Тарау. ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

КІРІСПЕ


Әлеуметтану - қызықты және іс жүзінде пайдалы ғылым. Ол қоғамда және адамдар арасында не болып жатқанын, әлеуметтік өзгерістердің қалай жүзеге асырылатынын және өмірдегі сан алуан трансформацияның нәтижесі қандай болатынын білуге мүмкіндік береді. Әлеуметтану ғылымы қоғамның қараңғыда қармаламай, мақсаттары мен мүддесін, болжам нәтижелерін айқын түсіне отырып саналы түрде алға басуына жәрдемдеседі. Таза ой-тұжырым ғылымы болмағанымен әлеуметтану, біріншіден, басқа қоғамдық ғылымдарда сәтті пайдаланылатын мықты тәжірибелік базаға сүйенеді, екіншіден, оның өзі әлеуметтік практиканың сенімді теориялық негізі болып табылады.

Қазіргі таңда еңбек нарығында экономистермен, заңгерлермен және психологтармен қатар әлеуметтанушыларға да сұраным өсіп келеді. Егер де экономика, заң және психология ғылымдары кеңестік дәуірдің өзінде жете дамыған болса, қазіргі Қазақстан үшін әлеуметтану - салыстырмалы түрде алғанда жас ғылым. Ол ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда бізде кеш қалыптасты және қазір ол жаңа егемен мемлекеттің қаз тұруы жағдайында дамып келеді. Қазақстанда әлеуметтану ғылымының практикадағы сұраныстардан және әлемдік стандарттардан кешеуілдеуіне, білікті кадрлардың, әлеуметтік-экономикалық ақпараттың, оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығына қарамастан, әлеуметтанудың институттануы қарқынды жүріп жатыр. Оның негізгі дәлелі әлеуметтанудың тиісті кәсіби білім алатындар үшін ғана емес, жоғары оқу орындарын бітіретін жүздеген мың жас мамандардың да оқу пәніне айналғаны болып отыр. Болашақ Қазақстан қоғамында ерекше ұстанымға ие болатын қазіргі студенттер таңдаған саласында ғана кәсіби даярланып қоймай, әлеуметтік ұйымның, қоғамдық өзгерістердің даму заңдарын білетін әлеуметтік жағынан білікті, қоғамды талдау дағдыларын меңгерген адам болуға тиіс.

Соңғы жылдары қазақстандық оқырмандар батыстың әлеуметтану ойларының белгілі авторларының негізгі еңбектерімен танысуға мүмкіндік алып отыр. Ресейлік әріптестер Э.Дюркгеймнің, М.Вебердің, Т.Парсонстың, Н.Смелзердің, Р.Аронның және басқалардың іргелі еңбектерін орыс тіліне аударып, басып шығарды. Олардың тұжырымдамаларының әр түрлі қырлары ғылыми жарияланымдар мен зерттеулерде көрініс тапқан. Сонымен қатар әлеуметтану проблемалары отандық авторлардың еңбектерінде, оның ішінде қазақ тілінде басылатын еңбектерде енді ғана көріне бастады. Іс жүзінде Қазақстанда төл оқулық, мұндай жанрдағы кітап шығарудың қалыптасқан дәстүрі жоқ, басқа ғылымдармен салыстырғанда тиісті бай тәжірибе де жоқ. Әлеуметтанушылық білім беру саласында: а) әлемдік әлеуметтанудың классикалық мұрасын құрайтын жетекші шетелдік теориялар мен парадигмаларды; б) ТМД елдері әлеуметтануының алтын қорын құрайтын кеңестік және одан кейінгі кезеңдегі үздік теориялық және эмпирикалық жасалымдарды; в) ағымдағы қазақстандық шынайы жағдайды талдау, бүгінгі болып жатқан әлеуметтік процестерді, олардың серпінін, бастау көздері мен салдарларын талдауды орайлы ұштастыратын осы заманға сай оқулықтар басып шығаруға деген өткір қажеттілік бар екені айқын.

Қазіргі таңда мұндай оқулықтар жасауға қолайлы жағдай бар деп айтуға әбден болады. Бір жағынан, олардың тұжырымдамалық өзегін кәсіби әлеуметтанушылық білім алу үшін міндетті түсініктер мен категориялардың ең кем дегендегі қажетті жинақталымын беретін жоғары оқу орындарына арналған әлеуметтану бойынша мемлекеттік білім беру стандарты құрап отыр. Екінші жағынан, қазіргі заманғы әлемдік, ресейлік және белгілі бір дәрежеде отандық әлеуметтанудың жетістіктері қоғамымыздың әлеуметтік құрылымы мен жіктелу, қақтығыстар мен девианттық мінез-құлық, әлеуметтік институттар мен процестер т.б. іргелі проблемаларын неғұрлым толық және терең қамтуға мүмкіндік береді.

Бұл оқулық - әлеуметтану курсы бойынша әлеуметтік проблемаларды шетелдік және отандық әдебиеттегі кең ауқымды теориялық материалдар негізінде тұжырымдау, жүйелеу әрекеті жасалған алғашқы іргелі оқулықтардың бірі. Әлеуметтану әлемге ерекше көзқарасты, қоршаған ортаны көре білудің ерекше тәсілін туғызады. Әлеуметтанушының дүниені қабылдауы әлеуметтік өзара әрекеттестіктің нәзік материясын ұғынуды - түйсіктің ерекше түрін құрайтын әлеуметтанушылық ойдың категориялық құрылымымен реттеледі. Оқулықтың басты міндеті - әлеуметтануды тұтас және қарама-қайшылықсыз әдістемелік және тұжырымдамалық аппараты бар және әлеуметтанушылық фактілердің берік іргетасына негізделген ғылым ретінде баяндау. Оқулықтың функциялары - студенттерге ғылыми құралдарды, теорияларды және әдістерді пайдалану ережелерін үйретіп қана қоймай, бұдан да маңызды нәрсе - қоршаған болмысты көре білуді, студенттің талдамалық ойлауын, мәселенің маңызын өз бетінше тани білуін, болашақ кәсіби қызметіне дайындалу қабілетін қалыптастыру.

Оқулықтың құрылымын жасаған кезде, сондай-ақ мәселелердің маңызын ашқан кезде авторлар оны қазіргі отандық әлеуметтанудың алдында тұрған міндеттер тұрғысынан қарады. Бұл - әдістемелік-теориялық негіздемені және оларға сәйкес келетін әдістеме мен техниканы игеру, әлемдік әлеуметтанудың қабылданған ортақ ғылыми стандарттары деңгейіне шығудың жолын іздестіру және әлеуметтану ғылымының жан-жақты тілін игеру. Сонымен қатар, авторлар мемлекеттік стандарт талаптарының барлығын жүзеге асыруға, ал проблеманы баяндаған кезде біржақты баға беру мен түсіндіруден аулақ болуға және жетекші мамандардың ұстанымдарын беруге барынша тырысты. Оқулықәлеуметтанудың төрт маңызды бөлімін - әдістемені, әлеуметтану тарихын, арнайы әлеуметтанушылық теорияларын және әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу әдістемесі мен техникасын қамтиды.

Ғылымның не екенін, теориялық білімнің құрамдас бөлігі ретіндегі әлеуметтанудың не екенін білмейінше, олардың құрамдас бөліктері, олардың мазмұны, әлеуметтанудың басқа бөлімдері туралы білімді одан әрі дамыту мүмкін емес. Әлеуметтанудың іргелі білім екені оның пәнінен айқындалады, онда негізгі ұғымдар мен категориялар өзара қисынды қарама-қайшылықсыз тәсілдермен байланысқан. Пәнділік - ғылымды танымның басқа түрінен ажырататын алғашқы белгі. Бұл деген сөз осы пәннің өзіндік, ерекше пәндік саласы, яғни осы салаға кіретін және осы ғылым зерттейтін объектілердің елеулі қасиеттері мен белгілерінің жиынтығы бар екенін білдіреді. Сондықтан да осы кітаптың бірінші бөлімі әлеуметтанудың объектісі мен пәнін, оның ғылымдар жүйесіндегі орны мен рөлін қарастырудан басталады.

Әлеуметтану ғылымының тұжырымдамалық-ұғымдық аппаратының маңызы орасан зор. Біз әлеуметтанудың ұғымдық аппаратының қалай өзгеріп жатқанының, оның жетіліп, байып жатқанының, түсініктердің қалай жаңа мазмұнмен толығып жатқанының куәсіміз, бұлар зерделенетін шынайы өмір туралы біздің ұғымымызды едәуір тереңдетіп, нақтылай түседі. Оқулықта әлеуметтану ғылымының маңызды категориялары мен түсініктері туралы ұғым тұжырымдалады, онда зерделенетін әлеуметтік шынайы өмірдің елеулі қасиеттері, олардың бір-бірімен байланысы және қарым-қатынасы, шынайы әлеуметтік процестер қамтылады. Негізгі түсініктер шеңберін анықтап алу әлеуметтік процестерді зерттеудің әдістемелік негізін жасауға, әлеуметтік байланыстар, қарым-қатынастар, тәуелділіктер аясында түсіндірілуі керек объектілерді сипаттау мен талдауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда әлеуметтанудың дербес ғылым болып қалыптасуының қиын да күрделі жолы авторларды осы оқулықта әлеуметтанудың тарихы, қазіргі жай-күйі және үрдістері туралы мәселелерді қамтуға зор көңіл бөлуге міндеттейді.

Оқулықтың екінші бөлімі әлеуметтанудың тарихына арналған. Мұнда әлеуметтану білімін қалыптастырудың тарихи және әдістемелік алғышарттары берілген, сондай-ақ қазіргі заманғы жаңа әлеуметтанудың ғылыми базасын құрайтын өзекті сәттер мен теориялық-әдістемелік принциптер баяндалған. Оқулық авторлары өз міндеттерін, біріншіден, оқырманның жан-жақты баяндалған материалдарды түсінуіне, мектептердің, бағыттар мен ағымдардың шексіз алмасуында өз бағытын табуына көмектесу, екіншіден, оқырманға әлемдік әлеуметтанудағы ойдың жетістіктерін жеткізу, оның даму қисынын көрсету деп біледі. Оқырман қандай да бір тұлғалармен және тұжырымдамалармен таныса отырып, өзінің білім қорына жаңа нақыш қосады, сондай-ақ әлеуметтану ғылымының мазмұнын әр түрлі көзқарас тұрғысынан көре білуді үйретеді деп үміттенеміз. Әлеуметтану үшін оның тарихы туралы мәселе - қосалқы емес, мазмұнды да маңызды проблема. Қоғам туралы ғылым ретінде әлеуметтану ХІХ ғасырда пайда болды. Бірақ ежелгі адамдар қоғам дамуының қисынын, ондағы өзінің рөлі мен орнын түсіне білген, өздерінің қоғам, өмір туралы түсініктеріне қарай әлеуметтік мінез-құлық түрлерін қалыптастырған. Әлеуметтану ғылымы ХІХ ғасырда бірден қалыптаса салған жоқ, қоғам туралы көпқырлы ілімнің негізінде және әр түрлі көзқарастарды сын көзбен қайта пайымдау, тұжырымдау процесінде қалыптасты. Бұл бөлімдегі ерекше маңызды нәрсе әлемдік әлеуметтану ғылымы генезисіне Шығыс елдеріндегі әлеуметтік білім саласында орныққан үрдістердің енгізілуі болып табылады. Шығыста мифологиялық, діни және философиялық ілімдерден, әлеуметтік өмір мен мәдени даму, адамның қоғаммен және табиғатпен қарым-қатынасы тәжірибесінен өрбіген әлеуметтанушылық ойдың туу тарихы мен эволюциясы бай, сан қырлы, көбіне бірегей. Ұзақ жылдар бойы Шығыстың әлеуметтанушылық ойларын елемей, батыстық әлеуметтік-мәдени дәстүрлер тәжірибесінің маңызын асыра бағалауға байланысты бұл материалдар ресейлік, еуропалық, американдық әлеуметтану жөніндегі оқулықтарда жоқ. Бүгінгі күні әлеуметтану тарихы мен оның қазіргі заманғы жетістіктерін тек еуропалық, батыстық әлеуметтік-мәдени дәстүрлер аясынан ғана іздеудің қате екендігі айқын болып отыр. Оқулықта авторлар Шығыстағы жекелеген діни-философиялық, философиялық-этикалық ілімдердің, сондай-ақ олардың өкілдерінің әлеуметтанушылық ойлары дамуының үлесі мен өзіндік ерекшеліктерін сипаттай отырып, әлеуметтанушылық білім берудегі ақтаңдақтарды жоюға тырысты.

Үшінші бөлім бүгінде ғылыми практикаға берік енген бірқатар арнаулы әлеуметтану теориясына арналған. Осы бөлімді жазған кезде авторлар экономикалық әлеуметтануды және саяси әлеуметтануды, ғылымдағы, білім берудегі, мәдениеттегі әлеуметтануды, экологиялық әлеуметтануды, жанжалдары әлеуметтануын және діни әлеуметтануын оқытудың көп жылдық тәжірибесін пайдаланды. Бірқатар тақырыптар – жастар әлеуметтануы, отбасы әлеуметтануы, басқару әлеуметтануы және басқалары көлемдері шектеулі себепті оқулыққа енбеді.

Және, ақырында, төртінші бөлім эмпирикалық және әлеуметтанушылық зерттеулердің әдіснамалары мен әдістерін сипаттауға арналған. Бүгінде әлеуметтанушылық зерттеулердің кәсіби тәсілдерін, дағдыларын пысықтаудың және оларды жүргізе білудің практикалық аспектілерін күшейте білу күн тәртібінде тұр. Эмпирикалық база болмайынша әлеуметтану болмайды. Әлеуметтанушылар әлеуметтік фактілер туралы эмпирикалық деректерді ең алдымен арнаулы әлеуметтанушылық әдістердің, техникалардың, рәсімдердің көмегімен алады. Әлеуметтану сенімді, анық эмпирикалық деректер алуды қамтамасыз ететін әдістерді пайдаланып, осы деректерді және солардың көмегімен алынған әлеуметтік фактілерді тексеруге жіберетіндігімен де ерекшеленетін ғылым. Басқа да әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда жиі пайдаланып жүрген осындай кешенді әдістерді әзірлеуге әлеуметтанудың қосқан үлесін жұрттың бәрі мойындайды. Оқулықта рәсімдерді, әдістерді және құралдарды көрсету әлеуметтанушылық зерттеулер бағдарламасын қисынды құрылымдық әзірлеудің шеңберінде жүзеге асырылады. Біріншіден, әлеуметтанушының теориялық жұмысының моделін жасауға мүмкіндік беретін әлеуметтанушылық танымның рәсімдерін, ұрымтал тұстарын паш етеді. Екіншіден, әлеуметтанушының жұмысын нақты жағдайға бейімдеп, іс-әрекеттің қатаң сабақтастығын жоспарлауға мүмкіндік беретін әлеуметтанушылық зерттеуді ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету ұсынылған.

Тұтастай алғанда, жоғарыда аталған тақырыптарды кешенді қарау, авторлар пікірінше, студенттерге әлеуметтанудан білім беру деңгейін және әлеуметтануды болашақ тұтынушы ретінде де, осы ақпаратқа ықтимал тапсырыс беруші ретінде де және ақырында әлеуметтік проблемаларды ғылыми зерттеуге қатысушылар ретінде де олардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Тұтас алғанда, жоғарыда аталған тақырыптарды жан-жақты кешенді қарау, авторлардың пікірінше, студенттерге әлеуметтанудан білім беру деңгейін, біліктілігін оларды әлеуметтану ақпаратының болашақ тұтынушылары мен ықтимал тапсырысшылары және әлеуметтік проблемаларды ғылыми зерттеуге қатысушылар ретінде қарай отырып көтеруге бағытталған.

Қазақстанда әлеуметтану жағдайы айтарлықтай жылдам өзгеруде. Әлеуметтану қоғамның іргелі әлеуметтік проблемаларын зерделеуге еніп, толыққанды әлеуметтік ғылым мәртебесін алуда. әлеуметтанудың алдында бұрынғыдан да күрделі мәселелер тұр. Олардың ішінде - дағдарыстан шығу жолдарын іздестіру, маңызды мақсаттарға - республиканың шынайы тәуелсіздігіне, қоғамдық негіздердің нығаюына, құқықтық мемлекет құруға, жаңа технологиялық, құрылымдық, институционалдық негіздегі толыққанды ұлттық нарықтың қалыптасуын қамтамасыз етуге, түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларды, т.б. жүзеге асыруға қол жеткізу проблемалары бар. Әлеуметтанудың басты назарында жалпыұлттық идеологиялық басымдықтарды жүзеге асыру - ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, қоғамда жоғары тілдік мәдениетті, тұрақтылық ахуалын және азаматтық келісімді берік орнату шарттарын зерттеу мәселесі тұр. Бұл кәсіби деңгей мен азаматтық жауапкершілікке аса жоғары талаптар қояды.

Оқырмандар әлеуметтану туралы қалыптасқан ғылым ретінде түсінік алады және бұл кітап біздің ғылымымыз бен еліміздің болашағы байланысты болып отырған кәсіби деңгейі жоғары еңбексүйгіш болашақ әлеуметтанушыларға және жоғары кәсіби білім алатын барлық қазақстандықтарға пайдалы болады деген үміттеміз.

 

Авторлар

 


І бөлім


ӘЛЕУМЕТТАНУДЫҢ ҰҒЫМДЫҚ

АППАРАТЫ


тарау. ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ