Оғам құрылымындағы тұлға

Әлеуметтік өзара іс-қимылдар мен қарым-қатынастардың ұйытқысы жеке тұлға болып табылады. Адам тұлғасын зерделегенде оның көріністерін мынадай деңгейлерге бөлу қалыптасқан: [8]

табиғи деңгей - адамның өзінде бар және оған басқа адамдардың ықпалынсыз дамитын деңгей;

биологиялық деңгей - шығу тегі бойынша ортақ болуы, бүл орайда адамның жануармен ұқсас болуы міндетті емес;

мұрагерлік деңгей - ата-аналарының тектік қорының негізінде тіршілік етіп дамитын деңгей; ол биологиялық (бірақ биологиялықтың бәрі мұрагерлік емес);

әлеуметтік деңгей - адамның әлеуметтену, басқа адамдармен араласуы мен өзара іс-қимылы барысындағы деңгей.

Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады [9]:

- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;

- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, жеке адамның ажырамас белгісіне айналған және басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;

- ізгі - адамдағы әдеп нормаларын ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік және мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.

Бұлайша тәптіштеу “адам”, “жеке адам” және “тұлға” ұғымдары­ның аражігін ажырату үшін қажет. “Адам” ұғымы жалпыға ортақ, ол барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттерді сипаттау үшін пайдаланылады. Бұл ұғым дүниеде өзіне ғана тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарих дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.

Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі «жеке адам» деген ұғыммен көрсетіледі. Жеке адам - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік және психологиялық белгілерінің: ақыл-ойының, ерік-жігерінің, қажеттіліктерінің, мүдделер және т.б. иесі. “Жеке адам” ұғымы бұл арада “нақты адам” мағынасында қолданылады.

Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін “жеке адам” ұғымымен қатар “тұлға” ұғымы пайдаланылады. Тұлға – жеке адам дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.

Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным және шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің және қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің және т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Әлеуметтану көзқарасы тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды.

Әлеуметтану проблемаларының бірі тұлғаны құрылымдық талдау болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік құрылымы жеке адамның әр алуан қызметі барысында, өзі кіретін қауымдастықтар мен бірлестіктердің ықпалымен қалыптасатын және қызмет атқаратын объективті және субъективті қасиеттерінің жиынтығын қамтиды. Тұлғаның құрылымында мыналар бөліп қаралады: [10]

1) өмір салты мен еңбек, қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, отбасылық-тұрмыстық сияқты қызметтерде көрінетін әлеуметтік сапаларды жүзеге асыру тәсілі;

2) тұлғаның объективті әлеуметтік қажеттіліктері. Тұлға - қоғамның органикалық бөлігі, сондықтан оның құрылымы негізінде қоғамдық қажеттіліктер орын алады. Басқаша айтқанда, тұлғаның құрылымы қоғамдық тіршілік иесі ретінде адамның дамуын анықтайтын объективті заңдылықтармен айқындалады. Тұлға бұл қажеттіліктерді ұғынуы да, ұғынбауы да мүмкін, бірақ та ол қажеттіліктер тіршілік етуін, өмір сүруін тоқтатпайды және тұлғаның мінез-құлқына айқындық енгізіп отырады;

3) шығармашылық қызметке қабілеттілік, білім, дағды жатады. Қалыптасқан тұлғаны қалыптасудың бастапқы сатысындағы жеке адамнан айырып көрсететін де оның дәл осы шығармашылық қабілеттері;

4) қоғамның мәдени құндылықтарын игеру дәрежесі, яғни тұлғаның рухани жан дүниесі;

5) тұлға басшылыққа алатын ізгілік нормалары мен принциптері. Сенімдер - адам мінез-құлқының басты бағытын анықтайтын ең терең принциптер. Сенімдер тұлғаның тұлғалық құрылымының өзегін құрайтын объективті қажеттіліктерді сезінуімен байланысты.

Әлеуметтануды бірінші кезекте ортақ мәселе қызықтыратын болғандықтан, жеке адамға қатысты әлеуметтанудың түбегейлі проблемаларының бірі - әлеуметтену процесі болып табылады. “Әлеуметтену”ұғымы жалпылама түрде жеке адамның әлеуметтік топ пен жалпы қоғамға тән мәдениет ұғымына кіретін және жеке адамның қоғамдық қарым-қатынастардың белсенді субъектісі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік беретін белгілі бір білім, норма, құндылық, ұстаным, мінез үлгілері жүйелерін меңгеруі процесін сипаттайды.

Әлеуметтенуден бейімделуді (жаңа шарттарға үйренудің уақыт бойынша шектелген процесі), оқытуды (жаңа білім алу), тәрбиені (әлеуметтендірудің агенттері мен институттарының жеке адамның рухани аясы мен мінез-құлқына мақсатты түрде ықпал етуі), есеюді (адамның 10 жастан 20 жасқа дейінгі кезеңде әлеуметтік психологиялық қалыптасуы) және ержетуді (адам организмінің жеткіншектік және жастық шағындағы нығаюының физикалық-физиологиялық процесі) ажырата білу қажет.

Әлеуметтену процесі негізгі өмір тізбектері деп аталатын сатылардан өтеді. Бұл балалық, жастық, ересектік және қарттық шақ. Әлеуметтену процесін нәтижеге жетуі немесе аяқталуы бойынша балалық пен жастық кезеңдерді қамтитын бастапқы, немесе ерте әлеуметтенуге және басқа екі кезеңді қамтитын жалғасқан әлеуметтенуге бөлуге болады. Өмір тізбектері әлеуметтік рөлдердің алмасуымен, жаңа мәртебеге ие болумен, зиянды әдеттерден, айналасындағылардан, достық байланыстардан бас тартумен, өмір салтын өзгертумен байланысты. Ескі құндылықтарды, нормаларды, рөлдер мен мінез-құлық ережелерін ұмыту кері әлеуметтенудеп аталады.Содан кейінгі ескі құндылықтардың орнына жаңа құндылықтарға, нормаларға, рөлдер мен мінез-құлық ережелеріне үйрену қайта әлеуметтену деп аталады.

Әлеуметтенудің мәні адамды өз қоғамының мүшесі етіп қалыптастыратындығында. Кез келген қоғам өзінің әлеуметтік, мәдени, діни, этикалық мұраттарына барынша сай келетін адамның белгілі бір типін қалыптастыруға тырысып келген және тырысады. Алайда бұл мұраттардың мазмұны тарихи дәстүрлерге, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуға, қоғамдық және саяси құрылымға қарай әр түрлі болады. Дей тұрғанмен, қазіргі заманда қоғамның толыққанды мүшесінің мұраты көп, жалпы немесе әр түрлі қауымдастықтар үшін азды-көпті үйлесетін сипаттамасы бар екенін айтуға болады. Соған сәйкес әлеуметтену процесі де әр түрлі қоғамдарда белгілі бір ерекшеліктерді сақтай отырып, әмбебап және үйлесімді сипаттамаға ие болады, бұл ғаламдық, жалпы планеталық және жалпы әлемдік тенденциялармен (кенттену мен ақпарат­тандырудан экологиялық және демографиялық үрдістерге дейін) байланысты.

Әлеуметтену процесінің мазмұны кез келген қоғам өзінің мүшелері еркектің немесе әйелдің рөлін сәтті меңгергеніне (яғни жыныстық-рөлдік әлеуметтенуге), өндіріс қызметіне білікті қатыса алуына және қатысқысы келуіне (кәсіби әлеуметтену), берік отбасын құруына (отбасылық рөлдерді игергеніне), заңды сыйлайтын азаматтар болуына (саяси әлеуметтену) және т.с.с. мүдделі екендігінде. Мұның бәрі адамды әлеуметтену объектісі ретінде сипаттайды. Алайда, адам әлеуметтену объектісі болып қана қоймай, субъектісі болған кезде де қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. Субъект ретінде адам әлеуметтену процесінде өз белсенділігін жүзеге асырумен, өзін-өзі дамытумен және қоғамда өзін-өзі көрсетуімен етене бірлікте әлеуметтік нормалар мен мәдени құндылықтарды меңгереді.

Егер де әлеуметтену процесінде адамның тұлғасы дамитын болса, онда ол адам үшін сәтті әлеуметтену болады. Әлеуметтену кемшілігінің көрініс табуы девианттық мінез-құлық болып табылады. “Девианттық мінез-құлық” ұғымы мазмұнының үш қырын бөліп қарауға болады - біріншіден, девиация деп нормадан кез келген ауытқуды, тіпті прогрессивтік ауытқуды айтуға болады. Екіншіден, дәстүр бойынша девианттық деп әлеуметтік “жамандықтың” жағымсыз көрінісі ретіндегі девиацияны айтады. Үшіншіден, неғұрлым тар ұғымында девианттық мінез-құлық деп қылмыстық жазалауға соқтырмайтын, басқаша айтқанда, құқыққа қайшы болмайтын ауытқуларды айтады [11].

Девианттық мінез-құлықтың өзіне тән белгісі мәдени релятивизм болып табылады: мәселен бір іс-әрекет бір қоғамда дұрыс саналуы, ал басқа қоғамда - әлеуметтік патология ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұған әр түрлі халықтардың отбасы құқығы мен отбасылық дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Егер де Голландия, Швеция, Норвегия сияқты елдерде гомосексуалдық некелерге рұқсат етіп, мұндай жұптардың бала асырап алу құқығын мемлекет қамтамасыз ететін болса, көптеген елдерде сияқты біздің Қазақстан қоғамында да мұндай жағдай қоғамдық мораль тұрғысынан да, заңнама тұрғысынан да мүмкін емес. Тіпті біртұтас заңнама қолданылатын, бірақ тұрмыста әр түрлі салт-дәстүрлерді ұстанатын халықтар тұратын, әсіресе бұл салт-дәстүрлер діни нормалармен сақталатын бір мемлекеттің өзінде қиындықтар пайда болады. Мысалы, Қазақстандағы азаматтық құқық бойынша бір некелілік талаптары мен ислам мойындайтын көп әйел алу дәстүрі арасындағы қақтығыс осындай. Мәдени релятивизм екі түрлі қоғамның ғана емес, сондай-ақ бір қоғамның ішіндегі екі немесе бірнеше үлкен әлеуметтік топтардың салыстырмалы сипаттамасы бола алады. Мұндай топтардың мысалы - саяси партиялар, үкімет, әлеуметтік тап немесе топ, діндарлар, жастар мен жеткіншектер, әйелдер, аз ұлттар.

Девианттық мінез-құлықтың әлеуметтанудағы түсіндірілуі объективті әлеуметтік бағыттылықты және тұлғаның, әлеуметтік топтардың, қауымдастықтар мен тұтас қоғамның қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан алғандағы мінез-құлқының қоғамдық нәтижелері сияқты көрсеткіштерді, мінез-құлықтың әлеуметтік құндылықтар мен нормаларға сәйкестігін, қоғамдық пікірге берілген бағалар мен әлеуметтік санкцияларды қамтиды.

Қоғам түрлі тәсілдер мен құралдарды пайдалана отырып, әрқашан ауытқушы мінез-құлықтардың жағымсыз нысандарын басып тастап отыруға тырысады. Әрбір әлеуметтік топта өз мүшелерінің мінез-құлықтарын тиісінше жасалған үлгілер шеңберінде сақтайтын әлеуметтік бақылау жүйелері болады. Жалпыға ортақ қабылданған үлгілер шеңберіне сыймайтын мінез-құлықтарды тиісінше қоғам санкциялаған болады. Санкция - әлеуметтік бақылау элементтерінің бірі. Әлеуметтік бақылау мойындауды білдіру, марапаттар мен ерекшелік жүйелері ретінде анықталады, солардың арқасында тұлғаның мінез-құлқы қабылданған мінез-құлық үлгілеріне сәйкестендіріледі. Демек, әлеуметтік бақылау өзін-өзін реттейтін жүйе ретінде қоғамның тұрақтылығы мен үйлесімді қызмет атқаруын ескере отырып, қоғам қабылдаған мінез-құлық нормалары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес келетін жеке адамның мінез-құлқын қамтамасыз етуді мақсат тұтатын түрлі әрекеттер мен санкциялар, ынталандырулар мен марапаттар арқылы жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік бақылау топтағы конформизмді қалыптастырады. Адамның кез келген мінез-құлқы мен әрекеттері бақылауға жата бермейді. Әрбір адамның қоғамның түріне, топтағы қоян-қолтық қызметке, оның институттарының сипатына, жеке адамның топтағы ұстанатын позициясына қарай кең немесе тар болатын белгілі бір жеке аясы болады. Осынау іс-әрекет тұтас топты қаншалықты маңызды қозғайтын болса, оған қарсы қуғын-сүргін де соншалықты салмақты болады.

“Әлеуметтік бақылау”- терминін айналымға алғаш рет енгізген Г.Тард оны бастапқыда қылмыскердің қоғамдық қызметке қайта оралуының құралы ретінде қарастырған болатын [12]. Шет ел әлеуметтанушылары Ф.Знанецкийдің, Р.Лапьердің, Д.Мартиндейлдің, У.Томастың еңбектерінде әлеуметтік бақылау проблемасы әуел бастан индивидтердің мінез-құлқындағы қоғам үшін қажеті жоқ ауытқуларды жою проблемасымен және мінез-құлықты реттеу құралын жасаумен жалғасқан болатын. Әлеуметтік бақылау проблемасын бұл әлеуметтанушылар әлеуметтік институттар жүзеге асыратын оңтайлы, әлеуметтік ықпалдар және адамдардың мінез-құлқын сол әлеуметтік жүйенің қарым-қатынастарын реттейтін нормаларға бейімдеу мақсатында ауытқуларды жөндейтін өзгерістер деп түсінді [13]. Әлеуметтік бақылау теориясын Э.Росс пен Р.Парк жасаған. Э.Росстың пікірінше, әлеуметтік бақылау дегеніміз “салауатты” әлеуметтік тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қоғамның жеке адамның мінез-құлқына мақсатты ықпал етуі. Р.Парк әлеуметтік бақылауды әлеуметтік күштер мен адам табиғаты арасындағы белгілі бір арақатынасты қамтамасыз ететін құрал деп түсінеді. Ол әлеуметтік бақылаудың үш нысанын бөліп қарайды: 1) қарапайым (мәжбүрлеуші) санкциялар; 2) қоғамдық пікір; 3) әлеуметтік институттар [14].

Т.Парсонс әлеуметтік бақылау проблемаларына және әлеуметтік жүйенің орнықтылығы мен ықпалдасушылығын қамтамасыз ету құралдары ретіндегі нормаларға ерекше назар аударған. Ол әлеуметтік бақылаудың үш құралын бөліп қараған:

1. Оқшаулау нормаларды бұзушыға (девиантқа) қатысты қолда­ны­лады және оны жөндеуді көздемейді. Мұндай әдіспен түзелмейді делінген қылмыскерлерге ықпал жасалады.

2. Шеттету құқық бұзушының байланыстарын шектеумен байланысты, бірақ оны қоғамнан толық оқшаулауды көздемейді. Бұл оған өзінің қоғам нормалары мен заңдарын ұстануға дайындығы мен қабілетін байқаған кезде қоғамға қайтып оралуына мүмкіндік береді.

3. Құқық бұзушыны жөндеу, оны қалыпты өмірге және өзінің әлеуметтік рөлін атқаруға қайта оралуына дайындау. Көптеген түзету орындарында, психиатиярлық емханаларда оңалту бағдарламалары кеңінен қолданылады, ал әлеуметтік қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру органдарында, түрлі қоғамдық ұйымдарда ынтымақтаса отырып, құқық бұзушыларды оңалтумен айналысуда. Бұл ұйымдардың полициядан, соттан, бас еркінен айыру орындарынан айырмашылығы, девианттық мінез-құлықты қаскүнемдік жауыз ниет емес, әлеуметтік сәтсіздік, өзінің еңбек және өзге қабілеттерін қолдана алмау проблемасы ретінде қарауға бейім, әрқашан құқықтық санкцияларды емес, қолдауды, жанашырлықты, мейірімділікті, көбінесе емдеуді талап етеді. Сондықтан олар әлеуметтік-психологиялық, медициналық және өзге алдын алу шараларына, тұлғаға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған [15].

Сонымен, тұлғаның қалыптасуы өзара байланысқан бірқатар деңгейлерді - адамның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және дүниетанымдық қалыптасуын қамтитын күрделі процесс болып табылады. Әлеуметтену институттары адамға мінез-құлық үлгілерінің мәдени нормаларын үйретіп қана қоймай, әлеуметтік нормалар мен рөлдердің қаншалықты берік, терең және дұрыс меңгерілгенін де бақылап отырады.