Мен ұғымдарын жіктеу

Категориялар жүйесі - бұл ғылыми зерттеудің зерделенетін эмпирикалық объектілерді сипаттау және түсіндіру үшін пайдаланатын маңызды құралы. Категориялар аппарат пен әлеуметтік жүйелерді талдау принциптері едәуір дәрежеде ғылым зерделенетін объектінің ішіне кіре ала ма, жоқ па, оларды талап етілгендей деңгейде толық көрсете ала ма, жоқ па, соны анықтайды.

Әлеуметтану категорияларының қатарында жалпы ғылыми, жалпы ұлттық және арнайы категориялар бар. Жалпы ғылыми категориялар (құрылым, функциялар, процесс, механизм, элемент, байланыс, орнықтылық, құбылмалылық, заңдылықтар, даму және т.с.с.) жалпы әдістеме тілінен алынған. Басқа гуманитарлық ғылымдарда пайдаланылатын жалпы әлеуметтік категорияларды әлеуметтану осылардан алған. Ол, мысалы, философияның (қоғамдық сана, қоғамдық қатынастар, қоғам), әлеуметтік психологияның (ұжым, тұлға, мінез-құлық, уәждеу, сәйкестендіру, бейімделу, конформизм, өзара әрекет) және бірқатар басқа да ғылымдардың категорияларын пайдаланады. Әлеуметтанудың ерекшелік категориялары - оның ішінде пайда болған және қоғамды зерделеудің тек өзіне тән көзқарастары мен тәсілдерін көрсететін категориялары.

Әлеуметтанудың категорияларды мазмұны жағынан былай бөлінеді [1]:

- жалпыға ортақ категориялар(ғалам, ноосфера, қоғам, әлем), бұларды әлеуметтік ғылымдардың бірде-бірі, соның ішінде әлеуметтану да айналып өте алмайды. Бұл санаттар әлеуметтік болмысты дүние туралы әмбебап және іргелі түсініктер деңгейінде ұғынуда пайдаланылады.

- сапа категориялары (өркениет, формация, мәдениет, тұрақты даму), олар дүниені игерудің дәрежесі мен деңгейін, олардың қызмет атқаруының және қоғамдық, топтық және жеке өмірді оңтайлы ұйымдастырудың тиімділігін көрсетеді. Оларды пайдаланбай “өткен өмір мен осы өмір” шеңберінде салыстыру, қандай да бір әлеуметтік топтардың, институттардың, ұйымдардың оңтайлылығының дәре-жесін және қалай сипаттайтынын түсіну мүмкін емес;

- объективтік категориялары (әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік даму, әлеуметтік процестер, әлеуметтік құбылыстар мен институттар), бұлар адам өмір сүретін және тіршілік ететін тарихи кезеңнің маңызы мен мазмұнын нақтылайды. Оларда бүкіл әлемге тән, бірақ нақты тарихи бет-бейнесіндегі негізгі өзгешеліктер мен ерекшеліктер көрініс табады. Бұл санаттардың көмегімен қоғамдық өмірдің қандай да бір нысандарының ықпал етуі, саяси билік нысандары, қоныстанудың тарихи қалыптасқан түрлері және т.б. сияқты процестерді сипаттауға, талдауға болады;

- субъективтік категориялары (сана, жеке тұлға, таптар, страттар), бұлар қоғам өміріндегі белсенді, шығармашылық, мүдделі бастаманы сипаттайды. Олар өздерінің мәселе қоюында жедел шешуді талап ететін ең жалпы бағдарларды қамтиды, өйткені ең жалпы түрде пайдалану тек қана бағдарлық нәтиже береді;

- өзгеріс категориялары (басқару, реттеу, әлеуметтендіру, жаңарту, қақтығыс), бұлар түрлендірулердің механизмін, бағыттылығын, жүзеге асыру тәсілдері мен әдістерін сипаттайды. Бұл категориялар қоршаған әлемді құлпыртуға жасампаздықпен ат салысуды көрсетеді, ол болжам, көрегендік, бағдарлама жасау, әлеуметтік эксперимент, әлеуметтік ұйымдастырулар сияқты әмбебап әдістерді қолдануда көрініс табады.

Бұл категориялардың әлеуметтану үшін маңызы орасан зор. Біріншіден, олар әлеуметтану білімінің ерекшеліктеріне орай ортада болып жататын әмбебап процестер мен өзгерістерді әлеуметтану тұрғысынан тұжырымдалған түрде баяндауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл категориялар әр алуан ақпарат ағындары үшін біріктіруші рөл атқарады, оны орталықтандырады, оларды әлеуметтік өмірдің негізгі, принципті мәселелері төңірегінде біріктіреді. Үшіншіден, категорялар коммуникациялар рөлін атқарады, онсыз бірлескен және шығармашылық, ғылыми білімнің одан әрі дамуы мүмкін емес. Төртіншіден, бұл категориялар әлеуметтануды біртұтас өріс құра отырып, басқа әлеуметтік ғылымдармен жақындастырады, онсыз әлеуметтік ойдың дамуындағы эволюция мен прогресті елестету мүмкін емес.

Сөйтіп, әлеуметтану категориялары -қоғамдық өмір, әлеуметтік шынайылық туралы негізгі түсініктерді ұғыну мен жалпыландыру деңгейін сипаттайтын барынша әмбебап, іргелі ұғымдар, олардың априорлық маңызы бар және тәжірибелік білімді жүйелеуге және ұйымдастыруға көмектеседі.

Әрбір категория сонымен бірге ұғым да болып табылады, бірақ ұғым байланыстың жалпылама, әмбебап, іргелі нысандары, пікірдегі субъект пен объект арасындағы байланыс түрлері болып табылатын категориялардан туатындығына байланысты әрбір ұғым категория бола алмайды.

Ұғым - дүниені әлемнің оңтайлы, қисынды сатыларында бейнелеудің негізгі нысандарының бірі. Ұғым объектілерді жалпы және ерекшелік белгілерін көрсете отырып, кейбір пәндік саладан бөліп алып саралайды.

Ұғымдар көлемінің арақатынасы негізінде әмбебап және әмбебап емес болып бөлінеді. Әмбебап ұғымдар (мысалы, адам, қоғам, мәдениет) категориялармен сәйкес келеді, бұл олардың арасында белгілі бір қисындық байланыс орнатады.

Ұғымдар элементтерінің құрылымы бойынша көлемінің элементтері жеке алған объекті (мысалы, 1950 жылы туған адам) болып табылатын жинақталмайтын ұғымдар және көлемінің элементтері біртұтас түрдегі объектілер жиынтығы (мысалы, мұраттастар тобы, саяси партия) болып табылатын жинақталатын ұғымдар деп бөлінеді.

Тұжырымдалатын объектілердің табиғаты бойынша ұғымдар нақты және абстрактілі болып бөлінеді. Нақты ұғымдарда қандай да бір қасиет, белгі, сипаттама (мысалы, уәж) немесе жиын (мысалы, мүдделер) тұжырымдалады.

Мазмұны тұрғысынан ұғымдар салыстырмалы емес (объект өз-өзінен сипатталады, мысалы, ұстаным) және салыстырмалы (объект басқа объектілерге қатынасы арқылы сипатталады, мысалы “білікті жұмысшы”) ретінде қарастырылуы мүмкін.

Ұғымдардағы объектілерді жалпылауға көмектесетін белгілердің көлемі мен мазмұнына қарай олар қарапайым (олардың мазмұны қандай да бір жеке қасиеттің бар екенін көрсетеді (мысалы, “әлеуметтік бағдар” немесе “туылғандар саны”) және күрделі (олардың мазмұны қасиеттердің немесе оның элементтері арасындағы байланысты белгілейді, мысалы, “қала” немесе “кәсіпорын” түсініктері көптеген қасиеттермен және қарапайым әрі күрделі құрамдас бөліктердің елеулі санымен көрінетін күрделі экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық механизм) болып бөлінеді.

Әлеуметтік таным тетігі тұрғысынан ұғымдар әдіснамалық рөл атқарушы (зерттеу бағдарламаларын жасау принциптері, болжамдар, т.с.с.) және әдістемелік (құралдық) рөл атқарушы (іріктеу, сұхбат, сауалнама, контент-талдау, т.с.с.) болып бөлінуі мүмкін.

Олар сол сияқты тұжырымдаушы (қажеттіліктер, көшіп-қонушылар) және айқындаушы (ереуіл, нақты оқиға туралы пікір) ұғымдар ретінде қарастырылуы мүмкін, оларда белгіленген мақсаттары көрсетіледі және модалдылық белгілерін (мүмкіндік, қажеттілік, қол жетушілік, тиімділік) қамтиды.

Ұғымдарды жіктеудің негізгі мақсаты - әлеуметтік шынайылықтың елеулі қасиеттерін, қасиеттер арасындағы байланыстар мен арақатынастарды, нақты әлеуметтік процестерді, сондай-ақ бұл қасиеттер мен қарым-қатынастардың өзгеруін белгілеу. Осы тараудың келесі параграфтарында әлеуметтанудың әлеуметтік шынайылықты зерделеуде пайдаланылатын басты ұғымдарын қарастырамыз - қоғам, жеке тұлға, әлеуметтік рөлдер мен мәртебе, әлеуметтік өзара әрекеттер, әлеуметтік топтар, әлеуметтік стратификация, әлеуметтік институттар және әлеуметтік ұйымдар.