Химиялық күйіктер
Химиялық күйіктер тұрмыста немесе өндірісте теріге қышқылдардың (азот, күкірт, тұз, фторсутегілік), сілтілер (натрий, калий, өшпеген известь), ауыр металл тұздарының (көмір нитраты, цинк хлориді) түсуінен пайда болады. Күйіктің тереңдігі химиялық заттардың концентрациясына, температурасына, терімен жанасу ұзақтығына байланысты. Химиялық күйіктер химиялық агенттің сипатына байланысты термиялық күйіктен ерекшеленеді. Қышқылдар ұйытады, ал сілтілер — сұйылтады. Қышқылдар мен сілтілер сау тіндердің трофикасы мен микроциркуляциясын бұзады. Сондықтан химиялық күйіктер кезінде жарақаттардың жазылуы баяу жүреді. Қышқылдармен, сілтілермен, ауыр металдармен күйгенде тіндер коагуляциялық (құрғақ) тип бойынша некрозданады. Олар белоктардың ыдырап, тіндердің құрғап, коагуляцияланған аймақтардың түзілуіне әкеледі. Күкірт қышқылымен күйгенде зақымданған тері сұрланып немесе қарайып кетеді, тұздармен күйсе — сары, фтор сутегімен күйсе — лас-сары немесе ақ болады. Сілтілермен күйгенде колликвациялық (ылғалды) некроз дамиды. Сілтілер белоктарды, сілтілі протеин түзіп, майларды ерітеді. Теріге түскенде бірінші эпидермисті бұзады. Ол жерде ашық-қызыл эрозия пайда болады. Некрозға ұшыраған тіндер, бірнеше күндер бойы сілтіні сақтайды да жақсы сіңетін улы альбулинаттар түзеді. Сілтілер баяу, ұзақ әсер етіп тіндерге терең сіңеді. Сондықтан басқаларға қарағанда сілтімен күю тереңдігі кеш анықталады.
Көмек көрсеткенде мүмкіндігінше теріні химиялық заттан тез тазарту керек. Концентрациясын азайтып, тіннің зақымданған аймағын суытады. Бәрінен де жеңіл, қарапайым түрі зақымданған аймақты ағынды сумен 20-30минут бойы жуу. Өшпеген әк-известь, күкірт қышқылы суға тигенде жылу бөліп химиялық реакцияға түседі. Сондықтан қосымша тіндердің химиялық зақымдануына әкелуі мүмкін. Диэтиламин гидриді мен және триэтиламинмен күйген кезде сумен шаюға болмайды, себебі олар қосылғанда жалын береді.
Біріншілік көмек көрсеткен кезде күйіктің бетін бейтараптайтын ерітінділермен жуып шаяды (гидрокарбонат натрийдің әлсіз ерітіндісі, 0,01% тұз қышқыл ерітіндісі, 1-2% сірке қышқылы ерітіндісі).
Химиялық заттар неғұрлым ерте алынса, тіндер соғұрлым аз зақымданады. Бұдан басқа көмек көрсететін және зақымданған адамдардың өзі химиялық заттардың табиғатын біле бермейді, сондықтан бейтараптайтын ерітінділерді емдеу мекемелерінен тыс қолдануды білмейді.
Стационарда химиялық агенттің табиғатын анықтап, оны бейтараптау қажет. Бұл тері қалыңдығына және теріасты май клетчаткасына қышқылдар мен сілтілердің енуіне байланысты. Қышқылды бейтараптау үшін 2-5% натрий гидрокарбонатының ерітіндісі, сілтілерді бейтараптау үшін қышқылдар ерітіндісі (1-2% сірке, лимон қышқылдары және т.б.) қолданылады.
Егер зақымданған адам кеш жеткізілсе, күйіктің бетіне (паста) қойырытпақ жағып қояды. Улану белгілері білінсе дезинтоксикациялау емі жүргізіледі. Тиісті антидоттарды белгілейді.
Химиялық күйіктерді жергілікті емдеудің термиялық күйікті емдеуден айырмашылығы жоқ.
СІК
Үсік төменгі температураның әсерінен дамиды. Бетте, әсіресе мұрын, құлақ, бет сүйегі аймағының тіндері үсікке жиі шалдығады. Төменгі температураның әсерінең тері аз зақымданса да шеміршек зиян шегеді. Перихондриттер дамуы мүмкін, олар ұзаққа созылып, құлақ қалқаны мен мұрын ақауланады. Бет қаңқасының сүйектері үсікке өте сирек шалдығады. Ерін мен тілдің (балаларда) металды заттарға жанасуынан үсуі кездеседі. Төменгі температура әсерінен зақым тіндерге тереңдеп таралады. Бет тіндерінің үсуі госпитализациялау көрсеткіші болып табылады.
Үсік кезіндегі патологиялық өзгерістердің дамуының екі кезеңін ажыратады: а) тіндік гипотермия; б) тіндердің жылынуынан кейін басталатын реактивті кезеңі. Дәл осы екінші кезең бұзылуларының клиникалық көріністерін анықтайды. Бұл алдында спазммен, кейін қан тамырлардың тромбозымен көрінеді.
Алғашқы кезеңде науқастар шаншып, ысыған, бет аймағында ауыру сезімін байқайды. Кейін мүлде жансызданғанын сезеді. Науқастар үсікке шалдыққанын байқамай қалады. Бұл кезеңде терінің бозарғаны, зақымданған аймақта температураның төмендегені, ауыру сезімінің жоғалғаны анықталады. Үсікке шалдыққан тіндерді жылытқан соң анық ауыру сезімі пайда болады.
Зақымдану тереңдігіне байланысты үсіктің 4 дәрежесін анықтайды:
I-Тіндер өлмейді. Науқастар қышынып, анық ауыратынына, ысыған, жансызданған сезімге шағымданады (парестезия). Тері қызарған, көкшіл-денген таңбалар бар. Тіндердің айқын ісінгені көрінеді. Ауыру сезімі төмендеген. Аталған өзгерістер 3-7 күннен кейін басылып, эпидермистің түлеуі байқалады.
II-Эпидермис өледі, шағымдар I дәрежедегідей, бірақ ауру сезімі күшейеді, әсіресе түнде 2-3 күндей ауыру сезімі сақталады. Өлген эпидермис сыдырылып бір немесе бірнеше күлдіреуіктер түзіледі. Олар сары немесе геморрагиялық сұйықтықпен толған. Егер күлдіреуіктің қабығын сыдырса ауыратын ашық-қызыл дерма көрінеді.
II дәрежелі үсікте жаралар 10-15 күннен кейін эпителиймен жабылып жазылады.
ІІІ-Терінің барлық қабаты және жұмсақ тіндері өледі. Науқастар қатты және ұзақ ауыру сезіміне, парестезияға шағымданады. Іштері геморрагиялық сұйықтықпен толған күлдіреуік астындағы дерма қоңыр түсті болып келеді. Күлдіреуіктің орнына 6-7 күннен кейін қара түсті өлеттенген қабық пайда болады. Қабық 3-4 аптаның соңына таман сыпырылып түсіп, гранулденеді. Жиектік эпителизацияның біртіндеп жүруімен тыртық түзіліп барып жазылады.
IV-Жұмсақ тіндер өліп, сүйек жалаңаштанады. Кейде зақымда-нады. Шағымы III дәрежедегідей. Ісіну өлген тіндерден асып, таралып айқын көрінеді. Қабық түзіліп, біртіндеп түседі. Улану белгілері байқалып, науқастың жалпы жағдайы ауырлайды. Үсіктің III және IV дәрежелерінде 5-7 күннен кейін өлетті шекарасы көріне бастағаны анықталады.
Үсіктің IV дәрежесінде бет, мұрын, құлақ, ұрт, бет доғасының жұмсақ тіндері жойылуы мүмкін.
Бетке пластикалық (қалпына келтіру) оталар жасалған адамдар, әсіресе Филатов сабақшасын қолданғанда, суықтан сақтануы қажет. Филатов сабақшасы тіндердің суыққа сезімталдығы әрқашанда жоғары болады. Олар ауа температурасы — 5°С 2-3 сағат аралығында үсікке шалдығуы мүмкін.
Дұрыс және уақытында көрсетілген көмек үсік кезіндегі өзгерістердің жайылуын тежеуі мүмкін. Бұл тіндерге қан келуді қалпына келтіру жылдамдығына байланысты. Терінің зақымданған аймағы қызарып, жылынғанша қолмен жеңіл, жылы массаж жасау тиімді. Кейін теріні спиртпен немесе йодтың әлсіз тұнбасымен сүртіп, вазелин немесе басқа жылытатын таңғыш салған жөн. Үсіген жерді қармен уқалауға болмайды, себебі одан әрі салқындап, зақымдану ағымын ұлғайтады. Бұдан басқа қардың кристалдары теріні жырып тіндердің инфекциямен зақымдануына жағдай жасайды.
I дәрежеде біріншілік көмек көрсетілгеннен кейін арнайы емді қажет етпейді.
II дәрежелі үсікте көпіршіктердің бүтіндігін сақтауға тырысу қажет, өйткені оның астында жарақаттың эпителизациясы жүреді. Егер көпіршік ішіндегі сұйықтық іріңдесе, көпіршік алынады. Бет тіндерін құрамында антибиотик немесе антисептик бар май, эмульсиямен жабады.
III дәрежелі күйіктерде жарақаттың бетіне 5% йод тұнбасын жағады және қабықты алады. Жараның іріңдеуін болдырмау үшін жиі антисептик ерітінділерімен жуады. Қабық алынып, гранулденген соң ылғалды-құрғататын таңғыш салады, яғни жабық әдіспен жазылғанға дейін. Таңғышты сулау үшін антисептик ерітінділері қолданылады. Осы кезге дейін үсікті емдеу ашық әдіспен жүргізіледі. Үсік салдарынан ақауланған бет тіндері мен мүшелерді реконструктивті оталар көмегімен қалпына келтіру қажет. Үсікке шалдыққан науқастарға сіреспеге қарсы сарысу енгізген жөн.
Үсікке шалдыққан тіндердің төменгі температура әсеріне сезімталдығы жоғары келеді. Суық аз әсер еткен күнде де қайтадан үсуі мүмкін.