жүн - көктемде қырқылған, күзде қырқылған және қозының жүні болып, үшке бөлінеді. Көктемгі жүн қойдан тұтас қалпында, ыдыратылмай қырқылып алынады. Күзем жүн ұяң және қылшық жүнді қойлардан қырқылады. Қозы жүні шілде-тамыз айларында 5-7 айлық қозылардан қырқылады.

Қой жүні тұтас жүн, бөлшек жүн және төменгі сортқа бөлінеді. Тұтас жүн деп көктемде қырқылған, сорты төмен, тұтас күйде тұрған жалпы жүнді айтады. Тұтас жүн қатарына толық емес (яғни жартылай) және тұтас жүнге оралған (одан бөлініп түскен), таза, былғанбаған жүн бөліктері жатады. Биязы және биязылау жүннің салмағы 150 граммнан, ал ұяң және қылшық жүннің салмағы 100 граммнан төмен, ластанбаған бөліктері үкіметке бөлек (тұтас жүнге оралмай) өткізілсе, онда олар тұтас жүннің қатарына жатпайды ол бөлшектенген жүн болып есептеледі. Төменгі сорттарға тұтас жүн айналасындағы шетіндегі былғанған және өсімдік қалдықтарымен араласып, ластанған жүн жатады.

Биязы және биязылау (биязы-қылшық жүнді қойлардікі) жүннің төменгі сорттарына: жұлма жүн қой қырыққанда, тұтас жүннен бөлініп түскен бөлек және тұтас жүннің ластау келген шеттерінен алынған ұсақ жүн; құйрық жүн – қойдың тұтас жүнінен бөлек қырқылып алынатын құйрық жүні санының ішкі бетінен қырқылатын балақ және маңдай жүні және қой қоздату мерзімінде желінінің айналасынан қырқып алынатын жүн; пұшпақ жүн – қой аяқтарынан, тілерсегінен төмен қарай өсіп, қырқылған жүн; қи аралас жүнге нәжіс жабысып, бір-біріне жабысып қалған жүн жатады.

Кроссбредті, кроссбред типті және цигай қойларынан қырқылған жұлма жүн, құйрық жүн және қимен ластанған жүндер алынады.

Ұяң және қылшықты жүннің тезекті, ластанған ұсақ, пұшпақ және бауыр жүні болады.

Жүннің қалпына қарай бөлінуі. Көктемде қырқылып алынған тұтас жүннің барлық түрі әуелі қалыпты, лас шаң, лас ошағанды және ақаулы жүн болып келеді.

Талшықтарының мықты жақсы болып келген биязы, биязылау, көктемде қырқылған ұяң, қылшықты жүн қалыпты жүннің қатарына жатады. Тұтас қалыпты жүн аса құнды емес бөліктеріндегі (мойын, құрсақ, сан), шөп-шаламмен, тікенек шөптермен, қотырдың ізі және әр түрлі шыбын-шіркейлердің (кенелердің) әсерінен зақымданған жүннің мөлшері, тұтас жүннің жалпы көлемі немесе салмағынан есептегенде, 10 %-дан тен аспаса, онда ол қалыпты жүнге жатады.

Егер жүнге араласып жүрген шөп-шалаң, ошаған немесе жүн ақаулығы 10 % - дан асып кетсе, оны лас, ошағанды және ақаулы жүнге жатқызады.

Биязы, биязылау және көктемде қырқылған ұяң, қылшықты жүн тікенек шөптермен ластанған жүн дәрежесіне қарай екі топқа бөлінеді. Бірінші топ – тұтас жүннің жалпы көлемінен немесе салмағынан есептегенде, оңай тазартылатын шөп-шаламмен ластанған жүн мөлшері 30 % - дан немесе қиын ажыратылатын тікенек шөптер араласқан жүн мөлшері 15 % - дан аспауы керек. Егер тұтас жүн оңай тазаланатын шөптермен қатар қиын ажыратылатын ошағандармен ластанған болса, онда осы екеуінің мөлшері жалпы жүннің 30 пайызынан аспауы керек, соның ішінде тікенек жүн 15 пайыздан артық болмауы тиіс.

Екінші топқа құрамындағы оңай және қиын ажыратылатын шөп-ошаған қалдықтарының мөлшері осы белгіленген шектен асып кеткен тұтас жүн жатады.

Биязы, биязылау және ұяң тұтас жүн ақаулығының аз-көптігіне қарай екі топқа бөлінеді. Егер қотырдың ізі немесе кенелермен зақымданған жүн мөлшері, тұтас жүннің 30 пайызынан аспаса – бірінші топқа жатады, асып кетсе – екінші топқа жіберіледі.