М. Көпеев шығармашылығы
Жүсіп Көпеев әкесі Көпейдің (шын аты - Көпжасар-Л.Ж.) 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында, Баянауыл, Қызылтау деген екі таудың «Ашамай тасы» деген жерінде, 1858 жылында, қазақша жыл аты «қой», арабша ай аты «ережеп» деген айда, жұма күні, түс бесін уақытында дүниеге келді. Туғанда азан шақырып койылған есімі – Адам Жүсіп. Кейіннен 9 жасында қисса – дастандарды айтып, ел көзіне түскен кезде жиынды шақырып отырған М. Шорманұлы Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен», - деп лепес қылуымен Мәшһүр Жүсіп атанып кетеді.
1865 жылдан 7 жасар кезінен халық әдебиеті үлгілерін жинай бастағанын анықтарлық дерек жанұялық архивте сақталған. Мәшһүр Жүсіптің жырлауындағы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Алтынбас-Күмісаяқ» жырларының варианттары бар. «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Сайын батыр», «Нәрік ұлы Шора батыр» да сүйікті жырлары болған. Әлкей Марғұлан жазбасында «Сүйіндік: Олжабай батыр» ертегісінде «Сақау ақынның айтуынан 1865 жылы жазып алған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы» деген мәлімет бар. Сонымен қатар ақынның мұрасын жинаушы Жолмұрат Жүсіпұлы жазбасында сабақ беруші Қамар хазіреттің бұл өңірге белгісіз төрт түрлі өлең-қисса әкелгендігі, оларды сегіз жасар шәкірт Мәшһүр-Жүсіптің қолжазбадан көшіріп, жаттап алып, ел-жұртқа жайғандығы әңгімеленеді.
1870 жылдары Хамеретдин хазіреттің медресесінбітіріп, мұсылманша орта білім алыпшығады. Ауыз әдебиеті нұсқаларымен ерте танысып, халықтық жыр - дастандарды жаттап өседі. Өзінің алғырлығын, сөз өнеріне бейімділігін ол ерте - ақ танытады. Ақындық жолға бой ұруы, түсуі - 15 жасында басталған.
Мәшһүр Жүсіп 1875 жылдан бастап біраз уақыт ауылда бала оқытып, қаражат жинайды. Білімін толықтыру мақсатымен 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Сосын оқуын Ташкентте жалғастырады. Осы жылдары Орта Азияны аралап, Самарқан, Ташкент, Түркістан, Бұқара т.б. қалаларда болды. Ол осы жылдары түрколог - академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап бастыру ісімен айналасты.
Мәшһүр Жүсіп 1887-1890 жылдары бірнеше рет Орта Азияны аралап, Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларында болады. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетінен сусындаған. Ол осы жылдары Қазанға сапарға аттанып, түрколог ғалымы В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысты. Кейін келе Мәшһүр қазақ фольклорының ең жүйелі жинақтаушысы болды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының саналы ғұмырында бір сәт те қолынан қаламы түсіп көрмеген, бір жағынан жазып, екінші жағынан өнер-ғылым үйреніп, жатпай-тұрмай ізденіп жүріп, Қазан төнкерісіне дейін 1907 жылы бір жылдың ішінде үш бірдей кітабы жарық көрген алғашқы «Хал-ахуал» кітабы төрт бөлімнен тұрады: 1. «Хал-ахуал» (208 жол), 2. «Баяннама» (248 жол), 3. «Патша хақында» (144 жол), «Ғибратнама» (4 бөлімнен тұрады).
Саяси лирикасы.«Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» деген өлең кітаптары.
«Бұлбұл мен қаршыға» деген романтикалық лирикасында ақын қаршыға арқылы би-болыстың, өлексе жеп тойынған жыртқыштардың типін берсе, соған қарама-қарсы ұзақ түнде атар таңды, қызыл гүлді аңсаған азаттық жыршысы бейнесін жасайды.
Өткіздім ұзақ түнді сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен.
Көрем деп қызыл гүлдің ашылғанын,
Ұзын түн зығырданым қайнауменен. Күн мен түнді қарсыластыруының төркіні терең.
«Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» деген сатиралық өлеңінде Мәшһүр Жүсіп би-болыс, ұлық қана емес, бүкіл патшалық тәртіпті сынайды.
Қотқа алып тексермейді қазақ сөзін.
Жіберер келемеждеп оның өзін
Дәнекер тамағына түспей қалса,
Әдейі қисайтады құрған тезін… Ақынның ұсынатын күрес жолы ғана емес, сонымен бірге оқу-білім жолы.
Мәшһүр шығармаларының көпшілігі заман жайын айтады, қазақтың жаман мінездерін, қазақ арасындағы феодализм қалдығын, би-болыстарды, патша өкіметінің чиновниктерін сынайды, сөйтіп халықты оянуға шақырады.
Жатқанда тәтті ұйқыда қазақ халқы,
Айрылмай жақсыменен жаман фарқы
Өнерге ұмтылайық, оқып жетіліп, мәдениетті, күшті ел болайық:
Білімге жабысайық көңіл қойып.
Ерлердің жұмысына жүрмін тойып...
Өнер – білімге жетілу арқылы теңдік бостандық аламыз:
Өнерге, білім, ғылым болсаң жерік,
Берілер ақыр бір күн басыңа ерік, -
дейді. Жалпы алғанда М өлеңдері қазақ халқының жан-күйін, заман жайын дұрыс аңғарады. Соған байланысты халықтың, оқығандардыңарманын, міндет мақсатын дәл түсінеді, айқын білдіреді.
1906 - 1907 жылдары - М. Ж. Көпейұлы шығармашылығының идеялық жағынан терендей түскен дәуірі. Бұл жылдары жазған шығармалары тегісінен қазақ халқының бостандық, саяси-экономикалық құқықтарымен байланысты болып келеді.
1912 жылы патша әкімшілігінің цензурасы назарына Мәшһүрдің 1907 жылы бастырылған кітаптары алынып, татар аудармашысының тәржімалауынан кейін 3 кітаптың екеуінің мазмұны Ресейдегі патша билігіне қарсы мақсатта жазылған деп танылып, 1912 жылы екінші рет басылған 3 кітап баспахананың өзінде «тұтқындалынып», 12 000 сом айып салынып, 14 кісі айыпқа тартылады. 1912 жылдан бастап қудалана бастағанда, өзінің жинаушылық жұмысын тоқтатпайды.
Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы жылдарында, дәлірек айтқанда, Кеңес өкіметінің тұсында өзінің жазған шығармалары мен ел аузынан жинап-терген ауыз әдебиеті үлгірлерін қағазға түсірумен шұғылданады. Ақын 1931 жылы өзінің ауылында дүниеден қайтады. Айта кететін бір жай - ол қайтыс боларынан бір жыл бұрын өкімет саясатына қарсы оғаштау бір мінез көрсетеді. Күні бұрын бейітін тұрғызып, жаназасын шығарып, өзінің көзі тірісінде өзіне ас бергізеді. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын», - деген сөзі дәл келеді. Осы бір жайлар ел арасында әңгіме аңыз боп тарап, ауыл адамдарды өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тауап өтуді, түнеуді шығарады. Ал, саяси идеология үстемдік құрған кезеңде бұл жағдай көпе-көрнеу ақынға пәле болып жабысты. Оның әдеби мұрасын тексеріп, дұрыс тануға көпке дейін залалын тигізеді.
М. Қалтаев шығармашылығы
Мақыш Қалтаев (1869-1916)
М.Қалтаев шығармашылығындағы діншілдік сарынның басымдылығы. Жалпы адамзаттық имандылыққа көбірек үндеуі. Дінді адам жанының рухани тазаруы ретінде ұсынуы. М.Қалтаев XX ғасырдың басында ең көп кітап жазған ақын екендігі.
М.Қалтаевтың «Қалтайұлының қазақ ахуалынан бәхас еткен манзұмасы» (1907), «Қазақтын айнасы» (1910), «Біраз ғибрат сөз» (1910), «Насихат қазақия» (1911), «Бар оқиға» (1912), «Тура жол» (1912) атты жинақтарына тән өзіндік ортақ тақырыптар бар екені. Татар ақындары З.Кәрими мен Ғ.Рашидиден аударған «Айна», «Сақ сұқ» өлеңдер жинағындағы төл туындылық белгілер.
Діни көзқарас жетегінде бола тұра Мақыштың өз кезінде замана шындығын дұрыс пайымдай білуі. Оның жинақтарына енген өлеңдерінде («Аалотондай адамдар кедей болып» т.б.) әлеуметтік теңсіздікті көре білуі. Ақынның дүние, тіршілікке өз көзқарасын білдіріп, өзіндік ой-пікір қорыта алуы. Шығармаларында алданы сүю, Мұхамметтің үмбеті болу тәрізді діни уағыздарды алға қою басым болуымен қатар, ой астарында өмірдің қиындығына төзу, басымдылығы. М.Қалтаев өлеңдерінде ұлттық мүдде жоғары қойылып, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жырлануы.
«Қазақтың айнасы», «Біраз ғибрат сөз» жинақтарының сөз жүйелілігі, сапасы жоғарлығы. «Біраз ғибрат сөз» жинағындағы мысал өлеңдерінің («Есектің ойнауы», «Аз үмітпен көп зарар берер», «Бал құрты мен шыбын», «Жақсылыққа жамандық», «Пақырлық пен Байлық» т.б.) тәрбиелік мәні.
М.Қалтаев шығармашылығына тән басты ерекшелік адамдық, адамгершілік қасиеттерді ардақтап, жалпыға ортақ ілгершілікті қолдайтыны. Мақыш Қалтаевтің өмірден түйгендерін, оқыған-білген нәрселерін қарапайым қазақы тілмен ұйқас, ырғаққа түсіріп, баяндау тәсілінде жазуға бейім екені. М.Қалтаев поэзиясының идеялық маңыздылығы, мазмұн байлығы, көбіне уақыт тынысын дәл танып, күрделі ойларды арқау еткен пікірлер толғайтыны.
М.Қалтаев поэзиясында жалаң дидактиканың көрініс беріп қалуы. Ақынның тіл шұбарлығына жол беріп алатындығы. Өлең жолдары Араб, Парсы, Татар тілдеріндегі сөздермен араласып, қазақ тіліне тән ұйқас, үндестік заңдарының бұзылып отыратындығы.
Жалпы алғанда, М.Қалтаевтың өз дәуіріндегі күрделі мәселелерді қозғап, халықты оятуға күш салып, өнер-ғылымды насихаттап ағартушылық әдебиетке елеулі үлес қосқаны.
Б. Кенжебаев - XX ғ.б. әдебиетін зерттеуші
Бейсенбай Кенжебаев (04.10.1904, Бөген ауылы, Ордабасы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы – 17.07.1987, Алматы қаласы) – ғалым, филология ғылымының докторы (1959), профессор (1961).
Мірбаяны
· 1925 - Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Әдебиет институтының 2-курсын,
· 1942 - ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) бітірген.
«Жас қайрат», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш», 1923–28), «Кеңес туы» (1929–30), «Оңтүстік Қазақстан» (1932–33), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан», 1928–29, 1931–32, 1933–35), т.б. газет-журналдарда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор,
· 1938–1941 - «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомостарында» аудармашы,
· 1941–1944 - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып қызмет істеген.
· 1961 - жылдан ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі.
· 1975–1987 жылдары осы университетте профессор болды.
«ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары (монография бойынша)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Кенжебаев – қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Жамбыл Жабаев, М.Сералин, М.О.Әуезов, С.Шәріповтің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын» (1967) жариялады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан (19 ғ.) басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.[1]
Еңбектері
· «Көне әдебиет туралы» (1969),
· «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1973) атты еңбектерін жазды.
· «Қазақ әдебиеті тарихы» (1948) кітабының фольклорға қатысты тарауларын жазып,
· «Жамбыл Жабаев – қазақ халқының жыршысы» (1955),
· «Біржан сал мен Сараның айтысқаны» (1955), т.б. зерттеулерін жариялады.
· «Тымпи» (1943, 1981),
· «Көңіл ашар» (1971) сатиралық фольклор мұраларын бастырды.
Кенжебаев – көркем проза («Асау жүрек», 1928) және аударма саласында да (Г.Мопассан, Э.Хемингуэй, Лу Синь, Я.Гашек, А.П.Чехов, т.б. жазушылардың әңгімелері) еңбек етті. А.С.Пушкин шығармаларының қазақша библиографиялық көрсеткішін (М.М.Фетисовпен бірге) жасады. Бірнеше орденмен және медальдармен марапатталған.
Қазақ әдебиетінің қалыптасу жолында әдебиет сыншыларының еңбегі – өз алдына бір сала. Сондай әдебиет сыншысының бірі – Б.Кенжебаев. Б.Кенжебаев – қазақ әдебиет сынына жиырмасыншы жылдары келіп араласты.
Хронологиялық тұрғыдан алғанда, ол – алдымен ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби процесін саралаған сыншы ретінде көрінеді. «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы» (1961), «Жиырмасыншы жылдардағы әдеби сын мәселелері» (1959), «Октябрьдің бел баласы» (1956), «Тар жол, тайғақ кешу» (1961), «Терең талант» (1958), «Ақын Ілияс» (1965), «Абай» (1942), «Абай жолы» (1963), «Жазушы Сабыр» (1960) т.б. көптеген ірілі-ұсақты еңбегі осы кезең әдеби процесіне арналған. Олардың арасында белгілі бір кезеңге арналған монография да («Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиеті»), жеке жанр табиғатын қаузайтын («Фельетон және заман») теориялық оймен сабақтасқан зерттеу, әйтпесе көрнекті бір ақын шығармашылығын қарастыратын («Ғалидың ақындығы») әдеби сын очерк, қатар ғұмыр кешкен ақын-жазушылар жайында жазылған әдеби-сын естеліктер, әйгілі қаламгерлер жайлы әдеби портреттер де бар. Сонымен қатар ғалым С.Қирабаев, Ә.Нарымбетов, С.Ордалиев секілді ізбасар шәкірттерімен бірге әр кезде «Қазақ совет әдебиетінің программасын» [1]түзіп, жазған. Аталғанеңбектердің ішінде ерекше орын алатыны, әрине, «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті».
Қазақ әдебиетінің тарихын бес дәуірге жіктеген ғалым енді жоғарыда аталған еңбекте қазақ совет әдебиетінің тарихын бірнеше дәуірге бөліп, жіктей қарастырады. Ғалымның дәуірлеу жүйесі төмендегідей:
Б.Кенжебаевтың зерттеулерінің құндылығы екі бағытта деп білеміз:
- «кіші» дарындардың әдеби процестегі орнын анықтап, әдебиет тарихына енгізуі – ғылыми әдептілігі, сыншы ретіндегі турашылдығы.
- кейінгі ұрпаққа «кіші» дарындар әдеби мұрасын жеткізу, зерттеуге шақыру, ой салу.
С. Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы
Ақынның кейінгі жылдарға дейін тыйым салыньш келген тағы бір поэмасы — "Айтыс". Поэма қала ақыны мен дала ақынның айтысы түрінде жазылған. Бір-бірімен пікір жарыстырып, сөз таластырған екі ақынның аузымен қазақтың өмір шындығы ашылады. Бұл поэма — ақынның соңғы әрі аяқталмай қалған шығармасы. Поэмада Сұлтанмахмұт дала ақынының сөзін алдыңғы кезекке шығарып, соның аузынан қазақтың жерін, табиғатын, елін, бұрынғы-соңғы өткен батырлары мен басшыларын, ақындарын, дінін, салт-дәстүрлерін мақтан ете жырлайды.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын,
— деген ақын сөздерінде өзінің халқына деген перзенттік, азаматтық мақтанышы сезіледі. Қазақтың тілінің, дүниетанымының, ой-өрісінің биіктігін жырға қосып, оны данышпанға, пайғамбарға теңейді.
Сұлтанмахмұттың дала ақыны, ең алдымен, халқының дарқан көңілін, мол пейілін, кең дастарқанын, ізгі әдет-ғұрыптарын айтып мақтанады. "Күнде қонақ келуден тыйылмаған, дастарқаны бір мезгіл жиылмаған" қазақтың кең пейілін, ақ көңілін ақын қала адамдарының арам пиғылды, әр нәрседен пайда табуды ойлайтын психологиясына қарсы қояды.
Кедейден де көреді итін жақсы,
Байыса, не ұлық боп сіздің халық,
—дейді ол қала ақынына. Жалпы алғанда, Сұлтанмахмұт поэмадағы дала ақынының аузымен не айтса да, оны қаланың өміріне қарсы қояды. Ал қала ақынының сөзі арқылы ауыл тірпшгігіндегі кемшіліктерді орынды сынайды.
Қайнаған намыс үшін жүрек бар ма?
Бұрқ еткен бір ауыздан тілек бар ма?
Ел болып, еркін жасап кетпек үшін
Ынтымақ, бірлік деген тірек бар ма?
— деп сауал қояды қала ақыны дала ақынына. Бұл сол кездегі қазақ жұртының бойынан табылмай жатқан ең басты әлеуметтік кесел болатын. Ынтымақ, бірлік жоқ жерде кеудеңді қанша қаққанмен, жақсылыққа жете алмайсың дегенді тұспалдайды ақын. Шындығында да өткен өмірің, батырларың мен ерлерің де, салт-дәстүрлерің де жақсы шығар, ал қазір жаңаша заман туды, өз болашағың үшін күресуің керек, соған шамаң бар ма? Күресу үшін не қажет? Ең алдымен — ынтымақ, бірлік керек! Содан соң ел ішіндегі алауыздықты жою керек. Әркім өз бойындағы кемшіліктерінен арылуға тиіс.
Әркім өзін түземей, ел оңбайды,
Біреудің теріс деумен қылған ісін.
Ел оңсын десең, әуелі өзіңді оңда,
Өзіңді біл, өзіңе әбден түсін.
Қала ақынының аузына Сұлтанмахмұт осы тәрізді ғибратты да ойлы сөздер салады. Қала ақыны қазақ тұрмысына жаңа еніп келе жатқан қаланың өмірін, өнерін, білімін, келешегін мақтан тұтады.
Поэмада екі ақынның бір-бірімен сөз қағыстыруы, пікір таластыруы ғана емес, баршаға ортақ биік мұратқа жетелейтін терең ойлары да баршылық. Сұлтанмахмұт сол арқылы туған халкының бар асылын, қымбат рухани қазынасын паш етеді. Өзінің жүрегіндегі перзенттік патриотизмін жайып салады.
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен: "құлыным", "жаным" деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
"Апа" деген сүйгендік сөз ем менен,— деген жолдар бір ғана қазақ баласының айтар сөзі емес, қай халық үшін де ең асыл, ең ардақты ойлар болса керек.
Қорыта айтқанда, Сұлтанмахмұттың "Айтыс" поэмасы — қазақтың ұлттық психологиясынан туған шығарма. Ол, ең алдымен, ұлтын сүюге, халқының асыл мұраларын ардақтауға, елінің болашағын көксеуге үйретеді. Ол—заңды. Өйткені нағыз поэзия, шынайы шығарма қашанда алдымен өз халқына, ұлтына, сол арқылы бүкіл адамзат баласына қызмет етпек.
Нарманбет Орманбетовтың шығармашылығы
Ақындық кұдіреті айрықша сөз етуге тұрарлық Нарманбет 1860 жылдың аяқ шенінде Балқаш көлінің солтүстік жағына таман тым ентелеп, жақын келетін Тоқырауынның әлгі аталған шұрайлы өңірінде дүниеге келіпті. Оның арғы атасы Арғын руы ішіндегі Дадан Тобықтыға жатады. Әйгілі Кеңгірбай бидің тұстасы Қараменде би оның ең үлкен бабасы боп табылады. Әкесі Орманбет те орақ тілді шешен білікті би болыпты. Ол Сарыарқадағы көне тайпа Қаракесектен тарайтын Керней елінің Балта-Түйте руына жататын белгілі Бәкі ақынның өнерпаз әнші қызы Балбырауынға үйленген. Одан Нарманбет, Аллаберді, Тілеуберді, Бөден, Қаппар, Қасым, Мұса, Хикмет деген сегіз ұл, Быжыхан, Тауық деген екі қыз туған. Бұлардың ішінде жас қырандай көкке өрлегені Нарекең екен.
Қазан төңкерісінің алдындағы кезеңде Нарекең біраз жыл өзінің туған өлкесі—Тоқырауын-Балқаш елінде болыстық қызмет атқарыпты. 1917 жылдың наурыз айында Қарқаралының уездік соты болып тағайындалыпты. Алайда, асыл ағамыз дәл 58 жасында, 1918 жылы күзге салым қылтамақ дертіне душар болып, жарық әлеммен қоштасыпты.
Нарманбет өлең шығаруды 13-14 жасында бастаған. Көбінесе ұлы Абайға еліктеген. Оның жазып қалдырған қыруар рухани мұраларының қай-қайсысын оқысақта, тұнып тұрған шындық, нағыз әдеби көркемдік. Сөзімді дәлелдеу үшін Нарекеңнің "Замана" деген өлеңінен мысал келтірейін:
Болмайды қарға лашын қазды қуып,
Қояннан қой жемейді бөрі туып.
Бұл күнде қойға жетпес кей торылар,
Тұлпардың жібермейді алдын буып.
Сыр түймес мағынасын білмегендер,
Шат болды өмірінде күлмегендер.
Тұғырға ие болып, тояттайды,
Қаз түгіл, кара торғай ілмегендер.
Бай озды, қамал бұзған батырдан да,
Ақша озды, бұл заманда ақылдан да.
Жетісіп жанның бәрі ербеңдейді,
Япыр-ау, дария кеміп, тарылған ба?!
Қай уақыт, қай дәуірде болса да, мағы-
насы мен құндылығы әсте кемімейтін, те-
реңнен өрілген не деген тартымды, қоным-
ды өлеңдер!..
Мықты ақындығымен танылған ойшыл, шешен адамдар халықтын құрметіне ерте бөленеді. Нарекең сондай үлгілі де өнерпаз саңлақтардың бірі. Оның өр өлеңі терең ой- түйінге құрылған, маржандай тізілген сөздері көркемдігімен оқырманды таң қалдырады. Ол өлеңді үйлесімді, айшықты етіп өреді. Қай шумағын оқысаң да сүйсінбеске ерік қоймайды. Міне, ел аузынан түспейтін, атақты "Сарыарқа мен қоштасу" деген тамаша өлеңінің бірнеше шумағын оқып көрелік:
Көк майса, көкорай шалғын шөбің қайда?
Көкқасқа бетегең жоқ, түбі майда.
Қызғалдақ қызыл-жасыл, көк балдырған,
Балауса бал татыған бар ма сайда?
Басы бос паналауға бұлақ бар ма?
Жанатын жарық сәуле шырақ бар ма?
Ахуалын заманының мен айтатын,
Тындайтын құмарланып құлақ бар ма?
Кең дала кеткенің бе, кер бетеге?
Бұл жерде бала туып, ер жете ме?
Суырдай іннен шыққан сүмірейіп,
Дариға-ай мекенінен ел кете ме?
Нарекең қырықтан асып, жер ортасына тақалғанда ақындық шеберлігі барынша шындала түскен. Нарманбет поэзиясында Абай негізін қалаған реалистік ағым әруақытта сезіліп тұрады. Жалпы өмір шындығын, заман құбылыстарын ол да Абайға тән шеберлікпен бейнелеген.
Арғымақтың белгісі—
Айғай шықса қарғымақ!..
Дүбір шықты сарындап,
Қалған өмір тым қысқа,
Артыңа қалдыр бір нұсқа,
Босқа жүрмей дарылдап
Қарап тұрған халқыңды,
Қайратыңа зар қылма.
XX ғасырдың 20-30 жылдарындагы қазақ драматургиясы
Республикада алғашқылардың бірі болып ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту және насихаттау ісімен айналысқан Түркістан өлкесіндегі «Талап» қоғамы. Басқарманың құрылтайшысы және жетекшілері жазушы М.Әуезов, этнограф Ә.Диваев, профессорлар Х.Досмұхамедов, А.Шмидт, Н. Архангельский, М. Тынышпаев, М. Есболов, И. Тоқтыбаев, Қ. Тыныстановтар болды. Қоғам Жарғысының жобасын Түркістан ағарту ісі жөніндегі халық комиссариаты мемлекеттік ғалымдар кеңесі бекітті. 1923 жылы 4 желтоқсандағы «Талап» қоғамының мақсаты мен қызмет шеңбері төмендегідей болды:
· қазақ әдеби тілінің, терминологиясы мен орфографиясы, т.б. мәселелерін қарастыру; І
· ұлттық өнерді зерттеу;
· қазақ халқының тарихы мен тұрмысын зерттеу;
· қазақ мектептерінде оқыту мәселелерін қарастыру;
· қазақ ғылыми қызметкерлері мен қазақ өнері қайраткерлеріне көмек көрсету.
Қоғам құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М Дулатұлы, Қ.Кемеңгеров, т.б. енді.
Осы кезеңде жаңа кеңестік әдебиет қалыптаса бастайды. Оның Қазақстандағы өкілдері С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Ізтөлин жөнө т.б. болды. Олардың шығармашылығы айқын социалистік реализм және пролетарлық интернационализм ұстанымына негізделді.
Мәдениеттегі кез келген құбылыс таптық, пролетарлық күрес тұрғысынан бағаланды. Халық шығармашылығының көптеген түрлері, мысалы, «Едіге», «Қобыланды батыр» реакцияшыл, ұлтшылдық көзқарастағы шығарма деп жарияланды. А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы қуғынға ұшырады. Абай шығармалары талқылауға түсті.
Басқа жанрлардың арасында бірінші орынға саяси лирика шығарылды. Кеңестік жарқын шындықты жабырқау өткен өмірмен салыстыру тәсілі кең қолданысқа енді. ҚазАПП қызметінде қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті дәстүрлерін жоққа шығару көзқарасы барған сайын белең ала бастады.
Қазақ көркем әдебиетіндегі осы екі ағым арасында 1922—1923 жылдары, содан соң 1926-1928 жылдары қызу пікірталас болып өтті. 20-жылдардың ортасы мен соңында қазақ әдебиетіне Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов секілді талантты жастар келіп, кеңес адамдарының — ауыл және қала еңбеккерлерінің бейнесін жасады. Қазақ кеңес ақын-жазушыларының шығармашылығында В.И.Ленин бейнесі жеке тақырыпқа айналды.
1934 жылы 12—18 маусым күндері Қазақстан жазушыларының I съезі өтіп, онда идеялық тәрбие жүргізудегі қуатты құрал кеңестік әдебиет болуы керек екендігі баса айтылды.
Қазақ кеңес әдебиеті фольклор дәстүріне сүйенді. Мәселен, Жамбыл Жабаев (1846—1945 жылдары) шығармаларында ел өмірінің айтулы оқиғалары көрініс тапты. Жаңа өмір мен кеңес адамдарын ақын Нүрпейіс Байғанин (1860—1945 жылдары) өзінің эпостық жырларына арқау етті. Иса Байзақов (1900—1946 жылдары) шығармашылығы нағыз халықтық мәнге ие болды.
20—30-жылдар қазақ кеңес әдебиетінде проза, драматургия және әдеби сын сияқты жаңа жанрлар дамыған кезең болды. І.Жансүгіров «Жолдастар» романын жазды, С.Мұқанов «Байдың ұлы», «Достар», «Ботагөз» романдарын тудырды. Қазақ драматургиясын дамытуда Мұхтар Әуезовтің рөлі зор. Қазақ театр өнерінің дамуы оның есімімен тығыз байланысты.
Ж. Аймауытовтың «Шернияз» пъесасы
Жазушы творчествосының бір саласы - драматургиялық шығармалары болып табылады. Сонау ертеректе семинария қабырғасынан бастау алған бұл өнерден ол өмір бойы қол үзген жоқ. Оның драматургиялық шығармалары кезінде театр, клуб сахналарында жиі қойылып тұрған, тіпті кейбіреуі кезінде бәйге де алған. 1926 жылы қазақтың ұлт театрының репертуарын жандандыру мақсатымен Білім ордасының жариялаған бәйгесіне түскен 32 пьесаның ішінен Ж. Аймауытовтың «Шернияз» атты пьесасы - Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Қарагөз» пьесасынан кейінгі жүлделі екінші орынға ие болыпты. Сол тұста сегіз қырлы өнерпаз Жүсіпбекті ұлт театрына жұмысқа шақырып, баспасөз бетінде хабар жариялаған екен: «Ұлт театрының жұмысын жандандыру қамы үшін Орынбордағы - Қазақстан Орталық кеңес комитеті атындағы әскерлік мектептің оқытушысы - Аймауытов Жүсіпбек шақырылып отыр».
Жүсіпбек - бұрын театр кітаптарын, басқа кітаптарды жазып жүрген азын-аулақ әдебиет қайраткерлерінің бірі («Еңбекші қазақ», 1926 ж. 20 ғинуар, №15) Қазақ өнерінің дамуына жан-тәнімен аянбай еңбек еткен драматургтың қазірде белгілі пьесаларының саны оннан астам: «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рабиға», «Жәбір болыс», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз», «Қанафия - Шарбану» және аударма пьесалары - «Тас мейман», «Сараң сері», «Октябрь» т.б. Бұлардың кейбіреуі әр жылдары кітап болып басылып та шыққан. Жүсіпбек Аймауытов театр өнеріне драмалық шығармалар ұсынып қоюмен шектелмей, үздік пьесаларды сахнаға қоюшы тамаша режиссер да болыпты. Бұл жөнінде қазақ мәдениетін көп білетін марқұм Әшірбек Бектасов ақсақал өзінің белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровқа қазақ мәдениеті мен әдебиеті турасында 1964 жылы жазған ұзақ хатында Жүсіпбек Аймауытовқа арнайы тоқталып: «...Аймауытов Жүсіпбектің 1926 жылы Семейдің қатты аязы күндері көп қиыншылықпен театрдың сахнасында Мұхтардың «Қарагөзін» көрсеткені... Марқұм Аймауытов қойған Мұхтардың «Қарагөзін» дәл сондай етіп, ешкім де қоймас. Алматыда қойылған «Қарагөз» Жүсіпбектің «Қарагөзінің» ширегінен де келмейді. Осы екі «Қарагөздің» екеуін де бірдей көрген көзі тірі азғантай адамның бірі менмін. Ойын біткен соң, Шымкенттен әдейі «Қарагөзді» қоюға келген Жүсіпбекті ол замандағы Луначарский атындағы қазақ театр клубының төріне шығарып қойып, шапалақтаған алақандарының даусы менің осы күнге дейін құлағымда сияқты болады да тұрады...» деп толғайды. Әшірбек ақсақал өз хатында ғазиз інісі Ілияс Омаровтан Жүсіпбекті ақтау керектігін, оған қол ұшын беруді өтініп: «...Ол кісіні М. Горький 1924-1925 жылдары қазақ әдебиетінің биік шыңы да депті...» деп үміт арта, жігер бере жазыпты...»
Жүсіпбек Аймауытовтың қаламгершілік қуатын молынан танытқан жемісті еңбектерінің бірі - аударма өнері. Заман талабы, оқырман сұранысына орай, туған әдебиетке үлгі-өрнек іздей жүріп, Жүсіпбек арғысы дүниежүзілік, бергісі орыс әдебиетінен тамаша аудармалар жасады. Ол аударған Мопассан әңгімелері, Рабиндрант Тагордың «Дәмелі» («Тамилла») романы, Кондрат Беркович, Джек Лондон, А.С. Пушкин, Н.В. Гоголь, М. Горький т. б. әйгілі жазушылардың шығармалары қазақ әдебиеті тарихындағы аударма өнерінің жарқын белестері болып саналары ақиқат.
Алғашқы творчестволық қадамын өлеңнен бастаған Жүсіпбек соңына біраз поэзиялық туындылар қалдырды. Оның поэзиялық мұрасы төл туындылары мен аудармалардан тұрады. Жүсіпбек өлеңдері әр жылдарда газет-журналдар, түрлі жыр жинақтарында басылғаны болмаса, жиналып, жеке кітап болып шыққан емес. Ертеректе жарық көрген «Көшу», «Ұршық», «Жәмила», «Ах-ха-ха-хау», «Тұңғиық, түпсіз астында» т.б. өлеңдері елеп, ескеруге тұратын құнды туындылар. Жүсіпбектің пролетариат көсемі В. И. Лениннің қазасына шығарған жоқтау өлеңі - қазақ ленинианасында өзіндік орнын алатын қайталанбас өрнегі бар жыр. Ол дүниежүзі пролетариатының гимні «Интернационалды» бірінші болып ана тілімізге аударды.
Жазушының публицистикалық шығармалары өзінің сан-сала тақырыпты қамтумен, өткірлігімен, ғылымилығымен, молдығымен ерекшеленеді.
М. Жұмабаевтың «Ертегі» поэмасы
Бүгін жаным өртке оранған жанға ұқсап,
Бүгін жаным тым аңсады от құшақ.
Жынды жүрек тығылады аузыма,
Тілім-тілім тілсе келіп у пышақ...
Бүгін жүрек отты қарақ іздейді,
Бүгін жүрек күшті арақ іздейді.
Құшар едім... ішер едім... жылар ем...
«Сен» деуші жоқ, Бәрі де шет: «Сіз» дейді...
Аласұрад, жынданады жас жүрек,
Қарақ керек. Арақ керек! He керек!
Бәрі де жоқ, жалғыз жолдас - қиялым,
Жұбатады айтып маған тәтгі ертек...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен...
Хан Абылай немересі Кене хан
Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен.
Ертедегі адамдардың бәрі де ер,
Түн жағында ел бар екен орыс дер.
Орыс елі Арқаға қол салған соң,
Жас Кененің жүрегінде қалың шер.
Елім дейді, жерім дейді, жанады,
Жеткіншегі Ер Наурызбай баланы
Ертіп алып, қорғамақ боп қазағын,
Абылайдың ала туын алады.
Ту алады, орыс елін шабады,
Ер талмайды, аста тұлпар талады.
Ел-жұрт іздеп Алатауға барғанда
Өз бауыры қырғыздан қаза табады...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Есіл Кене заулап жанған өрт екен.
Жас бөріден, сол ерінен айрылып,
Алты алаштың жүрегінде дерт екен.
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Хан Кене өлді, Науан да өлді ақбөкен.
Тұлпар өлсе, қалмай ма оның тұяғы,
Тартып туған артында ұлы жоқ па екен?!
Кене артында жас арыстан Сыздық бар,
Төс үстінде желкілдеген қара жал.
Ерден туған ердің жолын қуады:
Ер иманы - ел, айнымайтын елім - жар.
Жап-жас Сыздық қорғамақ боп қазағын,
Ту көтеріп, қарға ілді садағын.
Балаусасың қанды майдан көрмеген,
Құтты қадам болғай еді, қарағым!
Сыздық батыр тұлпар атын ерттеген,
«Алты алашым, енді маған ер!»- деген.
Көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаш,
Алты алаштан алты адам да ермеген.
Алты алаштан алты адам да ермеген...
Алаш сорлы келешегін көрмеген.
Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,
Қайран Сыздық құса болды шерменен.
Қайран Сыздық елден үміт үзеді,
Жап-жас Сыздық елден, үйден безеді.
Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп,
Түркістанның бетпақ шөлін кезеді...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Сыздық ердің жүрегі шер, дерт екен...
Арып-ашып бір қопаның бойына
Келген кезде - қас қарайған, ымырт екен.
Қараңғы түн жерге кебін төседі,
Қонайын деп Сыздық аттан түседі.
Қоректенбек болып жатар алдында,
Қанжығадан қос қоржынын шешеді.
Қоржын іші бөлек-бөлек қалта бар,
Қалта толған мейіздейін малта бар.
«Шөл далада жалғыз отыр ер балаң,
Жел-ау, жел-ау, алты алашқа айта бар!»
Мойынға алса, адам көнбек қиынға,
Жалғыз өзі қалың қопа бойында
Шақпақ шағып, от тұтатып Сыздық ер
Отыр еді, ешнәрсе жоқ ойында.
Түкті қабақ жауып түскен көзіне,
Ұшқын шашып, от ойнап тұр көзінде.
Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара
Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.
Қол - иекте, басы төмен иілген,
Тегі, ойда ғой батыр жаны күйінген...
Бір мезгілде... сылдыр-сылдыр... қамыстар,
Жел ме әлде қамысты құшып иірген...
Жел білінбейд, сылдыр... сылдыр... көп қамыс.
Сылдыр... сылдыр... жақындады жат дыбыс.
Дыбыс тынды. Бұ не болды? He екен?
Әлде ерге шапқалы тұр жолбарыс?
Сол мезетте қамыс ақырын ашылды,
Әлдекімге тәжім қылып, бас ұрды.
Ай мен күндей бір келіншек сыланған
Шыға келді, балқып нұры шашылды.
Сыздық отыр ой ұшына шыға алмай,
Кім екенін, не болғанын ұға алмай.
Сылаңдаған сұлу келіншек келді де,
Амандасты қолын жеңнен шығармай.
Жеңін беріп сұлу келіншек сылаңдап,
Тал шыбықтай жүзге иіліп бұраңдап,
Сызылып қана жанған оттың басына
Отырды ақырын жұлдыздайын жымыңдап.
Сыздық сонда кәрмен қабақ түйеді,
Сұлу келіншек босатпады жүйені.
Көзінен от, қабағынан қар жауды,
Бір көз салып, кім екенін түйеді.
Хас батыр ғой, қысылмады, саспады,
Сынамаққа бір малта алып тастады.
Сұлу келіншек былқ-сылқ етіп қылмыңдап,
Малтаны алды, жеңін тағы ашпады.
Көңіл түйген нәрсе енді болды анық,
Сыздық батыр қабағынан қар жауып,
Келіншекке қаһарменен: «Кет!»- деді,
Беліндегі садағын шешіп қолға алып.
Сұлу келіншек «хи-хи-хи» деп күлгендей,
Дыбысы шықпай, ішегі қатып өлгендей,
Былқ-сылқ етіп түрегелді судырап,
Судыр-судыр жансыз жібек жүргендей.
Сылдыр-сылдыр сыбырласты көп қамыс,
Тек тұрмайтын, жыбырлайтын желауыз.
Сылаң-сылаң сұлу келіншек жоқ болды,
Сыбыр тынды. Жыбыр қалды. Жоқ дыбыс...
Отқа қарап отыр Сыздық, көзі - от,
Қарасады, арбасады от пен от.
Айнала өлім. Құм жамылған үнсіз шөл,
Күбірлейтін, жыбырлайтын жел де жоқ.
Құм астында демі біткен бетпақ шөл,
Сұлу келіншек - жезтырнақ қой қанішер.
«Тырнағымды көрсе, біліп қалад»,- деп,
Жеңнен қолын шығармаған мәні сол.
Жезтырнақтың тырнағы бар өткір жез,
Алып, күшті, жүгіріп кетсе, желден тез.
Пері менен диюдың ойнас баласы...
Бола алады аң да, құс та, шал да, қыз.
Бүгін келіншек болып кепті Сыздыққа,
Алдап-арбап батпақшы ғой қызыққа.
Жемекші ғой өлтірген соң қытықтап,
Ер жүрегін малып-малып тұздыққа.
Қырмызы ерні қыбырлады батырдың:
«Heгe әлі мен «Кет!» деп соған ақырдым?
Күлген болып, көнген болып, әурелеп,
Ойынын көру керек еді пақырдың.
Сөз жоқ, енді ол намыстанып, арланып,
Кетті ыза боп: «Қап, бәлем!..»- деп қарғанып.
Біраздан соң, түн ортасы кезінде
Келмес пе екен дауылданып, кәрленіп»,-
Деді-дағы ер қараңды жан-жаққа,
Маң-маң басып жүріп біраз ар жақта,
Тауып алды дөңбектей бір қара тас,
Ер қолына дөңбек тасың қаңбақ та!
Дем шығарма, салса да тас салмағын,
Қары түгіл, ауыртады бармағын.
От басына тастады да, дөңбекке
Сыздық батыр жапты қара қапталын.
Атын алып кетті өзі анадай,
Сескеніп бір жан-жағына қарамай.
Тұсаулы аттың тасасында отырды,
Бұғып қана қонған қойшы баладай.
Ашыққан ат үзіп жатыр күріс-күріс,
Ол үзгені тырбық-тырбық баялыш.
Айнала - өлім, жыбырлаған жел де жоқ,
Естіледі жалғыз ғана дем алыс.
Естімейді құлақ ешбір тықырды,
Әлде пері әпсүн оқып түкірді?
Бетпақ шөлдің көгі де бір сұр кебік,
Айы нұрсыз, жұлдызы үнсіз сықылды.
Тым болмаса, сылдырласа қамыстар!..
«Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...»
Шулаған аң, шұбырған мал, шалқар көл,
Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар.
Сыздық мынау елден безген ел үшін...
Сыздық мынау шөлге көмген жас күшін...
Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көшер...
Жүректе у... жарып қарар кім ішін...
Өлер батыр... тастар оны құм көміп...
Қарға-құзғын үстінде жүрер үңіліп...
Сыздық өлер... алаш құрыр... есіл ер...
Бір мезгілде кетті ме көзі ілініп.
Бір мезгілде жындай ойнап жел шықты.
«Фию-фию» деді. Тілін кім ұқты?
Сыбырлады, жыбырлады жорғалап,
Шөл шулатып, құм аузына құм тықты.
«Фию-фию, фию-фию» есті жел.
Бұғып жатқан баялышты құшты жел.
«Жынды неме, мұның не?»- деп, мырсылдап,
Селк-селк күліп, селкілдеді сексеуіл.
Сылдыр-сылдыр қамыс басты сылдырға,
Жел сүйсе оны, жан кіреді құрғырға.
Жел - жас жігіт, қамыс - қыз ғой көңілшек,
Еркі қалып, салған «қойшы, кұрғырға».
Уледі жел, дауылға ол айналды,
Көкке қою қара бұлттар байланды.
Қыбырлады тұншығып жатқан құмшықтар,
Серпілді де, ер садағын қолға алды.
Әр дыбысқа енді құлақ түрулі,
Көз тігілді, қолда садақ құруы.
Жезтырнақ қой келе жатқан кәрленіп,
Дию ашулы, пері жүріс, жын шулы
Сол секундта жаншып жап-жас қамысты,
Жындай, түндей қап-қара бір албасты
Жымып қана келді дөңбек жанына,
Сол секундта батыр көзін қан басты.
Тартайын деп оңтайланды садағын,
Сонда албасты: «Ә-ә, Сыздық қарағым,
Жатырмысың ұйықтап қаннен-қаперсіз?!
Мына маған қалай кәрмен қарадың?!
Келдім. Кеттім. Орныңнан да тұрмадың!
Кім ұмытар сенің тұқымың қылғанын.
Кене - әкемді, Абылай ағамды өлтірді,
Балам, сенің құрытайын ұрпағың!»-
Деді де ол, көзі оттай жайнады,
Жез тырнағын өз тісіне қайрады.
Қайрады да көмді тасқа тырнағын...
Ессіз шіркін қайдан білсін айланы.
Сол арада «талдау жердің тұсы» деп,
Сол арада «дәл жүректің басы» деп,
Көзі қан боп, қарт бурадай қалшылдап,
Дәлдеп тұрып тартып қалды ер Сыздық.
Тырнақ тіліп тас шыңғырып - «шақ!» деді,
Сол секундта тартылды садақ -«тақ!» деді.
Тәлтіректеп, аузынан кесек қан атып,
Жезтырнағым «аһ» деді де, «қап!» деді.
«Сыздық сұм-ай, орарыңды біліп ем,
Ордың да сен тындың. Болды тілегің.
Бір сұрауым: тағы да атар ер болсаң,
Бір оғыңмен азаптанып өлемін».
Сөз орнына Сыздық сақ-сақ күледі,
Екі атса ғой Тырнаққа Құдай береді!
Біраз тұрып, тәлтіректеп жезтырнақ,
Сүйретіліп қопаға қарай жөнелді.
Жол берді оған, қамыс тағы ашылды,
Намысы жоқ қамыс тағы бас ұрды.
Біраз сыбыр. Біраз жыбыр. Дыбыс жоқ.
Көк айықты, жел де енді басылды.
Ешбір үн жоқ. Үнсіз өлік - бетпақ шөл,
Жыбыр-жыбыр. Жанын берді, өлді жел.
Тұншыққан құм. Мәңгі бұққан баялыш,
Қатып қалған, селкілдемейд сексеуіл.
Айнала өлім, шеті-шексіз шөл де шөл...
Шөл мен өлім арасында бір-ақ жол.
Ер Сыздықты тағы ойлар биледі,
Иекте тұр жаңа садақ тартқан қол.
Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...
Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар...
Есіл елді, есіл жерді жат алды...
Ойлы ұлына бұл кең дүние болды тар.
Ойлар басты, жүйрік жанға ой батты...
Ұзамады, ағарып ақырын таң атты.
Ұры ойлар жанды жеді, қанатты,
Тарам-тарам алма беттен жас ақты...
Күні кеше айбынды Абылай бабасы,
Ақылы кең, алты алаштың ағасы,
Шын хан еді-ау, қорғаны еді-ау қазақтың,
Өлді Абылай, солды қазақ даласы.
Өз әкесі Кенесары кім еді?
Заулаған өрт, ойнаған от, Күн еді.
Алаш деп - у, қазағым деп қан жұтып,
Қаза тапты, қазағым, күнің түн еді!..
Сыздық мынау қайғы қуып, шөл безген,
Кім біледі, көмер оны құм кезген.
Бүйткенше ол, неге жүріп кетпейді
Кене, Науан салып кеткен қанды ізбен?
Өлім іздеп адам белін бусын да,
Ерден туған ердің жолын қусын да.
Жолбарыс ер жалғыз өлсін майданда,
Жаспен емес, қанмен бетін жусын да!..
Осы ойлармен ерттеді атын мінгелі,
Шөлден безіп, қанды жолға кіргелі,
Алаш елі, сары сайран жері үшін,
Жапанда емес, жау қолында өлгелі.
Осы ойлармен Сыздық атын ерттеген,
Тап сол кезде ер жүрегі өрт екен...
Заман озды, адам тозды, ерлер жоқ...
Заман озды, ер заманы ерте екен...
Ертек, ертек, ерте, ертек - ерте екен,
Ерте күнде ерлер екпінді өрт екен.
Хандарынан, ерлерінен айрылған
Алты алаштың жүрегінде дерт екен!
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Хан заманы, ер заманы ерте екен.
Ерте заман, алаш аман - айбынды ел...
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен.
Күңіреніп күрсін де, алаш, тыңдай бер,
Ертегі айтад дертті балаң Жөжекең.
Бітті ертегі. Аласұрад жас жүрек,
Қарақ па әлде? Арақ па әлде? He керек?
Арағы да, қарағы да құрысын!
Қиялтайым, айтшы тағы, тағы ертек!..
М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі
«Шолпанның күнәсі!».
Мағжанның жоғарыдағы екі шығармасы да 1923 жылы жазылып, газет-журналдарда жарық көрген. Арада 90 жыл. Бірақ алтынның шірімейтіні, асылдың тозбайтыны рас болып шықты. Жанрдың барлық шарттары тұрғысынан қатаң түрде, тіпті әдетте айта беретініміздей, «бүгінгі күн көзімен» қарағанның өзінде, аталмыш шығармалардан үлгі алатынымыз бен үйренетініміз жеткілікті. Әсіресе, көркемдігі – көңіл тоғайып, көз тоярлықтай. Мағжан әңгімесі – өлеңдеріндей мінсіз сұлу! Сол өлеңдердегі өлімді жеңген өршіл рух мұнда да өз биігінен үн қатады. Жастықтан ба, ерке-мастықтан ба, көзсіз махаббаттың құрбаны болған Шолпан о дүниеге бір емес, қатарынан үш күнәні арқалап кетеді: ең әуелі күйеуі Сәрсенбаймен арадағы ойын-күлкілі қызық күндерін әлі бойына бітпеген болашақ баладан қызғанып, Құдайдан «бала бере көрме» деп тіледі. «Ері мен екі ортадағы махаббат оты бәсеңдемей бір қалыпты тұрғаны сол баланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шолпан. Үш жыл бойы ері де Шолпанның оттай ыстық, желдей жібек құшағынан басқа ештеңе тілемеген еді...». Құдай да оның осы тілегін бергендей, Шолпан бала тапқан жоқ. Бұл – Шолпанның бірінші күнәсі еді. Бірақ бұл – өмір тәлкегінің басы ғана екен. Үш жылдан кейін Шолпанның ойы бір-ақ күнде өзгеріп, енді Құдайдан бала тілейтін болды. Алайда, сегіз жыл өтсе де бұл тілегі қабыл болмады. «Бірін-бірі қуалап, ой соңынан ой озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды», бірақ «қайырылып қарау білмейтін, аяу бермейтін өмір Шолпанның да жүрегінен саулап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ...». Бастабында «өзім бедеумін бе» деп бақсы-балгерге қаралып, аузынан дұға түспей, аяқ астынан сопы болған Шолпан, түнде Сәрсенбаймен жатқанда мүлде басқа мінез көрсетіп, «денесі өртке, құшағы жалынға, аузы отқа айналды. Сәрсенбайдың қойнына жата бастағанда, мойнына бұғалық түскен киіктің асау лағындай, өмірінде ер затын бірінші рет көретін он үш жасар жас қыздай дірілдеп, күйіп-жанатын болды». «Бойыма бала бітсе» деп, бар ынта-шынтасымен беріліп бақты. Бірақ... күндердің күнінде, бедеу өзі емес, Сәрсенбайдың бедеу екеніне көзі жетті Шолпан пақырдың. Осылайша іштей алысқан, арымен арпалысқан талай күндер мен түндер өтті. Ақыры шарасыз Шолпан ең соңғы шешімге келді. «Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға» бекінді. Сөйтіп, өзіне сүйкеніп, көңілін білдіріп жүретін ауылдағы Әзімбай деген жас жігітпен бір орайы келгенде төсек ләззатын бөлісті. Күйеуінің көзіне шөп салып, екінші күнәға батты. Әрине, ізгі тілек үшін, бала үшін. «Әзімбайға денесін уақытша беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан. Бірақ ой мен ісі біріне-бірі қабыспады. Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып еді...». Шолпанның үшінші күнәсі осы болды. Сөйтіп, күнәға белшесінен батқан сорлының бала көтеріп, бір тілегі қабыл болғаны не керек, мұның соңы ауыл-үй арасының өрттей өсегіне ұласып, бағы жанбаған байғұс Шолпан күйеуі Сәрсенбайдың ауыр соққысынан Құдайдан тілеген іштегі баласымен бірге жарық дүниемен қош айтысады. Өлер шағында күшпенен көзін ашып, сыбырлап: «Балам қайда? Балам!..» деуге ғана шамасы жетеді. Әңгіменің өне бойынан домбыраның қос ішегінен жарыса шыққан бәсекелес егіз үндей, өмір мен өлім күйі қосарлана, қабаттаса естіліп тұрады. Кейіпкердің трагедиялық халі Мағжан ақынның өз басындағы мұң-шерімен ортақтасып, бірігіп, астарласып кеткендей. 1918 жылы сүйіп қосылған жары Зейнеппен небары тоғыз ай отасып, ол бала үстінде қайтыс болғанда туған тұңғыш ұлы ол да тоғыз айдан соң аурудан шетінеп кеткен еді. Нәзік жанды ақын жүрегін баураған ауыр қайғы енді оған «Мені де, өлім, әлдиле» деп өлең жаздырған секілді. Жаралы жүрек, қапалы көңіл барлық құсасын осындай бір шерлі де өктем жігерлі жырлармен сыртқа шығарғысы келгендей.
«Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты.
Жел бұйығып тербелед.
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме ғып күңіренед.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..»
Бұл – өлім алдында басын иген дәрменсіз жанның дауысы емес, сол өлімнің көзіне тура қарап, онымен тепе-тең тілдескен, өр көңілмен тірескен, өмір үшін күрескен қаһарман ердің сөзі. Өліп бара жатып, соңғы күшін жинап көзін ашып, өмірінің гүлін, өзі арман еткен жас сәбидің үні